You are here

Қысым қашан тоқталады?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бөтеннің мүлкін ұрлағанды халық ұнатпайды. Жалпы ұрыны ешкім де жақсы көре қоймайды. Алайда бюджет қаражатын жалмап жатқандарды жұрт жетік білсе де, үнсіз жүре береді. «Менің ақшамды алып жатқан жоқ қой», дейді. Осылайша біреулер үшін мемлекеттің қаржысы қолына билік тиген әлдебір пысықайлар үшін ғана алтын қамауға айналған секілді. Әйтсе де сыбайласқан жемқорлардың бюджеттің ақшасын жымқыру арқылы кімнің еңбегіне және кімнің қалтасына қол сұғып жатқанын анықтау аса қиын емес. Мәселен, қай мемлекетте болмасын, елдің экономикасын, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін, ең алдымен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл туралы Елбасы Жолдауларында үнемі айтып келе жатқаны және белгілі. Алайда, амал не, әсіресе адал қызмет еткенге, озық кәсіпкерлікке қашанда кедергі көп. Неліктен? Өйткені, еш жасыратыны жоқ, адал кәсіпкерлердің үстінен күн көретін арамтамақтар көп. Мәселе, кәсіпкерлердің жан алқымынан алып, оның тапқан табысына ортақтасатын, яғни халыққа заңды қызмет ет деп берілген қолындағы лауазымын теріс пайдаланатын адамдар туралы болып отыр.

2010 жылы жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаның шеңберінде кәсіпкерлікті алғаш бастап жүрген адамдарды гранттық қаржыландыру, заемдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің бөлігін субсидиялау, несиелерге кепілдік беру, кәсіпкерлерді оқыту және бизнес жүргізуді сервистік қолдау жүзеге асырылды. Мұндай игілігі бар жұмыстарды атқару үшін соңғы үш жылда бюджеттен 54 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді, 3,5 мыңнан астам кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілді. Сөйтіп, осындай кең ауқымды шаралардың арқасында елімізде кәсіпкерлік жанданып, қай салада болмасын молшылықтың астында қалуымыз керек еді. Бірақ, кәсіпкерлік жағдай біз ойлағандай емес екен. Елдің, халықтың, ұрпағының болашағына арналған қаржыға сол елдің қайсыбір атқамінерлері ауыз салады деп кім ойлаған?

Сондықтан мәселенің маңыздылығын ескере отырып, прокуратура органдары аталған бағдарламаның жүзеге асырылуының заңдылығына тексеру жүргізіп көрді. Сөйтсе, жоғарыда айтқанымыздай, құзырлы орган тексеріс нәтижелері көптеген заң бұзушылықтарға жол берілгенін айғақтап отыр. Атап айтқанда, бірқатар жағдайларда өңірлік үйлестіру кеңестері бюджет қаражаттарын тиімсіз жұмсауға әкеп соқтырған шешімдер қабылданған. Мәселен, Қызылорда облысында 2010 жылы өңірлік үйлестіру кеңесімен құрылысы басталмаған цемент зауытына құны 1,1 млрд. теңге тұратын сыртқы инженерлік жүйелердің құрылысын салу келісілген, оның 463 млн. теңгесі игерілген. Ал қалған ақша қайда десе, оны тексеру көрсеткендей, мердігер 284 млн. теңгені қалтаға басып қалған. Дәл осылайша Жамбыл (325 млн. теңге) және Қарағанды (623,8 млн. теңге) облыстарында әлі құрылысы аяқталмаған өндірістік нысандарын жетіспейтін инфрақұрылымдарын жүргізу үшін қаржы бөлінген.

Сондай-ақ, бағдарламаны іске асыру кезеңінен бүгінгі күнге дейін әрекет етпейтін немесе пайдалануға берілмеген нысандардың инфрақұрылымын жасауға 380 млн. теңгеден астам қаражат беріліпті. Мәселен, 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласында шекаралық әріптестікке арналған логистикалық орталыққа құны 157,6 млн. теңгені құрайтын өндірістік инфрақұрылым жүргізілген. Алайда, орталық әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген.

Жалпы, елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы үшін деп бөлінген қаржыға қол сұғушылар барлық мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысады. Солардың бірі ретінде кәсіпкерлерге кеңес беру үшін бөлінген қаржыны сервистік компаниялардың ұрлау деректері де анықталған. Атап айтқанда, «Нейстон» ЖШС (Астана қаласы) 160 жеке кәсіпкерлік субъектілеріне сервистік қолдау көрсету жөнінде жалған есептер жасай отырып, 14,9 млн. теңгені иеленіп кеткен. Бірақ елдің қарғысы қоя ма, прокуратура алаяқтық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғап, аталған компанияның басшысы сотталды.

Дәл осындай қылмыстық істер Алматы қаласы, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша да қозғалды. Мұндай заңсыз іс-әрекеттермен мемлекетке 80 млн. теңгеден астам шығын келтірілді. Енді оның орнын кім толтырады? Ұйымдасқандар аларын алды, жегенін жеді. Сонда байқасаңыз, әлгі тексеру барысы көрсеткендей, кәсіпкерлік субъектілері қаржыландыру жөнінде өтініш білдірген кезде олардың өтінімдерін қанағаттандырудан заңсыз бас тарту немесе оларды қарау кезінде сөзбұйдаға салу секілді заң бұзушылықтарға өте көп жол берілген. Бұл орайда Бас прокуратура бағдарламаның жүзеге асырылуын талдау барысында елдің алты аймағында кәсіпкерлердің арасында сауалнама жүргізіпті, оның нәтижесі сұрау салынғандардың жартысынан көбі мемлекет көрсететін көмек жөнінде білмейтіндіктерін айқындап берген.

Кәсіпкерлердің бағдарлама жөнінде білмеуі аталған бағдарламаның бизнес үшін қолжетімділігіне айтарлықтай әсер етеді, сондай-ақ мақсатты топтар ақпараттық-насихат жұмыстарын жеткіліксіз жүргізетіндігін дәлелдеп отыр. Сондықтан осы тексерудің нәтижелері бойынша Бас прокуратура Премьер-Министрдің атына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді, оған сәйкес Үкімет бағдарламаны жүзеге асыруға бақылауды күшейту және қаржыландыруды алуға кәсіпкерлердің қолжетімділігін оңайлату мақсатында шаралар қабылдамақ. Осылайша халықтың, яғни мемлекеттің қаржысын талан-таражға салуға тосқауыл қоюға алғы шарттар жасалады деп сенгіміз келеді.

Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.