You are here

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаевпен сұхбат

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Басты мақсат – Елбасы алға қойған міндеттер үдесінен шығу

«Егемен Қазақстан», Толығырақ

31.10.2013 ж.

Барлық қазақстандықтар үшін өте маңызды, атқарылған жұмыстарға толы және жауапкершілігі мол болған 2013 жыл аяқталып келе жатыр. Еліміздің Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев халқымызға ұсынған, маңыздылығы бо­йын­ша тарихи деп атауға лайық «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру басталды. Осы орайда, құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту оның басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл мәселеге байланысты біз Президент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик ШПЕКБАЕВҚА жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік.

– Алик Жатқамбайұлы, ең алдымен, Стратегияның ерекшелігі мен маңызы туралы айтып өтсеңіз. Бұл жерде әңгіме Қазақстанның әлемнің 30 бәсекеге қа­білетті елдерінің қатарына қосылу үде­рісіне соны серпін беретін елімізді дамы­тудың бірегей стратегиясы туралы болып отыр емес пе?

– Әрине, Мемлекет басшысы қоғамға уа­қыт пен өркениет талаптарына сәйкес келетін қа­ғидатты жаңа даму тұжырымдамасын ұсын­ды. Ол прагматизм қағидаттарына, өзара жауапкершілікке, еңбекке деген ерекше қаты­нас­қа, дәстүрлі және қазіргі заманғы көзқарас құндылықтарының синтезіне негізделген.

«Қазақстан-2050» Стратегиясының іргетасы алдыңғы жылдары қаланғаны өте маңызды. Тәуелсіздіктің 22 жылы ішінде қазақстандық қоғам өмірінде түбегейлі өзгерістер жүрді. Тарих үшін өте қысқа уақыт ішінде еліміздегі бірлік пен бейбітшілікті сақтай отырып, біз еркін нарықтық қатынастарға өтуді қамтамасыз ете алдық.

Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау­дың пәрменді жүйесі құрылған. Мем­лекет халқымыз­дың әл-ауқатының өсуі­не бағытталған түрлі жобалар мен бағ­дарламаларды ұтымды іске асырады, әлеуметтік бағдарланған бюджетті қалып­тастырады.

Саяси даму кезең-кезеңімен, эволю­циялық сипатта және толеранттылықпен жүзеге асырыл­ғанда ұтымды болмақ. Осы жылдар бойы еліміз Конституциямызда белгіленген мұраттарға ешбір әбігерсіз және күйзеліссіз келе жатыр.

Дүниежүзілік тарихта осы сияқты түбегейлі өзгерістер әдетте көтерілістермен және азаматтық қақтығыстармен басталған. Қоғам әлеуметтік, этностық немесе діни белгілері бойынша бөлініп отырған. Біздің Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың көреген және сарабдал саясатының арқасында біз осы жағдайлардан аулақ болдық.

Келешекке қойылған мақсаттардың барлығына қол жеткізілетініне және Қазақстан әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына кіретініне, ауқымды еуразиялық өңірдің дамуына және жаһандық деңгейдегі қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін.

– Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыр­ту елімізді демократиялық дамыту басым­дықтарының бірі ретінде танылғаны неліктен?

– Сұрағыңыздың мәні бойынша бірден жауап берейін. Еліміз құқықтық тәртіп саласын реформалау үдерістерін экономикалық өзгерістердің жылдамдығы мен сипатына сәйкес жүргізуге ұмтылды. Сондықтан 2010 жылғы 29 қаңтардағы өзінің Жолдауында Мемлекет басшысы жаңа онжылдық ішінде бізге жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесі қажет екенін ерекше атап өтті. Осы мақсатқа қол жеткізу жөніндегі жұмыстың жалпы бағыттарын белгіледі. Жекелей алғанда, құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әр мемлекеттік органның нақты құзыретін айқындау, заңдарды ізгілендіру мен екпінді ішкі ведомстволық мүдделерден азаматтардың құқықтарын қорғауға ауыстыру қажеттілігі көлденең тартылды.

– Сол жылғы тамызда Президенттің Қа­зақ­стан Республикасындағы құқық қорғау қызметінің және сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығы қабыл­данғанын білеміз. Үш жыл өтті және Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында алға қойған міндеттерді ұтымды шешуге мүмкіндік беретін деңгейде жұмыс атқарылғаны айқын. Енді осы жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз.

– Ең алдымен, Президенттің 2010 жылғы 17 тамыздағы Жарлығын іске асыру шеңберінде құқықтық тәртіптің жоғары деңгейін, азаматтардың құқықтарын, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету институттары мен құралдарының ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретін, құқық қорғау қызметінің жаңа үлгісін енгізуге бағдарланған 19 заң қабылданғанын атап өту қажет.

Осы заңнамалық негізде персоналдың сапасын және жалпы құқық қорғау органдарының жұмысын жақсартуға бағытталған шаралар кешені қабылданды. Жекелей алғанда, күшімізді жұмыстың негізгі бағыттарына шоғырландыруға, қалалық және аудандық бөлімшелерді нығайтуға мүмкіндік берген құқық қорғау органдарының құрылымы мен штат санын оңтайландыру жүзеге асырылды. Құқықтық тәртіп органдарының құзыреттері нақты бөлінді, олар өздеріне тән емес функциялардан босатылды, жұмыстарындағы қызметті қайталау жойылды. Қызмет өткерудің бірыңғай стандарттары мен ережелері бекітілді, бұл құқық қорғау органдарының кадр саясатын жаңғыртудың маңызды шарты болып табылады.

Сотқа дейінгі іс жүргізу жеңілдетілді. Бұл анық қылмыстар бойынша тергеу органдарына жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді. Мысалы, қаржы полициясы органдары сотқа жіберген осындай қылмыстық істердің үлес салмағы үстіміздегі жылғы 9 ай ішінде екі еседен артық өсті. Ішкі істер органдары сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізудің үлгісі бойынша аталған кезең ішінде әр төртінші қылмыстық істі сотқа жіберді. Заңнаманы ізгілендіру қылмыстық қудалауға тартылған адамдардың санын елеулі қысқартуға, еліміздегі түрмелерде отырған адамдардың санын шамамен төрттен бір бөлігіне дейін азайтуға мүмкіндік берді. Осы ретте, адамды қоғам мен отбасы үшін сақтау, қылмыстың алдын алу, оны жасағандардың жазадан құтылмауын қамтамасыз ету өте маңызды. Түрме қылмысқа қарсы күрестің үздік және әмбебап құралы болып табылмайтынын түсіну керек.

Қылмыстық заңнамада бас бостан­ды­ғынан айыруға баламалы жазалау ша­раларының басым болуы құқық қолданудың жалпы тәжірибесін өзгертуге маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді.

Құқық қорғау органдарын қаруландыру деңгейін төмендетудің кезең-кезеңімен өткізілетін саясаты полицияның халыққа қызмет көрсетуіне бағдарлануын күшейтеді және азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді. Оның бірінші кезеңінде шамамен 9 мың қызметкердің погондары алынып, олар азаматтық қызметкерлер санатына ауыстырылды.

Барлық құқық қорғау органдарының жанынан азаматтық бақылау функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін және халықпен өзара іс-қимылды кеңейтуге жағдай туғызатын құрал ретінде олардың рөлін арттыруға арналған қоғамдық кеңестер құрылды.

– Қылмыстарды жасырумен байланыс­ты латенттік қылмыстылық проблемасы ұзақ уақыт бойы шешілмей келеді. Құқық қорғау органдарында қылмыстылықты нақты көрсетпеу үшін статистикалық және өзге де есептілік деректерді бұрмалау тәжірибесі қолданылғаны да жасырын емес. Барлық деңгейдегі және шендегі басшылар ең алдымен көрсеткіштердің бұзылмағанын қалайды. Осы үшін олардың бағыныстылары азаматтардың құқықтарымен қатар, тікелей заң бұзған. Сіздер осы жағдайды қаншалықты өзгерте алдыңыздар?

