You are here

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппараты туралы ереже

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Аппаратының құрылымы өзгеруіне байланысты, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 4)-тармақшасын басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:

1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппараты туралы ереже бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2011 жылғы 16 қарашадағы «Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппараты туралы ережені бекіту туралы» № 115 бұйрығының күші жойылған деп танылсын.

3. Осы бұйрық Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралар, Бас прокуратура жанындағы С. Есқараев атындағы Институт басшыларының назарына жеткізілсін.

4. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Аппаратының басшысына жүктелсін.

Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры

 

А.Дауылбаев

 

Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2014 жылғы «___» ақпандағы
№ _____ бұйрығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппараты туралы
Е Р Е Ж Е

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Аппараты (бұдан әрі – Аппарат) Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) қызметін қамтамасыз ететін дербес құрылымдық бөлімше болып табылады.

2. Аппарат тікелей Бас Прокурорға бағынады, Бас прокуратураның басқа құрылымдық бөлімшелерінен, лауазымды тұлғаларынан ұйымдық және функционалдық тәуелсіз болады және өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, Бас прокуратураның Регламентін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, Бас Прокурордың бұйрықтарын, нұсқаулықтарын, нұсқауларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Аппараттың құрылымы мен штатын Бас Прокурор белгілейді.

4. Аппараттың құрамына:

Бас Прокурордың хатшылығы;

Ұйымдастыру-бақылау басқармасы;

Ақпараттық-талдау басқармасы;

Жедел мониторинг және жұмылдыру жұмыстары басқармасы кіреді.

2.Аппараттың негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары және міндеттемелері

5. Аппараттың жұмысы оған жүктелген міндеттер мен берілген өкілеттіктер ескеріліп, жұмыс жоспарларына сәйкес Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелерімен, ведомстволарымен және мекемелерімен, облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлармен (бұдан әрі – Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелері) өзара іс-қимыл жасауда қызметкерлердің лауазымдық міндеттерінің ара-жігін анық ажырату және өзіне тапсырылған учаскедегі істердің жай-күйі үшін әрқайсысының жеке жауапкершілігін белгілеу негізінде жүзеге асырылады. Қажет болған кезде Аппарат өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

6. Аппараттың негізгі міндеттері:

Бас Прокурордың қызметін ұйымдастырушылық-бақылау және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;

ақпараттық-талдамалық қызметті ұйымдастыру және Бас прокуратураның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінде осы жұмысты үйлестіру;

Бас Прокурордың тапсырмаларын орындау бойынша Бас прокуратураның орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің қызметтерін үйлестіру;

Қазақстан Республикасында заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, соның ішінде қылмысқа қарсы күресте жедел-іздестіру қызметін, анықтауды және тергеуді жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының күштері мен өзара іс-қимылдарын біріктіру үшін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін үйлестіру және арттыру бойынша Бас прокуратураның функцияларын ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;

Бас прокуратураның жұмысын болжамдауды және жоспарлауды қамтамасыз ету;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерімен бірлесіп, прокуратура органдары қызметінің стратегиялық бағыттарын әзірлеу;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің орындаушылық тәртіпті сақтауына, Бас Прокурордың бұйрықтарын, нұсқауларын, Бас Прокурор жанындағы алқалардың, кеңестердің хаттамалық шешімдерін, жоспарлы және арнайы іс-шараларды орындауына бақылауды жүзеге асыру;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ төмен тұрған прокуратуралардың қызметіне кешенді, тақырыптық және инспекторлық тексерулер жүргізу;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің қызметіндегі заң бұзушылықтар мен кемшіліктердің себептерін, жағдайларын талдау, олардың алдын алу мен оларды болдырмау бойынша шаралар қабылдау;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша практикалық көмек көрсету, олармен бірге жұмысты жетілдіру бойынша шаралар әзірлеу;

мемлекеттік тілді қолдану саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету бойынша ішкі және сыртқы мақсаттарға қол жеткізу, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшу бойынша іс-шаралар әзірлеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;

прокуратура органдарының имиджін жақсарту, прокуратура туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру, әлеуметтік рейтінгін арттыру бойынша іс-шаралар әзірлеу және жүзеге асыру;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ақпараттық сүйемелдеу;

бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау болып табылады.

