You are here

Бас Прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаевтың Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің жиналысында жасаған баяндамасы (27.01.2014ж.)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мемлекет басшысы жуырдағы өз жолдауында біздің еліміз әр адамға өмір сүру үшін әлемдегі ең қауіпсіз және қолайлы елдердің бірі болуы керек деп атап көрсетті. Бұл мақсатқа жету тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның парызы болып табылады.

Көп жылдар бойы қылмыстардың алдын алу міндеттері өзіміз өте бұрмалаған, жалған – біресе көңіл қуантатын, біресе реніш тудыратын (ахуалға қарай) деректердің негізінде  жасалып келді. Тек қазір ғана біз қылмыстар жөнінде ақиқат мәліметтерге қол жеткізіп отырмыз.

Бүкіл әлемде 100 мың халыққа шаққанда кісі өлімі деңгейінің көрсеткіші халықтың жеке қауіпсіздігінің жалпы деңгейін бағалауда негізгі болып табылады.

БҰҰ деректері бойынша рейтингке енген 207 мемлекеттің ішінен Қазақстан 100 мың халыққа 6,6 кісі өлімі көрсеткішімен 96 орынды иеленеді. Біздің көршіміз Ресей 10,2 көрсеткішпен 72 орында тұр.

2012 жылы жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы (Дүниежүзілік экономикалық форумның) есепте «полиция қызметтерінің сенімділігі» көрсеткіші бойынша біз 96 орынды иелендік.

Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес (Мемлекет басшысының 31.12.2013 ж. Жарлығы) еліміз осы көрсеткіш бойынша 20-шы жылға қарай 56 орыннан төмен болмауы (бұл ретте 2005 жылы біз 68 позицияда болдық, бірақ 2011 жылға қарай 111 позицияға дейін түстік), ал азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі 60 пайызға жетуі тиіс.

Егер Құқықтық статистика комитетінің порталындағы электрондық дауыс беру нәтижелері бойынша полиция қызметкерлерінің жұмысына азаматтардың тек 10 пайызы ғана қанағаттанатынын ескерсек (қанағаттанбағандар – 77  % (1601), қалыс қалғандар - 13 % (281) біздің атқаратын жұмысымыз әлі де қыруар.

Батыс зерттеушілерінің пікірі бойынша полиция:

  • халық танитындай және қол жетімді болуы;
  • халықты білуі және оның мұң-мұқтажына көңіл аударуы;
  • азаматтардың проблемаларын тыңдай білуі;
  • халықты тарта әрі жұмылдыра білуі;
  • өзінің әрекеттері мен жұмысының нәтижелері жөнінде есеп беруі тиіс.

Мұның барлығын біз де білеміз, бірақ істемейміз.

Профилактика мәселелерінде учаскелік полиция инспекторларына ерекше рөл берілген.

Алайда, елордада 3,5 мыңнан астам респонденттің қатысуымен осы қаңтар айында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, 70 пайызы өздерінің учаскелік инспекторларын білмейтінін көрсетсе, осынша пайыз халықтың қатысуымен жиналыс өткізілген жоқ деп жауап берді, ал 80%-ы өздерінің учаскелік инспекторын тағайындауға қатыспағанын атап өтті.

Нормативтік құжаттарға сәйкес учаскелік инспекторға өзінің күнделікті қызметінде жүзеге асыруы тиіс 20-дан астам міндет жүктеледі екен.

Ол осы міндеттерді тиімді орындай ала ма деген сұрақ туындайды. Олардың күн сайынғы жұмысына жүргізілген қарапайым хронометраж нақты профилактиканы жүзеге асыруға олардың мүлдем уақыты жоқ екенін көрсетеді.

Олардың барлық уақыты құжат айналымына, мемлекеттік органдардың түрлі тапсырмаларын орындауға (көшіру кезінде, жер учаскелерін алып қою кезінде қатысады, жол полициясы салған айыппұлдарды өндіреді, әскерге шақырылғандарды әскери комиссариатқа жеткізеді және т.б.) және Ішкі істер министрлігінің ведомстволық актілерімен тікелей тыйым салынса да, мәдени-көпшілік, спорттық және өзге де іс-шараларға тартылады.