– Иә, біз есепке алу-тіркеу тәртібін ретке келтірдік, оған қоса, қылмыстарды жасыру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға аумақтық орган басшысының қылмысты есепке алудан жасыруды болдырмауға арналған шаралар қабылдамағаны үшін жұмыстан босатылуын көздейтін толықтыру қарастырылды.

Қазіргі уақытта арыздарды электрондық тіркеу жүйесі пайдаланылуда, кез келген құқық қорғау органына жүгінген адамның өз арызын қарастыру мән-жайларын білу мүмкіндігі бар, бұл үшін оған тиісті электрондық талон беріледі. Тәулік са­йын тіркелетін қылмыстардың саны 2010 жылғы 250-350-ден үстіміздегі жылы 1100-1500-ге дейін өсті. Енді нақты жағдайды көрсететін және дұрыс басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін жеткілікті объективті қылмыстық статистика қалыптастырылып отыр. Бұл ретте, оперативтік жағдай күрделенген жоқ және бақылауға алынған. Оған қоса, ауыр қылмыстармен бірге қылмыстылықтың жалпы құрылымында 11 пайыздан аспайтын аса ауыр қылмыстардың төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалуда.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қылмыстарды жасыруға уәждемені жоққа шығаратын оларды ашудың жаңа формуласын пайдалану криминогендік жағдайды объективті бағалауға және статистикалық көрсеткіштерді бұрмалау есебінен көрсеткіштердің арттырылуын болдырмауға ықпал етпек. Бұдан былай ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу деңгейі жедел-тергеу жұмысының тиімділігін белгілеудің негізгі ішкі критерийі болады.

Осыған байланысты, құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың өзге қылмыстар түрінің алдын алу және профилактикасы үшін жауапкершілігі елеулі өсетін болады. Мемлекет басшысының құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру туралы бастамасын іске асырумен байланысты осы көкейкесті міндетті шешу өте маңызды.

– Жаңа технологияларды пайдалану азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу саласына ғана байланысты ма? Осы орайда, біздің оқырмандарымыздың назарын қандай жағдайға аударған болар едіңіз.

– Біз инновациялық технологияларды қолданумен қылмысқа превентивті әсер ету­дің және қылмыстық істерді тергеудің қазіргі заманғы әдістеріне кезең-кезеңімен өтуді бастадық. Мысалы, сыбайлас жемқорлықтық қылмыстарға қарсы күреске елеулі қол жеткізген елдер тәжірибесінің негізінде Қаржы полициясы агенттігінде тексеруге шықпай-ақ заңға қайшы әрекеттердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен белгілерін анықтауға, бюджет қаражатын ұтымсыз пайдалану мен ұрлаудың бастапқы сатысында алдын алуға мүмкіндік беретін Ахуалдық орталық құрылды.

Жаңа технологиялар заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимылды ұйымдастыру кезінде маңызды рөл атқарады. Біз білетіндей, Қаржылық мониторинг комитеті осы саладағы уәкілетті орган болып табылады. Мәселен, криминогендік аудандарды, көшелер мен үйлерге дейін анық көрсететін, құқық қорғау органдарының «қылмыстылықтың электрондық картасын» жұмыс тәжірибесіне енгізу елді мекендердегі құқықтық тәртіп күштерін ұтымды орналастыруға ықпал етеді. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін мониторингтеудің және қамтамасыз етудің зияткерлік жүйелері енгізіле бастады. Жедел басқарудың алғашқы ұтқыр орталықтары құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Кеден одағының сыртқы шекаралары жаңа технологияларды енгізу объектілерінің бірі болды. Қазіргі уақытта осы ықпалдасқан бірлестікке қатысушы елдердің автоматтандырылған ақпараттық жүйелерін үйлестіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бизнеске әкімшілік қысымды төмендету және кәсіпкерлердің құқықтарын неғұрлым пәрменді қорғау мақсаттарында прокуратура органдарында кәсіпкерлік туралы заңдардың қолданылуын қадағалау жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылған.

