You are here

«100 қадам» құқық саласының қызметін жетілдіре түсті

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихаты «Құқық тәртібі және заңдылықты нығайту сұрақтары» тақырыбында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры, з.ғ.д., профессор Еркін Оңғарбаев пен Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай ІІМ академиясының бастығы Мейірлан Қызыловтың қатысуымен өтті. «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары мен Мемлекет басшысының таяуда ғана БАҚ-та жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын әңгіме ауанына арқау еткен отырыста еліміздегі құқық қорғау саласы мен оның тәртібі және соған қатысты мәселелердің шешілу тетіктері турасында жан-жақты айтылды.

Алдымен сөз алған заң ғылымдарының докторы Еркін Әнуарұлы қоғамдағы «нөлдік төзімділік» туралы айта келе, Елбасының «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауынан сөзбе-сөз дәйектер келтірді.

Естеріңізде болса, осыдан 3 жыл бұрын жарияланған Жолдауында Мемлекет басшысы құқық бұзушылыққа, бұзақылыққа, мәдениетсіздікке, төзбеушілікке шақырды. Өйткені, ол қоғамдағы тыныштықты бұзады және азаматтардың өмір сүру сапасын төмендететіндігін атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар, Ұлт Жоспарының қадамдарында атап көрсетілген бағыттар бойынша да еліміздегі құқық қорғау саласының қызметінде істің ілгерілеуі көрініс беріп келеді. Айталық, Президенттің Жергілікті полиция қызметін құру туралы заңға қол қоюы, қоғамдық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне және мұндай шараға азаматтардың белсенді қатысуына мүмкіндіктер берді. Сонымен қатар, соңғы кездері құқық қорғау органдарының жұмысы елімізде жалпы қылмыстың өсуін тежей отырып, кішігірім құқық бұзушылықтардың алдын алуына және оларды жедел анықтауға бағытталғанын да бағамдауға болады, – деді ол.

Жалпы, Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректорының айтуынша, Елбасының ерекше бақылауға алып, саланы жетілдіруге қатысты ұдайы тапсырмалар беруінің нәтижесінде, соңғы жылдары Қазақстанда түрмеге тоғытылғандардың саны 52 мыңнан 40 мыңға дейін азайып, 25 пайыздық көрсеткішке дейін төмендеген. Яғни, бұл 100 мың қазақстандыққа 233 сотталған азаматтан келеді деген сөз. Мұны 1990-жылдардағы кезеңмен салыстырар болсақ, көрсеткіш екі есе кеміген.

Брифингте орайы келіп, ойымен бөліскен екінші спикер Мирлан Ахмедияұлының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы құқық қорғау саласының қызметі ерекше екпінмен өркениетке бетбұрып келе жатқан көрінеді.

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 33-қадамында бас бостандығынан айырылған немесе заң аясында қандай да бір жаза арқалаған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыптастыруға басымдық берілген. Жалпы, әлемдік тәжірибеде пробацияның 4 кезеңі бар болса (сотқа дейінгі, сынақ, пенитенциарлық және постпенитенциарлық), қазіргі таңда біздің елімізде мұндай қызметтің (пробациялық бақылау) сынақ және постпенитенциарлық кезеңдері қолданылуда. Сондай-ақ, құқық қорғау саласының мамандарын даярлау ісінде де, халықаралық деңгейде мойындалып, қолданысқа енгізілген және тиімділігін көрсеткен әдістерге сүйенудеміз. Соның бірі ретінде біздің Академиямыз жақында ғана құрамына 45 мемлекет полицейлерінің үздік тәжірибелер біріктіретін Әлемдік полиция академиясына мүшелікке қабылдануын атап өтуге болады, – деді М. Қызылов.

Оның айтуынша, аталған ұйымға мүшелікке Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай ІІМ академиясы Қазақстан бойынша алғашқы оқу орындарының бірі ретінде тіркелген. Ендігі жерде аталған оқу орны орталығы Түркияда орналасқан шетелдік құқық қорғау мамандарымен тең дәрежеде тәжірибе алмасатын мүмкіндікке ие болып отыр дейді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

журналист.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.