You are here

Прокуратура органдарының бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындылары бойынша өткен Бас прокуратураның алқа мәжілісі туралы баспасөз ақпараты (Астана қаласы, 18 шілде 2014 ж.)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгін Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қайрат Қожамжаровтың қатысуымен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Жиында ағымдағы жылдың бірінші жартысында атқарылған жұмыстардың қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды.

Мәжіліс барысында қадағалау қызметінің нәтижелері мұқият сараланып, шешімін табуға тиісті өзекті мәселелер көтеріліп, келешектегі басым міндеттер белгіленді.

Бас Прокурор атап көрсеткендей, өткен жартыжылдықта қадағалау органдарының күш-жігері заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, жұмысшылар мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының, кәсіпкерлердің және мемлекеттің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге, сондай-ақ Мемлекет Басшысының тапсырмалары мен бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруға бағытталды. Бас прокуратура жүргізген заңшығармашылық жұмыстың басты нәтижелерінің бірі - жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің қабылдануы болды.

Прокурорлардың араласуымен әлеуметтік-экономикалық саладағы 269 мыңнан астам заң бұзушылықтың алды алынып, 12 700 заңсыз құқықтық актінің күші жойылды. 35 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылып, 300 қылмыстық іс қозғалды.

Барлығы 390 мыңнан астам адамның бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, 122 мыңнан астам кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалды.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, жалақы бойынша қарыздарды азайту жөніндегі жүйелі жұмыстар бұрынғыша басым бағыттардың бірі ретінде қалып отыр. 2010 жылдан бері жұмыс берушілердің қарыздарының көлемі 4,6 миллиардтан 623 миллион теңгеге дейін, яғни 7 есеге азайды. Биылғы жылдың басынан бері 40 проблемалық кәсіпорындағы 668 млн. теңге көлеміндегі қарыз толығымен өтелді.

Осы орайда Қарағанды және Қостанай облыстары прокуратураларының жұмыстары аталып өтілді, олар 271 миллионнан астам теңгенің өтелуін қамтамасыз еткен. Атырау облысының прокуратурасы өңірдегі еңбек жалақысы бойынша қарыздардың толығымен өтелуіне ықпалын тигізген.

Алыпсатарлардың жолдарын кесу бойынша прокурорлар қолға алған шаралардың нәтижесінде 2012 жылдан бастап жалпы құны 420 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын жер телімдері мемлекетке қайтарылған.

Мысалы, Алматы облысында «Gate City» жобасының құрылысы үшін үш жер телімінің жоғары бағамен сатылып алынуы фактісі бойынша прокурорлар сотқа заңсыз төленген қаржыны өндіру туралы талап-арыз енгізді. Аталған заңсыз мәмілелерден келген шығын көлемі 900 млн. теңгеден асады.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы камералдық талдау арқылы өңірде қолданылмай жатқан 990 ауылшаруашылық телімдерін анықтады, олардың кадастрлық құны 3,5 млрд. теңгені құрайды. Бүгінде бұлардың ішіндегі 272 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Прокурорлар жүзеге асырған осындай шаралардың нәтижесінде шаруалардың ауыл шаруашылығына арналған жерлерді кеңінен пайдалануына мүмкіндік беріліп, шаруа және фермерлік қожалықтар санының артуына ықпал жасалды.

 Мемлекеттің материалдық мүдделерінің қорғалуы мәселелері үнемі бақылауда болып, 38 млрд. теңгеден астам қаржы мемлекет қазынасына қайтарылды.

Президенттің бизнесті қорғау турасындағы тапсырмаларын орындау аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен белсенді ынтымақтастық жалғасын тауып, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру, заңсыз тексерістерге тосқауыл қоюға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мораторий жарияланғаннан кейін құқықтық статистика органдарында шағын және орта бизнеске жасалған 1561 тексеріс қана тіркелген, ал өткен жылдың осындай кезеңінде 51 857 тексеріс жүргізілген болатын.

Прокурорлар мемлекеттік сатып алулар саласында да заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын белсенді түрде жүргізді. Мысалы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарының прокуратуралары 90 конкурстың күшін жойып, нәтижесінде мемлекеттің экономикалық мүддесіне келетін 17 млрд. теңгеден астам қаржы шығынының алды алынды.

Жалған кәсіпорындарды мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы прокурорлар енгізген 222 талап-арызды соттар қанағаттандырды. Мұндай жалған кәсіпорындардың бюджет алдындағы жиынтық қарыздары 27,4 млрд. теңгені құраған. Сондай-ақ, жалған кәсіпкерлік жолымен жасалған мәмілелер бойынша 14 қылмыстық іс қозғалды.

Көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы іс-шаралар барысында жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген 110 қозғалмалы бірлік қолданыстан алынып тасталды. 

Діни экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою жөніндегі жұмыстардың аясында прокурорлардың және уәкілетті органдардың арыздары негізінде соттардың шешімімен 15 интернет-ресурстың өнімдері заңсыз деп танылды. Сондай-ақ, прокурорлардың 175 ақпараттық материалдың мазмұнын экстремистік деп тану туралы арыздары қанағаттандырылды. Бұл өнімдердің Қазақстан аумағында таратылуына тыйым салынған.

Қылмыспен күрес саласындағы есепке алу мен тіркеу тәртібін күшейтудің нәтижесінде қымыстылық деңгейі 5,5 пайызға төмендеді. Аса ауыр қылмыстардың тіркелуі 24,3 пайызға, ауыр қылмыстардың тіркелуі 25,7 пайызға бәсеңдеген. Кісі өлтіру, ұрлық, тонау, қарақшылық, бопсалау, алаяқтық сияқты қылмыстарлың саны да айтарлықтай азайған.

Прокурорлар заңсыз ұсталған 954 азаматты қамаудан босатып, 586 адамға қатысты негізсіз жүргізіліп келген жедел-іздестіру шараларына тоқтау салды.

Арнайы прокурорлар неғұрлым күрделі және қоғамда қызу пікірталас тудырған 292 қылмыстық іске тергеу жүргізді, олардың ішіндегі 82 іс сотқа жолданды.

Жыл басынан бері прокуратураға 144 мыңнан астам жеке адамдар мен заңды тұлғалар шағымданса, оның ішінде 20 мыңнан астам арыз прокуратура басшыларының жеке қабылдауы кезінде түскен. Әрбір өтініш тиісті түрде тексеріліп, азаматтардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілген. Өтініштерді қарау нәтижесінде 11 281 адамның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Прокуратураның наразылық енгізуі бойынша 801 адамға қатысты шығарылған үкімдер заңға сәйкестендірілді. Сондай-ақ, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілеріне енгізілген 1001 наразылық қанағаттандырылды.

Прокурорлардың араласуымен мемлекет кірісіне 10,5 млрд. теңге өндіру туралы, 2,5 млрд. теңге шамасындағы қаржыны азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына шешу, оның ішінде 789 млн. теңгені құрайтын жалақыны өндіріп алу туралы шығарылған сот шешімдері орындалды.

Президенттің көмекшісі–Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қайрат Қожамжаров өз сөзінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейтуде, азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуде және еліміздің тұрақты дамуы жолында прокуратура органдарының қызметі маңызды факторлардың бірі болып табылатынын ерекше атап өтті.

Құқықтық саланы реформалаудағы прокуратураның қосқан үлесі аталып өтілді.  Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы төрт жаңа кодекстің қабылдануы соның бірден-бір дәлелі.

Бас прокуратура Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын және Құқық қорғау органдарының кадрлық саясаты тұжырымдамасын әзірлеуші болып табылады.

Мемлекеттің және қоғам өмірінің түрлі салаларындағы заңдылықты қамтамасыз етуде прокуратура органдарының жұмысы профилактикалық және алдын алушылық сипатта болуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында жарияланған мемлекеттің жаңа саяси курсын іске асыру аясында прокуратура құқық қорғау саласында басталған қайта құрулардың қозғаушы күші болатынына Қайрат Қожамжаров сенім білдірді. 

Сонымен қатар, орын алған олқылықтарды атап көрсеткен Бас Прокурор қадағалау органдарының қызметкерлеріне ескерту жасай келіп, кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмысқа ұстанымын қайта қарау, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерінің тиісті түрде қаралуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Жартыжылдықтың қорытындысын талқылау нәтижесін тұжырымдаған Бас Прокурор кезек күттірмес ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралар қабылдап, оны прокурорлық қадағалаудың тиімділігін одан әрі арттыруға бағыттауды тапсырды.

Жаңартылған қылмыстық заңнаманың күшіне енуі жағдайындағы жұмысқа барынша тиімділікпен бейімделу, Президент бекіткен қылмыстық сот өндірісінің жаңа үлгісіне көшу жөніндегі мемлекеттік жоспарды тиісінше орындау бірінші кезектегі міндет ретінде белгіленді.

Сондай-ақ, алқа отырысында азаматтардың сенім деңгейін арттыруға бағытталған Құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың жоспары талқыланды. Осы орайда прокурорлардан аймақтық мемлекеттік органдардың азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізулеріне жүйелі түрде талдау жасалуын жолға қоюды талап еткен Асхат Дауылбаев шағымдарды толық әрі жан-жақты қарау жергілікті жерлердегі прокурорлардың жұмысын бағалаудың басты өлшеміне айналатынын атап көрсетті.

Сонымен қатар, еңбек құқықтарын, азаматтардың әлсіз топтарының әлеуметтік кепілдіктерін, жетім балалардың мүліктік құқықтарын, кәсіпкерлікті, ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа, экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметі, халықаралық ынтымақтастық, атқарушылық өндіріс саласындағы қадағалауды күшейтудің маңыздылығына алқа жұмысына қатысушылардың назары аударылды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.