Бас Прокурор террористік қылмыстар туралы істер бойынша сотталғандарды негізсіз ақтауға наразылық келтірді

17 шілде 2012 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бас прокуратураның арнайы прокурорлар тобы өткен жылы жазда Ақтөбе қаласында террористік қылмыстар жасады деп айыпталған К.Ахметовтің террористік тобына қатысты қылмыстық істі тергеді.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 30 қарашадағы үкімімен топ мүшелері К.Алпамысов және А.Саттаров қару-жарақты заңсыз алу және сақтау, жасалған аса ауыр қылмысты хабарламауға кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі түзету колониясында 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Олардың әрекеттеріндегі қылмыс құрамының дәлелденбеуіне байланысты аталған тұлғалар Қылмыстық кодекстің 233-бабының 4-бөлігімен (терроризм), 233-2-бабының 2-бөлігімен (террористік топтың қызметіне қатысу) ақталған. Ж.Нұртазин топ болып қару-жарақты заңсыз алғаны және сақтағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айыруға сотталып, терроризм және террористік топтың қызметіне қатысу баптарымен ақталған.

Осы үкіммен топ мүшелері К.Ахметов, Т.Рахметов, Т.Сатыбалдиев, А.Әділшин, М.Калугер террористік қылмыстар жасағандары үшін әртүрлі жазалау мерзімдеріне сотталған.

Алпамысов, Саттаров, Нұртазиннің әрекеттерін негізсіз ақтау және қайта квалификациялауға қатысты Ақтөбе облысы прокуратурасының енгізген апелляциялық наразылығын облыстық соттың апелляциялық сатысы қанағаттандырусыз қалдырды.

Облыс прокуратурасы сот актілеріне наразылық келтіру туралы Бас прокуратураға жүгінді және ол жоғары қадағалау органында қолдау тапты. Бас Прокурор Жоғарғы сотқа істі қайта қарау туралы наразылық енгізді.

2012 жылғы 10 шілдедегі Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша сот қадағалау алқасының қаулысымен наразылық дәлелдері негізді деп танылып, толықтай қанағаттандырылды. Алпамысов, Саттаров, Нұртазинге қатысты сот актілерінің күші жойылды және сол сотқа өзге құрамдағы жаңа сот қарауына жіберілді.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу