You are here

Мұнай мен темір жолды жемқорлық жайлап барады

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ағымдағы алты айдың өзінде еліміздегі ішкі істер органдары 1 мыңнан астам азаматты заңсыз қамауға алған. Сонымен бірге 343 адамға ешбір негізсіз іздеу жариялап жіберген.

 Биылғы жартыжылдық жұмыстарын қорытындылаған Бас прокуратураның алқа мәжілісінде осындай келеңсіздіктерді орнына келтірумен қатар, тиісті мерзім аралығында әлеуметтік-экономикалық салада 243 мың заң бұзушылық анықталып, 500 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалғаны турасында да айтылды. 

Бейнеконференция арқылы бар­лық облысты қамтыған жиынға төраға­лық еткен Бас Прокурор Асхат Дауылбаев құзырлы органның қызметіндегі жетістіктер мен кедергілерді де атады. Прокурорлар аталған мерзімде еліміз­де 12 мыңнан астам тексерулер жүргі­зіп, небір қитұрқы заңсыздықтар­дың бетін ашқан. Атап айтқанда, өмір­дің өзекті саласындағы 243 заңсыздық­тың өзі мемлекетке 24 млрд теңге залал келтірген. Қолында билігі бар мемлекеттік мекемелер қабылдаған 25 мың құқықтық актінің заңсыз деп танылуының өзі ел қазынасын қыруар шығынға батырғандығы даусыз. Не­бә­рі алты айдың көлемінде прокурор­лар­­дың тікелей қатысуымен 452 қылмыстық іс қозғалып, 37 мың жауапты тұлға жаза­ға тартылып, 71 млрд теңгені бюд­жет­ке қайтару жөнінде талап қойылып отыр.

Қазір арзан жұмыс күшін пайда­лану немесе тиісті ақысын төлемей кету де «сәнге» айналды. Елбасының өзі еңбек дауын ушықтырмай, мезгілінде шешу жайында қатаң тапсырса да, кейбір кәсіпорындар бұрынғы әдеті­нен танбай келеді. Мәселен, жарты жыл­да 65 мың жұмысшы осындай жағдай­ға ұшыраған. Ақырында құзыретті мекеменің ықпалы етуінен кейін ғана 4 млрд теңге төленіпті.

Әрине, жұ­мыс берушінің барлығын қаралауға болмайды, олардың арасында керек десеңіз түрлі тексеруші органдар­дың өзінен зәбір көріп жүргендері де жетерлік. Оны Бас прокуратура да жоққа шығармайды. Өйткені «Ата­ме­кен» кәсіпкерлер палатасымен бірле­сіп «Бизнес тірегі» атты жоба ашқан­да құқығы бұзылғандығын айтып, 17 мың бизнесмен шағымданыпты, оның 7 мыңы – биылдың еншісінде.

– Қоғамда дүрбелең туғызған күр­делі қылмыстық істер де қатаң қада­ғалану үстінде, – дейді Асхат Дауыл­баев. – Жер ресурстары агенттігі мен кеден комитетінің басшыларына бай­ланысты істі толығымен бітірдік.

«Арқанкергендегі»» жаппай кісі өлі­міне қатысты да зерттеу-талдау нә­ти­жесінде кінәлілер жазаланды. Енді «Қорғас ісі» тынымсыз жұмыс пен үлкен күш-жігерді қажет етіп тұр.

Жалпы, соңғы кездері әскери құры­лымдардағы түсініксіз әрі жұмбақ іс­тердің белең алуына байланысты болса керек, заңды қадағалаушы орган атал­ған сала­ны бүге-шігесіне дейін тексеруге кіріскені байқалады. Қорытындысына қараса­ңыз, шошисыз. Қысқа мерзім­де-ақ әскери мекемелерде 7 мыңнан астам заң бұзу­шылық табылып, 4 мың қыз­меткердің құқығы қорғалған. Мемлекет­ке келі­тірілген шығын – 630 млн теңге.

Президенттің тапсырмасын орын­дау мақсатында ана мен баланы қорғау­ға ерекше назар аударылып, нәтижесінде 120 мыңға жуық жасы кәмелетке тол­мағандардың бұзылған құқықтары қал­пына келтіріліпті. Сонымен бірге про­курорлар 20 мыңдай қылмыстық, 43 мың азаматтық, 96 мың әкімшілікті іске қа­тысып, сот кезінде заңдылықтың қатаң қадағалануына, жәбірленушілердің құқығының тапталмауына күш салған. Жарты жылдың көлемінде мемлекеттік айыптаумен 10 мың қылмыскер сотта­лыпты. Өз кезегінде 104 мың қазақстан­дық прокуратурадан көмек сұрап, оның үштен екісі оңтайлы шешімін тапқан.

Қадағалаушы мекемеге артылған келесі маңызды міндеттің бірі – жем­қорлықтың жолын кесу. Қазіргі кезде анықталған деректерге қарағанда, сы­байластықтың қордаланған ордасына мұнай мен теміржол жүйесі де айналып бара жатқанға ұқсайды. Дауылбаевтың мәлі­ме­тінше, прокурорлар қабылдаған шара­лардың нәтижесінде жер телімде­рін мем­лекет меншігіне қайтаруға, кен орын­­дарынан мұнайды жаппай ұрлау схе­ма­ларын ашуға қол жеткізілді. Ал жер са­ласындағы алдау-арбау, жымқыру қа­шаннан бері жалғасып келе жатыр. Жер қатынастары саласындағы мемле­кет­тің мүддесін қорғау мәселелерін­дегі про­ку­рорлардың жұмысы көңіл көн­шітпей­ді. Мысалға, Маңғыстау облы­сындағы ту­ристік кластер, энергетика­лық хаб және «Ақтау-Сити» кешенін дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру көзделген жер телімдері жеке тұлғалардың қолына өтіп кеткен. Бірақ мемлекеттік органдар, соның ішінде прокуратура уақтылы шара қабылдамаған және заң бұзушылықтың жолын кес­пеген. Қысқасы, қала салатын жерді қалайша сатып жібергендігі ту­расында ешкімнің тексеріс жүргіз­бе­гендігіне қарағанда, сыбайластықтың сұлбасы «менмұндалайтындай».

Жиналыста сыбайлас жемқорлық­­­пен күрестің тиімділігін арттырудың маңыз­­­ды міндеттері де талқыланды, оған көбінесе мемлекеттік сатып алу саласы ұшырай­тыны атап көрсетілді. Бас про­куратура облыстардың барлығын­да дерлік мем­лекеттік сатып алу саласына тексеру жүргізудегі айтарлықтай кем­шіліктердің бетін ашты. Осыған орай прокуратураның қадағалаушылық әле­уетін соғұрлым толық пайдалану, сы­байлас жемқорлық схемаларын анықтау, жедел-іздестіру іс-шараларына баста­машы болу және олардың нәтижелілі­гін арттыру мәселе­лерінде бірізді және принципшіл ұс­танымда болу, сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстарды тиі­сінше тергеу қажеттілігі көрсетілді.

Монополистердің коммуналдық қыз­меттердің бағалары мен тарифтерін кө­теруге ден қою мәселелерінде де кейбір аймақтық прокуратура органдары өз­дерінің белсенділігін таныта алмады. Ендігі міндет – осы бағыттағы жұмыс­тарды дұрыс жолға қою керек. Өйткені әлеуметтік шиеленістің алғышартта­рын тудыратындықтан бұл салада әрекет­сіз­дікке немесе сапасыз қадағалауға жол берілмеуі тиіс.

Прокурорлардың есепке алу-тіркеу тәртібі саласында жүргізіп жатқан жұ­мыстарына қарамастан, қылмыстарды жасырып қалу фактілері әлі де орын алуда. Осыған орай А.Дауылбаев қыл­мысты жасыруға жағдай жасайтын қызметкерлерге ең қатал шара қолдану қажеттілігін, сондай-ақ өңірлік проку­рорлар мен ішкі істер органдары бас­шыларының жауапкершілігі туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ алқаға қа­ты­сушы­лардың назары ұйымдасқан қыл­мысқа, экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою саласында, сот актілері­нің заңдылығы, соттағы мемлекет мүддесі­не өкілдік ету, атқарушылық өндірістің заңдылығына қадағалауды күшейту­дің маңыздылығына аударылды.

Еліміздегі сотталғандардың санын төмендету туралы Мемлекет басшысы­ның тапсырмасын жүзеге асыру шең­берінде Бас прокуратураның бастама­сымен «Түрме орнына – пробация мен элек­тронды білезік» атты жобаны енгізу жөніндегі алғашқы форум болып өтті. Жаңа құқықтық институттың артық­шылықтары айқын көрінуде. Статистика айқындап бергендей жаңа тәсіл қай­таланатын қылмыстарды азайтуға мүм­кіндік берді. Өйткені арнайы қадаға­лау та­ғайындалмағандарға қарағанда, про­бациялық бақылаудағы шартты түрде сот­талғандар қылмысты алты есе аз жасаған.

Прокуратура органдарының жіті на­зар аударуын қажет ететін саланың бірі – экология. Өндірістік кәсіпорындар жыл сайын ауаға 3 млн тоннадан ас­там лас­таушы заттарды шығарады, олар­дың жалпы көлемі шамамен 2,8 млн тонна­ны құрайды. Осы ретте бұл эмиссия көле­міне уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты болғандықтан, зиянды заттар­ды шыға­руды тазарту технологиясын же­тілдіру­ге кәсіпорын басшылары мүдде­лілік танытпайды. Оны тезге салады дейтін прокурорлар да енжар қарап отыр. «Салық кодексі бойынша ластаушы заттардың 16 түрі бойынша ғана төлем мөлшерле­месі белгіленген, ал олардың жалпы саны жеті жүзден асады. Қалып­тасқан жағ­дай ауаның сапасын және өндіріс қалдықта­рын басқаруды же­тілдіруді қарастыра­тын Қазақстанның «жасыл экономикаға» өтуі туралы тұжырымдамасына қайшы ке­леді» деп атап көрсетті А.Дауылбаев. Енді эко­логияны ластайтындарға қадағалау­ды күшейтуді, атмосфералық ауа туралы заңнамалардың қолданылу мәселелері бойынша жаппай тексерістер ұйым­дастыруды, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша норматив­тік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы бастама көтеруді тапсырды.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.