Қылмыстық қауымдастықтың мүшесін экстрадициялау туралы ақпарат (2015 ж. 17 наурыз)

17 наурыз 2015 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұратуымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209-бабы 3-тарауының «б» тармағы бойынша (ұйымдасқан топтың экономикалық контрабанда жасауы) және 235-бабы 2-тарауы (ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасау үшін құрылған қылмыстық қауымдастыққа қатысу) бойынша айыпталған Өміржан Кәрібаев Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланды.  

Экстрадицияланған адам былтырғы жылы жазда Алматы облыстық соты қараған «хоргос ісіне» қатысы бар айыптылардың бірі болып табылады. Аталмыш ұйымдасқан қауымдастықтың мүшелері Қытайдан жалпы құны 1,2  млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын аса жоғары көлемде контрабанда жасағаны үшін айыпты деп танылған болатын.

Тергеу барысында Кәрібаев шет елде бой тасалап үлгергендіктен, оған Интерпол жүйесі арқылы халықаралық іздестіру жарияланған еді.

Интерпол Ұлттық орталық бюросының іздестіру шаралары нәтижесінде 2014 жылы қарашада оның Біріккен Араб Әмірліктері аумағында екендігі анықталып, осы орайда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы оны елге қайтару туралы сұраныс жолдаған болатын.

Екі мемлекеттің құзіретті органдарының, оның ішінде еліміздің Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде Ө.Кәрібаев Дубайдан Алматыға әкелініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу