You are here

Бас Прокурор Жақып Асановтың тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық кеңесте сөйлеген сөзі

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Видео

Құрметті Гүлшара Наушақызы!
Құрметті қатысушылар!

Өмірден бірнеше мысал.

Күйеуім, қайнағам, атам 11 жыл бойы ұрып-соқты деп, Шемонаихада бір келіншек кішкентай үш баласын асып өлтіріп, өзі де дарға асылған.

Түркістанда үй иесі 6 адамды - анасын, әйелін, 5 жасар қызы мен ұлын, екі бауырын өлтіруге ұмтылған. Шешесі мен ұлы тірі қалып, төртеуі қаза тапты.

Астанада бұрынғы әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Кішкентай төрт бала жетім қалды.

Қызылорданың Жосалы кентінде айтқаныма көнбеді деп, әйелін байлап, атпен сүйреп өлтірген.

Статистика бойынша өткен жылы үй-жайларда 308 адам көз жұмды. Бұл жалпы кісі өлтірудің үштен бірі.

Зорлық-зомбылықтың басқа да сорақы түрлері көп.

Екібастұз тұрғыны 11 жастағы туған қызын екі жыл бойы зорлап келген. Оны видеоға түсіріп, Интернетке жариялаған азғын қызын тіптен саудаға да салған.

Алматыда қызы мен күйеу баласының үнемі ұрып-соққанына қорланған қарт ана дарға асылып қалды.

Тек биылдың өзінде 316 әйел өзіне қол салған.

Ал, бүгінде түрмеде 300 әйел отбасындағы жанжал кезінде адам өлтіргені үшін жазасын өтеп жатыр. Қаншама шаңырақ шайқалып, кереге сөгілді, балалар жетім қалды.

Еңбек етуге ерініп, әйелінің тапқан ақшасын ішімдік пен есірткіге жұмсап, балаларын аш-жалаңаш қуып шыққан азаматтар аз емес. Отбасынан безініп, алимент төлеуден қашып жүргендер қаншама.

Осындай жан түршігетін жағдайларға не себеп?

Жалпы, бұл мәселе ұзақ жылдар айтылмай келді. Әлеуметтік проблема ретінде қаралмады. Отбасы әр адамның жеке шаруасы деген көзқарасты ұстандық. Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын дедік. Бұл бұрыннан келе жатқан, қанымызға сіңген жаман дерт.

Зомбылықтың ең осал жері - жәбірленуші мен агрессор үнемі бірге, бір шаңырақтың астында. Бұзақының қабағына қарап, әр күнін қорқынышпен өткізген әлсіз жан әрдайым стресспен ғұмыр кешеді.

Қазақта «анасына қарап, қызын ал» деген жақсы сөз бар. Бірақ, өмір бойы жанжалдың ортасында жүрген әйел ұл-қызына қандай жылу, қандай мейірім, сыйлайды? Күнде ұрыс-керіс пен қол жұмсауды көріп өскен баланың ертеңі қандай болмақ? Ата-ананың дұрыс тәрбиесін алмай, ересек өмірге дайын болмаған соң есейгенде де қоғамда өз орнын таппайды. Масылдыққа үйреніп, отбасын құрғанда әкесінен көргенін әйеліне, бала-шағасына жасайды.

Көшедегі агрессияның да бір ұшы отбасындағы жағдаймен байланысты. Үйден ызамен шыққан адам өшін өзгеден алады. Қоғамдық жерде, көлікте, кезекте, тіпті демалыс сәттерінде де жұрт шыдамсыз, ашулы.

Тағы бір келеңсіз тенденция. Қазір бизнес жасап, байығандар көп. Бұл жақсы, әрине. Бірақ, тапқанын өз отбасынан қызғанып, мүлкін жасырып, басқаның атына тіркейтіндер бар. Сондағы уайымы: ертең әйеліммен ажырассам, мүлікке таласпасын дегені. Жұбайының жуастығын пайдаланып, бір тиын ақша берместен дымсыз қалдырады.