7. Аппарат өзінің міндеттерін Хатшылық, Ұйымдастыру-бақылау басқармасы, Ақпараттық-талдау басқармасы, Жедел мониторинг және жұмылдыру жұмыстары басқармасы арқылы жүзеге асырады, олар мынадай функцияларды орындайды:

1) Бас Прокурордың Хатшылығы:

Бас Прокукрордың келісімі бойынша:

оның жұмысының күн сайынғы регламентін жасайды;

Бас Прокурордың өзінің орынбасарларын, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын және өзге де адамдарды қабылдауын ұйымдастырады;

Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша:

оған қол қоюға ұсынылатын құжаттардың негізділігі мен сапасын, оларды дайындау мен оларға қолбелгі қоюдың белгіленген тәртібінің сақталуын тексереді;

талдамалық материалдарды, анықтамаларды және баяндамаларды дайындайды;

азаматтардың, заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды және шешеді, Бас Прокурор бақылауға алған немесе оның қолы қойылатын өтініштерді, материалдарды және істерді зерттеу және тексеру нәтижелері туралы қорытындыларды дайындайды және Бас Прокурорға баяндайды;

Бас Прокурордың азаматтарды жеке қабылдауын жүргізуді ұйымдастырады;

Бас прокуратураның ведомстволық web-сайтында Бас Прокурордың  дербес блогын жүргізуді ұйымдастырады;

Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Хатшылығының жұмысын, олардың жұмыс жоспарларын дайындауды, отырыстарын жүргізуді, іс қағаздарын жүргізуді, Кеңестің жұмыс жоспарлары мен хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

Бас Прокурордың электрондық қолы қойылатын құжаттардың жөнелтілуін қамтамасыз етеді;

Бас прокуратура басшылығының қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді үйлестіреді;

прокуратура органдарында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін үйлестіреді;

Бас прокуратураның ғимаратына өткізу режимін қамтамасыз ететін қызметтердің қызметін үйлестіреді және бақылайды;

Бас Прокурордың және Аппарат басшысының басқа да тапсырмаларын орындайды.

2) Ұйымдастыру-бақылау басқармасы:

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттары бойынша кешенді әдісін және әрекеттерінің келістілігін, прокурорлық қадағалау практикасын жетілдіруді қамтамасыз етеді;

Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының, оның Әкімшілігінің, Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмаларының орындалуын ұйымдастырады және орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы, сондай-ақ оларды нығайту бойынша прокуратура органдарының қызметі туралы ақпаратты жинауды, жинақтауды, өңдеуді, талдауды қамтамасыз етеді;

Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелерінің қызметін талдайды және жұмыстарды ұйымдастыру мен қадағалауды жүзеге асыру мәселелері бойынша олардың қызметіне тексеру жүргізеді;

жұмыстарды ұйымдастыру және қадағалауды жүзеге асыру мәселелері бойынша прокуратура органдарының қызметіне инспекциялық кешенді және тақырыптық, жоспарлы және жоспардан тыс, сондай-ақ көшпелі бақылау тексерулерін жүргізеді, оларға практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді;

Бас прокуратура қызметкерлерінің көшпелі кестесін даярлауды қамтамасыз етеді, бару практикасын, олардың тиімділігін, нәтижелілігін және прокурорлық қадағалаудың жай-күйіне әсерін мерзімді түрде қорытады;

Бас прокуратура алқасының отырыстарын, Бас Прокурордың қатысуымен өтетін жедел кеңестер мен өзге де іс-шараларды дайындауды және жүргізуді жүзеге асырады, олардың хаттамалық шешімдерінің уақытында және толық орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді;

Бас Прокурордың баяндамаларының және сөйлейтін сөздерінің жобаларын дайындауды қамтамасыз етеді;

Парламент басшылығы мен депутаттарының, Премьер-Министрдің, оның Кеңсесінің және Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарының өтініштерінің дер кезінде қаралуын бақылауды қамтамасыз етеді;

Бас прокуратураның алқаларының және құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын талдайды, олардың қызметін жақсарту бойынша ұсыныстар енгізеді;

Бас прокуратураның ұйымдық-өкімдік актілерінің (бұйрықтардың, нұсқаулардың және өкімдердің) жобаларын дайындайды, басқа құрылымдық бөлімшелер әзірлеген тиісті актілерге қолбелгі қояды, қол қойылған актілердің бірыңғай тізілімін жүргізеді және олардың өзектілігі, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе олардың күшін жою қажеттілігі тұрғысынан мониторинг жүргізуді жүзеге асырады;

