You are here

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актілерінің заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасы|
Бас Прокурорының
2015 жылғы ______ наурыздағы
№ ______  бұйрығымен
бекітілген

 

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша
сот актілерінің заңдылығына прокурорлық қадағалауды
ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық

1. Жалпы ережелер

1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (бұдан әрі - ӘҚБтК), «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес әзірленді және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша (бұдан әрі – әкімшілік істер) сот актілерінің заңдылығын қадағалауды және соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік етуді ұйымдастыру  мен жүзеге асыруды регламенттейді.

2.Әкімшілік сот ісін жүргізуде заңдарды дәл және біркелкі қолдануға жоғары қадағалауды мемлекеттің атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры (бұдан әрі – Бас Прокурор) тікелей, сондай-ақ оның бағынысындағы прокурорлар арқылы сот талқылауына қатысу және қорытынды беру, заңды күшіне енбеген және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексеру және олар заңсыз болған жағдайда оларға наразылық келтіру жолымен жүзеге асырады.

 3. Әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалаудың міндеттері жеке тұлғалардың, мемлекет пен заңды тұлғалардың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, заңсыз сот актілерін дер кезінде анықтау және оларға наразылық келтіру, сондай-ақ әкімшілік заңнаманың бұзылуына және әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында сот қарауы барысында анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша прокурорлық ден қою шараларын қабылдау болып табылады.

4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаменті (бұдан әрі – Департамент), облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары, ауданаралық, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратуралар әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын тұрақты қадағалауды қамтамасыз етеді, соттардың әкімшілік істерді қарау кезінде процестік мерзімдерді сақтауын тексереді, әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықтың жай-күйін жүйелі талдайды.

Қадағалау құзыретін тиімді жүзеге асыру және заң бұзушылыққа жедел түрде ден қою мақсатында прокурорлар өз қызметтерінде Құқық қорғау және арнайы органдардың ақпараттық алмасу жүйесін, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Бірыңғай сәйкестендіру статистикалық жүйесі мен өзге де ақпараттық ресурстарын және басқа да мемлекеттік органдардың жүйелерін пайдаланады.

5. Департаментте, облыстардың прокуратураларында және оларға теңестірілген прокуратураларда жұмыс заңдылықтың жай-күйін болжамдау, әкімшілік істердің өзекті санаттары бойынша прокурорлық практикаға жүйелі талдау жүргізу мақсатында олардың нәтижелерін тақырыптық және салааралық жұмыс топтарында, жедел кеңестерде және алқаларда қарай отырып, жүзеге асырылатын қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдай отырып, аймақтық-тақырыптық қағидаты бойынша ұйымдастырылады.

Тақырып қағидаты бойынша жұмыс әкімшілік істердің өзекті санаттарын айқындау және заңдылықтың жай-күйіне, прокурорлық қадағалауға жүйелі талдау жүргізетін, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, қадағалау қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстарды әзірлеу мақсатында оның нысандарын, әдістерін арттыру жөніндегі ұсыныстарды енгізетін жауапты тұлғаларды бекіту арқылы жүзеге асырылады.

Тақырып бағыттарын белгілеу кезінде заңдылықтың жай-күйін және қызмет көрсетілетін аймақтың ерекшеліктерін, сотта қаралуы таралған әкімшілік істердің белгілі санаттарын негізге алу керек.

Прокурорлардың мамандануы прокуратура жұмысын жоспарлағанда, талдамалар мен қорытындылауларды жүргізгенде, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарағанда ескеріледі.

Аймақтық қағидат белгіленген өңірде заңдылықтың мониторингін жүргізу және жай-күйін талдау мақсатында сот актілерінің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыратын прокурорларға сол өңірді бекітуден тұрады.

