Қ. Қожамжаров Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы мемлекеттер бас прокурорларының отырысына қатысты

20 қыркүйек 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан делегациясының Душанбе қаласына (Тәжікстан Республикасы) жасаған сапары аясында Қазақстанның Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы мемлекеттер бас прокурорларының 16-отырыс жұмысына қатысты.

Жиынға ШЫҰ мемлекеттері – Ресей, Қытай, Үндістан, Қырғызстан, Тәжістан, Өзбекстанның, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттер мен диалог бойынша серіктестердің жоғары қадағалау органдарының басшылары жиналды.

Қатысушылар терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибелерімен бөлісті, ақпарат алмасу және ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде Қ. Қожамжаров Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың биылғы жылдың қаңтар айында БҰҰ алаңында ұсынған Терроризмнен азат бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі кодексті қабылдау туралы бастамасын ерекше атап өтті.

Бас Прокурор аталған кездесулердің тиімділігі мен маңыздылығын айтып, еліміздегі шараларға жеке тоқталды.

Бүгінде Қазақстан 16 халықаралық әмбебап конвенция мен хаттамаға қосылды. Елде 24 ұйым сот тәртібімен террористік және экстремистік деп танылды, олардың жұмысына тыйым салынды.

«Террористік қауіптің жаһандық сипатын түсіне отырып және оған толықтай төзбеушілік көрсету арқылы, біздің көпжақты өзара іс-қимылды күшейту қажет», - деген ой білдірді Бас Прокурор.

Кибертерроризм көріністерінің артуын ескере келе, Қ. Қожамжаров ШЫҰ шеңберінде интернет кеңістіктегі терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен құқықтық құжатты қабылдау туралы ұсыныс жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар экстремизм, терроризм және сепаратизмге, заңсыз есірткі айналымына, адам саудасына, экстремизм мен терроризмді қаржыландыру үшін қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыруға қарсы күрес бойынша ШЫҰ қатысушы мемлекеттер прокуратураларының күш-жігерін біріктіруге уағдаласты.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу