You are here

Ниет түзелмей, іс оңалмайды

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ауырмайтын адам жоқ. Бірақ, басы ауырып, балтыры сыздаған жан біздің елімізде дәрігер қызме­тіне жүгінетін болса, ажал табуы да ғажап емес көрінеді. Батыс Қа­зақстан облысында бірнеше күн бойына көмектесіңдерші деп шы­рылдаған әйел ақыры дәрігерлер қолына тиісімен о дүниелік болыпты. Степногор қаласының ор­талық ауруханасында дұрыс ота жасалмағандықтан бір адам қан кетіп қайтыс болды. Дұрыс қажетті екпе жасалмағандықтан біреулер мүгедек болып қалған. Айта берсе тірі адамның жон арқасы шымырлайтын мұндай деректер өте көп. Және бұл ұзынқұлақтан жеткен әңгіме емес, бұл туралы А.Дауылбаевтың төрағалығымен өткен Бас прокуратураның ке­ңей­тілген алқа мәжілісінде айтылды.

Расында, қазір дәрігердің алдына барудан сау адам түгіл, ауру адамның өзі қорқады. Неге десеңіз, емделемін немесе денсаулығымды қаратамын деген адам күтпеген бір жайға ұшырауы әбден мүмкін. Мұның барлығы дәрігерлердің са­лақтығынан, міндетіне атүсті қарағандықтан дейді прокурорлар. Ал біздің елімізде бірқатар дәрігерлердің сауатсыздығынан, біліксіздігінен өткен жылдары қаншама қайғылы оқиғалар орын алғанын әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Демек, дәрігердің қателесуі мүлде кешірілмес қылмыс. Ендеше қателескен немесе міндетін дұрыс атқармаған дәрігер немесе санитарлар ауыр жазаға тартылуы тиіс. Әйтпесе адам өмірімен ойнайтын опасыздар шыға береді. Гиппократ антына адал еместерді опасыздар демегенде не дейсіз? Ал елімізде ақ желеңді абзал жандар үшін халыққа түрлі медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалып жатыр.

Мәселен, соның бірі, алқа мә­жілісінде аталып өткен­дей, ке­йінгі бес жылда тегін ме­ди­­циналық көмектің кепіл­ден­дірілген көлемінің аясында медициналық жәрдемді мем­лекеттік қаржыландыру екі жарым есеге жуық – 2008 жылғы 227 млрд. теңгеден 2012 жылы 541 млрд. теңгеге дейін артқан. Бірақ, мемлекеттің осындай айтарлықтай қаржылық көмегіне қарамастан, көрсетілетін медициналық кө­мектің сапасы бұрынғыдай тө­мен деңгейде қалып отыр, азамат­тардың тиісті медициналық жәр­дем алу құқықтары жаппай бұзылуда. Ал бұл жабулы күйінде жауып қоятын жай мәселе емес. Бұған жауап беруге тиісті адамдар қандай да болмасын бір шараға тартылуы керек.

Өйткені, прокурорлық тексерулер барысында тегін медициналық қызмет үшін заңсыз ақы алу, ауруларды дәрі-дәрмек құралдарымен қамтамасыз етпеу, дәрі-дәрмек құралдарын және медициналық техниканы сатып алу барысында құқық бұзушылықтарға жол беру, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және ұрлау, қажетті медициналық қондырғылардың бос тұру деректері анықталған. Ал бұл заңды бұзу ғой, заңды бұзған адамдар жазалануы тиіс. Сонымен қатар, дәрігерлердің дөрекі қателіктері мен кеші­ріл­мес немқұрайдылықтары нау­қастардың денсаулықтарына айтарлықтай нұқсан келтіріп, тіпті кейде олардың өліміне алып келген жағдайлар анықталды. Мі­не, мұндай деректерді біз ауадан қармап алып отырғанымыз жоқ, бұл еліміздегі бірден-бір заңдылықтың сақталуын жете қадағалайтын Бас прокуратураның нақты тек­се­рісінен кейінгі анықталған жайлар. Сондықтан да кейінгі бес жылда сапасыз медициналық көмек көрсету деректері бойынша 352 қылмыстық іс қозғалды. Осы анықталған заң бұзушылықтарды жою, азаматтардың сапалы дәрі­герлік көмек алу құқықтарын қам­тамасыз ету бойынша ведомство қабылдап отырған шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баян етті.

