You are here

Заңдылық пен құқықтық тәртіп – уақыт талабы

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Еркін ОҢҒАРБАЕВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры: Заңдылық пен құқықтық тәртіп – уақыт талабы

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының ауқымды бөлігі тәуелсіз сот төрелігіне, заң үстемдігін жүзеге асыруға арналған. Осы жоспардың негізгі ережелерін қалай жүзеге асыруға болатыны туралы Қазақ­­стан Республикасы Бас прокурату­ра­сы Құқық қорғау органдары акаде­мия­сының бірінші проректоры, заң ғылым­дарының докторы, профессор Еркін Оңғар­баевпен сұхбаттасқан едік.

– Еркін Әнуәрұлы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында заңдылық пен құқықтық тәртіпке ерекше маңыз берілген. Сіз осы ұғымдардың мазмұнын кеңірек ашып бересіз бе?

– Әңгімені осы жылдан бастап елімізде 59 жаңа заң қолданысқа енгізілгендігін айтудан бастасақ, мұның өзі бес институттық реформа кезең-кезеңімен жүзеге асырыла баста­ғандығының көрінісі.
Өткен жылы күшіне енген осы заңна­малық актілер мен заңнамалық өзгерістер – Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық кодекстері – еліміздегі құқықтық жүйені гуманизациялау шаралары екендігі өз алдына, сонымен қатар құқықтық мемлекет құрудағы өркениетті жолдың классикалық үлгісі де болды. 
Құқық қорғау органдары жүйесі кадрла­рын даярлау міндеттерін жүзеге асыратын Құқық қорғау органдары академиясының өкілі ретінде мына нәрсені айтқым келеді: 16 бөлім, 73 тарау және 672 бап енгізілген жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодексте тұң­ғыш рет Миранда ережесі күшіне енді, яғни азаматтардың құқықтары мен бостандығын жүзеге асыру бағытындағы процессуалдық келісімдерге қатысты келісім шаралары, соттық бақылау бойынша тергеу судьялары институты енгізілді. 
Нұрсұлтан Әбішұлының мақаласында құқық тәртібі мен заңдылық мәселеріне ерекше назар аударылған. Уақыты келді, жаңа кезеңге аяқ бастық деп қана қойсақ – ештеңе айтпаған болып шығамыз. 
Ежелгі Рим философы Эпиктеттің заңна­малық жинақтардың негізгі құндылығын айқындайтын мынадай сөзі бар: «ең жақсы заңдар дегеніміз – әділ заңдар». Бұл сөз күні бүгін де өзекті. Тек әділ заң ғана қоғамда құқық тәртібінің негізін құрай алады.
Қағазға түскен заң орындалуы тиіс, «заң­дылық» деген ұғым да осыдан келіп шығады. Солай бола тұрса да, өмірде барлық құқық нормаларының сақталып және мүлтіксіз орындалуына қол жеткізу өте қиын. Күн­делікті өмірде заңбұзушылықтар аз емес. Сондықтан да құқық нормалары талапта­рының орындалуы, оның әрбір азаматтың іс-әрекеттік дағдысына айналуы «құқықтық тәртіп» ұғымының көрінісі болып табылады. 
Іс-қимылдың заңдылықпен астасып жатуын оны (заңдылықты) жүзеге асырудың көрінісі дей аламыз, яғни бұл әрбір адамның және баршамыздың құқық нормалары талап­тарын жүзеге асыруымыз, оны ұстануымыз.
Құқық қорғау қызметін жүзеге асыруда заңдылықты қадағалауды тікелей жүзеге асыратын прокуратура органы маңызды орын алады. Тек прокуратура ғана заңдылықтың кепілі.
Конституциялық институт ретіндегі про­куратура құқықтық мемлекет құрудың ма­ңызды тетігі болып табылатын консти­ту­ция­лық заңдылықты жүзеге асыруда белсенді іс-қимыл жасайды.
– Еркін Әнуәрұлы, республика бойынша алынған статистикалық мәліметтер ойлан­дырмай қоймайды: 2015 жылы 386 718 қылмыс тіркелген екен, бұл 2014 жылға қарағанда 13%-ға көп, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы 26 474 қылмыс жасалыпты. Осындай сандарды көріп отырып, ұсақ құқықбұзушылықтарға «көңіл бөлмей» отыруға бола ма? 
– Сөз жоқ, бұл жерде қоғамдағы ұсақ құқықбұзушылықтарға «атымен төзбеу­ші­лікті» қалыптастыруға бағытталған ең ма­ңызды құжат Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақ­стан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекет­тің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын бас­шылыққа алуымыз керек. Біздің Прези­дентіміздің көрегендігінің бір айғағы – алдыңғы қатарлы шетелдің озық тәжі­ри­белерін талдай отырып, соның негі­зінде Қазақстанның құқық қорғау орган­дарының жұмыстарын жетілдіру әдісте­мелерін енгізуі болып табылады.
Әлемнің барлық елдерінде (мысалы, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Германия, Австралия) өзінің тиімділігін дәлелдеген негізгі бағдарламалар ретінде мыналарды атауға болады: «Көршіні бақылау»; «Сыртқы ортаны ұйымдастыру арқылы қылмысты алдын алу бағдарламалары (Сынық тере­зелер)»; «Қылмысты тоқтатамыз»; жекелеген әлеуметтік топтарға, мысалы, балалар мен жас өспірімдер және т.б. арналған қауіпсіздік бағдарламалары.
 Оған мысал ретінде жалпы криминалдық жағдайдың өршуіне себеп болатын ұсақ құқықбұзушылықтар мәселесін қарасты­ратын «Сынық терезелер теориясы» бағдар­ламасының Қазақстанға енгізілуі болып табылады. Америкалық әлеуметта­нушылар Джеймс Уилсон және Джордж Келлинг 1982 жылы құрған бұл теория әлемнің көпте­ген елдерінде кең қолданыс тапты.
Кезінде Рудольф Джулиани (1994-2001 жылдар аралығындағы Нью-Йорк мэрі) және Нью-Йорктің полиция комиссары Уильям Браттон метрода билетсіз жүретіндерге, қайыршыларға және т.б. сияқты ұсақ тәртіп бұзушылықтарға қарсы күресті бастаған еді. Бұл жағдайға оған дейін аса мән берілмеген еді. Жұртшылық тарапынан сынға ұшыра­ғандарына қарамастан, Джулиани «сынық терезелермен» тоқтаусыз күрес жүргізді, нәтижесінде, қалада қылмыс саны біраз азайып, қала көшелері таза әрі қауіпсіз бо­лып, тұрғындар полицияның тек ұсақ құ­қық­бұзушылықтармен ғана емес, ауыр қылмыс­тармен де күресе алатын мүмкіндіктері бар екендігіне көз жеткізген еді. 
Шет мемлекеттер бұл шараларды қолдана отырып, оның қылмыспен күресте нәтиже­лілігіне қанық болған. Осыдан екі жүз жыл бұрын Чезаре Беккария: «Жазалай бергеннен гөрі, қылмыстың алдын алу тиімдірек болады» деген еді.
Басқа да құқық қорғау органдары сияқты прокуратура үшін де құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау негізгі міндет болып табылады. Сондықтан қылмыстың алдын алудың бір саласы ретіндегі үйлесті­рушілік қызметтерінің тиімділігін жетілдіру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. 
«Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жос­­парын жүзеге асыру аясында айқын­далған 30 қадамды жүзеге асыру бағытында жергілікті полициялық қызмет құрылды. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үрдісіне аза­маттардың белсенді қатысуына ықпал етеді.
Қоғамда құқықбұзушылыққа және тәртіпсіздіктің қандайына да жол бермеу бағытында құқық қорғау органдарының күштерін үйлестіру бойынша прокуратура қызметін жетілдіру жалғасуда. 
– Ақпарат көздеріндегі деректерге қара­ғанда, бүгінде пенитенциарлық жүйені рефор­малау бірден байқалып жатыр.

