You are here

ТМД елдері тарапынан қылмыскерлерді Қазақстанға қайтару бойынша проблемалар жоқ - Иоган Меркель

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанда «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың картасы» құрылуда және оны 2016 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осы порталдың жұмысы жайында айтып берді. Сонымен қатар ол Бас прокуратураның халықаралық ынтымақтастық және шетелде Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау саласындағы жұмыстарды қорытындылады.

- Мемлекет басшысы «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталын құруды тапсырды. Ұлт жоспарының 32 қадамына енген осы шараны орындау қалай жүріп жатыр?

- «Қылмыстық құқық бұзушылықта картасы» интернет-порталы бұдан бұрын Бас прокуратурамен құрылған «Қылмыстылық картасы»  геоақпараттық қызметі негізінде жүзеге асырылады. Онда  Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізімінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер болады. Мәселен, аталған Тізімде қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы өтінімдер мен хабарлар  тіркеліп, енгізілгеннен кейін жасалған қылмыс фактісі автоматты түрде 3-4 минут ішінде географиялық картада көрінеді.  Осы арқылы интерактивті картаны Сотқа дейінгі тергеудің  бірыңғай тізімімен байланыстыра отырып, біз жасалған қылмыстардың орны мен уақыты жайында деректер аламыз. Қазіргі кезде «Қылмыстылық картасы» барлық облыс орталықтарымен, Астана және Алматы қалаларымен, сондай-ақ моноқалалармен ұсынылған. Жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін 7 моноқала және 250-ден астам аудан орталықтары бойынша географиялық карталарды құру қажеттілік етуде.

- «Қылмыстық құқық бұзушылықта картасы» порталын құру арқылы қандай нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отырсыздар?

- Менің ойымша, бұл өз кезегінде ішкі істер органдары жұмыстары тиімділігіне қоғамдық бақылауды арттырады, қылмыстылықтың алдын алу деңгейін жоғарылатып, қылмыс көлемін төмендетеді. Карта елді мекендегі аудандардың криминогендігі туралы жұртшылықты ақпараттандыру тетігі, осы орайда ол азаматтарды барынша қауіпсіздендіруге және адамдардың қырағылығын арттыруға мүмкіндік береді.

- Осы тектес порталдар басқа елдерде іске қосылған ба және олар қаншалықты жақсы нәтиже беруде?

- АҚШ-та қылмыстылық картасы 10 жылдан астам, Ұлыбританияда 2009 жылдан, ал Францияда 2013 жылдан бері жұмыс істеуде. Ұлыбританияда карта әрбір турист үшін таптырмайтын көмекші болып отыр, себебі ондағы кестелерден туристер елдің әрбір бөлігінде жиірек жасалатын қылмыстар жөнінде ақпарат алады. Сонымен қатар осында қажет болуы мүмкін барлық жедел байланыс телефон нөмірлерін табуға мүмкіндік бар.

- Менің келесі сұрағым Бостондағы іс бойынша АҚШ-та сотталған қазақстандық студент Диас Қадырбаевқа байланысты. Америкалық тарап оны Қазақстанға экстрадициялау туралы БП-ның қолдаухатын қарастырды ма?

- Сіздер білесіздер, 2015 жылдың 6 желтоқсанынан бастап Қазақстан АҚШ секілді Қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенциясының қатысушысы болып табылады. Осыған байланысты Қазақстанның осы конвенцияға қосылуымен, 2015 жылдың 12 желтоқсанында Бас прокуратура АҚШ-тың өкілетті органы алдында Д. Қадырбаевты Қазақстанға тапсыру  бастамасын тағы да көтерді.

Қазіргі кезде аталған өтініш америкалық тараптың қарауында. Ал Азамат Тәжаяқов туралы айтатын болсақ, оның өзінен немесе туыстары тарапынан Қазақстанға экстрадициялау туралы өтініш бізге жасалған жоқ. Осындай өтініш болған жағдайда А. Тәжаяқовты қайтару мәселесі халықаралық және Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.

Айта кетейін, Қазақстан азаматтары құқын қорғау мақсатында бес жылда шетел соттарымен сотталған 152 біздің азамат Қазақстан аумағына қабылданды.

- Соңғы бес жылда Қазақстанға қанша адам экстрадицияланды?

2011 жылдан бері Қазақстанға 349 адам экстрадицияланды, ал біз 555 адамды елдеріне қайтардық. Сондай-ақ біздің 100-ден астам сауалдарымыз шет елдердің құзыретті органдарының қарауында жатыр.

Алыс шетел мемлекеттерінен жыл сайын іздеудегі 3-4 адам тапсырылады. Соңғы екі жылда БАӘ тарапы Қазақстанға сегіз адамды қайтарды. Соңғы жылдары Еуропа елдері Қазақстанға қылмыскерлерді тапсыру бойынша шешімдерді жиі жасауда. Осы орайда қылмыскерлерді елге қайтару туралы Испания, Португалия, Румыния, Швеция, Болгария, Германия, Финляндия оң шешімдер жасады. Қылмыскерлерді елге қайтару бойынша өтініштерді көбінесе Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Украина секілді посткеңестік елдер қанағаттандыруда. Атап айтқанда, бұл бағытта ТМД елдерімен проблемалар туындап отырған жоқ.

-Еліміздегі түзету колонияларында қанша шетел азаматы қамауда отыр?

- ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәліметтері бойынша 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға қарағанда, еліміздегі түзету мекемелерінде шет мемлекеттердің 1534 азаматы қамауда отыр, оның 1482-сі ТМД азаматтары, 52-сі алыс шетелден.

Атап айтқанда, шет елдің азаматтарын елдеріне қайтару үдерісі экономикалық тұрғыдан алып қарағанда тиімді. 2015 жылда шет мемлекеттерге 99 сотталған адам тапсырылды, оларда жазаның өтелмеген мерзімі шамамен 5-6 жылды құрайды. Бас бостандығынан айырылған  бір адамға жылына 600 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Осы арқылы, мемлекет жылына 375 млн. теңгеден астам қаржыны үнемдеді. Бұл өз кезегінде 2014 жылға қарағанда екі есеге жуық артық.

-Әңгімеңізге рахмет!

Автор: Руслан Ғаббасов

КАЗИНФОРМ

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.