You are here

2 МЫҢ ӘКЕ АЛИМЕНТ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРЫП ЖҮР

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкер әкелердің қатары жыл санап артып барады. Ал олармен күресті құқық қорғау органдары да тоқтатар емес.

Мәселен, облыстық Әділет департаменті, Ақтау қалалық «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен қалалық прокуратура қызметкерлері өткізген қоғамдық қабылдауға екі сағат ішінде 20-ға жуық адам келіп, керекті кеңес алды.

Прокуратура қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде Ақтауда 2045 ер-азамат өз баласына уақытылы алимент төлеуден жалтарып жүрген көрінеді. Олардың 2023-іне заң аясында шара қолданып, прокуратура қызметкерлері күштеп төлетіп отыр. Ал өткен жылы 18 тасбауыр әке әкімшілік жазаға тартылған. Осылайша, алимент төлемеушілердің небір қитұрқы әрекеттеріне қарамай 1 млн теңге көлемінде алимент өндірілген.

«Алимент төлеуге қатысты жеке азаматтардың қабылдауын өткіздік. Бүгінгі таңда туындап отырған мәселе бойынша борышкерлердің уақытылы төлем жасамауы, жұмыс орнын жасыруы, алимент төлеуден бас тартуына қатысты арыз-шағымдар көп болды. Борышкерлердің мәселесі бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесіп жұмыс жасап отырмыз. Оларды есепке қойып, жұмыссыздыққа байланысты алынатын жәрдемақыға аз болса да, балаға қажетті төлемдерді төлеуге ықпал еттік. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесімен 2013 жылы алты борышкерді және 2014 жылы 18 борышкерді жұмысқа орналастырғанбыз. Сонымен қатар 2013 жылы 220 азаматты және 524 азаматты жұмыссыздық есебіне тұрғыздық. Енді қаладағы орталық көшелерге борышкерлердің тізімін жариялауды қолға аламыз. Және сот орындаушылармен бірлесіп құрылған мобильдік топта белсенді жұмыс жасап, борышкерлерден ақша өндіру жұмыстарын жүргізуде. Алимент төлеуден қасақана жалтарып жүрген борышкерлермен күрес қазіргі таңда өзекті мәселе болып тұр» дейді Ақтау қаласының бас прокуроры Талғат Әлібаев.

Кәмелеттік жасқа толмаған жас балалардың құқығын қорғау мақсатында алимент төлеуден қасақана жалтарып жүрген борышкерлерге қатысты жұмыстар мұнымен тоқтамақ емес. Заң қызметкерлері жауапкершілікті сезінбейтін әкелер үшін шаралардың одан әрі күшейетінін ескертеді. Өйткені Жаңа қабылданған ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілуіне орай әкелік жауапкершіліктен қашып жүрген азаматтар бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Сот орындаушылар өндірісінде облыста алимент төлемдерін өндіру мәселесі бойынша 7 мыңға жуық атқару құжаты бар. Оның ішінде үш мыңнан астам қарыз құжаты борышкерлердің жұмыс орнында орындалуда. Ал мүлдем төленбейтін құжаттардың саны – 700-ге жуық. Бұл құжаттар бойынша біз қалалық прокуратурамен бірлесіп көптеген шараларды жүзеге асырдық. Соның нәтижесінде облыс бойынша 2014 жылы 2 млн алимент төлемдері өндіріліп, 300-ге жуық борышкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал енді жаңа қабылданған ҚР Қылмыстық кодексінің бабына өзгерістер енгізілуіне байланысты, қазір алимент төлемдерінен жалтарған азаматтар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығанан айырылу жазасы тағайындалған. Осыған орай қазіргі бап бойынша мемлекеттік сот орындаушылар қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде 5 іс дайындап отырмыз. Осы өзгерістерге сәйкес алимент мәселесі оңтайлы шешіліп, жұмысымыз жеңілдейді деген сенімдеміз» дейді Маңғыстау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Дариға Кесікбаева.

Құқық қорғау қызметкерлерінен келіп, кеңес сұрағандардың бірі – Ақтау қаласының тұрғыны Замира Әмірханова. Төрт баланың анасы жолдасының төлеп отырған алименті еш нәрсеге жетпейтінін алға тартады.

«2004 жылы отбасын құрып, тұңғыш қызымды бір жылдан кейін өмірге әкелдім. Жолдасым қол жұмсап, қоқан-лоқы көрсеткеннен кейін ажырасып кеттім. Араға төрт жыл салып, екінші рет отбасын құрып, дүниеге үш бала әкелдім. Қазіргі таңда бұрынғы жолдасымның да өз отбасы бар, мұнай саласында жұмыс жасайды. Ортақ қызымыз болғасын мен одан алимент талап еттім, оған төлеп отырған алименті – 2000 теңге. Үшінші сынып оқитын қызға ол ақшаға не алып беремін?! Сондықтан да бүгін арнайы заң бойынша бұл мәселенің шешімін табу үшін келдім» дейді Замира.

Венера МИРЛАН

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.