– Прокуратура органдарымен пенитенциарлық жүйені жақсарту бойынша жұмыстар кең көлемде өткізіліп жатыр. Бас прокурордың басшылығымен Президент Әкімшілігі, Конституциялық кеңес, Пар­ламент, Жоғары сот, дипломатиялық мис­сиялардың басшылары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ХПҰ, халықаралық ұйымдар, ғалымдар, эксперттер, ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен үш форум өткізілді. 
2013 жылы өткізілген І-форум «Түрме тұрғындарын» азайту бағытындағы 10 іс-шара» жобасына арналды. Қазақстан көп жылдар бойы түрмелік индекс бойынша АҚШ және Ресейден кейін әлем бойынша үшінші орынды иемденіп келген еді. Кейінгі II және III-форумдарда «Колония – 2017» бағдарламасы бойынша түрмеде отырған­дардың жұмыспен қамтылуы, қайта әлеуметтенуі мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан осындай реформалар бойынша құқық қорғау органдары қоғамдық қадағалауды қамтамасыз ету саласында бақылауды едәуір күшейте алды.
 Түрмеде отырғандар саны 4 жылда 25%, яғни 52-40 мың адамға кеміген. Әлемдік рейтингте Қазақстан өз позициясын 55-орын­ға дейін жақсартты; соттар бірден бас бостандығынан айырып тастаудан гөрі, басқа жазаларды қолданудың амалдарын қарастыра бастады, яғни бас бостандығынан айыру емес, бас бостандығын шектеуге басымдық берілді. 
2013 жылмен салыстырғанда пробация қызметінің есебінде тұрғандардың жасаған қылмыстары 33%-ға төмендеген. Яғни бұған дейін рақымшылдық бойынша босатылған­дарға қарағанда, кейінгі санаттағы сотталу­шылардың қоғам үшін қаупі азайған; 2015 жылы колонияларда 137 жеке бизнес субъектілері жұмысын бастады.
Колония тарихында алғаш рет 20 сотта­лушы ЖК ашып, өзінің жеке бизнесімен ай­налысуда. Осындай прецеденттер бұрындары болған ба еді? Әрине, жоқ.
 Жүргізіліп жатқан осындай маңызды жұмыстар шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамын іске асыруға бағытталған заңнамалық, ұйымдас­тыру­шылық және басқа да құжаттарды әзірлеу жүзеге асырылып жатқанын да айтпай кетуге болмайды.
– Өткен жылы Елбасы Бас прокуратура жа­нынан Құқық қорғау органдарының ака­демиясын құрды. Осы академияның миссиясы не?
– 2015 жылдың 4 мамырында «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанынан Құқық қорғау академиясын құру туралы» Президенттің Жарлығы шықты. 
Мұндай шешімнің қабылдануы қызмет­керлерді сапалы даярлау мәселесіне негіз­делген: құқық қорғау органдарының білім беру және ғылыми қызмет саласы аясындағы өзара ықпалдастығы мен үйлесімділігінің әлсіздігі; құқық қорғау органдарының шы­найы қажеттілігі мен білім беру үдерісінің арасындағы алшақтық; жоғары оқу орындары түлектерінің білім дәрежесінің төмендігі; алғашқы даярлық жүйесінде қазіргі оқыту әдістерінің жоқтығы; жоғары оқу орында­рының халықаралық стандарттарға және практика талаптарына жауап бере алмай­тындығы, материалдық-техникалық базасы­ның төмендігі осындай шешімнің қабыл­дануын талап етті. 
Сол жылдың тамыз айынан бастап, академия қызметі: құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, оның ішінде Президенттік резерв; құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізу; жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру сияқты негізгі бағыттарын жүзеге асыруға кірісті. 
Президенттік резервті оқыту – басшылық қызметкерлерін даярлаудың мүлдем жаңа формасы. Бұл жаңа заман талабына сай басшыларды даярлайтын болады. 
Біз қызметкерлердің жоғары адамгер­шілік, зияткерлік және мәдени тұлғасын дамытуды негізгі миссиямыз ретінде алға қойдық.
Одан кейінгі міндеттер мыналар: Елба­сының талаптарына толықтай сай келетін тәжірибелік, тиімді ғылыми зерттеу­лер жүргізу, қолданбалы білім беру, біліктілікті арттыру және даярлауды тиімді ұйымдастыру.
Қазіргі таңда академия ғылыми қызмет су­бъектісі ретінде ҚР Білім және ғылым ми­нистр­лігінің кешенді аккредитациясынан өтті.
Барлық құқық қорғау органдары қатары­нан келген магистранттар мен докторант­тарды оқыту басталды. Конкурс бойынша бір орынға магистратурада – 3 адам, докторан­тураға – 8 адамнан келді.
Академияда құрамына барлық құқық қорғау органдарының уәкілетті өкілдері кіретін консультативті-кеңестік орган ретінде ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Осыған байланысты барлық зерттеулердің қолдан­балы сипаттамасы қамтылады және кері байланыс бекиді. 
Бас прокурор академияны «біздің республикада ғана емес, сонымен бірге ТМД елдері арасында теңдесі жоқ жоба» деп атай отырып: «барлық құқық қорғау блогына және олардың басшылығына кадр дайындау үшін қадағалау органының құрамы тарихында бірінші рет білім беру мекемесінің құрылған­дығын» ерекше астын сызып көрсетті. Сон­дықтан да академияны тез арада қалыптас­тыру және одан әрі дамыту барлық құқық қорғау жүйесі үшін жалпы міндетті болады.
Біздің елімізде болып жатқан жаңғырту үдерістеріне Ұлт көшбасшысының жүргізіп жатқан ішкі және сыртқы сенімді саясатының нәтижесінде, қол жеткізіліп жатыр. Егер құ­қықтық реттеу жоғары деңгейде және қажетті жағдайда қамтамасыз етілмесе, қызметтің қай саласында да оң үдерістерге жету мүмкін еместігі барлығымызға белгілі.
Қазақстан әлемдік қоғамдастықта өзінің тиісті орнын иеленді, аймақтық және әлемдік деңгейдегі жан-жақты құрылымдарда оның рөлі өсуде. Осындай көпқырлы жүйенің қалыптасу жағдайында тәуелсіз Қазақстан­ның ұлттық мүдделерінің міндетті түрде ескерілуі еліміз басшылығының орындауға тиіс маңызды міндеттері қатарынан саналады.
Австриялық атақты суретшінің мынадай сөзі бар: «Егер біреу жалғыз өзі ғана арман­даса, бұл жай ғана арман. Ал егер де қандай да бір арман көпшілікті біріктірсе, онда бұл жаңа бастаманың көзі». Біздер қазақстандық арманның жүзеге асуына бар күш-жігерімізді саламыз.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.