You are here

Бас Прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаевтың Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте сөйлеген сөзінің мәтіні (Астана қ., 28 наурыз 2014 жыл)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Сәлеметсіздер ме,  құрметті журналистер!

Барлығымыз жақсы білетіндей, Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында: «Қазақстан әлемде  адамдар үшін қауіпсіз және тұруға жайлы елдің біріне айналуы тиіс», – деп айрықша атап өткен болатын.

Осы аса маңызды мақсатты жүзеге асыру – қоғамның кез келген құқық бұзушылыққа «мүлде төзбеушілік» қағидатын қалыптастыруға және құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын мейлінше арттыруға тікелей байланысты екені айдан анық.

Президенттің тапсырмаларын іс жүзіне асыру мақсатында  біз қылмыстық қудалау органдары мен прокурорлар өздерінің жұмысында баршаны жалықтырған пайыздар мен цифрларды емес, бірінші кезекте адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды ең басты міндеттері деп есептеуіне қол жеткізуге берік ниетіміз бар.

Прокурорлар қызметіндегі ең өзекті бағыт – қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалауға түбегейлі өзгерту енгізу де тура осы мәселені орындауға негізделген.

Осыған байланысты:

  1. Республика деңгейінде ақпараттық-талдамалық жұмысты барынша нығайтып, жергілікті жерлерде қадағалау міндеттерін синхронды түрде күшейте отырып, прокурорларды жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінің аясында жұмыс істеуге дайындаудамыз.
  2. Қылмыстарды тіркеуді тәртіпке келтіру бойынша аса ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Қазіргі кезде біздер қылмыстық ахуалдың жағдайын бұрынғыдай өтірік тұрғыда емес, шынайы түрде екенін айта аламыз.

Мұндай жетістікке оңайлықпен қол жеткіздік дей алмаймын. Бұл Президент Әкімшілігінің бейінді бөлімі мен Қауіпсіздік Кеңесінің толық қолдауы арқасында жүргізілген үш жылдық аса ауқымды  жұмыстың нәтижесі болып отыр.

Соның арқасында қылмыстық ахуалды шынайы біле алатын болдық. Сонымен бірге криминогендік жағдайдың тым нашарламағанын да айта кеткен жөн.

Аса ауыр қылмыс түрлері: кісі өлтіру, тонау мен қарақшылық азайды.

Қылмыстың түгел тіркелуін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар алдағы кезде де жалғасын табады.

  1. Қылмыстар туралы өтініштер бойынша дер кезінде шешімдер қабылдануына да баса назар аударып отырмыз.

Бұрын барлық органдардың қызметкерлері осындай арыздар бойынша үш күн ішінде шешім қабылдауды өздерінің тікелей міндеті деп емес, құқықтары  деп санап келген.

Бас Прокурордың нормативтік сипаттағы Нұсқауымен біз қылмыстық істер жүргізу Кодексінің 184-бабының талаптарын бұлжытпай орындау туралы мәселені тікесінен қойып, қатаң талап  еттік.  

Соның нәтижесінде бұған дейін болуы мүмкін еместей көрінген нәтижеге, яғни, органдар қылмысты тіркеу мәселесіне қатысты өз көзқарастарын түбегейлі өзгертуімен ғана емес, сондай-ақ шешімдерді де жедел қабылдауға қол жеткізді.

Бүгінгі күні жүз арызданушының 90-ы үш күн ішінде өздерінің шағымдары бойынша қандай шешім қабылданғанын біле алады.

4.  Қылмыстық іс жүргізу Кодексінің нормаларын еркін түсіндірудің салдарынан - қылмыс туралы хабар бойынша шешімді қабылдау тек тергеуші мен анықтаушының құқығы екендігіне қарамастан - тамыр жайып кеткен, шешімді басқа қызметкерлер қабылдап келген  тәжірибені де біз түбегейлі түзетуге кірістік.

Өткен жылы Бас Прокурор қол қойған нормативтік сипаттағы № 6/15 Нұсқауға байланысты, шешімді тек тергеуші мен анықтаушы ғана қабылдайтын болды.

5. Адамдардың құқықтары елеулі түрде бұзылатын қылмыстық процесс барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау – осы саладағы қадағалаудың басты бағыты болып табылады.

Осы бағытта қолданылған, соның ішінде кезекші прокурорлар институтын енгізу шаралары нәтижесінде азаматтарды негізсіз  ұстау, заңсыз тінту, тұрғын үйдің қол сұғылмайтындығын бұзу мен тексерулер барынша азайды.

Дегенмен, біздер заң бұзушылықтар бірлі-жарым ғана деп ойламаймыз.

Біздің  мақсат –заңсыздықтарды мүлдем болдырмау.

Соған байланысты «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға азаматтардың коституциялық құқықтарының өрескел және жүйелі түрде бұзылуына жол бергендері үшін аумақтық органның басшысын жұмыстан босату бойынша біз ұсынған түзету Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан қолдау тапты.

Мүдделі органдармен түзетуді енгізуге қатысты келісім аяқталу сатысында.

Біздің Ішкі істер министірлігімен бірлесе жүргізіп отырған полиция қызмет-жайына келген адамдардың электронды есебін жүргізу  бойынша жобамызды іс жүзіне асыру адамдар құқықтарын қорғау тұрғысында аса маңызды. Болашақта мұндай есеп жүргізуді барлық органдарда қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта да жұмыстар жүргізілуде.

6. Былтырғы қарашада Бас Прокурор тұтқындауға балама ретінде кепілдікті кеңінен қолдану туралы Нұсқау (№7/15) берді. Барлығымыз жақсы білетіндей, бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе. Ал бізде әлі қолданылмаған десек те болады.

Дегенмен,  қозғалыс бар. Егер өткен жылы кепілдік 20 рет қана қолданылса, соңғы төрт айда ғана ол 875 адамға қолданылды.

7. Биыл біздер үшін ең бастысы – жаңа Қылмыстық іс жүргізу Кодексі бойынша жұмыс істеуге қалыпты әрі ауыртпалықсыз көшу үшін мықты іргетас  қалау.

Қазір біздер барлық органдарда қылмыс туралы арыздар қаншалықты заңды және уақтылы түрде қаралып жатқанын тексерудеміз.

Бұл болашақта енгізілетін Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрі қандай болуы тиістілігі туралы біздің болжамымыздың қаншалықты дұрыс әрі негізді екенін сараптап көруге мүмкіндік береді.

Бұл мәселе бойынша адамдардың құқықтарын қорғауды да, органдар жұмысының тиімді болуын да қамтамасыз ету үшін біз жалғыз ғана дұрыс шешім қабылдауымыз керек.

Қадірменді журналистер!

Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау саласында мәселе жетіп жатыр (қылмыстық іс қозғау мен бас тартуды, алдын алу шараларын белгілеуді, мүлікке тыйым салуды, тінтуді, алуды, сараптама тағайындауды, жеңілдетілген сотқа дейінгі өндірісті, тоқтату мен қысқартуды, тергеуді қоса алғандағы процессуалдық мерзімдердің сақталуын, тергеу мен анықтаудың сапасын, қосымша тергеуге қайтаруды және тағысын тағыларды тексеру ешбір органға оңай соқпасы анық).

Мен мұнда қылмыстардың нақты түрлері бойынша қадағалау туралы айтып отырғаным жоқ. Ондайлар арасындағы басымдыққа иелік ететіндердің өзі ондап саналады (лаңкестік пен экстермизм, ұйымдасқан қылмыстылық, кісі өлтіру, жемқорлық, лауазымдық және экономикалық қылмыс, азаптау, есірткі саудасы, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс, адамдар саудасы және тағы да басқа көптеген қылмыстар).

Аталған бағыттар бойынша істердің жағдайын жай ғана баяндаудың өзі бірнеше сағат уақытты қажет етеді.

Сондықтан да, мен біздің тарапымыздан атқарылған жұмыстардың аздаған бөлігін ғана, оның өзінде қысқаша түрде айтып шықтым. Қалай болғанда да, прокуратура органдары өз қызметінде азаматтардың заңды құқықтары мен мүделлерінің қорғалуын қамтамасыз етуді, адамдардың сенімінің артуына қол жеткізуді көздейтінін қайталап айта кеткенді жөн көріп отырмын.

Тыңдағандарыңызға рахмет!

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.