You are here

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ж.Қ. Асановтың үндеуі («Прокуратура туралы» Заңның 25-2 бабының тәртібінде)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

«Прокуратура туралы» Заңның 25-2 бабын басшылыққа алып, келесі үндеу жасаймын.

 Тұрғын үй – өмірдегі ең басты қажеттіліктің бірі. Халқымыз «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекер айтпайды. Оны қол жетімді ету үшін елімізде арнайы бағдарламалар іске асуда. 25 жылда миллионнан астам отбасы баспаналы болды.

Бірақ, осы мәселенің басқа да жағы бар. Кейбір құрылыс компаниялары арзан бағамен қызықтырып, күмәнді шарттар ұсынып, көп адамды алдап кетті. Азаматтар жылдап жинаған ақшасынан айырылып, армандаған пәтерін ала алмай қалған.

3 күн бұрын, 10 қазанда жаңа заң қолданысқа енді.

Енді құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшасын тек екі жағдайда ғана тарта алады:

- арнайы Қор компанияға кепілдік берсе;

- немесе әкімдіктің рұқсат қағазы болса.

Ал, әкімдік рұқсатты қандай жағдайда береді? Құрылыс бітеді деп банк кепілдік берсе немесе үйдің қаңқасы (каркасы) салынып бітсе. Сөйтіп, бұл заң алаяқтардың қармағына түсіп қалмауға бөгет болмақ.  

Сондықтан қазақстандықтарды заңға сүйеніп, ескертетінім – кез-келген жарнамаға, ауызша берген уәдеге сеніп, «үй салатын жері бар екен ғой» деп ақшаларыңызды кім болса соған бермеңіздер! Сөзсіз, әркім өз ақшасына өзі ие. Бірақ, компанияның құжаттары заң талаптарына сәйкес болмаса да, оған ақшасын беріп, алданып қалғандардың алдында жергілікті әкімдік те, Кепілдік қоры да жауап бермейді. Әрине, алаяқтар қылмыстық жауапкершілікке тартылар. Бірақ, түбінде үйдің құрылысы аяғына дейін бітпей, ақшаңыз қайтарылмай қалуы мүмкін.

Сондықтан Бас Прокурор ретінде заңға сүйеніп ескертемін - ақшаны үлескерлік құрылысқа берместен бұрын компаниядан екі құжаттың бірін талап етіңіз:

Кепілдік қорымен жасалған шартты;

- немесе әкімдіктің рұқсатын.

Бұл құжаттарды өз көзіңізбен көріп, мұқият оқып шығыңыз.

Бірақ, олар да жалған болуы мүмкін. Ең дұрысы – өзіңіз әкімдікке барып немесе оның ресми сайтынан әкімдіктің рұқсаты немесе Қордың кепілдігі бар ма, жоқ па, соған көз жеткізіңіз.

Мұндай құжат бар болса, онда екінші қадам – «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа» қол қою. Бірақ, одан бұрын оны да бастан-аяқ оқып шығып, Ұлттық экономика министрі бекіткен (28.07.2016 №345 бұйрық) үлгілік шартпен салыстырыңыз. Шарттың басқа түрлерін жасауға тыйым салынған. Бұрын компаниялар ақша тарту үшін «инвестиция жасау», «бірлескен қатысу», «алдын-ала сату» шарттарын ұсынатын. Енді мұндай құжат түрлері заңсыз. Келісім тек «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт» деп аталуы керек. Бұл өте маңызды.

Назар аударыңыз: бұл шарт әкімдікте есепке алынғаннан кейін ғана жасалған және заңды күші бар деп саналады.

Шарттың мазмұнында қандай да бір күмәніңіз туса, заңгерден, әкімдіктен сұраңыз, құқық қорғау органына сауал жіберіңіз. Алданып қалмау үшін осылай барынша сауатты қимылдаған жөн.

Егжей-тегжейлі ақпаратты әкімдіктердің және арнайы ашылған ulesker.kz сайтынан алуға болады.

Алаяқтардың көбеюіне өзіміз жағдай жасамайық, қадірлі азаматтар!

Құқық қорғау органдарына - тұрғын үй саламыз деп, халықтан заңсыз ақша жинаудың әрбір фактісі бойынша дереу қылмыстық қудалауды бастаңыздар.

 

Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Жақып Асанов

Теги: 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.