Прокурорлар қалыптасқан жағ­дайдың басты себебі денсау­лық сақтау басқармалары мен ведомсвтолық бағынысты меди­циналық ұйымдардың лауазымды тұлғаларының өздеріне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамауында дейді. Салалық министрліктің жергілікті денсаулық сақтау бас­қармаларына әсер етудің тиім­ді тетіктерінің болмауы да жағдайды шиеленістіре түседі. Осындай келеңсіздіктерді тексерулер қоры­тындылары бойынша прокурорлар заңдылықтың бұзылуын жою туралы 326 ұсыныс енгізді, 933 тұлға тәртіптік, 347 тұлға әкімшілік жа­уап­кершілікке тартылды. 4310 азаматтың конституциялық құқық­тары қорғалды. 103 634 724 теңге сомасындағы шығынның орны толтырылды. Бірақ мұндай шаралармен жалпы жағдайдың түзелгені шамалы.

Мәселен, біздің елімізде бала­лар құқығы бұзылатындығы қазір ғана ашылып отырған мәселе емес. Дегенмен, жоғарыда айтқа­нымыздай, бұған құзырлы орган – прокуратураның арнайы назар аударуы ендігі жерде жетім­дерді жылатқандардың жаза­ланатындығына сенім ұялатады. Өйткені, жетім балаларға арнал­ған мекемелерде прокуратура органдары жүргізген тексерулер балалардың құқықтарын айтар­лықтай бұзуға алып келген жүйелі проблемаларды анықтап берді.

Бүгінде балаларға деген қатал­дық және оларға күш көрсету де өзекті мәселеге айналды. Ал мұ­ны анықтайтындар үшін оларға кедергі ретінде осы мекемелердің жабықтығы әсерін тигізіп отырған көрінеді. Жетімдердің тұрғын үй құқықтарын жаппай бұзу да түйткілді мәселе болып табылады, бүгінде сегіз мыңнан астам бала кезекте тұр. Сондықтан аталған мәселенің өткірлігін ескере отырып, Бас прокуратура мұқтаж жетім балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға бірінші кезекте құқық беретін заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді. Өйткені, расы керек, көптеген мекемелерде балаларға өмір сүрудің қарапайым жағдайлары жасалмайды, олар заңмен кепілдендірілген жәрдемақы мен әлеуметтік төлем­дерді мүлде көрмейді.

Осыған байланысты, алқа­да айтылғандай, жергілікті атқару­шы органдарға жетімдерге бекі­тілген баспананы сақтаудың, балалардың мүліктік және тұрғын-үй құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдамағандары үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеудің те­тік­терін әзірлеу ұсынылды. Сон­дай-ақ, балалардың әлеуметтік көмек және әлеуметтік қызметтер алу құқықтарының мүлтіксіз сақ­талуын қамтамасыз ету, оларды қамтамасыз етуге бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту тапсырылды.

Мұндай жағдайда, ең алдымен, балалармен жұмыс талаптарына сәйкес оқыту-тәрбиелеу саласындағы мамандарды ірік­теудің жолдарын қайта қарау қажет. Сондықтан Білім және ғылым министрлігіне балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін және күш көрсетуді болдырмаудың, осындай әр­бір деректер бойынша жедел ақпараттандыру және зардап шеккен балаларды одан әрі оңал­ту тетіктерін қарастыра отырып, тиімді заңнамалық жә­не ұйым­­­дастырушылық шараларды дайындау ұсынылды. Ме­ди­циналық қызмет көрсету сапасы үшін жергілікті атқарушы ор­гандардың жауапкершілігін арттыру мақсатында жергілікті әкімдердің қызметін бағалау рей­тингіне азаматтардың денсау­лығын қорғау құқығы және ден­саулық сақтау саласындағы заңдылықтың жай-күйі дәрежесін енгізу туралы мәселені зерттеу мақсатқа сай деп танылды.

Сол сияқты облыс проку­рорларына азаматтардың ден­саулығын сақтаудың кон­сти­ту­циялық құқықтарын және тегін медициналық көмектің ке­піл­дендірілген көлемін қам­тамасыз ету тапсырылды. Ден­саулық сақтау министрлігіне көрсетілген медициналық көмек сапасы мен көлеміне және көр­сетілген қызметтің ақысына бақылау жүргізу ережесін әзір­леуді жеделдету ұсынылды. Сөйтіп, Премьер-Министрдің атына заңдылықты бұзуды жою туралы ұсыныс енгізілді. Ал алқа мәжілісінің жұмысына Бас прокуратура жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғам­дық кеңестің мүшелері, Пар­ламент депутаттары, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау ми­нистрліктерінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бей­неконференциялық байланыс арқылы – облыс прокурорлары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің басқармалары мен департаменттерінің басшылары қатысып, өзекті мәселелерге сай атсалысып отырғандықтан ендігі жерде дәрігерлер адам тағдырына селқос қарамасы үшін тәртіп түзеліп, жағдай оңалады деген сенім зор.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.