You are here

VIII бөлім. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

85-бап
Жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды тиiстi аумақтағы iстiң жай-күйiне жауапты жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады.
 
86-бап
1. Жергiлiктi өкiлдi органдар - мәслихаттар тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi және жалпымемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, оны iске асыруға қажеттi шараларды белгiлейдi, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.
2. Мәслихаттарды жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге халық сайлайды.
3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бiр мәслихаттың ғана депутаты бола алады.
4. Мәслихаттардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi және олардың атқарылуы туралы есептердi бекiту;
2) өздерiнiң қарауына жатқызылған жергiлiктi әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс мәселелерiн шешу;
3) заңмен мәслихат құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн қарау;
4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;
5) Республика заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
5. Мәслихаттың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын Республика Президенті тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзiн-өзi тарату туралы шешiм қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.
6. Мәслихаттардың құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi, олардың депутаттарының құқықтық жағдайы заңмен белгiленедi.
 
87-бап
1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi, тиiстi аумақтың мүддесi мен даму қажеттiлiгiн ұштастыра отырып, атқарушы билiктiң жалпы мемлекеттiк саясатын жүргiзудi қамтамасыз етедi.
2. Жергiлiктi атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi әзiрлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық меншiктi басқару;
3) жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергiлiктi атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;
4) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiне сай Республика заңдарымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
3. Жергiлiктi атқарушы органды Республика Президентi мен Үкiметiнiң өкiлi болып табылатын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң әкiмi басқарады.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерiн қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президентi тағайындайды. Өзге әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi қызметке Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметтерінен босатуға хақылы.
5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және оны қызметiнен босату жөнiнде тиiсiнше Республика Президентiнiң не жоғары тұрған әкiмнiң алдына мәселе қоюға хақылы. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде тоқтатылады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi, ұйымдастырылуы және олардың қызмет тәртiбi заңмен белгiленедi.
 
88-бап
1. Мәслихаттар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шешiмдер, ал әкiмдер - тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң аумағында орындалуға мiндеттi шешiмдер мен өкiмдер қабылдайды.
2. Мәслихаттардың жергiлiктi бюджет кiрiсiн қысқартуды немесе жергiлiктi бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтiн шешiмдерiнiң жобалары әкiмнiң оң қорытындысы болған кезде ғана қарауға енгiзiлуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтiн мәслихат шешiмдерiнiң күшi сот тәртiбiмен жойылуы мүмкiн.
4. Әкiмдердiң шешiмдерi мен өкiмдерiнiң күшiн тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентi, Үкiметi не жоғары тұрған әкiм жоюы мүмкiн, сондай-ақ олардың күшi сот тәртiбiмен жойылуы мүмкiн.
 
89-бап
1. Қазақстан Республикасында жергiлiктi маңызы бар мәселелердi тұрғын халықтың өзi шешуiн қамтамасыз ететiн жергiлiктi өзiн-өзi басқару танылады.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды тұрғын халық тiкелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергiлiктi қоғамдастықтардағы басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін.
3. Қазақстанда жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметі заңмен реттеледі.
4. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының дербестiгiне олардың заңмен белгiленген өкiлеттiгi шегiнде кепiлдiк берiледi.
Ескерту. 89-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.