Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының тұрғын үй комиссиясы қызметінің қағидалары

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2017 жылғы «25» тамыздағы № 89
бұйрығымен бекітілген

 

 

Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының

тұрғын үй комиссиясы қызметінің

қағидалары

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының тұрғын үй комиссиясы қызметінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан, оның ішінде ведомстволық тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйді бөлудің шарттары мен рәсімін айқындайды, сондай-ақ тұрғын үйді жекешелендіруді келісу туралы өтініштерді қарау және Қазақстан Республикасы әскери прокуратура органдарының әскери қызметшілерін және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерді (бұдан әрі – әскери қызметшілер және қызметкерлер) тұрғын үймен қамтамасыз етумен байланысты өзге де мәселелерді (бұдан әрі – тұрғын үй мәселелері) шешу мәселелерін регламенттейді.

2. Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Бас әскери прокуратурада              Бас әскери прокурордың бұйрығымен тұрғын үй комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.

3. Комиссия дауыс беру құқығы бар тақ санды (кемінде бес адам) мүшелерінен және дауыс беру құқығы жоқ Комиссия хатшысынан тұрады.

Комиссия құрамына:

1) Комиссия төрағасы - Бас әскери прокурордың орынбасары;

2) Бас әскери прокурор Аппаратының басшысы;

3) кадр қызметінің басшысы;

4) Бас әскери прокурордың ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша аға көмекшісі;

5) қаржы қызметінің басшысы;

6) Комиссия хатшысы - кадр қызметінің өкілі кіреді.

4. Комиссияның негізгі міндеттері:

1) мемлекеттік тұрғын үй қорынан, ведомстволық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үй беру не мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлерді жекешелендіру туралы шешім қабылдау;

2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 тамыздағы № 1091 қаулысымен бекітілген Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларының 2-тармағына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі  № 673 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларының 4, 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес әскери қызметшілердің және қызметкерлердің өтініштері мен құжаттарын тексеруді және қарауды қамтамасыз ету;

3) тұрғынжайды жалдау шарты бойынша алу, жекешелендіру тәртібінде меншігіне сатып алу не бұдан бұрын жалдау шарты бойынша берілген тұрғынжайды ауыстыру үшін өтініш білдірген әскери қызметшілердің баянаттарын уақытылы қарауды қамтамасыз ету;

4) әскери қызметшілер және қызметкерлерді тұрғынжайға мұқтаж қызметкерлер тізіміне қосу, сондай-ақ қызметтік тұрғынжай немесе тұрғынжайларын жақсарту туралы өтініштерін қарау;

5) әскери қызметшілер және қызметкерлердің өтініштерін қанағаттандыру не оларға тұрғынжай беруден дәлелді бас тарту, не тұрғынжайға мұқтаждар тізімінен шығару, қызметтік тұрғынжайды жалдау шартын жасасу және ұзарту туралы хаттамалық шешім қабылдау;

6) әскери қызметшілер және қызметкерлердің баянаттары мен өтініштерін, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттарды сақтау және жүргізу.

5. Комиссия қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанда кемінде бір рет отырыс өткізеді. Комиссия отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп саналады.

6. Комиссия хатшысы Комиссия отырысының хаттамасын (бұдан әрі - Хаттама) (еркін нысанда) жүргізеді.

Комиссияның дауыс беру құқығы бар мүшелері Хаттамада көрсетілген мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына жауап береді.

7. Хаттамаға Комиссия мүшелері қол қояды.

8. Комиссияның шешімдері ашық және ауызша дауыс беру арқылы кемінде 3/5 дауыспен қабылданады.

9. Әскери қызметшілер мен қызметкерлердің баянаттары мен өтініштерін қарау олардың қатысуынсыз жүргізіледі. Қажет болған кезде Комиссия кемінде 3/5 дауыспен бірлесіп дауыс беру арқылы оларды және/немесе олардың отбасы мүшелерін отырысқа шақырумен баянатты/өтінішті қарау туралы шешім қабылдайды.

10. Тұрғын үй комиссиясының қабылданған шешімімен келіспеген жағдайда, мүдделі тұлғалар ол бойынша Бас әскери прокурорға, Бас прокуратураға немесе сотқа шағым беруге құқылы.

11. Комиссия өз қызметін әскери прокуратура органдары тараған не қайта құрылған кезде тоқтатады.