You are here

Жетімдердің жағдайын жасырудың жөні бар ма?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Әлеуметтік зерттеулер интер­натта балаларды қорқытып, ұрып-соғу фактілерінің көбі тергеу ор­ган­дарының назарынан тыс қалып жататынын анықтаған. Көптеген интернаттар мемлекеттік орган­дардың тексеру жүргізгенін қала­майды. Демек, «жасырудың» ас­тарында ішкі тірліктің «іші түтін» екенін аңғартады. Әртүрлі діни ұйымдар ашып жатқан балалар үйінде де жағдай мәз емес. Ең сорақысы, балаларға қатарлас­тарынан бөлек, тәрбиешілері де қол көтереді екен.

Еліміздің Бас прокуратурасында өткен кеңейтілген мәжілісте осындай деректер келтірілді. Бас прокуратура, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің бірлескен кеңей­тілген мәжілісінде жетім балалардың мүддесі мен құқығын қорғау, тұрғын­дарға тегін медициналық көмек көр­сету көлемі жөніндегі мәселелер қа­ралды. Бас прокурор Асхат Дауылбаев төрағалық еткен отырысқа Парламент депутаттары, екі министрлік басшы­лары, ҮЕҰ өкілдері, бейне-конференц байланыс арқылы аумақтық прокурор­лар, білім және денсаулық саласының жергілікті басшылары қатысты. Бүгінгі таңда Қазақстанда ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған 11 мыңға жуық бала 196 ұйымда, атап айтқанда, ден­саулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелерінде тәрбиеленіп жатыр екен. Өкінішке қарай, бұл интернаттағы балалардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін жағдайлар аз емес.

Балаларға зорлық-зомбылық жа­сау – өзекті мәселенің бірі болып қа­луда. Осы орайда Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева балалардың өз қиындықтарын айтуына мүмкіндік жоқ­тығын қынжыла жеткізді. Иә, балалар үйінен түлеп ұшқандар үшін баспана мәселесі өзекті. Бұл жайттан Бас прокуратура да жақсы хабардар екен. Баспанаға мұқтаж жетім ба­лалар­ға қатысты заң жобасын әзірлеу керек­тігін айтқан Бас прокурор медицина­лық сапаны жетілдіруге жергілікті атқарушы ұйымдар да қолдау көрсе­тулері тиістігін білдірді. Өйткені, дә­рігерлердің қателіктері салдарынан балалардың ден­сау­лықтарына зақым келіп, соңы қай­ғылы қазамен аяқталған деректер де бар.

Сондай-ақ, Асхат Дауылбаев еліміздегі балалар үйі мен мектептерде «сенім жә­шігін» орнатуды ұсынды. Әскердегі әлім­жеттік және зорлық-зомбылық фактіле­рімен күрес бағытында әскерилер ша­­­­­ғым­­дарын кез келген уақытта жіберу үшін арнайы жәшіктер жабдықталғанын мысалға келтірді. Бас прокурор аталған жәшіктер әскери бөлімдердің басшылары қадағаламайтындай етіп істелінгенін атап өтті. «Осындай жүйе тиімді әрі кері байланысты орнатуға қауқарлы. Бізде бүгінде әрбір мектепте кәмелетке толмағандардың істері бойынша инспекторлар бекітілген. Олар күнделікті жүйелі негізде бұл ақ­паратты алар еді және фактілер бойынша жедел іс-қимылдар жасауға мүмкіндік туа­ды», – деді Бас прокурор.

Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты ба­қылау бойынша департаментінің бас­тығы Қанат Сейдғапбаровтың мәлімдеуінше, соңғы 7 жылда 14 мың баланың 832-сі ғана, яғни 6 пайызы бекітілген үйлеріне орал­ған. Ал, мемлекеттен 823-і (5,8 пайызы) ғана пәтер алыпты. Балалар үйінен тәрбие алып шыққандардың 12 мыңнан астамында баспана жоқ. Оның ішінде тек жартысы ғана тіркеуде тұр екен. Ал, баспанаға зәру жетім балалардың жоғары көрсеткіші Шы­ғыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарында анықталған. «Бү­гін­де интернаттық мекемелердегі 10 мың 887 тәрбиеленушінің 6 пайызында немесе 700-ге жуығында бекітілген баспанасы бар. Баспана кезегінде 8 мыңнан астам бала тұр немесе 81 пайызы», – деді департамент басшысы. Сондай-ақ, Қанат Сейд­ғап­баров қамқорлығына алушылар мен патронат тәрбиешілерге төлемдерді арттыру арқылы интернаттық мекемелерде же­тімдердің санын төмендетуге болатынын айтып өтті. Қазақстанда ата-анасыз қалған 34 мың баланың тек 2 мыңы немесе 6 па­йызы ғана патронаттық тәрбиеде екен. Департамент басшысының пікірін­ше, бұған қамқорлыққа алу мен патро­нат­тық тәрбие берудің жеткіліксіз дең­гейде қар­жыландырылуы себеп болуы мүмкін. «Мәселен, интернаттың бір тәр­бие­лену­шісіне ай сайын 70 мың теңгеден астам қаржы қарастырылады. Ал, қам­қор­­лыққа алушыларға бір бала үшін 17 мың теңге, патронат тәрбиелеушілерге 27 мың теңге бөлінеді», – дейді Қ.Сейдғап­баров. Сондай-ақ, департамент басшысы қазіргі кезде баспана алу бойынша 2 мың бала негізінен бюрократиялық себеп­тердің салдарынан кезекке тұрғызыл­ма­ғанын, ал кей жағдайларда жетім бала­лар­дың өздерінде болған баспаналар олардың иелігінде сақталмай жататынын мәлім етті.

Балалар үйлеріне мемлекет жылына 8 133 миллион теңге жұмсайды екен. Бұл қаржының жартысы балалардың тамағы мен киім-кешегіне, шамамен 15 пайызы коммуналдық шығындарға, ал қалғаны жұмысшылардың жалақысына бағыт­талатынын айтып өткен Білім және ғы­лым вице-министрі Саят Шаяхметов же­тім балаларға баспана уақытылы бе­ріл­меген жағдайда, әкімдік қызметкерлері жазаланатынын мәлімдеді. «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламентке енгізілген. Вице-министрдің айтуынша, құжат қабылданған жағдайда жетім балалар мемлекеттік тұрғын үй қо­­рынан баспана алуға бірінші кезектегі құқыққа ие болады. Заң жобасында жетім балалардың құқын баспана бойынша уа­қытылы қамтамасыз етпегені үшін жер­гілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларына әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Кеңейтілген алқа мәжілісінде тал­қыланған мәселелер қорытындысы бо­йынша ұсынымдар тиісті органдарға жолданатын болды.

Дегендей…

Дариға НАЗАРБАЕВА, Мәжіліс депутаты:

– Жетім балалар шарасыз, дәрменсіз және қашып барар жері жоқ. Бұл шешімін табуы тиіс мәселе, жетімдер тәлім-тәрбие алатын мекемелердің жұмысын мейлінше ашық етуге және балалардың құқын қорғауға мүмкіндік беретін тетіктерді табу қажет. Бүлдіршіндер 3-4 жасқа дейін Денсаулық сақтау, мектепті аяқтағанға дейін Білім және ғылым министрлігінің құзырында болады. Мектеп қабырғасынан шыққаннан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінеді. Нәтижесінде барлығы жауапкершіліктен қашады. Меніңше, бұл жүйені басынан аяғына дейін дұрыс жолға қою қажет. Себебі, олардың мектептен кейінгі өмірлерін ешкім қадағаламайды!

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.