You are here

Жазалау емес, түзету маңызды

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

 

Бас прокуратураның Департамент бастығы С.С. Ерімбетовпен сұхбат.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күнінен-ақ ең жоғарғы құндылықтарды – адамның өмірі, құқықтары мне бостандықтарын мойындап, Ата заңымызда жариялаған болатын. Сотталған азаматтардың құқықтарының сақталуы, бас бостандығынан айыру орындарында заңның орындалуы  мәселелері қамауға алынғандардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде болып отырған прокуратура органдарының ерекше бақылауында.

Қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру орындарындағы құқықтық тәртіпті нығайту,  сотталған адамдардың тұрмыс жағдайларын және олардың жазаларын өтеу тәртібін жақсарту жолында жасалып жатқан істер, сонымен қоса қадағалау қызметі жайлы ҚР Бас прокуратурасының Ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазаны өтеуші адамдардың құқықтарының сақталуын қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Серікбай Ерімбетовәңгімелеп берді.

- Серікбай Садықұлы, сотталған адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуде прокуратура органдарының рөлі жайлы айтып беріңізші. Қазақстан бойынша аталмыш жұмыстың негізгі көрсеткіштері қандай?

- Бас бостандығынан айыру орындарындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін прокуратураның құқық қорғау функциясының маңызы ерекше. Мұның себебі оқшауланған азаматтармен байланыстың шектелгендігі. Олардың бәрімізге қолжетімді қорғану шараларын қолдану мүмкіндігі төмен. Жұмыс нәтижесі көрсеткендей, ведомстволық мүдделікке қатысы жоқ прокурордың қадағалау қызметі ғана қамауға алынғандардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі бола ала алады.

Бүгінгі таңда ІІМ жүйесінде 75 колония мен 18 тергеу изоляторы, 178 уақытша ұстау изоляторы және әкімшілік қамау жазасына кесілген адамдар үшін 28 арнайы қабылдау мекемесі жұмыс жасайды. Бас бостандығынан айыру орындарында 37 мың адам орналасқан, 32 мың адам қылмыстық жазасын өтеуде. 240 пробация қызметінің есебінде тағы 33 мың сотталған азамат тұр. Осылайша қадағалауға алынғандар 70 мыңға жуық сотталған және  қамауға алынған азаматтардан құралады. Соңғы бес жылда біз 57,2 мың заң бұзушылықты анықтадық, оларға қатысты 6,8 мың ұсыныс енгізіліп, қамауға алынғандардың құқығын бұзатын 1,9 мың акті күшін жойды. 230-дан астам адам уақытша ұстау және айып изоляторларынан босатылды, оған қоса 12,8 мың лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы 16,7 мың азаматтың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.

Бұдан бөлек, прокуратура жыл сайын үкімді орындау мәселесіне қатысты 13 мың материал бойынша сот қарауларына қатысады (мерзімінен бұрын шартты түрде босату, жазалау шарасын өзгерту, тұтқында болу мерзімін есепке алу және т.б.). 2015 жылы олардың саны 16 мың болған, жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерінің қабылдануына байланысты тағы 11 мың үкім қайта қаралды. Біздің қорытындыларымыз бойынша  жыл сайын  мыңдаған адам саяси репрессиялардан зардап шегуші ретінде ақталып шығады.

- Түрме жүйесін реформалау – Қазақстан үшін аса өзекті мәселе. Бас прокуратураның жүргізіп отырған түрме реформаларының нәтижесі қандай?

- Сіз дұрыс атап өттіңіз, прокуратура органдары пенитенциарлық жүйені реформалау бағытында көлемді жұмыс атқаруда, қазір біз үш ауқымды жобаны іске асырып жатырмыз.

Мемлекет басшысының қылмыстық саланы ізгілендіру туралы тапсырмасын орындау барысында елімізді халықаралық рейтингтің көшбасшылығында тұрған 50 мемлекет тізімінен шығару үшін 2013 жылы Түрме реформасының алғашқы форумында «түрме халқын азайтудың он шарасы» жобасы іске қосылды. Жобаны іске асыру нәтижесі бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша жазалану дәрежесі 30 пайызға азайды, бас бостандығынан айырылғандардың саны екі жылда 40 пайыздан 24-ке төмендеді. Бас бостандығын шектеу үстем жазаға айналды, ол әрбір үшінші адамға тағайындалады. Осылайша, үш жылда түрме халқы 12 мың тұтқынға азайды, яғни, 52 мыңнан 40 мыңға дейін кеміді. Нәтижесінде халықаралық рейтингте біз 30-шы орыннан 55-ші орынға көтерілдік.

2016 жылдың өзінде түрме халқын қысқарту арқылы мемлекет 12 млрд. теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады. Сонымен қатар жазаның орнын айыппұлмен айырбастау институтын кеңейту бюджетті 230 млн теңгеге толықтыруға мүмкіндік берді. 2013 жылмен салыстырғанда 2015 жылы мерзімінен бұрын шыққан немесе бас бостандығынан айырылмай жазаға тартылғандардың қылмыстық әрекеттерді қайталауы 33 пайызға кеміді. Осылайша, түрме халқының азаюы қоғамның қауіпсіздігіне әсер еткен жоқ, азаматтардың қорғалу дәрежесі әлсіреген жоқ.

Келесі жоба «Колониялардағы жұмыспен қамту – 2017» 2014 жылы Екінші түрме форумы аясында қабылданды. Жоба нәтижесі бойынша колонияларға 135 бизнес-субъектісі енгізілді, олар 1865 сотталған азаматты жұмыспен қамтамасыз етті. Сотталған азаматтардың жұмыспен қамтылуы 50 пайыздан 55-ке артты.  1997 жылдан бері алғаш рет жеке еңбек қызметі тетігі іске қосылды – бүгінде 25 сотталған азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелді.

Тағы бір маңызды аспект ретінде жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу дәрежесінің артуы болды. 2015 жылы жәбірленуші тұлғаларға 850 млн теңге төленді, бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық артық.

- Қоғамнан оқшаулануда жазасын өтеп жатқан азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Бас прокуратураның 2011 және 2014 жылғы алқасында сотталған азаматтарды медициналық қамтамсыз ету мәселелері қаралды. Нәтижесінде түзету мекемелері «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Сотталғандар азаматтық денсаулық сақтауға қол жеткізе алатын болды. Жергілікті ауруханалардың дәрігерлері колонияларға диагностика жүргізу үшін келеді. Қажет жағдайда қамаудағылар олар үшін арнайы жабдықталған палаталары бар ауруханаларға жатқызылады.

Медициналық көмек көрсету сапасын фармокологиялық бақылау инспекциясы тексереді. Бұрын тек қана ведомстволық бақылау жүргізілгенін айта кету керек. Нәтижесінде 2015 жылы колониялардағы өлім жағдайлары 2011 жылға қарағанда 40 пайызға– 338-ден 204 адамға дейін кеміді.

2014 жылы қараша айында Бас прокуратура алқасында бас бостандығынан айырылмай, өзге жаза түрлеріне тартылғандар арасында қылмыстырдың қайталануының алдын алу мәселесі қаралды.

Ұсынылған шаралардың іске асуы қайталанған қылмыстардың санын 1,5 есеге азайтып, жұмыспен қамтамсыз етілген сотталғандардың санын бес есе арттыруға мүмкінді берді. Сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі органдарының ҰҚК-нің шекара қызметімен  жұмысы үйлестіріліп, сотталғандардың мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өтуі тоқтатылды.

Коммуналдық-тұрмыстық және әлеуметтік қамсыздандыруға келсек, тексерістер нәтижесі бүгінгі күнгі сотталғандарды қамсыздандыру жүйесінің тиімсіздігін көрсетті. Сотталғандар өздеріне тиесілі үлестерін алмайды. Тұрмыстық жағдайлар әлі де жақсартуды қажет етеді. Бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалуда. Бас прокуратура өткізген тексерістер нәтижесінде Премьер-Министр мен Ішкі істер министріне бұл мәселені шешу жолдары ұсынылды.

Қазіргі уақытта қамауға алынғандарды әлеуметтік-тұрмыстық қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру және реформалау жөнінде жұмыстар жасалуда.

Қамауға алынғандар үшін тиісті жағдайлар мен әлеуметтік кепілдіктерді және бюджеттің мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін Парламентте шаруашылықты басқаруды «Еңбек» РММ мен оның филиалдарының орнына мекемелердің өздеріне тапсыру мәселесі талқыланып жатыр.

Сотталғандарды жұмыспен қамтуда тағы бір маңызды мәселе бар.

Сотталғандарды еңбекке жұмылдыру олардың қоғамдық өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар щеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-ші қадамына бағытталған заңнамалық,  ұйымдастырушылық және өзге де құжаттар жасалуда. Өткен жылы түзету мекемелерінде жүргізілген Бас прокуратураның зерттеулері еңбекке қабілетті 26 мың сотталған азаматтың 13 мыңы ғана ақы төленетін жұмыс жасап жатқанын көрсетті. Қолы бос адам – экстремистер, түрме субмәдениеті немесе қылмыс әлемі үшін оңай олжа. Бұдан – адамгершілікке жат әрекеттер, жұмыстан бас тарту, режимнің бұзылуы және жаңа қылмыстар пайда болады. Колонияда адамдардың жұмыссыз отыруы оның қақпасының ар жағында «жеңіл өмірге» ұмтылуға итермелейді.

Өткен жылдан бері Бас прокуратура ІІМ-мен бірлесе отырып сотталғандарды ақылы еңбекпен қамтамасыз етуді арттыру мәселесі жөнінде белсенді қызмет атқаруда. Бұл жұмыстың нәтижесі – «Колониялардағы жұмыспен қамту – 2017» жобасы мен оны іске асыру бағытындағы іс-шаралар жоспарының дайындалуы.

Іске асырылып жатқан жобалардың мақсаты 2018 жылға дейін еңбекке қабілетті қамаудағы азаматтардың жұмыспен қамтылуын кемінде 75 пайызға жеткізу. «Колониялардағы жұмыспен қамту – 2017» жобасы бойынша колониялардағы жұмыспен қамту жағдайы қанағаттанарлық дәрежеде болмауының себептері анықталып, нақты заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені жасалды. Қазіргі уақытта мүдделі органдармен біріге отырып алға қойылған міндеттер іске асырылып жатыр.

Қылмыстық-атқару кодексі қамауға алынғандарға жеке еңбек қызметімен айналысуға мүмкіндік береді. Сондықтан PRI халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілдігімен бірге біз «Қамаудағы адамдар үшін 100 кәсіп» атты оқу құралын жасап шығардық. Әр  кәсіпке екі-үш бет бөлінген, бизнесті қалай бастау және қалай жүргізу туралы ақпарат берілген.

Сотталған адамдарды ақылы еңбекпен қамтамасыз ете отырып прокуратура органдары жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы мен қауіпсіздік ережелері талаптарын сақтауына және жалақыны уақытылы беру мәселелеріне назар аударады.

- Экстремистер мен қылмыс әлемінің көшбасшыларының сотталған азаматтарға әсер ету мәселесі қалай шешілуде?

-        Біздің тексерістер қылмыстық-атқарушы жүйесіндегі заңдылықтарға кері әсерін тигізетін кемшіліктерді бірнеше рет анықтады. Қамауға алынғандарды жасақ және барақ бойынша орналастыру олардың бүлік шығаруына және қашуына жағдай жасаған болатын. Содан барып Бас прокуратура Қылмыстық-атқару кодексіне түзетулер енгізуге ұсыныс жасады, бұл экстремистер мен қылмыс әлемінің көсбасшыларын локальді учаскелердегі негізгі халықтан оқшаулауға мүмкіндік берді. Енгізілген түзетулер экстремистердің 74 пайызын бірқалыпты жағдайға түсіріп, олардың жеке жұмыспен айналысуына ықпал етті.

Нәтижесінде колониялардағы жағдайлардың тұрақсыздану фактілері жойылды. Бұдан бөлек, көлемді тінту шараларына прокурордың қатысуы арнайы құралдар мен күштеп басу әдістерін негіссіз пайдалануды болдырмады, бұл жағдайды құқық қорғаушылар атап өткен болатын. Ықпал ету актілері бойынша 2012-2014 жылдары бюджеттен күзет құралдарын жаңғырту мен ұялы байланыс белгілерін бұғаттауға  9 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде мекемелердегі ұялы байланыс басылды, инженерлік-техникалық жүйе күшейтілді.

Ықпал ету актілері негізінде 12 уақытша ұстау изоляторларының жұмысы тоқтатылды, халықаралық стандарттар мен талаптарға сай келмейтін үш колония жабылды.

- Сіздің ойыңызша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке өту пенитенциарлы жүйеде қаншалықты көрініс тапты?

- Мемлекет басшысы Ұлт жоспарында ұсынған қадамдардың бірі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің даму шеңберінде пенитенциарлы инфрақұрылымды жаңғырту. Қазіргі уақытта түзету мекемелерінің барлығы дерлік бір жатын бөлмеде 50-60 адамнан орналасқан өткен жүзжылдықтың 30-70 жылдарында салынған барақ тектес мекелер. Ұжымдық, жасақтық-барақтық режимнен камералыққа өту – пенитенциарлық жүйенің саясатын жаңғыртудың бір қадамы. Алайда бір түрме салу үшін мемлекет есебінен 18 млрд-қа жуық теңге қаржы жұмсалады. Осылайша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке өту қаржылық жүктемені төмендету арқылы мемлекеттің экономикасына оң әсерін тигізеді. Сотталған адамдар халықаралық стандарттарға сай жабдықталған колонияларда жазасын өтейтін болады. Пенитенциарлы жүйедегі жаңашылдықтар қамауға алынғандардың өміріне, олардың түзелуі мен қайта тәрбиеленуіне оң әсерін тигізеді деп сенемін.

Сұхбаттасқан: Линара САҚТАҒАНОВА

Фото: Бек ИМЕКЕШОВ.

  

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.