You are here

«EXPO 2017» көрмесін дайындау және оны өткізу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өткен Үйлестіру кеңесінде Бас прокурор Жақып Асановтың сөйлеген сөзі (Астана, 2016 жылғы 14 шілде)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Құрметті әріптестер!

 

Дүниежүзілік ЭКСПО-ның бір жарым ғасыр тарихы бар. Келесі жылы ол бізде өткізілмек. Бұрынғы Кеңес Одағының 15 елінен мұндай мәртебеге бірінші болып қол жеткізген Қазақстан. Бұл әрі жетістік, әрі абыройымызды көтеретін мегажоба.

ЭКСПО-ны өткіземіз деп мықты елдер таласты. Бірақ, Елбасымыздың жеке абыройы мен биік беделінің арқасында Халықаралық Көрме Бюросының Ассамблеясы Астананы таңдады. Сөйтіп, 18 жыл бұрын ғана салына бастаған елордамыз мың жылдық тарихы бар, осы ЭКСПО-ны өткізген Париж, Лондон, Нью-Йорк, Шанхай, Милан қалаларымен қатарласты.

ЭКСПО – ол жай ғана көрме емес. Оның әрбір қазақстандыққа, бүкіл елімізге беретін пайдасы зор. Бірақ, көбіміз оны біле бермейміз.

Біздің сұрауымызбен ЭКСПО «жасыл энергетикаға» арналатын болды. Өйткені, мұнай мен газдың дәуірі бір күні бітеді. Сондықтан адамзат басқа энергия көздеріне көше бастады. Қазақстанның климаты осыған өте қолайлы - бізде күн де көп, жел де қатты, ағын су да мол. Оны игерсек, жылу мен жарық арзанға түседі. Дамыған елдер мен компаниялар ең озық инновацияларын Астанаға әкеледі. Бұл технологияларды отандық кәсіпкерлер көреді, біз көреміз, балаларымыз көреді. «Жасыл энергетиканың» перспективасын түсініп, талай жастар қызығып, әсіресе, өңірдегілер, осындай бизнеске ұмтылар.

Екіншіден, ЭКСПО экономиканың басқа да салаларына қан жүгіртпек – қонақ үй мен туристiк бизнес, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану, электронды коммерция, қызмет көрсету. Бұл мыңдаған жұмыс орындары. ЭКСПО біткеннен кейін жаңа ғимараттар қаламыздың сәулеті мен дәулетін арттырады. Астанамыз үлкен қаржы орталығына айналмақ. Тұрғын және қонақ үйлер, сауда орталықтары – өзімізге қалатын дүние.

Қазір ЭКСПО объектілері жоспарға сай салынуда. Көрмеге 100-ге жуық мемлекет қатыспақ. Трансұлттық компаниялар да қызығушылық танытуда. Жан-жақтан 5 миллион қонақ келмекші. Сондықтан ең маңыздысы - қауіпсіздік шаралары. Бұл ең алдымен құқық қорғау органдарына жүктелген міндет. Ол жөнінде Президенттің қатаң тапсырмалары бар.

ЭКСПО-ның қауіпсіз өтуінің басты шарты – біздің бірлескен ұйымшыл қызметіміз. Ол үшін дамыған елдердің оң жетістіктерін алу керек. Жинаған тәжірибемізді кейін үлгі ретінде облыс, тіпті аудандарда енгізетін боламыз.

Құрметті әріптестер!

5 жыл бұрын ЭКСПО-2017-нің астанасы елордамыз - Астана болып жарияланды. Бұл үшін бірқатар елдер күрескен болатын. Олардың ішінде Қазақстан – ең жас мемлекет. Мәреге Бельгия және біз жеттік.

Жеңісті неліктен бізге берді? Себеп – Қазақстанды бірлік пен ұлтаралық келісім орнаған тұрақты, ашық, бейбітсүйгіш ел ретінде біледі.

Астананы таңдау – бұл Қазақстанға және ең алдымен Президентке деген жоғары сенімнің белгісі.

ЭКСПО-2017-ге бүкіл әлемнің назары аударылатын болады. Бір жағынан бұл – үлкен жауапкершілік, екінші жағынан – зор мүмкіндіктер.

Әлемдік ауқымдағы мұндай бұқаралық іс-шараны біз алғаш рет өткізгелі отырмыз. Ол 93 күн жалғасады. Мысалы, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада бар болғаны 16 күнге есептелген. ЭКСПО – бұл осындай олимпиаданың алтауы. Жүз елден бес миллионға дейін туристер келеді деп күтілуде. Бұл біздің құқық қорғау жүйеміз үшін салмақты сын.

Өкінішке орай, қазіргі қауіп-қатерлер қауіпсіздіктің сәйкес жүйесін құру қажеттілігін мәжбүрлеп отыр.

Бірақ ЭКСПО сонымен қатар жаңа мүмкіндіктер де ашпақ.

Бірінші. Инфрақұрылымды жаңадан жасай отырып, біз қоғамдық қауіпсіздіктің заманауи жүйесін құрамыз. Үздік тәжірибе мен жаңа технологияларды енгіземіз. Көрмеден кейін барлық тәжірибені басқа қалаларда пайдаланамыз.

Екінші. Күштік құрылымдар бір-бірімен іс-қимыл жасауда баға жетпес тәжірибе алады. Тұрғындармен жаңаша жұмыс істей бастаймыз. Жаңа мамандар пайда болады, мысалы, профайлер. Бұл өзін ұстауы, ымдауы, әңгімелері арқылы күдікті адамдарды анықтайтын мамандар.

Үшінші. Күштік құрылымдардың көрмеге дейін және көрмеден кейін қарқынды жұмыс істеуі қылмыстылық деңгейін төмендетеді және Астананы ең қауіпсіз қалаға айналдырады.

Көрменің жетістігі де, ел абыройы да қауіпсіздік деңгейіне тәуелді екенін біз түсінеміз. Сондықтан тұжырымдама мен үкіметтік жоспар әзірленді. Әрбір меморган оларды өз желісі бойынша пысықтайды.

Менің ойымша маңызды үш нәрсені атап өткім келеді.

Бірінші. Смарт-технологияларды пайдалану. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Елорда әкімдігі «ақылды қала» жүйесін құруда. Қауіпсіздік бойынша да жаңа IT-шешімдер қажет. Мысалы, Лондондағы тәрізді. Онда адам бейнекамераға күніне 300 рет түседі. Олар бойынша жеке адамды оңай анықтауға болады. Адам заң бұзбайды, себебі оның әрбір қимылы бақылауда екенін, жазылып отыратынын біледі. Бұл мықты профилактика. Лос-Анджелес пен Нью-Йоркта Big Data технологиялары тіпті болашақ қылмыстардың орны мен уақытын болжап отырады. Біз ең озық әлемдік тәжірибені алуымыз қажет .

Қауіпсіздік құралдарының бірі мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі «ЭКСПО-2017». Сіздің қауіпсіздік жөніндегі анықтамалығыңыз» атты мобильді қосымша болуы мүмкін. Оның мәні неде?

Астанаға ұшып келген кез-келген шетелдік смартфондағы қосымшасын ашады және барлық ақпарат – ЭКСПО-ға қалай жету керек, объектілер картасы, олардың жұмыс режимі, тікелей желі телефондары, полиция бекеттері мен байланыс ақпараттары, қазақстандық полицейдің фотосы, такси, жедел меджәрдем, шұғыл кері байланыс арнасы және т.б. ақпарат оған алақандағыдай көрінетін болады. Қалтаңда мұндай жолкөрсеткіш болса, әрбір адам өз қауіпсіздігіне алаңдамайды. Әрі ыңғайлы.

Екінші. Мұндай деңгейдегі іс-шаралар орынды шектеулерсіз мүмкін емес. Сочиде митингілер мен демонстрацияларға шектеу қойылған болатын. Қару саудасына тыйым салынды. Басқа қалалардан келетін көліктердің кіруіне жолды жапты. Бізге де осыны ойластыру қажет. Бұл әлемдік тәжірибе және барлық жерде адамдар осыны түсінеді.

