You are here

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатының бағыттары туралы

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Тимур Темірәлиев,

Бас прокуратураның

Арнайы прокурорлар департаменті

бастығының орынбасары,

аға әділет кеңесшісі,

заң ғылымдарының кандидаты

Сыбайлас жемқорлық елдің ұлттық мүдделеріне, экономикалық қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіріп қана қоймай, сонымен қатар бүкіл халықаралық қоғамдастықтың мүдделеріне қауіп төндіреді. Дәл осы себептен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызы БҰҰ құжаттарында және бірқатар басқа да халықаралық ұйымдардың құжаттарында ерекше атап көрсетіледі.

Қазақстан 2008 жылдың 8 мамырында ратификациялаған БҰҰ-ның 2003 жылғы 31 қазандағы арнай Конвенциясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға арналған.

Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша шаралар жүйесі іске асырылып келеді, ол еліміздің көптеген бағдарламалық құжаттарында негізге алынатын басымдықтар ретінде айқындалған.

1998 жылы Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданды, оның негізіне БҰҰ мен ТМД халықаралық Ассамблеясының қамқорлығымен халықаралық ұйымдар әзірлеген үлгілік актілер алынды.

Осы жылдар ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қалыптасты, бірқатар бағдарламалық құжаттар қабылданды, уәкілетті орган құрылды, БҰҰ-ның Сыбайлс жемқорлыққа қарсы конвенциясына және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбул іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Сыбайлас жемқорлық «Қазақстан-2050» стратегиясы»: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» құжатында да ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп дәрежесіне көтерілді.

Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы жөніндегі комиссия құрылды және жұмыс істейді.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және оның жолын кесу үшін арнайы құрылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюросы жұмыс істейді.

Үкімет орасан зор жұмыс атқарды және атқарып келеді, оған Мемлекет басшысы азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін дамыту үшін әкімшілік кедергілерді төмендетуге және бизнесті билік тарапынан негізсіз араласудан қорғауға бағытталған бірқатар маңызды тапсырмалар берген болатын.

Жаңа бағдарлама – «Электрондық Үкімет» енгізілді, онда мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету және, сәйкесінше, олардың қоғамдық институттардың бақылауында болуын қамтамасыз ету көзделген.

Бұл жұмыстағы жүйелілік 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны қамтамасыз етуге бағдарланған, ол мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік шаралар жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.

Стратегия  іс біткен соң әрекет етуден сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға, ескертуге, оны жасаудың себептері мен жағдайларын анықтауға және жоюға өтуді көздейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері құжатта маңызды орын алады. Бұл бүкіл халықаралық қоғамдастық шарттарымен сыбйлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау қажеттілігінен туындаған өте дұрыс қадам.

Жалпы Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының нысанасы екі негізгі мақсатқа бағытталған: бірінші – кішкентай кезінен бастап, ұлттық дәстүрлерді ескере отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру; екінші – мемлекеттік органдар қызметін қоғамдық бақылауды дамыту.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ Заңымен сыбайлас жемқорлықтың жаңа анықтамасы енгізілді, ол мүліктік қана емес, сонымен қатар мүліктік емес игіліктер алу немесе табу, оның ішінде үшінші тұлғаларға қатысты пайда табу деген ұғымды білдіреді.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының тізбесі алынып тасталды, олар абыройға нұсқан келтіретін теріс қылықтар қатарына ауыстырылды.

Мемлекеттік қызмет институты да айтарлықтай реформаға ұшырады. 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңмен меритократия, кәсібилік, есеп берушілік және бақылауда болушылық, қоғамдық пікірді ескеру және ашықтық секілді негізгі принциптерге негізделген мәнсаптық модельге көшу жүзеге асырылды.

Мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде және одан әрі жоғарылату кезінде білімі, еңбек өтілі, сондай-ақ қызметшілердің атқаратын лауазымында лауазымдық міндеттерін тиімді орындауы үшін қажетті құзыреттіліктердің болуы басты назарға алынады.

Мемлекет басшысының меритократияны қорғау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыруда «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Әдеп кодексінің қабылдануы ерекше орын алады. Кодексте мемлекеттік қызметшілердің моральды-этикалық бейнесіне қойылатын негізгі талаптар, сондай-ақ олардың мінез-құлқының базалық стандарттары айқындалды.

Мемлекет басшысының осы Жарлығымен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілді, оның құзыреттерінің бірі ретінде қызметтік әдеп нормаларын сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет туралы заңнама бұзушылығының алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау айқындалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесінде ел Президенті қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіруші ретінде айқындаған прокуратура да сүбелі үлес қосып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жоғары қадағалаудың және басқа да лауазымдық қызметтің барлық қосалқы атқарымдардың тұрақты басымдықтарының бірі болып табылады.

Сонымен қатар, қоғамдық резонанс тудырған лауазымдық сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істер арнайы прокурорлар өндіріске қабылдайтын басым істер ретінде айқындалды.

2014 жылы Бас прокуратураның қамқорлығымен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Қылмыстық және Қылмысытқ-процестік кодекстер әзірленді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшн болатын жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныстар қолдау тапты. Осылайша, бас бостандығынан айыру секілді жазамен қатар, міндетті түрде тәркілеу және еселік айыппұл тағайындалады. Белгілі бір лауазымдар атқару немесе белгілі бір мерзімге белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру аталған құқықтан өмір бойы айыруға ауыстырылды, шартты түрде соттау шарасын қолдануға, тараптардың бітімге келуіне байланысты жауапкершіліктен босатуға, сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарын жасаған тұлғаларға кепіл белгілеуге тыйым салынды.

2015 жылы құқық қорғау органдары жеке құрамының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін сақтау мәселелері Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды.

Теги: 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.