You are here

Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы туралы баспасөз ақпараты (Астана, 2014 жылғы 27 қараша)

Версия для печатиВерсия для печатиХатпен жіберуХатпен жіберуPDFPDF

Бүгін Бас прокуратурада Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті, онда уәкілетті органдардың әкімшілік айыппұлдар салу туралы қаулыларды орындауының тиімділігі мәселелері қаралды.

Жиынға Үйлестіру кеңесінің мүшелері, қаржы, инвестициялар және даму министрліктерінің басшылары, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, орталық құқық қорғау және атқарушы органдардың, Ұлттық Банктің жауапты қызметкерлері, Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Бейнеконференциялық байланыс арқылы өңірлік прокурорлар, уәкілетті органдардың басшылары қатысты.

Мұнда аталып өтілгендей, әкімшілік жазалау құқық бұзушыларға профилактикалық және тәрбиелік тұрғыда әсер етудің тиімді шарасы болып табылады. Алайда, айыппұлдарды төлеу мәселесіндегі жағдай айтарлықтай күрделі күйде қалып отыр. Әрекетсіздіктің және уәкілетті органдар арасындағы тиісті өзара іс-қимылдардың болмауы салдарынан әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру және құқық бұзған адамды заң талаптарын сақтауға және құқықты құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ қайталап құқық бұзудың алдын алуға бағытталған әкімшілік жазалаудың басты мақсатына қол жеткізілмей отыр.

Осылайша, кейінгі 5 жыл ішінде 1,5 миллионнан астам азаматтар мен заңды тұлғалар тиісті айыппұлдарды төлемеген. Сөйтіп, төленбеген айыппұлдардың жалпы сомасы 201 млрд. теңгені құрап отыр. Орындалмаған қаулылардың саны екі есеге дейін өскен, яғни бұл көрсеткіш 2010 жылы 218 мың болса, биылғы жылы 574 мыңды құрап отыр.

Мұндай жұмыстардың нәтижелі болуына теріс әсерін тигізетін басты алғышарттарды атап көрсетуге болады, олар: заңдылықтың жүйелі түрде бұзылуы және өздері шығарған қаулылардың орындалуына мемлекеттік органдар тарапынан қадағалаудың болмауы, айыппұлдарды өндіріп алу жөнінен тиісті шаралар қолданбау, айыппұлдарды өндіріп алудың шынайы жай-күйін бұрмалап көрсету, сөзбұйдаға салу және немқұрайдылық.

Сот орындаушыларының жұмысында да кемшіліктер жеткілікті. Олар айыппұлдарды өндіріп алу туралы атқарушылық өндіріс қозғау, борышкерлердің мүліктік жағдайын анықтау, борышкерлердің шет елдерге шығып кетуіне шектеу қою жөнінен тиісті шаралар қолданбайды, атқарушылық құжаттар негізсіз тоқтатылады және кері қайтарылады.

Бас Прокурор мемлекеттік органдардың басшыларынан ведомстволық бақылауды және атқарушылық өндіріс органдарымен өзара іс-қимылды күшейтуді, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған кезек күттірмес шаралардың қабылдануын қамтамасыз етуді, осы саладағы заңдылықты нығайтуды талап етті.

Жан-жақты жасалған талдаудың нәтижесінде Үйлестіру кеңесі әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың тиімділігін арттыруды көздейтін ұсыныстар әзірлеп шығарды.

Атап айтқанда, ішкі істер, қаржы, әділет, инвестициялар және даму министрліктерінің атсалысуымен Бас прокуратура әзірлеген Әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың жол картасының жобасы мақұлданды. Мұнда айыппұлдардың толық және уақтылы төленуін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық, ақпараттық-техникалық және заңнамалық шаралардың кешені қарастырылған.

Алға қойылған міндеттерді шешу шеңберінде мемлекеттік органдардың қолданыстағы деректер базасын Egov.kz порталының және банктердің төлем жүйелерімен бірегейлендіру жолымен бірыңғай төлем жүйесін құру ұсынылды.

Бұл азаматтарға айыппұлдар туралы ақпарат беру,  айыппұлдың бар-жоғы туралы расталған және нақты ақпарат алу, айыппұлды жылдам төлеу және оның төленгендігі туралы ақпаратты уәкілетті органға дереу жеткізу жөніндегі проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәліметтердің уақтылығы мен толықтығын, айыппұлдың бюджетке нақты түскенін тиімді бақылауға Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті септігін тигізетін болады.

Ұсынылып отырған шараларды құқықтық қамтамасыз ету аясында Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте жазалаудың жаңа түрін нормативтік бекіту туралы ұсыныс енгізілді, ол – қоғамдық пайдалы жұмыстар атқаруды айыппұл төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарды жазалаудың баламасы ретінде қолдану. Арнайы бақылау-өлшеу құралдары анықтаған құқық бұзушылықтар үшін жазалау тетігін жетілдіру мақсатында, егер айыппұл хабарлама алынғаннан кейін жеті күн ішінде төленсе, оның жартысын қысқарту мүмкіндігін заңнамалық бекіту ұсынылды.

Қарыздардың уақтылы өтелуі үшін борышкерлердің мемлекеттік қызметтерді пайдалануына шектеу қоюдың бірқатар шараларын қолдану ұсынылады. Мұндай шаралар, ең алдымен, борышкердің жауапкершілігін оятуға, оны мәжбүрлеуге жеткізбей, дереу және ерікті түрде қарызын өтеуге мүдделендіруге бағытталған.

Осы мақсаттарда Ұлттық Банкке айыппұл өтемеген борышкерлер туралы мәліметтерді несиелік деректер тарихының базасына түсіру үшін мемлекеттік несие бюросына жіберіп отыру тәжірибесін қалыптастыру ұсынылды. Әділет министрлігіне және ұялы байланыс операторларына құқық бұзушының ұялы телефондарының шоттарынан айыппұлдар сомасын алу тетігін енгізу міндеті қойылды.

Прокуратура органдарына әкімшілік жазаларды орындаудың тиімділігін арттыру бойынша уәкілетті органдардың қызметіне тиісті қадағалау жасау және үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Тексерістердің нәтижелері бойынша Бас Прокурор Қазақстан Республикасының Үкіметіне анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.