You are here

Қазақ медиаторлары дайын емес!

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

2011 жылдың басында қабылданған «Медиация туралы» заңның орындалуы көңіл көншітпейді. Судьяларға түскен салмақты азайтады деген заң әзірге ол үмітті ақтай алмай тұр. Өйткені даулы мәселелерді бітімге келтіру арқылы шешетін институт толық қалыптасқан жоқ. 

Халық медиаторлар қызметіне сенбей бе, әлде ондай институт барын білмей ме, бәз-баяғыдай сотқа жүгіріп әлек. Ендеше, соншама үлкен үміт артқан заңның орындалуына, еліміздегі медиацияның дамуына не кедергі? Бұл мәселе «Эксперт» клубының отырысына келген Бас прокуратура, Жоғарғы сот, қалалық сот өкілдері, медиаторлар, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері, сондай-ақ сарапшылардың талқылауына түсті. 

Әдетте судьялардың еңбегі олардың қараған, шешім шығарған істерінің санына қарай бағаланады. Олай болса, медиацияны дамытуға бірінші кедергі болып отырған судьялар емес пе деген ой келеді. Алайда Жоғарғы соттың судьясы Владимир Бо­рисов судьялардың барлығы да медиа­ция­ны қолдайды деп отыр. Ол керек десеңіз, медиация туралы заң жобасын жасаған Жоғарғы сот екенін есімізге салды. Және Владимир Михайлович медиация инсти­тутының болашақта кең қанат жаярына сенімді. 

«Өткен жылы медиация тәсілімен 122 іс қаралса, тек осы жылдың алғашқы жар­ты жылында ғана 475 іс медиаторларға тапсырылды» дейді ол. 

Егер елімізде екі миллионнан астам қазақстандықтың сот ғимараттарының табалдырығын тоздырып, соттасып жүр­генін ескерсек, бұл біз қуанар көрсеткіш емес. Тіпті сол соттасушылардың арасын­да бір ғана даудың өзіне байланысты 80 рет отырыс өткен дерек бар екен. Елімізде соттасушылардың көбейгені сондай, тек Алматы мен Астанада ғана әрбір судья күніне 7 істен қарауға мәжбүр. Ал мұндай жағдайда соттың шешімі әманда әділ әрі сапалы болады дей аламыз ба? Себебі соттың шешіміне наразы ел көп. Ал АҚШ-та даулы істердің 97 пайызы соттан тыс шешіледі екен. 

Бас прокуратураның өкілі Марат Әбішев те «медиация керек, ол прокурор­ларға түскен салмақты азайтады» дейді. «Өткен жылы 40 мың іс прокурорлардың қатысуымен өткен. Алдағы уақытта осы көрсеткішті медиаторлардың көмегімен 30 пайызға азайту жоспарланып отыр» деген ол негізінен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері төңірегіндегі дауды медиация жолымен шешуге болар еді деген пікірде. 

Отырыс барысында белгілі болғанын­дай, Бас прокуратура, Жоғарғы сот және Әді­лет министрлігі медиация институтын дамыту мақсатында заңнаманы жетілді­руге бағытталған «Бітімгершілік-Прими­рение» (қылмыстық және азаматтық про­цестердегі) жобасының тұжырымдама­сын әзірлеп шығыпты. 

 Қазақстандық медиация орталығының директоры Ирина Виговскаяның айтуын­ша, дәл осы жоба соттарда қаралып жат­қан қылмыстық және азаматтық істерді 

30 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Ол сонымен бірге медиацияның көме­гі­мен кез келген отбасылық, азаматтық, кор­поративтік, әлеуметтік-еңбек, сондай-ақ Кеден одағы саласындағы дауларды да шешуге болады деп сендірді. 

Олай болса, медиация неге кең қанат жаймай отыр? Оның бір себебін біз тілден іздеп көрдік. Бүгінгі таңда елімізде қазақ­тілді қауым, қазақы ортаның аумағы ке­ңейіп келеді. Солардың сұранысын ме­диаторлар қанағаттандырып отыр дей алмаймыз. Себебі еліміздегі небәрі 300 медиатордың басым бөлігінің орыстілді екенін медиаторлардың өздері де мойын­дап отыр. 

«Қазақ медиаторлары қалай дайында­лып жатыр?» деген сауалымызға алған жауабымыз жарытымды болмады. Тек «Самұрық–Қазына» ҰӘҚ» АҚ жанындағы Әлеуметтік әріптестік және медиация орталығының жетекшісі Нұрлан Ерім­бетов осы олқылықтың орнын толтыру саясаттанушы Дос Көшім ағамызға жүк­телгенін жеткізді. Дос ағамыз бүгінгі таң­да көздің майын тауысып, қазақ медиатор­ларын даярлайтын оқулық әзірлеуде екен. Себебі Ерімбетов басқаратын орталық медиаторларды шетелден келген маман­дарға даярлатудың түпкі нәтиже бермей­тінін түсініпті. Әрине, менталитетіміз бө­лек қой.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.