You are here

Не істелді, не атқарылуы керек?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елбасының сара жолын ұстануы арқасында ғана төрт құбыламыз түгенделіп, бар қиындықты еңсеріп, адам айтса сенгісіз асулардан асып келеміз. Бұл орайда Мем­ле­­кет басшысы тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуы шешуші мәнге ие екендігі ақиқат. Соның бірі бар­лық салада заңдылықтың қатаң сақталуы десек, ол елі­міз­­дің жан-жақты гүлденуінің басты тірегі болып табылады.

Міне, осы тұрғыдан алғанда еліміздің Бас Прокуратура­сы Мемлекет басшысының «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясында берілген тапсырма­ла­рын бел­гі­ленген мерзімінде орындап шықты. Бағдарламалық құ­жатты жүзеге асыру аясында­ бас қадағалау органының жетек­шілігімен жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасының, Құқық қорғау органдарының кадр сая­саты тұжырымдамасының, Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар басшыларының президенттік резервін қалыптастыру ережесінің жобалары дайындалды. Бұл туралы кеше Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындыларын талқылауға және қызметтің алдағы кезеңге арналған басым бағыттарын айқындауға арналған Бас Прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде баян етілді.

Бас Прокурор атап көрсеткен­дей, өткен жартыжылдықта қадағалау органдарының басты назары азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағ­дай­дың тұрақтылығын қолдауға бағытталған Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын орындауға аударылды. Прокурорлар қабылдаған шаралардың нәтижесінде жер телімдерін мемлекет мен­шігіне қайтаруға, кен орындарынан мұнайды жаппай ұрлау жолдарын ашуға қол жеткізілді. Кә­сіпкерлердің құқықтарын қорғау аясында бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын одан әрі жетіл­діруге, әкімшілік кедергілерді жоюға, бақылаушы органдардың заңсыз тексерулерімен күресуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілді. Жетім балалар мен ата-анасының қорғанысыз қалған балаларды қорғау бойынша шаралар қабылданды.

Мәселен, өткен жарты жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 243 мыңға жуық заңдылықтың бұзылуын жойды. 500 мыңнан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. 25 мың заңсыз құқықтық актілердің күші жойылды. Мемлекет кірісіне 24 млрд.-тан астам теңге өндірілді. 15 млрд. теңгеге мемлекеттің материалдық мүддесі қорғалды. Прокурорлық ықпал ету актілері бойынша 4 млрд. теңгеге жуық жалақы бойынша мерзімі өтіп кеткен қарыздар төленді, осылайша 65 мың жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды.

Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында ана мен баланы қорғауға ерекше назар аударылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 120 мыңға жуық кәмелетке жасы толмағандардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Кезекші проку­рор институтының жемісті қыз­мет етуі нәтижесінде ішкі іс­тер органдарының қызметтік бөлмелерінен заңсыз ұсталып отыр­ған 1 мыңға жуық азамат босатыл­ды. 343 тұлғаға қатысты негізсіз жүргізіліп келген жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылды. Прокурорлардың наразылығы бойынша 613 тұлғаға қатысты үкім, сондай-ақ 900-ден астам шешімдер мен қаулылар заңға сәйкес келтірілді.

Жыл басынан бері өз құқық­та­рын қорғау мақсатында про­курорларға 104 мыңнан астам аза­мат жүгінген екен. Түскен өтініштердің үштен екісі (70191) Бас Прокуратурада шешілді. Сол сияқты еліміздегі «түрмедегі халық» санын төмендету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Бас Прокуратураның бастамасымен «Түрме орнына – пробация мен электронды білезік» атты жобаны енгізу жөніндегі алғашқы форум өтті. Жаңа құқықтық институттың артықшылықтары айқын көрінуде. Статистика көрсетіп отырғандай, пробация қайталанатын қылмыстарды азайтуға мүмкіндік берді, өйткені, пробациялық бақылау тағайындалмағандарға қарағанда, пробациялық бақылаудағы шартты түрде сотталғандар қылмысты алты есе аз жасаған.

Сонымен қатар, әлі де жойы­лу­ға тиісті кемшіліктер мен олқылықтар да жоқ емес. Мәселен, Жер қатынастары саласындағы мемлекеттің мүддесін қорғау мәселелеріндегі прокурорлардың жұмысы көңіл көншітпейді. Маңғыстау облысындағы туристік кластер, энергетикалық хаб және «Ақтау-Сити» кешенін дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру көзделген жер телімдері жеке тұлғалардың қолына өтіп кеткен. Бірақ мемлекеттік органдар, соның ішінде прокуратура уақтылы шара қабылдамаған және бұзушылықтың жолын кеспеген. Сол сияқты экологияның өзекті проблемалары прокурлардың жіті назар аударуын қажет етеді. Өндірістік кәсіпорындар жыл сайын ауаға 3 млн. тоннадан астам лас заттарды шығарады, тасталатын зиянды заттардың көлемі шамамен 2,8 млн. тоннаны құрайды. Зиянды заттарды шығаруды тазарту технологиясын жетілдіруге кәсіпорын басшылары мүдделілік танытпайды. Салық кодексі бойынша ластаушы заттардың 16 түрі бойынша ғана төлем мөлшерлемесі белгіленген, ал олардың жалпы саны 700-ден асады.

Қалыптасқан жағдай ауаның сапасын және өндіріс қалдықтарын басқаруды жетілдіруді қарасты­ра­тын Қазақстанның «жасыл­ экономикаға» өтуі туралы тұжы­рым­дамасына қайшы келеді, деп атап көрсетті А.Дауылбаев. Ол осы салада қадағалауды кү­шейтуді, атмосфералық ауа туралы заңнамалардың қолданылу мәселелері бойынша жаппай тексерістер ұйымдастыруды, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы бастама көтеруді тапсырды.

Монополистердің ком­мунал­дық қызметтердің бағалары мен тарифтерін көтеруге ден қою мәселелерінде де кейбір про­куратура органдары өзде­рін жақсы қырынан таныта алмады. Қылмыстарды жасырып қалу фактілері әлі де орын алуда. Сондықтан ал­қаға қатысушылардың назары ұйымдасқан қылмысқа, экстремизм мен терроризмге тос­қауыл қою саласында, сот акті­лерінің заңдылығы, соттағы мем­лекет мүддесіне өкілдік ету,­ атқарушылық өндірістің заң­дылығына қадағалауды күшейтудің маңыздылығына аударылды. Прокурорлық қадағалаудың басым бағыттары бойынша бірқатар міндеттер қойылды, олардың ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қорғау, қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен күрес, экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау бастылары ретінде атап көрсетілді.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.