Бұдан басқа, учаскелік инспекторлардың айтуы бойынша, кейбір өңірлерде, әсіресе қалаларда, олар бір әкімшілік материалды соттарда қарау кезінде тұтас жұмыс күнін жоғалтады (мысалы, бір әкімшілік сот жұмыс істейтін Астана мен Алматыда).

Осылайша, учаскелік инспекторлардың нақты өмірі теориядан мүлдем алшақ; олар барлығымен және қажет немесе қажет емес нәрсенің барлығымен айналысады, өйткені оларға барлығы бастық және барлығы олардан әлдебір нәрсені талап етеді. Ал әр қызметкер тек өз ісімен айналысуға тиіс қой. Егер естеріңізде болса, Елбасы мұны 2010 жылы да талап етті.

Әркімнің өзінің нақты әрі анық міндеттері болуы керек. Әр қызметтің тиімділігін арттырудың орнына, біреулердің күшімен басқа бөлімшелердің жұмысын орындатып жүрген бастықтарды атқарып отырған лауазымдарынан босату керек.

Себебі олар бүкіл жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін кедергі жасайтын және кездесетін жүйелі проблемаларды жасырып, көп жылдар бойы айтпай, көз жұма қарап отыр. Проблемалар жөнінде айту керек, сонда ғана біз олардың шешімін таба аламыз.

Қылмыстылықтың профилактикасы - жаңа жолдарды, идеяларды, шешімдерді үнемі іздестіру деген сөз. Соңғы жылдары жұмысты қалай жақсартамыз және оның тиімділігін қалай арттырамыз деп сөйлеген немесе ұсыныс жасаған бірде-бір учаскелік инспектор немесе полиция қызметкері жоқ. Күн сайын осы проблемаларды көзбен көріп, құлақпен естіп жүрген мыңдаған полиция қызметкерлерінің арасында өзгеше ойлайтын адам жоқ дегенге кім сенеді?! Әрине, бар, бірақ бастықтары қағаз бен цифрларға көміліп, оларды естімейді және естігісі де келмейді.

Сонымен бірге біз құқық қорғау органдары қылмысты тудыратын әлеуметтік дамудағы бүкіл кемшіліктер мен қарама-қайшылықтарға ықпал ете алмайтынын және ықпал ете алатын күйде емес екенін түсінуге тиіспіз.

Жекелеген зерттеушілердің пікірі бойынша, қылмыстылыққа әсер ететін 250 фактордың ішінен олар нақты тек 30-40-ына ғана ықпал ете алады. Мысалы, біздің тапсырмамыз бойынша ҚСжАЕК-нің ашылған қылмыстарға жасаған талдауы бойынша құқық бұзушылар - 21 ден 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген, көбінесе орта білімі бар ер адам екені анықталды.

Сондықтан халықтың жұмыспен қамтылуы жергілікті атқарушы биліктің тікелей міндеті болуға тиіс. Осы проблема тиімді шешілгенде ғана нақты аумақта, жалпы елімізде қылмыстылық деңгейі едәуір төмендер еді.

Бас прокуратура өңірлерді мынадай критерийлермен бағалауды бұрын да ұсынған еді, атап айтқанда:

  • азаматтардың профилактикалық жұмыстарға қатысу дәрежесі;
  • кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің түрлі спорт түрлерімен айналысуға, өңірдің қоғамдық-пайдалы қызметіне тартылу дәрежесі.

Жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықта «құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыруға бағытталған шараларды да осыған жатқызуға болады.

Осындай бағыт халықтың тікелей атсалысуымен профилактиканың жаңа нысандарын енгізу процесін тездетеді деп есептеймін.

Патрульдік қызметтердің тиісті ұйымдастырылған және жақсы үйлестірілген жұмысы профилкатиканың тиімді құралы болып табылады.

Мысалы, кейбір елдерде автопатрульмен бірге халыққа жақын болуға мүмкіндік беретін үздіксіз жаяу патрульдеу кеңінен қолданылады.

Бүгінгі біздің міндетіміз олардың санын жинақтау және  қылмыстылықтың электрондық картасы мен учаскелік полиция инспекторларының пікірлерін ескере отырып, учаскедегі қылмыстылық ахуалы туралы нақты деректердің негізінде оларды күн сайын керекті бағыттарға орналастыруды қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда жеке автокөлікке орнатылған бейнерегистраторлардың мүмкіндігін пайдалануымыз қажет. Осы мақсатта кез келген адам түсірілген бейнесюжетті орналастыра алатын интернет-ресурсты жасау керек.

Еуропада осы технологиялар ондаған жыл бойы қолданылып келеді және өзінің тиімділігін дәлелдеді.

Бүгінгі күні Астанада елордалық әкімдіктің ресми сайтында 22.03.2013ж.  құрылған  «Халық бақылауы» деген модуль жұмыс істейді, бірақ оған әзірге тек фотоматериалдарды орналастыруға болады.

Сонымен қатар Қазақстанда еріктілер, яғни волонтерлер институтын енгізу мүмкіндігін зерделеу қажет.

Қылмысқа қарсы күрестің оң тәсілі ретінде танылған осы институт көптеген елдерде (Еуропада, АҚШ-та, Ресейде, Израильде) қолданылуда, азаматтарға заңдылықтың жай-күйіне нақты ықпал етуіне мүмкіндік береді және қоғамда құқықтық сананы арттырады.

Заңгерлік жоғары оқу орындарының студенттері алғашқы волонтерлар қатарында бола алар еді, өйткені олар өздері өмірде таңдау жасағанын ескеру керек, сондықтан, полицияға көмектесе жүріп, теориялық білімдерін практикада қолданар еді.

Осы қозғалысты дамытуға еліміздегі жетекші партия «Нұр Отанның», әсіресе оның жастар қанатының, басқа да партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің осы бастамаға қолдау жасауы  мықты серпін бола алады.

Қылмыстардың ашылуы

Қылмысты ащудың төмен болу себептерінің бірі жасалған қылмыстарды ашуда жедел бөлімшелерде тиісті жұмыстың жоқтығы болып табылады.

Жедел қызметкерлердің тергеушілермен үздіксіз байланысы жоқ, олар тек өздерінің ішкі көрсеткіштерімен (жедел есептегі түрлі істерді жүргізумен) ғана айналысады.

Шартты түрде олар бір орамда тұрған сияқты, бірақ олардың әрқайсысының ойында әрқашан бірінші орында болатын өз нұсқаулықтары мен өз проценттері тұр.

Біздің ойымызша, жедел қызметтің жұмысына басқа бағыт беріп, оларды бірінше кезекте жасалған, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеушілермен бірге және солардың басшылығымен ашуға жіберу керек.

Президенттің осы екі қызметті біріктіру туралы 2010 жылғы Жарлығының да талабы осы. Оның күшін әлі ешкім жойған жоқ, ол тек жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданғанға дейін тоқтатылды.

Сондықтан бұл мәселе жақын арада бізден келісілген әрекеттер мен шешімдерді талап етеді.

Ұрлық санын төмендетіп және олардың ашылуын ұлғайтудың тиімді шараларының бірі - ІІМ жүйесінде ұрланған телефондардың IMEI-кодтарының деректер базасын қалыптастыру және оны онлайн-режимінде  телефонның активизацияланған жері туралы мәлімет алуға мүмкіндік беретін «ЯДРО-ПУ» ақпараттық жүйесімен біріктіру.

Бұл бірталай шығынды қажет етеді, бірақ бірақ ұрланған аппараттардың мекен-жайын дереу анықтауға мүмкіндік береді.

Ұялы телефондарды одан әрі өткіщу үшін сатып алатын тұлғалармен полицияның өзара іс-қимылының тәртібін   регламенттейтін нормативтік акт қабылданған кезде бұл шараның тиімділігі арта түседі. 

Адамдардың қолынан сатып алған жағдайда, телефонды қосып, одан 102 қызметіне белгіленген нысанда СМС жіберуге сатушыларды міндеттеу қажет.

Құқықтық статистика комитеті біздің күнделікті қызметімізге жұмысымызды айтарлықтай тездететін жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізді.