2.  Әкімшілік істер бойынша соттарға қатысу

6. Бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатысындағы соттарға қатыса отырып, прокурор өз өкілеттігін Қазақстан Республикасының Конституциясына, ӘҚБтК-не, Заңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

Прокурор міндетті түрде сотта ведомстволық бағыныстылығы бойынша бірінші сатыдағы соттар қарайтын әкімшілік істерге (бұдан әрі – міндетті санаттағы істер):

кәмелетке толмағандарға қатысты және қамауға әкеп соғатын;

оның қатысуы жоғары тұрған прокурормен қажет деп танылған;

 

өзі қозғаған;

сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы;

сайлау құқықтарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар туралы;

қоршаған ортаны қорғау саласындағы;

салық салу саласындағы;

кеден ісі саласындағы;

әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы немесе заты болып табылған затты, сол сияқты әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлікті мемлекет меншігіне тәркілеуге әкеп соғатын;

Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығаруға әкеп соғатын;

заңсыз тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзуға әкеп соғатын;

әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды тұлғаның) әрекетіне (әрекетсіздігіне) ӘҚБтК-нің 44-тарауының тәртібімен шағымдану туралы;

әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша органның (лауазымды тұлғаның) қаулысына ӘҚБтК-нің 45-тарауының тәртібімен шағымдану туралы істерге қатысады.

7. Аумақтық прокурорлар осы Нұсқаулықпен соттардың орналасқан жеріндегі мамандандырылған прокурорлардың жүргізуіне жатқызылған істер санатын қоспағанда, өзінің орналасқан жері бойынша бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттарда әкімшілік істерді қарауға қатысуды және кейіннен қадағалауды қамтамасыз етеді.

Мамандандырылған әскери прокурорлар өзінің орналасқан жері бойынша аудандық, қалалық, арнайы мамандандырылған әкімшілік, облыстық және оларға теңестірілген соттар қарайтын: 

ӘҚБтК-нің 32-тарауы бойынша;

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың уәкілетті лауазымды тұлғалары қозғаған;

әскери қызметті өткеруге байланысты шақыру немесе келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілерге қатысты;

әскери жиындардан өту кезіндегі запастағы азаматтарға қатысты;

қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың азаматтық персоналдағы тұлғаларға қатысты;

көрсетілген санаттағы әкімшілік істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) не қаулысына шағымдану туралы әкімшілік істерге қатысады және кейіннен қадағалауды жүзеге асырады.

 

 

Мамандандырылған көлік прокурорлары осы Нұсқаулықтың 6-тармағында көрсетілген, көлік инфрақұрылымы объектілеріне немесе темір жол, автомобиль (жолаушыларды, багажды және жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдау бөлігінде), теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельстік және магистралды құбыр көлігі ұйымларына, ғарыш жүйесіне қатысты өкілеттіктерді іске асыруға байланысты көлік прокурорларының не уәкілетті органдардың (лауазымды тұлғалардың) бастамасымен іс жүргізу қозғалған әкімшілік істерді аудандық, қалалық, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік, облыстық және оларға теңестірілген соттар қараған кезде өзінің орналасқан жері бойынша қатысуды және кейіннен қадағалауды қамтамасыз етеді.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорлары олардың бастамасы бойынша іс жүргізу қозғалған әкімшілік істерді соттар қараған кезде өзінің орналасқан жері бойынша қатысуды және кейіннен қадағалауды қамтамасыз етеді.

Соттардың орналасқан жеріндегі мамандандырылған прокурорлардың осы бұйрықпен жүргізуіне жатқызылған істерін сот іс жүргізуге қабылдаған жағдайда, аумақтық прокурорлар мамандандырылған прокурорларды уақытында және тиісінше хабарлауды (телефонограммамен не хабарламаны тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарымен) қамтамасыз етеді. Мамандандырылған прокурорлар жергілікті соттың ресми сайтын пайдаланып немесе өзге де тәсілдермен қарауға тағайындалған барлық істерге  мониторингті жүзеге асырады.

Оның жүргізуіне жатқызылған істерді қарауға тағайындалған соттар орналасқан жерде мамандандырылған прокуратура болмаған, не бұл туралы мамандандырылған прокурорға хабарланбаған жағдайда, соттарға қатысу және сот актілерінің заңдылығын кейіннен тексеру тиісті аумақтық прокурорға жүктеледі.

Соттарда қаралған істер бойынша аумақтық және мамандандырылған прокурорлар әр тоқсан сайын салыстырмалы тексеру жүргізеді.

8. Заңды күшіне енбеген сот актілерін жоғары тұрған сот қайта қараған кезде барлық істер бойынша прокурордың қатысуы қамтамасыз етіледі.

9. Прокуратура қозғаған әкімшілік іс жүргізу  бойынша прокурордың бірінші сатыдағы сотқа қатысуын өз бастамасымен істі қозғаған бөлімше  қамтамасыз етеді. Осы бөлімшеге сот актілерінің заңдылығын тексеру, соның ішінде келіп түскен өтініштерді қарау және оларға дер кезінде апелляциялық және кассациялық мерзімдерде наразылық келтіру міндеті жүктеледі.