прокуратура органдары мен мекемелеріне бұйрықтарды, нұсқауларды, тапсырмаларды, ақпараттық хаттарды және ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да құжаттарды жіберудің белгіленген тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

тоқсан сайын елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы Бас Прокурордың ел Президенті алдында беретін, сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалу барысы туралы, Бас прокуратура алқасының жұмысы туралы, құқық қорғау органдарының жұмысы туралы Президент Әкімшілігіне берілетін есептер мен ақпараттарды дайындауды жүзеге асырады;

прокуратура органдарының Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың актілері мен тапсырмаларын, Бас прокуратура алқасының, Үйлестіру кеңесінің шешімдерін орындау сапасы мен тиімділігін тексереді;

статистикалық есептілікті қалыптастырудың дұрыстығы мен нақтылығын  тексереді;

төменгі тұрған прокуратуралардың жетекшілік ететін кадрларының біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды ұйымдастырады, сондай-ақ олардың тағылымдамасын дербес өткізеді;          

Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды және шешеді;

прокуратура органдарының қызметкерлерін орындаушылық тәртіп мәселелері бойынша көтермелеу және оларға тәртіптік шараларды қолдану туралы ұсыныстар енгізеді.

Бас Прокурордың және Аппарат басшысының нұсқаулары бойынша Ұйымдастыру-бақылау басқармасы Аппараттың міндеттерінен туындайтын өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3) Ақпараттық-талдау басқармасы өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

Бас Прокурордың қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

Келіп түскен талдамалық материалдарды зерделеуді және өңдеуді жүзеге асырады, қортындысы бойынша тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау үшін тиісті ұсыныстар әзірлейді;

ақпараттық-талдау қызметі саласында прокуратура органдарының жұмысын үйлестіреді;

прокуратура органдарының, ведомстволарының және мекемелерінің қызметіндегі жүйелі түрдегі кемшіліктерді анықтайды, олардың алдын алу және оларға жол бермеу бойынша шаралар қабылдайды;

қадағалау қызметін жетілдіру бойынша шаралар әзірлейді;

баға береді және прокуратура органдарындағы, ведомстволарындағы және мекемелеріндегі талдамалық жұмыстардың тиімділігі туралы тұжырым жасайды;

Бас прокуратура қызметінің стратегиялық бағытын әзірлейді;

қажет болған кезде басқа мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардан, сондай-ақ тікелей прокуратура органдарының, ведомстволарының және мекемелерінің басшыларынан талдау мазмұнындағы қосымша ақпараттарды, сондай-ақ прокурорлық тексеру материалдарын (өтініштер бойынша да, прокуратуралардың бастамалары бойынша да) талап етеді;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетеді;

құқық қолдану практикасының халықаралық тәжірибесін зерделейді;

прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудағы теріс үрдістерді және прокуратура органдарының назарын бірінші кезекте аударуды, құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді талап ететін мәселелерді уақтылы айқындау мақсатында елде және өңірлерде заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйін талдауды жүргізеді;

құрылымдық бөлімшелердің дәлелді ұсыныстарының негізінде Бас прокуратураның, оның алқасының стратегиялық, жылдық (операциялық) және ағымдағы жұмыс жоспарларын әзірлейді; Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің жоспарлау мәселелері бойынша практикасын тұрақты негізде зерттейді және орындаушылық тәртіпті қорытады;

Бас прокуратураның Стратегиялық және Операциялық жоспарларының іске асырылуына бақылауды, қол жеткізген нәтижелерді бюджеттік қамтамасыз ету бөлігінде бағалауды жүзеге асырады;

прокуратура органдары мен мекемелері жұмысының оң тәжірибесін таратады;

заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін ұйымдастыруды, үйлестіруді және арттыруды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі шараларды қабылдау туралы алдын ала ұсыныстар әзірлейді;

келіп түскен ақпараттарды талдамалық өңдеуді және Бас Прокурор үшін ақпараттық-анықтамалық материалдарды даярлауды қамтамасыз етеді;

ақпарат ұсыну мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

прокуратура органдарының жұмысын және қадағалау қызметін ұйымдастыру сапасына, еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйіне қатысты мәселелер бөлігінде бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингін жүргізеді;