Бір жүйе бойынша ғана барлық органдарға әртүрлі 60 сервиске қол жеткізуге болады.

Бірақ ІІМ алқасында Бас Прокурор атап өткендей, бұл мүмкіндіктерді ішкі істер органдары соншалықты тиімді пайдаланбайды.

Тек Бас прокуратура қызметкерлері ғана іздеуде жүргендердің мәмілелер жасап, шекарадан өткендерінің ондаған фактілерін анықтаған.

Қазіргі заманғы технологияларды тиімді қолданбайынша, қылмыстың ашылуын жақсарту  жөнінде ұмытуға болады.

Полицияның қолында ақпараттарды беретін және өңдейтін қазіргі заманғы техникалық құралдар  міндетті түрде болуы тиіс.

Төмен деңгейдегі барлық бөлімшелерге, учаскелік полиция пункттеріне, кезекші бөлімдерге, көптеген полиция нарядтарына және жедел топтарға, қай жерде болмасын, нақты уақыт режимінде ІІМ деректер базасы қолжетімді болуы тиіс.

Бірақ бұл ретте, әрине, оларды барлық қызметкерлердің заң бойынша қатаң қолдануы тәртіпке айналуы тиіс.

Қылмыстың ашылуы мәселесі бойынша шындықты негізге алуға тиіспіз. Әрине, егер барлық қылмыстар ашылатын болса, бұл өте жақсы, бірақ біз реалист болуымыз керек және полициядан мүмкін емес нәрсені талап етпеуіміз қажет.

Мысалы, Германияда жылына пәтерге жүз мыңдағаны кіреді (олар пәтер ұрлықтарын осылай атайды) және оның ашылуы небәрі 15 пайызды құрайды, ал бірақ кісі өлтіру бойынша олардың ашылуы 96 пайызға дейін жетеді.

Ең бастысы, неміс полициясының біз адамдар үшін жұмыс жасаймыз деген девизін барлығы біледі!

Полицияның реакция жасау уақыты Берлинде – 7 минут, селолық жерде – 30 минутқа дейін.

Шетелде миллиондаған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар есепке қойылады. Полиция қоғаммен бірге олардан аулақ кетпей, осы проблемалардың барлығын нақты шешуге тырысады.

Сондықтан да Германия мен Америкада полиция қызметкерлеріне сенім білдіру деңгейі біздің елімізбен салыстырғанда өте жоғары.

Біздің барлық жобаларымыз бен идеяларымыз, бірінше кезекте халықтан қолдау табуы тиіс.

Біз «полиция-халық» деген тығыз және үздіксіз байланысты қамтамасыз етуміз керек. Кез келген мәселе, сол ұрлық бойынша да.

Екі жыл бұрын мен 140 мың адам алдымен ұрлықшылардан, содан соң көмектің орнына өздерінің полициясынан зардап шекті деп айтқанмын. Адамдарға әдеттен тыс ешнәрсе керегі жоқ. Ешкім де полициядан адамдарды тұншықтырып, қолын сындырып, қылмысты ашуды талап етіп отырған жоқ қой.  Егер ол адам ұрлықты ашу үшін полиция қолынан келгеннің бәрін жасағанын көрсе, соған қарамастан ұрлық ашылмаса да адамдар оларды кінәламайды, өйткені полицияның адал әрекеттерін көрді және білді.

Сөзімді қорытындылай келе, күш органдары «құқық қорғау» деген өз атауына сәйкес келуі тиіс дегім келеді.

Олардың тиімділігін бағалауда негізгі критерий халықтың оларға деген сенім деңгейі болуға тиіс.

Біз барлық қылмыстарды толық тіркеуді талап ету арқылы алғашқы қадамды жасадық, халық мұны сезініп жүр.

Келесі қадам әртүрлі пайыз түріндегі «санамалық» жүйенің соңғы және сіресіп қалған мұраларынан бас тарту болуға тиіс. Халыққа цифрлар емес, нақты істер қажет. Сондықтан полицияны олардан құтқару керек.

Тек сол кезде жедел қызметкерлер пайыз қумай, қылмыстан зардап шеккен адамдарды нақты қорғауға мән беретін болады.

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.