10. Іс материалдарымен танысу нәтижелерін қатысушы прокурор алдын ала прокуратура басшысына немесе жетекшілік ететін орынбасарға баяндайды, соттың істі қарау нәтижелері бойынша, сот қаулысымен келіскен кезде прокуратура басшысы немесе жетекшілік ететін орынбасар бекітетін сот актісінің заңдылығы туралы қорытынды жасалады.

Бірінші сатыдағы сотта қатысқан прокурордың қорытындысы жазбаша түрде жасалады және онда:

құқық бұзушының кінәсінің болуы немесе жоқтығы, оның әрекетінің дұрыс дәрежеленуі;

прокурордың жоғарыда көрсетілген тұжырымдардың біріне тоқтауға негіз болған дәлелдемелер;

оған істің мән-жайын және құқық бұзушының жеке басын ескеріп, сол немесе өзге жаза түрін қолдану туралы, не істі қысқарту қажеттігі туралы көрсетілуге тиіс.

Жоғарыда аталғанға қоса апелляциялық, кассациялық тәртіппен қайта қарауға жататын іс бойынша қорытындыда:

қайта қарауға жататын сот актілерінің мазмұны, соттың позициясы;

қатысқан прокурорлар, қорытындылардың қысқаша мазмұны;

шағымдағы (өтінішхаттағы) дәлелдер;

шағымның (өтінішхаттың) негізділігі туралы тұжырымдар туралы мәліметтер де қамтылуға қажет.

Прокурордың қорытындысы ӘҚБтК-нің 823-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк қамауға алу туралы, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы қаулының көшiрмелері соттан келіп түскен кезде де жасалады.

11. Облыстардың, қалалардың, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар тиісті номенклатуралық істерде қалыптастырылатын, прокурорлардың қатысуымен қаралған әкімшілік істер бойынша бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар шығарған сот актілерін және прокурорлардың қорытындыларын есепке алуды ұйымдастырады.

12. Негіздер болған кезде іс бойынша қатыса отырып, прокурор сотқа  заңдылықты бұзуды, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды  жою туралы жеке қаулы шығару туралы бағдар береді (ӘҚБтК-нің 826-бабы) және қажет кезде прокуратураның осыған ұқсас мазмұнда прокурорлық ықпал ету актісін шығаруға бастама жасайды.

13. Апелляциялық наразылық ӘҚБтК-нің 840-бабында көзделген сот қаулысының күшін жоюға не өзгертуге негіздер болған кезде ғана келтіріледі. Апелляциялық наразылық келтіру құқығы бірінші сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Бас Прокурор және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар өз құзыреті шегінде істі қарауға қатысқанына қарамастан, сот қаулысына наразылық келтіруге құқылы.

ӘҚБтК-нің 832-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша сот қаулысына наразылық қаулының көшiрмесi тапсырылған күннен бастап он тәулік iшiнде берiлуi мүмкiн. Бұл ретте салықтық міндеттеменің немесе Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасында көзделген міндеттердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына байланысты қозғалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша наразылық қаулының көшiрмесi алынған күннен бастап отыз тәулік iшiнде берiлуi мүмкiн.

14. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларға, шағым, наразылық бойынша қабылданған сот қаулыларына кассациялық наразылық келтіру құқығы Бас Прокурорға, оның орынбасарларына, облыстардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға тиесілі.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаның жағдайын нашарлататын жағына қарай, не әкімшілік іс жүргізу оған қатысты қысқартылған сот актісіне кассациялық наразылық сот қаулысы жарияланған күннен бастап алты айдың ішінде келтіріледі.

Сот кассациялық наразылықты негізсіз қанағаттандырусыз қалдырғанда, сондай-ақ әкімшілік істі қарау кезінде жол берілген материалдық және процессуалдық құқық нормаларын елеулі бұзылуы анықталған кезде, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар Бас прокуратураға қадағалау наразылығын келтіру туралы ұсыныс енгізеді.

15.  Облыстық және оларға теңестірілген соттардың кассациялық сот алқалары қарайтын  істерге қатысуды облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары, оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ басқарма бастықтары қамтамасыз етеді.

Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, басқарма бастықтары наразылықты қарау нәтижелері туралы Департаментке дереу хабарлай және сот қаулыларының көшірмелерін кейіннен жолдай отырып, кассациялық сатыдағы соттарда Бас прокуратураның наразылықтарын білікті қолдауға міндетті.

16. Прокурорлар сот қарауына қатыспауына қарамастан, соттың қаулысы заңды күшіне енгенге дейін:

осы Нұсқаулықтың 6-тармағында көрсетілген;

әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қысқарту жөніндегі;

сот қаулысын жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта  қарауды қанағаттандыру не бас тарту туралы сот актілерінің заңдылығын тексеруге міндетті.

17. ӘҚБтК-нің 851-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты оларға шағым берудің кассациялық тәртібі сақталған жағдайда Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орынбасарларының наразылығы бойынша қадағалау тәртібімен қайта қарауы мүмкін.  

Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлғаның не өзiне қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзу қысқартылған тұлғаның жағдайын нашарлататын жағына қарай сот актісіне наразылық ӘҚБтК-нің 851-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес келтірілуі мүмкін.

Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын кассациялық мерзімдерде тексеруге міндетті. Тұлғаның жағдайын нашарлататын жағына қарай заңсыз сот актісіне наразылық келтіру мерзімі өткізіп алынған жағдайда заңды айқын бұзуға жол берген кінәлі қызметкерлердің жауапкершілігі туралы мәселе қойылады.

Сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге заңда белгіленген негіздер болған кезде, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының, ауданаралық, аудандық, қалалық, әскери прокурорлар және басқа да мамандандырылған прокурорлар апелляциялық және кассациялық наразылықтар келтіреді. Егер наразылық келтіру мәселесі прокурордың құзыретіне кірмесе, ол жоғары тұрған прокурорға қадағалау тәртібімен наразылық келтіру туралы ұсыныс енгізеді. Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда облыс прокуроры немесе оның орынбасары бекітетін жазбаша қорытынды жасалады, ал өтініш иелеріне өтінішті қанағаттандыру үшін негіздердің жоқтығы туралы дәлелді жауап беріледі және жауаптың көшірмесін қоса тіркей отырып, олардың жоғары тұрған прокурорға шағым беру құқығы туралы түсіндіріледі.

18. Облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, ауданаралық, аудандық, қалалық, әскери және басқа да мамандандырылған прокурорлар заңды күшіне енбеген және енген сот актілерінің заңдылығын тексеру туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін «Аумақтық прокурорлардың және арнайы прокуратура прокурорларының құзыреттерін шектеу туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2003 жылғы 3 қарашадағы № 64 бұйрығында көзделген тәртіппен қарайды.

Прокурорлар уәкілетті мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан апелляциялық және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінімдер келіп түскен кезде шағым берілетін сот қаулыларының заңдылығы, ал заңды күшіне енген міндетті санаттағы істер бойынша сот актілері бойынша істі талап етіп алдырылып тексерілуге тиіс. Осы Нұсқаулықтың 6-тармағында көзделмеген істерге наразылық келтіру туралы өтінімдер бойынша өтініш иесіне оның апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттарға шағыммен дербес жүгіну құқығы түсіндіріледі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі Бас Прокурор, оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оған теңестірілген прокурорлар қадағалау тәртібімен тексеру үшін тиісті соттан талап етіп алдыра алады (ӘҚБтК-нің 848-бабы). Істерді, тексеру материалдарын, ақпараттарды талап етіп алдыру туралы тапсырма өтінішті тікелей қарайтын лауазымды тұлғаға өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Прокурордың істі талап етіп алдыру туралы сұрау салуын сот ӘҚБтК-нің 848-бабының 3-бөлігіне сәйкес оның сотқа келіп түскен күнінен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей орындайды.

19. Бас прокуратураға наразылық келтіру туралы ұсыныс сипаттау, дәлелдеу және қарар бөліктерден тұрады.

Сипаттау бөлігінде іс бойынша қабылданған сот актілерінің нәтижелері баяндалады, егер істі уәкілетті орган қараған жағдайда, қаулы көрсетіледі. Одан әрі сипаттау бөлігінде істің қысқаша мән-жайлары көрсетіледі, ал іс қысқартылған жағдайда бұл шешімді қабылдауға негіз болған мән-жайлар көрсетіледі.

Ұсыныстың дәлелдеу бөлігінде заң нормаларына және іс материалдарына сүйенген тұжырымдар баяндалып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің осыларға сәйкес бұзылып немесе өзгертілетіндігі көрсетіледі.

Ұсыныстың қарар бөлігінде сотпен ӘҚБтК-нің 839-бабында көзделген шешімдердің біреуі қабылдану қажеттігі туралы қамтылады.

20. Облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар әкімшілік сот ісін жүргізуді және қысқартылған істер бойынша заңдылықтың жай-күйіне тоқсан сайын талдау жасайды, бұл туралы ақпаратты Бас прокуратураға тоқсанның соңғы айының 25-ші күнінен кешіктірмей ұсынады.

3.  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот
актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалаудың жай-күйін бағалау

21. Әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалаудың негізгі көрсеткіштері:

қадағалау сапасы;

наразылықтардың сапасы;

заңдылықтың  бұзылуына ден қою тиімділігі болып табылады.

22. Әкімшілік істер бойынша қадағалаудың сапасы міндетті санаттағы істер және прокурордың қатысуымен қаралған, шағым немесе жоғары тұрған прокурордың наразылығы бойынша апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібімен (төмен тұрған прокурордың ұсынуынсыз) күші жойылған немесе өзгертілген өзге де істер бойынша сот актілерінің талдауына негізделе отырып жоғары тұрған прокуратурамен бағаланады.

Қадағалаушы прокурор әдейі әрекеттердің (әрекетсіздіктің) не немқұрайлықтың немесе құқық нормаларын білмеу салдарынан қадағалау жұмысының талаптары мен стандарттарын бұзумен прокурорлық ықпал ету шараларын қолдабаған анық (айқын) заң бұзушылыққа жол берген сот актілерінің күшін жоюы және өзгертуі ескеріледі. Осы мән-жайлардың болуы немесе жоқтығы бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатысындағы сот актілерін зерделеу арқылы айқындалады.

Осы мақсаттарда апелляциялық наразылық келтіру тиімділігінің есебі жүргізіледі, ол міндетті санаттағы істер және прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша бірінші сатыдағы соттың прокурордың апелляциялық наразылығы бойынша күші жойылған және өзгертілген қаулыларының міндетті санаттағы істер және прокурордың қатысуымен  қаралған өзге де істер бойынша бірінші сатыдағы соттың апелляциялық тәртіппен күші жойылған және өзгертілген сот қаулыларының жалпы санына ара қатынасымен есептеледі.

Бұрын апелляциялық наразылықсыз бірінші сатыдағы соттың қаулысы бұзылған немесе өзгертілген іс бойынша апелляциялық қаулы прокурордың кассациялық наразылығымен бұзылған жағдайда бірінші сатыдағы соттың қаулылары апелляциялық шағыммен бұзылған немесе өзгертілген мәліметтері туралы статистикалық есеп азаю жағына қарай түзетіледі. 

Апелляциялық наразылық келтіру тиімділігін есептеген кезде апелляциялық тәртіпте бұзылған немесе өзгертілген бірінші сатыдағы соттың қаулылары есептелмейді егер: 

прокурордың кассациялық наразылығы бойынша апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы апелляциялық наразылықсыз бірінші сатыдағы соттың қаулысы бұрын күшін жойған немесе өзгерген сол бөлігінде күші жойылса немесе өзгертілсе есептелмейді. Мұндай жағдайда апелляциялық шағымдар бойынша күші жойылған бірінші сатыдағы сот қаулыларының саны туралы статистикалық есептің мәліметтері азаю жағына қарай түзетіледі;

тағайындалған жазаның мөлшері баптағы санкцияның шегінде өзгерілсе;

бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған және бірінші сатыдағы сот қаулысының күшін жоюға не өзгертуге негіз болған жаңа дәлелдемелер апелляциялық сатыдағы сотқа берілсе;

санкцияда соттың оны қолдануға баламалы құқығы болған кезде тағайындалған жазаның біреуі алып тасталса не ауыстырылса;

рақымшылық жасау актісінің немесе татуласуға байланысты іс бойынша іс жүргізу қысқартылса.

