You are here

Адам денсаулығына әкімдер де жауапты

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Денсаулық сақтау орындарында «ақ халаттылар» біліксіздігінен не немқұрайдылығынан болып жатқан қайғылы оқиғалар қорқыныш туғызады. Соңғы кездері осыған қатысты суыт хабарлар көбейіп кетті. Егер бұлай бара берсе, олар «үрей ошақтарына» айналып кетуі ғажап емес. Онда Қазақстан орта ғасырға «құлайды»: қазақстандықтар дәрігер атаулыдан бас тартып, ем-домшы, бақсы-балгерге жиі жүгіне бастауы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Денсаулық сақтау министрін және саланың басқа да жауапты тұлғаларын шақырып, Бас прокуратураның арнаулы, кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Жағдайдың салмақтылығын мына жайт аңғартатындай: осы алқа министрге емес, бірден Үкімет басшысы Серік Ахметовтiң атына «заң бұзушылықты жою туралы» ұсыныс енгізді.

Бас прокуратура мұнымен шек­тел­мек емес. Бұл орган халықты жауапсыз дәрігерлердің «құрбаны» болудан құтқару үшін осы іске әкімдерді де жауапты етпек! Атап айтқанда, «медициналық қызмет көрсету сапасы үшін енді жергілікті атқарушы орган­дардың жауапкер­ші­лігін арттыру» көзделуде. Бұл мақ­сатта Президент Әкімшілігіне ұсынылатын «Жергілікті әкімдердің қызметін бағалау рей­тингіне» алда «азаматтардың өз денсаулығын қорғау құқықтарының сақталуы» және «денсаулық сақтау саласындағы заңдылықтың ахуалы» секілді өлшем-критерийлерді енгізу мәселесі қойылмақ. Яғни қандай да бір өңірде денсаулық сақтау саласында бүкіл республика жұртшылығына жаға ұстатқан оқиғалар көбейіп кетсе, бұл саладағы жағдай нашарласа, сол үшін тек медициналық басшылар ғана емес, сондай-ақ аудан, қала, не облыс әкімі де жаза тартуға тиісті.

Салада неге мұндай жағдай қа­лып­­тас­қанына еліміздегі заңды­лықтың сақталуына жауапты орган басшылығы қайран қалады. Бір қарағанда, денсаулық сақтауға шығындайтын қаржысын мемлекет еселеп арттыруда. Алқа мәжілісінде аталып өткендей, «кейінгі бес жылда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында медициналық жәрдемді мемлекеттік қаржыландыру – екі жарым есеге жуық артқан»! Дәлірек айтсақ, егер 2008 жылы бұл салаға ел қазынасынан 227 млрд теңге арна тартса, ал был­тырғы 2012 жылы ендігі жарты трил­лионнан артық қаражат – 541 мил­лиард теңге жұмсалыпты.

«Бірақ мемлекеттің осындай ай­тар­лықтай қаржылық көмегіне қа­рамастан, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы бұрынғыдай төмен деңгейде қалып отыр! Азаматтардың тиіс­ті медициналық жәрдем алу құ­қықтары жаппай бұзылуда» деп дабыл қақты Бас прокуратура.

Прокурорлық тексерулер анық­таға­нындай, медициналық мекемелерде тегін медициналық қызмет үшін заңсыз ақы алу белең алған. Сырқаттар дәрі-дәрмек құ­рал­дарымен қамтамасыз етілмейтін жағ­дайлар анықталған. Яғни емдеуге жат­қызылған дертті жандар тек аурухананың «иісін» иіскеп, ем-домсыз бос жатады. Мұның сыртында құзырлы орган «дәрі-дәрмекті және медициналық техниканы сатып алу барысында құқық бұзушылықтарға жол беру жойылмағандығын», «бюджет қаража­тын тиімсіз пайдалану және ұрлау» жүріп жатқандығын анықтаған. Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар биік лауазымды басшылары бұған дейін дәл осы үшін кісенделіп, теміртордың ар жағынан бір-ақ шыққаны мәлім, бірақ бұл басқаларға сабақ болмағанға ұқсайды. Прокуратура ел қа­зынасынан миллиондап қаржы шы­ғындап, сатып алынған «қажетті медици­налық қондырғылардың бос тұру фактілері» де барлығын жариялады.

Ол ол ма, «дәрігерлердің дөрекі қате­лік­тері мен кешірілмес немқұрайды­лық­тары науқастардың денсаулықтарына ай­тар­лықтай нұқсан келтірген, тіпті кейде олар­­дың өліміне алып келген жағдайлар анық­талған».

Кейінгі бес жылда сапасыз медици­налық көмек көрсету фактілері бойынша 352 қыл­мыстық іс қозғалыпты.

Осыған орай Бас прокуратура алқасын­да Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайыр­бекованың баяндамасы тыңдалды. Ол анық­талған заң бұзушылықтарды жою, азамат­тар­дың сапалы дәрігерлік көмек алу құ­қықтарын қамтамасыз ету бойынша өзде­рінің шаралар қабылдап жатқандарын айтты. Осы тұста айта кетер жайт, тексерулер қоры­тындылары бойынша прокурорлар заңдылықтың бұзылуын жою туралы 326 ұсыныс енгізіпті. Демек министрлікті үл­кен жұмыс ауқымы күтіп тұрғандай. Ме­дици­на саласындағы 933 тұлға осы жөн­сіздіктер үшін тәртіптік, ал 347 тұлға әкім­шілік жауапкершілікке тартылған.

4 мың 310 азаматтың конституциялық құ­қықтарының қорғалғандығы хабарланды. 103 миллион 634 мың 724  теңге сомасын­дағы шығынның орны толтырылды.

Алқада мәлім етілгеніндей, прокурорлар қа­лыптасқан жағдайдың басты себебі – «денсаулық сақтау басқармалары мен ведомстволық бағынышты медициналық ұйымдардың лауазымды тұлғаларының өздеріне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамауында» деп танып отыр. Жиында ашық айтылғанындай, Денсаулық сақтау министрлігі «жергілікті денсаулық сақтау бас­қармаларына әсер етуге» қауқарсыз екен. «Әсер етудің тиімді тетіктерінің бол­мауы да жағдайды шиеленістіре түседі» де­лінді.

Саладағы жағдайды білікті кадрлардың жетіспеушілігі, дәрігерлер мен медби­ке­лер­дің, медперсоналдың жалақысының төмен болуы да ушықтырып отыр. Осыған бай­ланысты Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова тіпті жасы зейнет­керлікке жеткен дәрігерлерді де жұмыста ұстап қалуға тырысатындарын айтты. Бұл олардың тәжірибелері мен біліктіліктерін пайдалану үшін жасалады екен.

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.