Қазақстан Бас прокуратурасында халықаралық конференция өтті

07 желтоқсан 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

2018 жылғы 6 желтоқсан, Астана. Бүгін Қазақстанның Бас прокуратурасында Біріккен Араб Әмірліктерінің, Қытайдың, Ресейдің, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Өзбекстанның және Моңғолияның қадағалау ведомстволары өкілдерінің қатысуымен өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және ұйымдасқан қылмыспен күресте күш-жігерді үйлестіру мәселелері бойынша халықаралық конференция өтті.

Іс-шара трансұлттық кылмыспен күресте күш-жігерді біріктіру мақсатында қазақстандық тараптың бастамасы бойынша өтті.

Конференцияға қатысушылар ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар жөніндегі тәжірибені бөлісе келе, қауіпсіздіктің жаңа сын-қатерлері мен қауіптің алдын алу барлық мүдделі мемлекеттердің құқық қорғау органдарының ынта-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті.

Қазақстандық прокуратураның халықаралық ынтымақтастық саласындағы жетістіктері туралы хабардар ете отырып, Қазақстан қатысушы болып табылатын шарттық-құқықтық құжаттар кешеніне баса назар аударылды.

Бүгінгі күнге дейін еліміз қылмыспен күрес, сондай-ақ адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы 100-ден астам халықаралық конвенциялардың толыққанды мүшесі болып табылады. Европа, Азия және Америка елдерімен осы салада 60-тан астам екі жақты келісімдер жасалды. Олардың арасында Қытай, Үндістан, Ұлыбритания мен АҚШ сияқты ірі елдер бар.

Сондай-ақ Қазақстан үш америкааралық конвенция – қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы, беру туралы және шетелде қылмыстық жазаны өтеу туралы конвенцияларға қосылған америкалық емес бірінші ел болды. Тек биылғы жылдың өзінде  Қазақстанның Бас прокуратурасы Моңғолиямен, Біріккен Араб Әмірліктерімен, Бразилиямен және Украинамен жеті мемлекетаралық шарттар жасасты. Македониямен халықаралық шарттардың толық пакетіне қол қою жоспарланып отыр.

Көрсетілген жұмыстың нәтижесінде, іздестіріліп жатқан 54 адам биыл Қазақстанға кері қайтарылды, шетел мемлекеттеріне 99 тұлға берілді.

Қазақстан қылмыспен күрес, оның ішінде оның ұйымдасқан нысандары саласындағы БҰҰ-ның барлық негізгі конвенцияларын іс жүзінде ратификациялады.

Қазақстан Республикасы 2008 жылы ратификациялаған БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының нормаларын енгізу мақсатында отандық қылмыстық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Тансұлттық ұйымдасқан топтарды құрғаны және басшылық жасағаны, тап солай оларға қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді (ҚК-нің 264, 265-баптары), Қылмыстық кодекстің жеке бабында (ҚК-нің 266-бабы) қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру, сондай-ақ мүлікті сақтау, бөлу және қаржыландыру арналарын әзірлеу үшін жауаптылық көзделді; ұйымдасқан қылмыстық топтардың, ұйымдар мен қоғамдастықтардың басшылары мен қатысушыларының жауапкершілігі қатаңдатылды.

Конференцияға қатысушылар трансұлттық қылмыспен күресте құқық қорғау органдары жұмысының табысты болуының кепілі халықаралық ынтымақтастықты жетілдіруде деген пікірге келді. Олар сондай-ақ сындарлы ынтымақтастық және құқық саласындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылауға мүмкіндік туғызғаны үшін қазақстандық тарапқа ілтипатын білдірді.

Қайрат Қожамжаров халықаралық конференция аясында БАӘ-нің Федералдық прокуроры Әль-Шамси мырзамен, сондай-ақ Кырғызстанның Бас Прокуроры Откурбек Джамшитовпен, Тәжікстанның Бас Прокуроры Юсуф Рахмонмен, Өзбекстанның Бас Прокуроры Отабек Муродовпен және Моңғолия Бас Прокурорының орынбасары Эрдэнэбат Ганбатпен екі жақты кездесулер өткізді.

 

                                                                                                ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

 

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу