You are here

5000 АДАМНЫҢ ӨЛІМІ НЕГЕ АШЫЛМАЙ КЕЛЕДІ?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елімізде қасақана кісі өлтіру қылмысын ашу өте төмен деңгейде. Ішкі істер органдарына тіркелген дерекке сәйкес, соңғы 20 жылда қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 5311 адамның ажалына кімнің себепші екендігі әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.

Бұған не себеп? Осыншама жұртты артынан із қалдырмайтын кәсіби киллерлер жер жастандырды ма, әлде жауапты органдардың жауапсыздығынан жағдай күрделеніп тұр ма? Егер бұлай жалғаса берсе қаскөйлер тапа-тал түсте адам өлтіріп, алаңсыз жүре беретін күнге де жетеді ғой... Бас прокуратура жариялаған мәліметке қарағанда шынында да сол заманға да келіп қалған сияқтымыз.

Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде аталған мәселенің арнайы қаралуы да тегін емес. Өйткені бейбітшілік пен тұрақтылықты ту етіп ұстайтын елімізде айына жүзге жуық азаматтың кісі қолынан көз жұмуы жағдайдың ушыға түскенін білдірсе керек. Алайда құқық қорғаушылар олай ойламайды. Полицияның өзі «адам өлтіру өткен жылға қарағанда 13,5 пайызға» азайды деп алдаусыратқысы келеді. Олардың мәліметіне сәйкес 2012 жылдың 10 айында өлтірілген 1072 адамды биылғы есепті мерзімдегі 927-мен салыстырғанда «әжептеуір төмендеген» екен. Бұл не әңгіме? Егер қарапайым есепке салсақ, елімізде айына 100-ге жуық адамның ажалы екі аяқты пендеден келіп отыр. Бейбіт заманда, айдың-күннің аманында осыншама елдің қолдан қырылуына қалайша бейқам қарап тұрамыз?! Жарайды, көшесінде тұтас бригада соғысып жатқан Сирияны айтпай-ақ қоялық, ара-тұра жарылыстары бұрқ ететін Ауғанстан мен Иракта да күніне оншақты, айына жүз шақты кісі жер жастанып жатқан жоқ шығар. Солай-ақ болсын делік, бірақ біздің елде ол жақтағыдай шеп құрып, шеру тартқан майдан жоқ ғой...

Ішкі істер министрлігі өкілдерінің пікірінше, полицейлердің жалпы қылмысты ашу көрсеткіші жоғарылап, 80 пайызға жеткен. Қоғамдық пікір туғызып, елді дүр сілкіндірген бірқатар тапсырысты қастандықтар да әшкерленіп жатыр. Алайда тексеру деректері дәлелдегендей қылмыстың ең ауыр түрі – қасақана кісі өлтірушілерді табу ісі тым тұралап тұр.

– Мұның негізгі себептерінің бірі ең алдымен, қылмысты ашу көрсеткіштерін жасанды түрде асыра көрсетуімен байланысты, – дейді Асхат Дауылбаев. – Соның салдарынан түрлі қитұрқы амалдарға жол берілуде – қылмыстық істер заңсыз тоқтатылуда немесе заңсыз қайта саралануда және есепке алудан жасырылуда.

Қалыптасқан жағдай жеделтергеу топтары жұмыстарының тиісінше ұйым­дастырылмауы, жер-жерлердегі профилактикалық жұмыстардың төмен болуы салдарынан орын алып отыр. Қиын ахуалды оңалтудың жан-жақты жолдары іздестіріліп, адам өліміне қатысы бар қылмыстарды ашудың қолданыстағы формуласын қайта қарау қажет. Адамның денсаулығы мен өмірін қорғау құқық қорғау органдарының бірінші кезектегі міндетті болып табылады. Тиісті жұмыстарды жүргізгенде ғана Елбасы үнемі талап ететін қылмысқа қоғам болып төзбеушілік тәртібін қалыптастырамыз.

Бас прокурордың полицияны бұлайша сын тезіне алуы да бекер емес. Сарапшылардың зерттеуіне сенсек, кіс өлтіру бірін­ші кезекте қылмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына жіті мән беру мен тиісті профилактикалық жұмыстардың болмауымен байланысты. Талдау жұмыс­тары көрсеткендей, іс жүзінде еліміздегі барлық адам өлтіру қылмыстарының 98%-ын жұмыссыздар жасаған, олардың жартысынан көбі яғни 57%-ы масаң күйде және отбасы-тұрмыстық жанжал кезінде орын алса, 15% -ын бұрын сотталғандар іске асырған. Әрине, аталған дерек ұсталып, жазасын өтеу үшін темір торға қамалғандардың мәліметі негізінде жүргізілген мониторинг. Бұл тұста қалай және неліктен өлтірілгені беймәлім фактілер де бар екенін ұмытпайық.