2012 жылы өткізілген ауқымды кезектен тыс қызметкерлерді аттестаттау құқық қорғау органдарының басшылық құрамын қоса алғанда, персоналды елеулі жаңартуға мүмкіндік берді.

Басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен құқықтық тәртіп саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылған. Өңірдегі интеграциялық үдерістерді тереңдету жағдайына үлкен мән беретін еуразиялық полиция құру бо­йынша жұмыс басталды.

– Бір сөзбен айтқанда, біршама жұмыс атқарылғаны анық. Алайда, осының барлығы мемлекеттің жаңа саяси бағытын іске асырумен байланысты құқықтық тәртіп саласындағы үлкен жұмыстың бастамасы ғана десек, қателеспейтініміз тағы анық қой.

– Мемлекет басшысы алдымызға қоғамның үмітіне және жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін құқық қорғау жүйесін құру міндетін қойды. Осыған негізделе отырып, Мемлекет басшысы қоғамға ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясында құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту маңызды басымдық болып танылған. Осыған байланысты ең алдымен біз іс жүзінде түбегейлі жаңару бастамасындағы ұлттық құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет.

Өздеріңіз білетіндей, үш жоба Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстерінің жобалары әзірленді, Парламентке енгізілді және талқылануда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің кезегі де келіп тұр. Осы және басқа да заңнамалық актілерді қабылдау Қазақстанның құқықтық жүйесін жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады.

Мысалы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты бірқатар тергеу әрекеттерін соттың ерекше құзыретіне жатқызу болжанып отыр. Тергеуші судья лауазымы енгізілуде, соттық бақылау елеулі кеңеюде. Күдіктімен, айыпталушымен немесе сотталушымен іс жүргізу келісімі институтын енгізумен байланысты новеллалар және басқалар енгізілетін болады. Тергеуге дейінгі тексеру және қылмыстық істерді қосымша тергеуге соттың қайтаруымен байланысты ескірген тәжірибеден бас тарту ұсынылады. Қылмыстық атқару кодексінің жобасында қамауға алынғандармен байланысты болудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін сотталғандардың құқықтық жағдайы бекітілуде.

Сотталғандарды жасақ-барактарда емес, бөлек камераларда ұстауға кезең-кезеңімен өту жүзеге асырылады (бас бостандығынан айыру орындарындағы контингенттің 10 пайызы камераларда ұстауға ауыстырылды). Өндірістік қызметті кеңейту, жұмыс берушілер үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайларды жақсарту жолымен жазасын өтейтін адамдарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің рәсімдік бөлігі жеке тұлғаның құқықтарын кеңейту арқылы іс жүргізу экономиясының тетігін енгізу жолымен қайта қарастырылған. Құжаттың жобасында айыппұлдың бекітілген мөлшерін бекітуді көздейтін және олардың уақтылы төленуін ынталандыратын новеллалар бар. Мұның сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтарды төмендетуге ықпал ететіні сөзсіз.

– Өзінің Жолдауында Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күрт күшейтуге ерекше назар аударғаны белгілі. Сіздің көзқарасыңыз бойынша, осы бағыттағы келесі қадамдар қандай болуы қажет?

– Қазіргі уақытта ведомствоаралық сарап­шылық топ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияның жобасын дайындауды аяқтауда. Осы жұмыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте елеулі табыстарға қол жеткізген елдердің тәжірибелері қорытындыланды және пайдаланылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл­дың құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктері «Қазақстан-2050» Стратегиясы­ның жоғары мақ­саттарына сәйкес келуі қажет. Үстіртін өзгерістер жеткіліксіз. Сондықтан, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы заңнама мен тәсілдер түбегейлі жаңартылатын болады.

– «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың Жалпыұлттық жоспарына сәй­кес, Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі жаң­ғыр­тудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасының жобасы әзірленді. Құқық қорғау органдары үшін ағымдағы онжылдық ішінде негізгі болатын құжатты дайындау қандай сатыда тұр? Онда қандай индикаторлар мен шаралар көрініс табады?

– Мемлекеттік бағдарлама дайындалды, келісудің барлық кезеңдерінен өткізілді және ең жақын уақытта Мемлекет басшысына бекітуге ұсынылатын болады. Құжаттың жобасын Бас прокуратураның сайтында жариялау, конференциялар, дөңгелек үстелдер мен басқа да жария іс-шараларды өткізу ғалымдардың, сарапшылардың, азаматтардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің көптеген мәселелері бойынша пікірін ескеруге мүмкіндік берді.

Біздің көзқарасымыз бойынша, оның нысаналы индикаторлары азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімінің деңгейі, сондай-ақ, олардың мемлекеттік қызмет көрсетулерінің сапасы мен уақтылығы болып табылатыны қағидатты түрде маңызды. Осыған байланысты, қоғамдық пікірді мониторингтеу мен зерделеуді қоса алғанда, құқық қорғау органдарының жұмысын сыртқы бағалау критерийлерін әзірлеу басталды.

Мемлекеттік бағдарламаның жобасында құқық қорғау органдарына ұсынылатын мемлекеттік қызмет көрсетулердің әкімшілік регламенттерін жетілдіруге бағытталған шаралар көзделген.

Астанада, Алматыда, Қарағандыда және Ақтауда автокөлікті тіркеумен, жүргізушілердің куәліктерін және техникалық паспорттарды берумен байланысты қызмет көрсетулерді ұсыну жөніндегі бірінші мамандандырылған ХҚО-лар құрылды және жұмыс істеуін бастады. Бұл жұмыс дамып, жалғасатын болады.

Құқық қорғау органдары қызметінің тиім­ділігін арттыру оның ұйымдастыру-құқықтық негізін жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, инфрақұрылымды дамыту, кадр саясаты мен ведомстволық білім беруді жаңғырту жолымен жүзеге асырылады. Оны әзірлеу мемлекеттік бағдарламада көзделген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның негізінде іске асырылмақ.

Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылуда. Мысалы, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қылмыстардың жолын уақтылы кесу және ашу үшін қажетті деректер базасын нақты уақыт режімінде пайдалануға мүмкіндік беретін Құқық қорғау органдарының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жөніндегі шаралар қабылдауда.

Бүгінгі күні 49 деректер базасын интегра­ция­лаған бұл жүйе құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетті. Енді, кабинеттен шықпай-ақ, бірнеше минут ішінде қылмыстық істердің нөмірлерін, адамдардың сотталғанын, іздестіруде екендігін, психиатриялық және наркологиялық мекемелерде есепте тұрғанын не тұрмағанын білуге, басқа да көптеген маңызды ақпарат алуға қол жеткізуге болады. Шағын қалалар мен аудандар жедел басқару орталықтары желісімен қамтылады.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің осы және басқа да заманауи техникалық құралдарынсыз қазіргі заманғы жағдайда құқықтық тәртіптің жоғары деңгейіне қол жеткізу мүмкін емес.

Полиция қызметін әмбебап ету құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал ететін болады. Бұл жаһандық және өңірлік интеграциялық үдерістерді тереңдету жағдайында құқықтық институттар мен құқық қолдану тәжірибесін біріздендірумен байланысты объективті шартталған үрдіс. Осы бағыттағы бірінші қадам Жол полициясы комитетін жою және оның функцияларын әкімшілік полицияға беру болып табылады. Нәтижесінде бұл адамдардың еліміздің көшелері мен жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күштер мен құралдарды ұтымды және оңтайлы пайдалануға мүмкіндік бермек.

Құқық қорғау органдарын тән емес функциялардан босатуға баса назар аударылатын болады. Мысалы, бас бостандығынан айыруға сотталған және тергеу уақытына қамауға алынған адамдарға медициналық қызмет көрсетуді ІІМ-нен Денсаулық сақтау министрлігіне беру болжануда.

– Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту міндеті, біздің пікіріміз бойын­ша, адам капиталын жұмылдыру үдерісімен тығыз байланысты. Бұл бағытта не жасалып жатыр?

Кадр саясатының жаңа тұжырым­да­ма­сы дайын­далды. Оны біз Мемлекеттік бағ­дарламаны іске асырудың пәрменді құралы ретінде қарастырып отырмыз. Сіздің айтқаныңыз дұрыс, жұмыстың бұл ба­ғыты ерекше маңызға ие болуда. Адам фак­торы азаматтардың жоғары сенімін пай­даланатын құқық қорғау жүйесін құру үде­рісіндегі белгілеуші болып табылады. Бұл орайда, мамандар қажеттілігін, кадрларды іріктеу, аттестаттау мен орналастыру, персоналдың сапасы мен уәждемесін арттыру мәселелеріне үлкен назар аударылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Құқық қорғау және арнаулы органдар басшыларының президенттік резервін қалыптастыру бойынша жұмыстар басталды. Кадрларды іріктеу мен даярлау қазіргі заманғы технологиялардың негізінде, оның ішінде полиграфты пайдаланумен жүзеге асырылатын болады.

Біз ең озық шетел тәжірибесін пайдалану арқылы жаңадан қызметке қабылданатын қыз­меткерлерді бастапқы даярлау және басқару­шылық құрамды оқыту нысандары мен әдістеріне үлкен мән береміз. Бұл үшін Құқық қорғау органдарының академиясы құрылып отыр. Оның жанынан қоғамдық қауіпсіздік проблемаларын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты, кәсіби деңгейді арттыру инс­титуты, жоғары білімнен кейінгі білім беру инс­титуты жұмыс істейтін болады.

Кеңестен кейінгі кеңістікте баламасы жоқ академияның қызметі құқық қорғау жүйесін реформалаудың, басқа елдердегі әріптестерімізбен ынтымақтастықты күшейтудің маңызды факторы болатынына үміт мол.

Үстіміздегі жылы арнайы атақтар үшін үстемеақыны арттыру жүзеге асырылды. Ақ­ша­лай және зейнетақымен қамтуды жақ­сар­ту Мемлекеттік бағдарламаның жобасында көзделген.

– «Қазақстан-2050» Стратегиясында қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, қылмысқа қарсы күрестегі маңызды қадам ре­тінде құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын тану белгіленген. Осы сияқты жайттар басқа елдерде болды ма? Президенттің осы бастамасын іске асыру үшін қандай жұмыс атқару қажет?

– Құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру – қоғамдық қауіпсіздіктің және жалпы құқықтық тәртіптің деңгейін арттырудың алғышарты. Құқық қорғау органдарының қызметіндегі екпінді оның профилактикалық құрамдасын күшейту жағына түсіруге мүмкіндік берудің маңызы зор.

Өз уақытында қылмысқа қарсы күрестің бұл стратегиясы Нью-Йорк басшылығына санаулы жылдар ішінде шектен шыққан күрделі криминогендік жағдайды түбегейлі өзгертіп, аса ірі мегаполисті елдің ең қауіпсіз қалаларының біріне айналдыруға мүмкіндік берді. Осыған байланысты қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ауқымды ақпараттық жұмысты жандандырудың маңызы зор болмақ.

– Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».

http://www.egemen.kz/kz/basty-ma-alalar-2/28713-basty-ma-sat-elbasy-al-a-oj-an-mindetter-desinen-shy-u

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.