Үшінші. Тұрғындарды тарту қажет. Бұл қалай жасалады? Тәртіптің тек полицияға ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматқа байланысты болатынын ұғындыру, соған көз жеткізу. Кез келген дабыл маңызды – бұл адам өмірін сақтап қалуға, қылмысты тоқтатуға, ұрыны ұстауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Әрбір адам үшін не маңызды? Оның жеке басының қауіпсіздігі, туғандары мен жақындарының қорғалуы, мүлкінің сақталуы мен бүтіндігі.

Бізге адамдарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қалай тартуға, қалай қызықтыруға болады. Бұл жөнінде бірқатар идеялар бар.

а) құқық қорғау қызметінің бұрынғы қызметкерлеріне, өрт сөндірушілерге, құтқарушыларға, әскерде қызмет еткендерге жүгінейік және қауіпсіздік жөніндегі еріктілер болуын сұрайық. Менің айтып отырғаным – үйде отыратын, бос уақыты бар адамдар. Бұл оларға үлкен іске өз үлесін қосу сезімін сыйлайды. Және сол кезде «белсенді азаматтық ұстаным» деген сөздер жай ғана сөз жүзінде қалмайды.

б) біз әрбір аулаға, үйге, пәтерге, КСК-ға өзіңді, жақындарыңды, көршілеріңді криминал мен арандатудан қалай қорғау керектігі туралы жадынамалар таратуымыз керек.

Бейжің олимпиадасында шиеленісті жағдайда не істеу керектігі туралы нұсқаулықтар таратылған. Онда әрекеттердің 40 нұсқасы қамтылған.

в) Ұлт жоспары «100 нақты қадам» шеңберінде біз «Қылмыстық құқық бұзушылық картасын» жасадық.

Оның негізгі тұтынушысы - тұрғындар.

Біз оны қазір қолжетімді әрі пайдалы етудеміз. Ол әрбір адамның қалтасында, оның смартфонында болады.

Мысалы, қонақ үй жалдағысы келетін адамға Карта бұл ауданның қауіпсіздігін не қауіптілігін, қандай қылмыстар және олардың қаншалықты жиі болатынын көрсететін болады.

Ашығын айтсақ, әрбір адам қауіпсіз орында тұрғысы келеді. Баласы мектептен қайтарда немесе далада ойнап жүргенде қорықпауды, аулада есірткі сатылмауын, бұзақылардың шабуыл жасамауын қалайды. Сондықтан, барлығы адамдардың өз белсенділігіне байланыстын болмақ, ал Карта осы тұрғыда оларға көмектеседі. Бұл жағдайда аудан да сұранысқа ие болып, пәтерді немесе үйді әлдеқайда қымбат бағаға жалға беруге немесе сатуға болады.

Бұл мәселе бизнесті де ойландыратын болады. Криминалдық ауданда кімнің дүкенге барығысы, жалға офис алғысы немесе қонақүй жалдағысы келеді дейсіз?

Осының барлығы жеке талқылауды қажет етеді. Арнайы кеңес өткізіп, адамдарға Құқық бұзушылық картасының не беретінін айтпақпыз.

Әзірше Астана қаласында сынаймыз, кейін республиканың барлық қалаларына, тіпті ауылдық жерлерге де қолданамыз.

Адамдарды полицияның әрекетіне байсалдылық танытуға үйретудің де маңызы зор. Сұрақтар қойғанда, құжаттар тексергенде, тексеріс жүргізгенде және т.б. жағдайларда адамдар өзін қалай ұстау керектігін білуі тиіс.

Ал соңғысы. Біз БҰҰ Комитетіне ірі іс-шаралардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша жүгінуді ұсынамыз. Оның сарапшылары Испанияда, Италияда, Қытайда, Ресей мен АҚШ-та жұмыс істеген.

Қауіпсіздіктің тексерілген, уақыт сынынан өткен жүйелері бар бола тұрып, бізге өз бетімізше жаңа нәрсені ойлап табудың қажеті жоқ.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.