прокуратура органдарының іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді енгізу жөніндегі жұмысының жай-күйін тұрақты негізде қорытады, осы қызметті жақсарту бойынша ұсыныстар енгізеді;

мемлекеттік тілді қолдану саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету бойынша ішкі және сыртқы мақсаттарға қол жеткізу бойынша Бас прокуратураның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің қызметтерін үйлестіреді, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшу бойынша іс-шараларды әзірлейді және үйлестіреді;

баспасөз-конференцияларын, брифингтерді және басқа да ақпараттық іс-шараларды өткізуді, баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында Бас Прокурордың, оның орныбасарларының жарияланымдарын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің жауапты тұлғаларының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын ұйымдастырады;

прокуратура органдарының мәлімдемелерін, хабарламаларын, баспасөз хабарламаларын және басқа да ақпараттық материалдарын таратады;

орталық және өңірлік баспасөз басылымдарымен, телерадиокомпаниялармен, ақпарат агенттіктерімен өзара іс-қимыл жасауды қамтамасыз етеді;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерімен олардың қызметін жариялау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

ведомстволық бағыныстағы бұқаралық ақпарат құралдарының ұйымдық, ақпараттық және әдістемелік қызметін үйлестіреді;

Бас прокуратураның web-сайтын ақпараттық сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Бұдан басқа, Ақпараттық-талдау басқармасы ұйымдастырушылық-өкімдік актілерді, құжаттар мен материалдарды даярлауға, сондай-ақ уақытша немесе тұрақты комиссиялардың, жұмыс топтарының қызметтеріне қатысады, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды және шешеді, бару сапары барысында азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды жүзеге асырады, сондай-ақ Бас Прокурордың және Аппарат басшысының нұсқауы бойынша Аппараттың міндеттерінен туындайтын өзге де функцияларды жүзеге асырады.

Жедел мониторинг және жұмылдыру жұмыстары басқармасы өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

дағдарысқа қарсы мән беру бойынша:

еліміздегі жедел жағдай мәселелері бойынша, соның ішінде, түрлі ақпарат көздерін пайдалана отырып, еліміздегі неғұрлым маңызды оқиғалар туралы мәліметтерді жинау жолымен дағдарысты және төтенше жағдайларды басқару бойынша Бас Прокурордың қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

дағдарысты жағдайлар туындаған кезде заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін ұйымдастыруды, үйлестіруді және арттыруды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі шараларды қабылдау туралы ұсыныстар әзірлейді;

Бас прокуратураның басшылығына күн сайын Республика бойынша жедел жағдайдың жай-күйі туралы мәліметтер ұсынады. Осы мақсаттарда ақпарат ұсыну мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдарды қамтамасыз етеді;

прокуратура органдарының қызметкерлерін, Қазақстан Республикасының өзге де азаматтарын және шетел азаматтарын Бас прокуратура ғимаратына өткізу режимін қамтамасыз етеді;

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкімен бірлесіп, Бас прокуратураның аумағын және әкімшілік ғимаратын күзетуді ұйымдастырады;

прокуратура органдарының ғимараттары мен аумақтарын орталық қадағалау пультін бақылайды;

дабыл қоңырауының келіп түсуі бойынша прокуратура органдарының жеке құрамына хабар береді;

жұмылдыру даярлығы бойынша:

прокуратура органдарындағы жұмылдыру даярлығы жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

Бас прокуратураның жұмылдыру жұмыстарын қамтамасыз етеді;

ведомстволық нормативтік актілерді, жұмылдыру жоспарларын және әдістемелік ұсынымдар әзірлейді;

жұмылдыру жұмыстарын, хабарлауды және жеке құрамды жинауды іске асыру бойынша жаттығулар жүргізеді;

брондау жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз етеді, Бас прокуратураның запастағы қызметкерлеріне жұмылдыру және соғыс уақыты кезеңінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне шақырылуын кейінге қалдаруды ұсыну үшін құжаттар даярлайды;

азаматтық қорғаныс бойынша:

прокуратура органдарында азаматтық қорғаныс бойынша жұмыстарды ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

Бас прокуратурада азаматтық қорғаныс жүргізуді қамтамасыз етеді; азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша ведомстволық нормативтік актілер және әдістемелік ұсынымдар әзірлейді;

Бас прокуратураның бейбіт және соғыс уақытына арналған азаматтық қорғаныс жоспарларын әзірлейді;

қару айналымы бойынша:

прокуратура органдарында қару айналымы бойынша жұмыстарды ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

прокуратура органдарының жүйесінде қару айналымын регламенттейтін ведомстволық нормативтік құқықтық актілер, нұсқаулықтар және өзге де құжаттар әзірлейді;

прокуратура органдарында қарулар мен оқ-дәрілерді сақтау үшін тиісті жағдайлар жасау бойынша іс-шаралар ұйымдастырады, олардың Бас прокуратурада сақталуын қамтамасыз етеді;

прокуратура органдарында қарулар мен оқ-дәрілерді есепке алудың белгіленген тәртібін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

қызметкерлерге табельдік қаруларды бекіту және оны алып жүру мен сақтауға оларға рұқсат беру бойынша құжаттарды ресімдейді;

Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының балансында тұрған ойық ұңғылы атыс қаруларынан оөқ ату бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және жүргізеді, оқтар мен гильзаларды сақтаудың және есепке алудың белгіленген тәртібін қамтамасыз етеді;

қаруларды сатып алу, прокуратура органдарын қаруландыру құралдарымен жарақтандыру және қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ұйымдастырады;

қарулар мен оқ-дәрілерді заңсыз қолдану, жоғалту және ұрлату фактілері бойынша тексерулерге қатысады;

арнаулы және әскери есепке алуды жүргізу бойынша:

прокуратура органдарында арнаулы және әскери есепке алуды жүргізу бойынша жұмыстарды ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

Бас прокуратура қызметкерлерінің арнаулы есебін жүргізуді қамтамасыз етеді;

Бас прокуратура қызметкерлерінің әскери есебін жүргізуді қамтамасыз етеді;

жергілікті әскери басқарма органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

прокуратура органдарында арнаулы және әскери есепті жүргізуді регламенттейтін ведомстволық нормативтік құқықтық актілер, нұсқаулықтар және өзге де құжаттарды әзірлейді;

қызметтік даярлық бойынша:

атыс даярлығы және азаматтық қорғаныс бағдарламасы бойынша Бас прокуратураның қызметкерлерімен теориялық және практикалық оқу сабақтарын ұйымдастырады және жүргізеді;

сабақтардың тақырыптары мен көлемін айқындайды, тиісті оқу жылына арналған жоспар жасайды.

8. Аппарат қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттемелерін жүзеге асыру барысында:

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінен, ведомстволарынан, мекемелерінен және аумақтық органдарынан белгіленген тәртіпте Аппаратқа жүктелген міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді, құжаттарды және материалдарды сұратуға және алуға, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінде, төмен тұрған прокуратура органдарында, ведомстволарында және мекемелерінде құжаттармен тікелей танысуға;

прокуратура органдарының үй-жайлары мен ғимараттарындағы барлық қызметтік және өзге де бөлмелерге кедергісіз кіруге;

Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелерінің ақпараттық деректер банкін белгіленген тәртіпте пайдалануға;

Бас Прокурорға, Аппарат басшылығына Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелерінің, төмен тұрған прокуратура органдары, ведомстволары және мекемелері жұмысын ұйымдастыруға тексерулер (соның ішінде жоспардан тыс) жүргізу және оларды іске асыру нысандары  туралы ұсыныстар енгізуге;

мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және мекемелерге қарсы тексерулер жүргізуге;

құпиялылық, қызметтік, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпия режимін сақтауды ескере отырып, тексеру мәселелеріне жататын құжаттармен сол жерлерде кедергісіз танысуға;

бақылау объектісінің қаржы-шаруашылық қызметіне байланысты құжаттарды, сондай-ақ осы құжаттамаларда ескерілген мұліктердің нақты болуын толық көлемде тексеруге;

анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жоюды талап етуге, тиісті лауазымды тұлғалардың ауызша түсініктерін тыңдауға және Бас Прокурордың атына жазылған жазбаша түсініктерін талап етуге;

ішкі бақылау бойынша орталық уәкілетті органның консультациясын алуға;

Бас прокуратура басшылығының қарауына ұйымдастырушылық-әдістемелік және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету қызметі, ведомстволық бақылау бөлігінде оның орталық аппараты мен аумақтық органдарының қызметін жетілдіруге бағвтталған, сондай-ақ Аппараттың және оның құрылымдық бөлімшелерінің құзырына кіретін басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарды енгізуге;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне сапасыз жасалған құжаттарды, материалдарды қайтаруға және оларды пысықтауды талап етуге;

Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволарының, мекемелерініңң және аумақтық органдарының қызметкерлері Бас прокурор бұйрықтарының, өкімдерінің және нұсқауларының талаптарын, сондай-ақ атқарушылық тәртіпті бұзған жағдайларда тәртіптік сипаттағы шаралар қабылдау туралы ұсыныстар енгізуге;

Аппаратқа жүктелген міндеттер мен функцияларды орындау үшін өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар.

9. Аппарат қызметкерлері өкілеттіктерін өздеріне берілген құқықтар шегінде және лауазымдық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асыруға, еңбек және атқарушылық тәртіпті ұстануға, мемлекеттік құпияларды және өзге де заңмен қорғалатын құпияларды  сақтауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамаларымен, Бас Прокурордың бұйрықтарымен, нұсаулықтарымен, нұсқауларымен белгіленген өзге де міндеттемелерді ұстануғап міндетті.

3.Аппарат қызметін ұйымдастыру

10. Аппаратқа Аппарат басшысы басшылық жасайды, ол болмаған кезде Аппаратқа басшылық жасауды оның орынбасары жүзеге асырады.

11. Аппарат басшысы Аппарат қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Аппаратқа жүктелген міндеттерді орындауға және олардың өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапкершілік жүктеледі.

12. Аппарат басшысы Бас Прокурорға Аппараттың құрылымы және штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

13. Аппаратқа жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында Аппарат басшысы:

жұмыстарды ұйымдастырады және үйлестіреді, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерімен, ведомстволарымен және мекемелерімен, облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

Бас Прокурордың функцияларын орындау бойынша Бас прокуратура құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіреді және орталық аппараттың мәртебесін арттыру бойынша шаралар қабылдайды;

Бас прокуратураның басшылық лауазымды тұлғалары арасындағы лауазымдық міндеттемелерді бөлуге сәйкес құрылымдық бөлімшелердің қызметіне жетекшілік етеді;

Аппараттың құзыретіне жататын мәселелер бойынша Бас Прокурордың бұйрықтарының, нұсқауларының, өкімдерінің, Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің, заңдылықты қамтамасыз ету бойынша Қоғамдық Кеңестің, Бас прокуратура алқасының шешімдерінің орындалуына бақылауды ұйымдастырады;

Бас Прокурорға оның атына келіп түскен хат-хабарлар туралы баяндайды;

Бас Прокурордың атына келіп түскен хат-хабарларды Бас Прокурордың орынбасарлары арасында міндеттерді бөлуге сәйкес немесе қарау үшін Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелеріне, ведомстволарына, мекемелеріне, облыстық және оларға теңестірілген прокурорларға белгіленген тәртіппен жолдауды ұйымдастырады;

Бас Прокурордың шешімі талап етілетін Аппаратта дайындалған тапсырмалар және өзге де материалдар жобаларын Бас Прокурорға уақытында ұсынуды қамтамасыз етеді;

Бас Прокурордың Президент Әкімшілігімен, Парламент және Үкімет аппараттарымен, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығымен, республикалық кеңесші және консультативтік органдармен байланысын қамтамасыз етеді;

прокуратура органдарымен, басқа да ведомстволармен, министрліктермен, мекемелермен және ұйымдармен Аппараттың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қызметтік хат алмасуды жүргізеді;

Бас Прокурор жүргізетін кеңестердің, алқа, Үйлестіру кеңесі отырыстарын, Бас Прокурордың баяндамаларын және сөйлейтін сөздерін, сондай-ақ өзге қажетті талдамалық және анықтамалық материалдарды дайындау бойынша жұмысты ұйымдастырады;

Аппарат қызметкерлерінің прокуратураның аумақтық органдарына тексеру жүргізу, жұмысты ұйымдастыруда практикалық көмек көрсету немесе өтініштерді шешу мақсатында іссапарға шығуы туралы ұсыныстарды Бас Прокурорға енгізеді;

Аппарат жұмысының мәселелері бойынша жедел кеңестерді өткізеді, келіп түскен материалдар мен өтініштерді Аппарат қызметкерлері арасында бөледі, олардың функционалдық міндеттеріне сәйкес оларға тапсырма береді;

Аппараттың жұмыс жоспарларын бекітеді;

Аппарат қызметкерлерін аттестаттау үшін материалдар даярлауды ұйымдастырады;

Аппаратта кадрларды іріктеуді және орналастыруды жүзеге асырады, қарамағындағы қызметкерлерге тиісті жұмыс жағдайларын қамтамасыз етеді;

жұмысты ұйымдастыру және орындаушылық тәртіп мәселелері бойынша прокуратура органдарының қызметкерлерін көтермелеу және оларға тәртіптік шара қолдану туралы ұсыныстарды Бас Прокурорға енгізеді;

Аппарат қызметін, Президент және оның Әкімшілігінің, Үкіметтің бақылаудағы тапсырмаларын орындау бойынша бекітулерді ұйымдастыру мәселелері бойынша өкімдер шығарады;

Аппараттың қызметкерлері арасында міндеттерді бөлу туралы актілерді бекітеді;

Аппарат қызметкерлерінің орындаушылық және еңбек тәртібін сақтауын қамтамасыз етеді;

Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша басқа да міндеттерді және жеке тапсырмаларды орындайды.

14. Аппарат басшысының орынбасары:

жетекшілік ететін бөлімшелердің жұмысына басшылық етуді және олардың жұмысына, қызметкерлердің орындаушылық және еңбек тәртібін сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

өз құзыретінің шегінде қызметтік құжаттарға қол қояды;

Аппарат басшысы болмаған кезде Аппарат қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Аппаратқа жүктелген міндеттерді орындауға және олардың өз функцияларын жүзеге асырғаны үшін дербес жауапкершілік жүктеледі;

қызметке тағайындау, сыныптық шен беру, көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстарды Аппарат басшысына енгізеді, қарамағындағы қызметкерлерге аттестаттау материалдарын дайындайды;

қарамағындағы қызметкерлерге тапсырмалар береді, оларды орындау мерзімдерін белгілейді және орындалуын бақылайды;

жетекшілік ететін бөлімшелердің қызметкерлерінің кәсіптік оқуын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар енгізеді және шара қабылдайды;

Бас Прокурордың және Аппарат басшысының өзге де тапсырмаларын орындайды.

15. Бас Прокурор Хатшылығының меңгерушісі, басқарма бастықтары:

өздері басқаратын бөлімшелердің жұмысын ұйымдастырады және олардың жұмысын жоспарлайды, өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін жеке жауапкершілік көтереді, басқарма қызметкерлерінің қызметтік міндеттерді тиісті орындауына бақылауды жүзеге асырады, олардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды өткізуді ұйымдастырады;

өз құзыретінің шегінде Бас Прокурордың бұйрықтарының, нұсқауларының және тапсырмаларының уақытында және сапалы орындалуын, жұмыс жоспарларының, алқа мен кеңестердің хаттамалық шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;

тапсырмаларды орындау туралы қызметкерлерге тапсырма береді, оларды орындау мерзімін белгілейді;

бөлімшелердің қызметтерін талдайды және қорытады, орын алған кемшіліктерді жою және олардың қызметінің тиімділігін арттыру туралы ұсыныстар енгізеді;

бөлімшенің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жұмысты қамтамасыз етеді, ақпараттарды, баяндамаларды және сөйлейтін сөздерді дайындауға қатысады;

бөлімше құзыретінің шегінде қызметтік құжаттарға қол қояды;

Аппарат басшылығының тапсырмаларын орындау үшін өзге де міндеттерді орындайды.

16. Аппарат қызметкерлері өздеріне жүктелген функцияналдық міндеттемелерді міндеттерді бөлудің аймақтық-тақырыптық қағидатына сәйкес, сондай-ақ Аппарат және оның құрылымдық бөлімшелері басшылығының өзге де қызметтік тапсырмаларын орындайды.

17. Аппараттың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша басқа құрылымдық бөлімшелерге Аппараттың атынан жолданатын құжаттарға Аппарат басшысы, ал ол болмаған жағдайда оны ауыстыратын тұлға қол қояды.

18. Аппараттағы жалпы және құпия іс қағаздарын жүргізу Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде іс қағаздарын жүргізу нұсқаулығына және құпиялылық режимін қамтамасыз ету бойынша ұйымдық-өкімдік актілерге  сәйкес жүзеге асырылады.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.