Статистикалық есепте жаңа дәлелдемелердің негізінде күші жойылған немесе өзгертілген сот актілері туралы мәліметтерді көрсету Департаменттің  келісімін жазбаша немесе электрондық құжат нысанынын алғаннан кейін ғана жүргізіледі. Тиісті өтінішхат іс бойынша шығарылған сот актілерінің көшірмелерін тіркей отырып, сот процессуалдық шешім қабылдағаннан кейін он жұмыс күні iшiнде Департаментке жолданады.

Міндетті санаттағы істер және прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша кассациялық және қадағалау тәртібімен сот актілерінің күшін жою немесе өзгерту наразылық келтіру тиімділігінің көрсеткіші есептелмей ескеріледі.

23. Әкімшілік істер бойынша наразылықтардың сапасы кері қайтарылған, қайтарылған және қанағаттандырусыз қалдырылған апелляциялық және кассациялық наразылықтардың талдауына негізделе отырып жоғары тұрған прокуратурамен бағаланады.

Негізсіз наразылықтар ескеріледі. Оларға прокурор әдейі не немқұрайлық салдарынан  жол берген немесе құқық нормаларын, соның ішінде ведомстволық актілерді білмеу салдарынан қадағалау жұмысының талаптары мен стандарттарын анық (айқын) бұзып дайындаған наразылықтар жатады. Осы мән-жайлардың болуы не жоқтығы ол бойынша қабылданған шешімдер туралы наразылықты және құжаттарды зерделеу арқылы айқындалады.

Осы мақсаттарда апелляциялық (кассациялық) наразылықтардың қанағаттандырылу есебі жүргізіледі, ол мына формула бойынша есептеледі:

100 % - (қанағаттандырусыз қалдырылған/қаралған) х 100 % = қанағаттандырушылық.

Бұл ретте бұрын апелляциялық (кассациялық) наразылық бас тартылған іс бойынша кассациялық наразылық (төмен тұрған прокурордың ұсынымы бойынша келтірілген қадағалау нарызылығы) қанағаттандырылған жағдайда, бас тартылған апелляциялық (кассациялық) наразылықтардың саны туралы статистикалық есептің мәліметі азаю жағына қарай түзетіледі.

Облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар негізсіз наразылықты кері қайтарып алған жағдайда төмен тұрған прокурорға осындай шешімнің уәжін жазбаша немесе электрондық құжат нысанында хабарлайды және мұндай қателіктердің алдын алуға шаралар қабылдайды.

Апелляциялық (кассациялық) сатыдағы сот наразылықты келтірген адамның не жоғары тұрған прокурордың өтінішін қанағаттандырған жағдайда, наразылық кері қайтарылып алынды деп есептеледі.

Қалған барлық жағдайларда, соның ішінде прокурорлардың бастамасы бойынша наразылықтары қайтарылғанда, мұндай наразылықтар қайтып берілген ретінде есепке алуға жатады.

24. Әкімшілік істер бойынша заңдылықтың бұзылуына ден қою тиімділігі прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша олардың өтініштері негізінде заңдылықты бұзу факті бойынша қабылданған соттардың жеке қаулыларын, сондай-ақ сот отырысында анықталған мән-жайларға байланысты бастама жасалған тексеру мен прокурорлық қадағалау актілерінің талдауына негізделе отырып жоғары тұрған прокуратурамен бағаланады.

Осы мақсаттарда прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша олардың өтініштері негізінде заңдылықты бұзу факті бойынша қабылданған соттың жеке қаулыларының прокурордың қатысуымен қаралған істер бойынша шығарылған заңдылықтың бұзылуына соттардың жеке қаулыларының жалпы санына ара қатынасымен есепке алу жүргізіледі.

Прокурордың өтініші бойынша жеке қаулыны шығару сот актісінде немесе сот отырысының хаттамасында осыны тікелей көрсете отырып, не іс материалдарына қоса тіркелген прокурордың жазбаша қорытындысымен расталады.

Бағалау кезінде прокурорлардың өтініштері бойынша шығарылған жеке қаулылар, сондай-ақ прокурорлық тексерулер мен прокурорлық қадағалау актілері бойынша қабылданған шаралардың нәтижелігі (заңдылықтың бұзылуын жою, тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту және басқалары) ескеріледі.

Төмен тұрған прокуратуралардың бағалау қызметі жұмыс нәтижесін ескере отырып басқа да көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру

25. ӘҚБтК-нің 851-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы iстер бойынша заңды күшiне енген қаулы және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелерi бойынша қабылданған қаулыларға наразылықты Жоғарғы Сотқа тек Бас Прокурор және оның орынбасарлары келтіреді.

26. Бас Прокурордың не оның орынбасарларының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот актілеріне келтірген қадағалау наразылықтарын қолдауды Бас Прокурордың тапсырмасы бойныша оның орынбасарлары, қарамағындағы прокурорлар (Департамент бастығы немесе орынбасары, Департаменттің басқарма және бөлім бастықтары) қамтамасыз етеді.

27. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілетін қадағалау наразылығын келтіру туралы өтініште:

1) өтініш жолданған лауазымды тұлғаның атауы;

2) өтініш беруші адамның атауы; оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері және іс бойынша процессуалдық жағдайы;

3) істі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қараған соттарды және олар қабылдаған шешімдердің мазмұнын көрсету;

4) наразылық келтіру ұсынылып отырған сот қаулысын көрсету;

5) материалдық не процессуалдық құқық нормаларын елеулі бұзушылықтың мәні неден көрінеді және өтініш беруші адам өтінішінің неден тұратыны қамтылуға тиіс.

Өтінішке оны беруші тұлға немесе оның өкілі қол қоюға тиіс. Өкіл берген өтінішке сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын басқа да құжат қоса берілуге тиіс.

Өтінішке іс бойынша шығарылған қаулының сот куәландырған көшірмелері қоса берілуге тиіс.

Өтініш жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, оны берген тұлғаларға қайтарылуға жатады.

Қадағалау тәртібімен наразылық келтіру туралы тұлғалардың өтініштерін және прокурорлардың ұсынымдарын қарау істер талап етіліп жүзеге асырылады.

Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған кезде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі ведомстволық нормативтік актілерде көзделген тәртіппен бекітілетін мәнді қорытынды жасалады.

28. Департаменттің әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау бөлімінде жұмыс ӘҚБтК-нің құрамы бойынша істердің өсу (төмендеу) динамикасына, сот төрелігін жүзеге асыру және ол бойынша прокурорлық қадағалау сапасына, сондай-ақ істерді ақтайтын негіздер бойынша қысқарту себептеріне ай сайын талдау жасай отырып, аймақтық-тақырыптық қағидаты бойынша ұйымдастырылады.

Аймақтық прокурорлар прокурорлардың наразылықтарынсыз апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттар күшін жойған және өзгерткен міндетті санаттағы істер бойынша соттардың қаулыларын, сондай-ақ наразылықтар кері қайтарылған істер бойынша сот актілерін ай сайын 25-ші күнге қарай зерделейді.

Келіп түскен шағымдар мен өтініштер (қорытулар)  бойынша істерді зерделеу кезінде аймақтық прокурорлар төмен тұрған прокурорлардың соттарға қатысу сапасына талдау жасайды.

Жоғарыда аталған мәселелердің талдау нәтижелерін аймақтық прокурорлар тоқсандағы айдың келесі айының 5-ші күнінен кешіктірмей Департамент басшылығына анықтамамен баяндайды.

Қадағалау қызметіндегі анықталған бұзушылықтар мен оң аспектілер туралы мәліметтер дереу тізілімге енгізіледі.

5. Қорытынды ережелер

29. Департамент әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалауда төменгі прокуратуралардың қызметін басқару мен бақылауды қамтамасыз етеді, қадағалаудың осы саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру аясында, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының басқа да құрылымдарымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен, ғылым және білім мекемелерімен өзара бірлесіп әрекет жасауды жүзеге асырады.

30. Департамент қадағалауды ұйымдастырудың қазіргі заманғы  әдістерін енгізу, оларды оқыту және тағылымдамадан өткізу арқылы әкімшілік істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, әдістемелік және практикалық көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізеді.

31. Департамент Бас Прокурордың және оның орынбасарларының тапсырмасымен қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге ұсыныстар енгізу, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де орталық мемлекеттік органдардың жұмысшы топтарының, комитеттері мен комиссияларының құрамына қатысуға, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытынды дайындауға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын дайындау арқылы нормашығармашылық қызметке қатысады.

32. Департамент, облыс прокурорлары, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары, ауданаралық, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және өзге де мамандандырылған прокуратуралар заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйін, қадағалау қызметінің нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарыққа шығарып, прокуратура органдарының имидждік бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.