Бас прокуратура академиясы одан әрі дамуының бағыттары айқындалды

19 ақпан 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бас Прокурор Құқық қорғау органдары академиясында ғылыми-білім беру қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша жиналыс өткізді.

Қайрат Қожамжаров оқу орнымен Мемлекет Басшысының құқық қорғау органдарының жұмысын сапалы өзгерту жөніндегі  тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша қабылдап жатқан шараларды атап өтті.

Елбасының жыл сайынғы Жолдауын орындау үшін Академия құқық қорғау органдары үшін кадрларды іріктеу мен даярлаудың жаңа жүйесін енгізуге кірісті.

Осы мақсатта үміткерлерді Академияда бір жылдық кәсіби дайындықтан өткеннен кейін ғана қызметке қабылдауды қарастыратын заң жобасы әзірленді. Жоба Парламент Мәжілісінің қарауында.

Бас Прокурор ЖОО-ның ректорына оқу бағдарламаларын, жетекші мамандар қатарынан дәріскерлер пулын қалыптастыру бойынша ұйымдастыру-тәжірибелік шараларды жүзеге асыруға, болашақ үміткерлердің жүріп-тұруы үшін жағдай жасауға кірісуді тапсырды.

Сонымен қатар, Қайрат Қожамжаров Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің жұмысына белсенді қатысу қажеттігін атап өтті, оның құрамына өткен жылдан бастап академия ректоры кіреді.

«Жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге ықпал етуі тиіс», - деп атап өтті Бас Прокурор.  

Осыған байланысты оқу орнының басшысына ғылыми кадрларды нығайту, Қазақстанның жетекші ғалымдарын тарту, орындалған ғылыми жұмыстарды ашық алаңдарда кеңінен және көпшілік алдында талқылау тапсырылды.

Бұдан басқа, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттілігіне назар аударылды.

Ол оқу орны ректорының елдің қауіпсіздігіне кедергі келтіретін факторлардың пайда болуы мен алдын алу мәселелерін терең зерделеу үшін Жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұру бойынша өңірлік хабтың сапалы және құрылымдық өзгеруі туралы ұсынысын қолдады.

Өткен жылы Хаб базасында шамасы 900 тыңдаушы оқытылды, соның ішінде 60 шет мемлекеттен болды.

Сондай-ақ, Бас Прокурор «Болашақ» стипендиясы шеңберінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша әлемнің мамандандырылған жетекші жоғары оқу орындарында және шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарында тағылымдамадан өту үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін іріктеуді ұйымдастыруға кірісуді тапсырды.

«Бұл ең озық шетелдік тәжірибені зерттеп, оны практикалық қызметте пайдаланудың бірегей мүмкіндігі», деді Қайрат Қожамжаров.

2018 жылы шамамен 100-ге жуық прокурор кәсіптік деңгейді арттыру және көлеңкелі экономика, сыбайлас жемқорлыққа, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласында білім алмасу үшін ЭЫДҰ елдеріне (Германия, АҚШ, Жапония, Италия, Австрия, Венгрия, Греция) барды.

Академия жиналысының қорытындысы бойынша оның ғылыми-білім беру қызметін одан әрі жаңғырту және материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша Жол картасын әзірлеу қажеттігі көрсетілді.

Естеріңізге сала кетейік, оқу орны Мемлекет Басшысының 2015 жылғы 4 мамырдағы Жарлығымен құқық қорғау саласында кадрларды даярлау, қайта даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін құрылды.

Құрылған сәттен бастап мұнда құқық қорғау органдарының 5 мыңнан астам қызметкері біліктілігін арттырды, сондай-ақ 76 магистр және 12 PhD доктор білім алды.

 

Бас прокуратураның Баспасөз қызметі

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу