You are here

Өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Прокуратура органдарының ардагерлері одағының төрайымы

Гүлжан Аманбайқызы Қарақұлова – 70 жаста

Бүгінде Гүлжан Аманбайқызы прокуратура органдары ардагерлерінің құрметті сапында және Қазақстан Республикасы прокуратура органдары ардагерлерінің қоғамдық бірлестіктерінің Республикалық одағының төрайымы қызметін абыроймен атқарып, әріптестері мен жастарға үлгі-өнеге көрсетіп келе жатыр.

Гүлжан Аманбайқызы өзінің еңбек жолын он алты жасында бастайды. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін 1967 жылдың тамыз айында Фрунзе қаласының (қазіргі - Бішкек) Свердловск ауданы прокуратурасының тағылымдамашысы болған.

1975 жылдан бастап 2009 жылдың сәуірінде құрметті демалысқа шыққанға дейін Гүлжан Аманбайқызы Қазақ КСР-сы прокуратурасында және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында жауапты қызметтерде болды. Азаматтық істердің соттарда қаралуын қадағалау бөлімінің прокуроры қызметінен Бас Прокурордың режимдік объектілерде заңдардың қолданылуын қадағалау жөніндегі аға көмекшісі қызметіне дейінгі еңбек жолынан өтті. Гүлжан Аманбайқызы Бас прокуратураның орталық аппаратында қызмет атқарып, саналы ғұмырының 34 жылынзаңдылықты нығайтуға арнады.

Кез-келген саланың өзіндік ерекшелігі болатыны секілді, прокуратура органдарына Кеңес өкіметі тұсында тың игеру, ауыл шаруашылығын нығайту, жалпы партия шешімдерін бұлжытпай орындауға байланысты аса жауапты міндеттер жүктелді. Ол кезде әрбір шешімнің партия бақылауында тұрғаны көпке мәлім. Осындай ауыр кезеңде заңдылықты қамтамасыз етуге қызмет еткен прокуратура қызметкерлері темірдей қатал тәртіптің тезінен өтті десек артық айтқандық емес.

Еліміз егемендік алғаннан кейін де жаңа нарықтық экономиканың талабына сай өткен ғасырдың сексенінші жылдарында тұралап қалған экономиканы бүгінгідей ел қатарлы даму деңгейіне жеткізу үшін бұл жолы да басқа мемлекеттік құрылымдармен қатар прокуратура органдарына заңдылықты одан әрі күшейту міндеті жүктелді және осы алға қойылған міндеттерді прокуратура органдары сәтті іске асырып келеді. Осы кезеңде де прокуратура қатарында еңбек еткен қызметкерлеріміздің еңбек жолы жас мамандарға үлгі болып табылады.

«Қазақстан Республикасы прокуратура органдары ардагерлерінің қоғамдық бірлестіктерінің Республикалық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрылғанынан бері 4 жылдан асауақыт өтті. Бүгінде Одақ алдына қойылған өз міндеттерінсәтімен жүзеге асырып келеді.

Бұған дейін республикалық деңгейде прокуратура органдарының ардагерлерінің мәселелері бойынша бір орталықтан жұмыс жүргізетін қандай да бір ұйым құрылмаған еді. Еліміздің бар өңірлерінде облыс прокуратураларының қамқорлығымен бірлестіктер құрылып, олар өз мүдделерін облыс прокуратуралары арқылы білдіруге тырысатын.

Сөйтіп, 2010 жылдан бастап Бас прокуратураның жанында жүйелі түрде жұмыс істейтін Одақ ардагерлерге қатысты мәселелерді бір арнаға жинақтай отырып, сан түрлі сұрақтар бойыншаталдау жасап, бірыңғай шешім қабылдауға ықпал ету құқығына ие болды.

Одақтың жұмысына, соның ішінде жас мамандарды тәрбиелеу ісінде атқаратын маңызды рөліне Бас Прокурор А.Қ. Дауылбаев айрықша көңіл бөліп отырады.

2011 жылдың 6 қаңтарында «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР Заңы қабылданғаннан кейін өзге де құқық қорғау органдарының зейнеткерлері секілді прокуратура органдарының зейнеткерлеріне қатысты түйткілді мәселелерді шешуге Республикалық прокурорлар Одағы белсенді түрде атсалысып келе жатыр.

2012 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында Ресей Федерациясының прокуратура органдарының ардагерлерінің ұйымдарымен меморандумға ресми түрде қол қойылды. Осы шараның барысында бұрын Ресей Бас Прокурорының орынбасары лауазымында қызмет атқарған, қазіргі уақытта Ресей Федерациясының прокуратура ардагерлері Кеңесінің төрағасы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Александр Розановтың Гүлжан Аманбайқызына арнайы айтқан терең ойға толы жылы сөздерін біз ұмытқан жоқпыз.

Бұл аталған жағдай Одақтың жүргізіп жатқан ауқымды істерінің бір бөлігі ғана болып табылады.

Одақ құрылған кезден бастап прокуратура органдарына заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайта түсу ісіне жәрдемдесу, қадағалаудың түрлі бағыттары бойынша өткізіліп жатқан прокурорлардың ғылыми-практикалық конференцияларына қатысу, жас прокурорлардың кәсіби біліктілігін арттыру мен оқыту жөніндегі іс-шараларға атсалысу, құқық қолдану тәжірибесіне қатысты пікір білдіру, басқа елдердің прокурорлық қауымдастықтарымен халықаралық қатынастар орнатуға және жетілдіру жұмыстарында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Прокуратура ардагерлерінің қатысуымен өтетін барлық шараларға белсенді қатысып, әрбір мәселенің қыр-сырына терең үңілетін, өзінің бойындағы адалдық, мінсіздік және биік парасаттылық қасиеттерімен осы Одаққа басшылық жасап отырған Гүлжан Аманбайқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Қандай облыстан, қайсы ардагердің не мәселе бойынша қиындыққа тап болғаны ол кісіге күні бұрын белгілі болатыны бар. Сол хабар тиген сәттен басшылықтың арасында ол сұрақ өз шешімін таппайынша, Гүлжан Аманбайқызына еш тыным жоқ. Еш уақытта қол қусырып отыруға туа біткен мінезі қарсы, әрбір істі тиянақты шешуге дағдыланғаны кімді де болса қайран қалдырады.

Өз тәжірибесінен мысал келтіріп айтқанда Гүлжан Аманбайқызы «Әр қағаздың артында адам тағдырына қатысты мәселе тұрғанын ұмытпаңдар, біреуге жасаған жақсылығың алдарыңнан шығады»,- деп біздерді үнемі ұқыптылыққа, жауаптылыққа тәрбиелеп келеді.

Өткен ғасырда ұзақ жылдар бойы Республика прокуроры болған Өтеген Сейітұлы Сейітовпен 16 жыл бойы бірге қызмет атқарған Гүлжан Аманбайқызының жастарға берер тағылымы мен айтар өсиеті шексіз.

Биылғы жылдың мамыр айында Бас прокуратурада елордалық жоғары оқу орындарының бітіруші түлектеріне арналған «Ашық есік күні» шарасы өткізілді. Осы шараның барысында болашақ жас мамандармен кездесуде Гүлжан Аманбайқызы оларға өзінің 40 жылдық жұмыс тәжірибесінен шуақты естеліктер айтып берді. Жақсы сөздің адамға ой тастап, күш-қуат беретіні рас. Гүлжан апайдың әрбір сөзі жастардың әрқайсысына соншалықты әсер еткенін байқап, мен іштей еліміздің ертеңіне қуандым. Себебі жанына адалдықты ту еткен, көргені мен түйгені көп прокуратураның ардагерлері, біздің бүгінгі ұлағатты ұстаздарымыздың ортамызда жүргені береке.

Гүлжан Аманбайқызы өмірде қандай қиындық көрсе де бәрін терең біліммен, ақыл-парасатымен жеңе білген, өмір жолы мен еңбегі кейінгі жастарға үлгі болған жан.Бүгінде ол ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп отыр. Төрт қызы еліміздің өркендеуіне қызмет етуде.Аяулы ана,ардақты әжесі ретінде қуанышқа бөленіп келеді.

«Шежірелі қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, жастарға айтар тағылымды істері мол ардагерлердің өмірі мен еңбек жолы, игілікті істерін (жөнінде) насихаттау біздің міндетіміз деп білемін.

Мерейтой иесіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін, отбасында бақыт пен ырыс-берекеге кенелсін дептілейміз!

Досымбекова Роза Шекербекқызы,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Кадр жұмысы департаментінің бастығы
аға әділет кеңесшісі

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.