Түркістан облысындағы кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлау ісі аяқталды

06 тамыз 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бас прокуратураның Тергеу тобы Түркістан облысы Абай ауылындағы жас баланы жыныстық зорлау туралы қылмыстық ісі бойынша терегеу әрекеттері өндірісін аяқтады.

Іс бойынша объективті шындықты анықтауға байланысты барлық мүмкін болатын сот сараптамалары: медициналық, психология-психиатриялық, биологиялық және молекуларлы-геномдық және т.б. жүргізілді.

Жәбірленуші тараптың өтінішхаты бойынша сараптамалық зерттеулерге Ресей Федерациясының, Қырғыз Республикасының және Грузия мемлекеттерінің жеке және мемлекеттік сарапшылары тартылды. Сондай-ақ маман ретінде салалық балалар дәрігерлері де шақырылды.

Іс бойынша жалпы 14 кешенді сот сараптамасы және 4 түрлі зерттеу жүргізілді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 15-бабы 2 бөлігіне сай жыныстық зорлауды жасаған кезде жауаптылық 14 жастан бастап туындайды.

Қылмыс жасалған кезде күдікті төртеуінің ішінде аталған жасқа тек біреуі ғана толған. Оның әрекеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4 бөлігі бойынша сараланды (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері көрінеу жас балаға қатысты жасалса).

Қалғандарына қатысты қылмыстық іс 14 жасқа толмауына байланысты тоқтатылды.

Қылмыс қатысушылары кәмелетке толмаған балалар болуына байланысты іске қатысты өзге де мән-жайлар жариялауға жатпайды. Қылмыстық-процестік кодекстің 532-бабына сай кәмелетке толмағандардың құпиялыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуға тиiс.

Сонымен қатар жеке өмірге қол сұғылмаушылық әрбір азаматтың конституциялық құқығы және ол мемлекет қорғауында екенін түсіндіреміз.

Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз бұқаралық ақпарат құралдарында не өзге де дербес деректердi телекоммуникациялар желісі бойынша тарату Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу