You are here

Жетім балалардың мүліктік құқықтарын қорғау жолында

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елімізде 30 мыңнан астам жетім балалар және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар бар, олардың үштен бірі балалар үйлерінде тәрбиеленуде.

Прокуратура органдары тұрақты түрде осы санаттағы балалардың құқықтарының сақталуына тексерістер жүргізеді. Өткен жылы жетім балаларға арналған мекемелерге жүргізілген тексерістердің қорытындылары бойынша бірқатар жүйелі проблемалар анықталды, олар балалардың мүліктік құқықтарының айтарлықтай бұзылуымен, олардың ақшалай қаражаттарына қол сұғушылықпен, тиісті жәрдемақылар мен алименттерді алмаумен, сондай-ақ балалардың тұрғын-үй құқықтарының бұзылуымен байланысты болды.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазпошта» АҚ-ның Төле би аудандық бөлімшесінің бастығы Османова балалар үйі тәрбиеленушілерінің есеп-шоттарынан ақша ұрлағаны үшін сотталды. Алматы облысы Үштөбе балалар үйінің әлеуметтік педагогы З.Орманова мекеме тәрбиеленушілеріне тиесілі 1,5 млн. теңгені иеленіп кеткен.

Шығыс Қазақстан облысында қамқоршы Н.Крикунованың кесірінен кәмелетке толмаған бала өзінің 1 млн. теңгеге жуық жинағынан айырылып қалған. Алматы облысында өз қызын тәрбиелеуден бас тартқан әке балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген қызына асыраушысынан (анасынан) айырылғаны үшін тағайындалған 500 мың теңгеден астам сомадағы жәрдемақыны заңсыз алып келген. Осы және өзге де фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергелуде.

Сондай-ақ прокурорлар жетім балаларға тиесілі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алу құқығын бұзу фактілерін анықтады.

Мысалға, Шығыс Қазақстан облысында Жаңа Шүлбі облыстық балалар үйі әкімшілігінің сәйкес құжаттарды Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа уақтылы жолдамауы салдарынан оның екі тәрбиеленушісі асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін 415 мың теңге сомасындағы жәрдемақыны ала алмай қалған. Бородулиха ауданы прокуратурасының талабы бойынша бұл ақша балалар үйінен жетім балалардың пайдасына өндірілді. Психоневрологиялық дәрігерлік-әлеуметтік мекеме әкімшілігінің кінәсінен мүгедектік үшін жәрдемақысы аударылмаған мүгедек баланың құқығы Астана қаласы прокуратурасының ұйғарымы бойынша қорғалды. Осындай фактілер Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында анықталды.

Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің тұрғын үйлерінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша жеткілікті шаралар қабылданбайды, бұл олардың заңсыз пайдаланылуына немесе иелік құқығынан айырылуға алып келеді.

Мысалға, Алматы қ. № 1 балалар үйінің үш тәрбиеленушісі бұрын олардың қайтыс болған анасына тиесілі жер үйдегі үлеске мұралық құқығынан айырылған, өйткені бұл жылжымайтын мүлік жер телімімен бірге үшінші бір тұлғаларға сатылып кеткен. Прокуратураның араласуынан кейін сот шешімімен мәміле жарамсыз деп танылды, жетім балалардың мұрагерлік құқықтары қалпына келтірілді.

 Өскемен қаласы прокуратурасының талабы бойынша Шығыс Қазақстан балалар ауылының үш тәрбиеленушісінің пәтердегі үлесті мұраға алу құқықтары қорғалды. Ақтөбе облысында мамандандырылған мектеп-интернаттың түлектері (ер бала және оның екі қарындасы) қайтыс болған аналарының пәтеріне ұзақ уақыт бойына орналаса алмай келген, өйткені тұрғын үй үшінші тұлғаларға заңсыз жалға беріліп келген. Прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдағаннан кейін ғана пәтер жалдаушылар пәтерді босатқан, қазіргі уақытта онда мұрагерлер тұрып жатыр.

Балалардың балалар үйлерінде тәрбиеленуі аяқталған соң оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі неғұрлым өзекті болып қалып отыр.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, республика  бойынша осы санаттағы 14 мыңнан астам бала тұрғын үйге зәру. Тексерістер барысында әртүрлі себептермен 4 мыңнан астам бала тұрғын үй алуға кезекке қойылмаған.

Мысалы, Ақтөбе облысында 360 мұқтаж баланың 156-сы тұрғын үй алуға кезекке қойылмаған. Осындай фактілер Астанада, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Алматы облыстарында орын алған.

Осыған байланысты Бас прокуратура мұқтаж жетім балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқық беретін бірқатар құқықтық актілерді қабылдау мен заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуге бастама көтерді. Осының нәтижесінде 2014 жылы ғана 950 жетім бала пәтер алды.

Тексеріс қорытындысы бойынша барлығы 2600-ден астам жетім балалар мен ата-анасының қамқорынсыз қалған балалардың құқықтары қорғалды, 364 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды, 10 адам сотталды. Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша 16 млн. теңгеден астам сомаға жетімдерге келтірілген шығынның орны толтырылды және ақшалай қаражат төленді.

Тексеріс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметіне анықталған заң бұзушылықтарды, сондай-ақ оларға жағдай жасайтын себептер мен шарттарды жою және болдырмау бойынша шаралар кешенін қабылдау туралы ұсыныс енгізілді.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.