Айталық, соңғы 20 жылда елімізде кісі өлтіру дерегі бойынша тіркелген 5311 қылмыстық оқиғаны жүзеге асырушы қандықол қарақшылар әлі күнге дейін табылмай келеді. Ағымдағы жылы аталған фактілердің тек 49-ы ғана анықталып, жауапты қылмыскерлер ұсталыпты. Алайда бұл жалпы фактінің 1 пайызына да жетпейді. Әрине, еліміздегі ең ауыр қылмыстың өзіне құқық қорғаушылар тарапынан қатаң сұрау болмағандықтан адам жанын жаһанамға аттандырғыш жаналғыштар жалғанды жалпағынан ба­сып, тіршілігін кеше береді. Бәлкім, бұлардың еркінсіп жүруіне құзырлы орган­дағы кейбір шенді-шекпенділердің де қатысы болуы мүмкін. Өйткені қозғалған істі сиырқұйымшақтандырып, ақырында үнтүнсіз жаба салу «дәстүрі» полицияда бұрыннан дағдыға айналған тәсіл екен­дігі құпия болудан қалған әрекет емес пе? Дәлел керек пе, мінекейіңіз.

 Прокуратураның тексеруі барысында анықталғандай Павлодар мен Ақмола облысында Ішкі істер департаменті ай аяқталып, есеп беру кезінде пайыздық көрсеткіштер өсіп кетпеуі үшін адам өліміне қатысты 7 істі қысқартуға жібере салған. Мұндай деректер Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында да кездеседі. Тіптен департаменттердің қылмыстық-іздестіру басқармалары тексерушілердің өзін шатастыратындай схема­ларды ойлап тауып, көп ретте міндеттерін шартты түрде ғана орындауды әдетке айналдырған. Атап айтқанда егер оқиғаға байланысты тиісті күдіктілер ізі суымай табыла қоймаса, көп уақыт өтпестен криминалистер әлгі қыл­мыстық істі қысқартуға жіберіп, «делоны» мұрағатқа тас­тай салады. Соның салда­рынан ізкесушілердің назарынан әлгі қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген тұлғалар бірте-бірте алыстап, ақырында үнемі көз алдында тұрмағандықтан ұмытылып кетеді. Оның үстіне погонды басшылар адам қастан­дығының соңынан түскен ізкесушілерді үнемі ауыстырып, бірқатарын басқа сала­ларға жіберіп, кейбіреулерін қызметтен де босатып жіберген. Ал осыдан кейін жіптің ұшын тауып көріңіз. Демек, мыңдаған қастандық құрбандарына қатыс­ты қылмыстық оқиғалардың ашылмай қалуына құзырлы органдардағы лауазымдылардың да тікелей ықпалы болуын ешкім жоққа шығармайды. Керек десеңіз, Бас прокурордың тапсырмасы да соны мең­зейді.

«Осыған байланысты тергеу органдары жұмысының тиімділігінің объективті көрінісін анықтап, қарап отыруымз керек. Прокурорларға ақталатын негіздер бойын­ша қысқартылған қылмыстық істер туралы жедел-тергеу органдары шешім­дерінің негізділігіне ұдайы мониторинг жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ кри­миналистика саласын одан әрі дамыту, сараптамалық мекеме қызметін жетілдіру, сот-медициналық сарапшылары штатын кеңейту қажет» – деді Дауылбаев.

Күнделікті экраннан шетелдің шытырманға толы киноларын қарасаңыз кәнігі қылмыскердің өзін әбжіл ізкесуші алыстан танып, аяғында тыпыр еткізбей қолға түсіреді. Әрине жеңіске жету жолында отаншыл полицей көпшілікке таңсық, заманның озық технологиясын да жиі пайдаланып жатады. Сірә, біздің поли­цияға осы отаншылдық пен озық технологияның жетіспейтіндігі байқалады. Қан­шама бас­қосуларда сол технологияға қол жеткізу жайында бүгінгідей жиі-жиі мәселе көтерілгенімен, түптеп келгенде, полиция жалғыз тапаншасымен қалатын сияқты. Оның үстіне Бас прокурор сынды білікті маман сынағандай қазақстандық қылмыс­тық-іздестіру жүйесінің өзі әбден ескірген, таптаурын жүйеде жұмыс істегендіктен қылмыскердің алдынан шығуға емес, соңынан салпақтап қуумен келе жатыр. Қашан жететіндігі, қайтып ұстайтындығы белгісіз...

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ, Астана

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.