You are here

Прокуратура органдарының 2013 жылғы жұмыс қорытындылары бойынша Бас прокуратураның алқа мәжілісі туралы баспасөз ақпараты (Астана қ., 2014 жылғы 17 қаңтар)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауынан кейін Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті, онда Бас Прокурор мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының алдына Президент қойған стратегиялық міндеттерді жеткізді. Асхат Дауылбаев барлық жеке құрамға бағдарламалық құжаттың ережелерін мұқият зерделеуді, Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.

Сондай-ақ жиналыста прокуратура органдарының өткен жылғы жұмыс қорытындылары талқыланды, Президент берген тапсырмаларды есепке ала отырып, қызметтің алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттары айқындалды.

Алқа жұмысына Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қайрат Қожамжаров, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Бас прокуратура орталық аппаратының, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің, Бас әскери және Бас көлік прокуратураларының қызметкерлері, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар, бейнеконференциялық байланыс режимінде облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі прокуратуралар қызметкерлері қатысты.

Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қайрат Қожамжаров өз сөзінде құқық қорғау органдарының тиімділігін, заңдылық пен құқықтық тәртіптің деңгейін одан әрі арттыру, шиеленісті жағдайларды ескерту және экстремизм мен терроризмге тосқауыл қоюдың ұтымды тетіктерін әзірлеу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы прокуратураның үйлестірушілік рөлін атап көрсете отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру мағынасындағы қадағалау органдары жұмысының басым бағыттарын белгіледі.

Мәжіліс барысында заңдылықтың жай-күйінің және прокурорлық қадағалаудың әртүрлі қырлары егжей-тегжейлі талқыланды, шешімін табуы тиіс проблемалық мәселелер көтерілді, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.

Өткен жылы «Қазақстан-2050» Стратегиясын, сондай-ақ Президенттің 2013 жылғы қаңтарда құқық қорғау органдарымен өткізген жиналыста берген тапсырмаларын жүзеге асыру прокуратура органдары қызметінің негізгі өзегіне айналды. Мақсатқа бағытталған жұмыстардың нәтижесінде берілген тапсырмалардың толықтай және белгіленген мерзімінде орындалуына қол жеткізілді.

Құқық қорғау қызметін жетілдірудің маңызды бағыттары бойынша жемісті заңнамалық жұмыс жылдың басты қорытындыларының бірі болды. Жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерімен жұмыс аяқталды және олар Парламентке енгізілді. Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік бағдарламалары, Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасы, Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар басшыларының президенттік резервін қалыптастыру ережесі дайындалды және оларды Президент бекітті. Өзге де өзекті құқықтық актілер бойынша жұмыс жалғасуда.

Қадағалау қызметінің аясында прокурорлардың басты күш-жігері халықтың әлеуметтік әлсіз жіктерінің, кәсіпкерлердің және мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау проблемаларына шоғырландырылды. Сыбайлас жемқорлық және экстремистік көріністеріне қарсы тұру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

450 мыңнан астам заңдылықтың бұзылуы анықталып, жойылды. 32 мыңнан астам заңсыз құқықтық актілердің күші жойылды. 735 қылмыстық іс қозғалды.

670 мың азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, олардың арасында 155 мың кәмелетке жасы толмағандар, 14,5 мың мүгедектер мен қарттар үйлеріндегі адамдар бар. Азаматардың құқықтарын бұзғандары үшін 11 мыңға жуық лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша барлығы 60 мыңнан астам құқық бұзушылар әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттің материалдық мүддесін қорғау мәселелері тұрақты бақылауда болды. Прокурорлардың күш-жігерінің арқасында мемлекет кірісіне 41 миллиардтан астам теңге өндірілді. Құны 5,5 млрд теңгені құрайтын мүлік, соның ішінде құны 173 млрд теңгені құрайтын 188 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Соттар прокурорлардың 28,5 млрд теңге сомасындағы шағымдарын қолдады.

 Прокурорлар қабылдаған шаралардың нәтижесінде 7 миллиардтан астам теңге сомасындағы жалақы бойынша мерзімі өтіп кеткен қарыздар төленді, осылайша, 130 мың жұмысшының еңбек құқықтары қорғалды. Прокурорлар 13 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтарын олардың қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғады.

Прокурорлар пайдалану мерзімі өтіп кеткен 100-ден астам ұшақтың пайдаланылуын тоқтатты.

Прокурорлық тексерістер ұзақ уақыт бойына әрекет етіп келген кен орындарынан мұнай ұрлаудың, Орал-Жайық бассейніндегі браконьерліктің қылмыстық схемаларының жолын кесуге мүмкіндік берді.

Радикалдық діни идеологияны таратудың жолына тосқауыл қою бойынша мақсатқа бағытталған жұмыс жүргізудің нәтижесінде прокурорлардың арыздары негізінде соттардың шешімімен терроризм және экстремизм идеяларын насихаттаушы 596 деструктивті интернет-ресурсқа кіру тоқтатылды.

Кезекші прокурорлар институтының жемісті қызмет етуі нәтижесінде ішкі істер органдарының қызметтік бөлмелерінен заңсыз ұсталып отырған 2 мыңға жуық азамат босатылды. Негізсіз жүргізіліп келген 672 жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылды.

Арнайы прокурорлар 437 күрделі, сілкініс туғызған қылмыстық істерге тергеу жүргізді, олардың 176-сы сотқа жолданды.

Прокурорлардың наразылығы бойынша 1432 тұлғаға қатысты 1142 сот актілері заңға сәйкес келтірілді.

Қылмыстық қудалау органдарының 2,5 мыңнан астам лауазымды тұлғалары есепке алу-тіркеу тәртібін бұзу және қылмысты жасыру фактілері үшін жауапкершілікке тартылды.

Прокурорлардың араласуынан кейін мемлекеттің кірісіне 8 миллиардқа жуық теңгені, азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына 14 миллиард теңгені өндіру туралы сот актілері орындалды.

 Прокуратура органдарына 279 мыңға жуық азаматтар мен заңды тұлғалар көмекке жүгінді. 13 мыңға жуық өтініш қанағаттандырылды. 63 мыңнан астам өтініш мәні бойынша қарау үшін құзыретті мемлекеттік органдарға бақылаумен жолданды. Өзгелері бойынша заңға сәйкес түсіндіру жүргізілді.

Халықаралық ынтымақтастық саласында оң өзгерістер орын алды. Өткен жылы Бас прокуратура Италия, Испания, Чехия, Түркия және өзге де елдермен құқықтық көмек, сотталғандарды ұстап беру туралы келісім-шарттар жасасты.

Азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды жандандыру қадағалау органдары қызметінің тиімділігін арттырудың маңызды факторына айналды. Бас прокуратура жанындағы жаңартылған құрамдағы Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Қоғамдық кеңес еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудың өзекті мәселелерін, қоғамды толғандыратын көкейкесті проблемаларды талқылауға белсенді атсалысады.

Алқа жұмысының қорытындысы бойынша Бас Прокурор өңірлік прокурорларға қадағалау қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру, ел Президентінің Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша жауапты міндеттер қойды. Экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою, сыбайлас жемқорлықпен, ұйымдасқан қылмыспен күрес, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері басым бағыттар ретінде анықталды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Фотосуреттер:

www.prokuror.gov.kz

twitter.com/#!/GenProkRK, facebook.com/GenProkRK, vk.com/Basprokuratura, el.kz/b194634, genprokrk.yvision.kz

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.