Зомбылық - жеке проблема емес, ол қоғамдық мәселе. Жұмыссыздық, қылмыстар, өзге де келеңсіз жағдайлар отбасындағы ахуалға тікелей қатысты. Сондықтан оған мемлекет мән беріп, нақты қадамдар жасау керек. Тұрмыстық зомбылықтың алдын алу үшін 7 жыл бұрын арнайы заң қабылданды. Бұл заң жәбірленушілердің құқығын қорғау үшін полицияға 5 құрал берді. Мұны әрбір қазақстандық білгені жөн.

Біріншісі, бұзақымен арнайы әңгіме жүргізу.

Екіншісі, үйінен алып кетіп, учаскеде оның үстінен хаттама, протокол толтыру.

Үшіншісі, қорғау нұсқамасын беру. Ол дегеніміз, жәбірленушіні мазалауға, сөйлесуге, басқа да жолмен байланысуға тыйым. Оны бұзса, 5 күнге дейін қамау.

Төртінші құрал, сот арқылы агрессорға ерекше талаптар белгілеу. Бұл да қорғау нұсқамасы сияқты, бірақ оның 30 күндік емес, бір жылдық күші бар.

Бесіншісі, агрессорды 48 сағатқа қамауға болатын. Бірақ, кейін ол 3 сағатқа қысқартылды. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Оған кейін тоқталамын.

2014-ші жылы Парламент заңға түзету енгізіп, тағы бір құрал берді - сот арқылы агрессорды үйінен шығарып жіберу. Мейлі, үй кімдікі болса да.

Мұның барлығы Әкімшілік кодекстің шеңберінде.

Ал, қол жұмсаған адамның әрекетінде қылмыстың белгісі болса, онда қылмыстық заңнама іске қосылады. Оның ішінде, 72 сағатқа жабу, үкім шыққанша қамау. Заңның осы механизмдері, әрине, көмегін берді. Бірақ, олар жеткілікті ме? Меніңше, жеткіліксіз. Уақыт  өткен  сайын қай заңды болса да жетілдіріп отыру қажет.

Біз де бірқатар ұсыныстарымызды әзірледік.

Қылмыстық кодекс бойынша.

1. Бұрын ұрып-соқса немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтірсе, онда полиция бір-екі күнде протокол толтырып, сот 24 сағатта шешім шығаратын.

2 жыл бұрын бұл әрекеттерді Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырдық. Не өзгерді?

Зорлық-зомбылық болғанын жәбірленуші енді өзі дәлелдеуі тиіс. Сотқа жүгіну, экспертиза өту, куәлерді іздеу, қажетті қағаздарды жинау, адвокат жалдау – мұның бәрі жәбірленушінің өз мойнына артылды. Бұл міндеттен полицияны толық босаттық.

Ашығын айтсақ, жазаны күшейтеміз деп, керісінше, бүлдіріп алған сияқтымыз. Оны ресми мәліметтер де растайды. Өткен жылы ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бойынша бар болғаны 627 адам сотталған. Бұл 14-ші жылға қарағанда 37 есе аз (23 417). Шын мәнінде зомбылық кеміген жоқ, оны дәлелдеу қиындап кеткен соң жұрт сотқа жүгінуді қойған.

Бір сөзбен, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиянды Әкімшілік кодекске қайтару керек болып тұр. Әйтпесе, зомбылық жасасам, мені ешкім жауапқа тартпайды деген түсінік қалыптасып келе жатыр.

2. Қылмыстық кодексте өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізгені үшін жауапкершілік көзделген. Бірақ, кімді өлімге жеткіздің - ересек адамды ма, әлде баланы ма, ол жағы ажыратылмаған. Жаза барлығына бірдей. Бұл дұрыс емес. Келешегі алда, ой-санасы толық бекімеген баланы өлімге жеткізсе, неге жаза бірдей болуы керек? Керісінше, оны қатайтуға тиіспіз. Сондықтан осы  бапта

балаға қатысты арнайы жаза белгілеуді ұсынамыз.

3. Қылмыс баланың көзінше жасалса, бұл жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағалануы дұрыс болар еді. Неге? Өйткені, ол сәбидің психикасына үлкен зиян келтіреді, жан-дүниесіне жазылмас жарақат салады. Осындай өзгерісті Қылмыстық кодекске де (54-бап), Әкімшілік кодекске де (73-бап) енгізсек деген ой бар.

4. Аборт жасауға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет. Себебі, бұл қыз баланың денсаулығына зор қатер, ал қазір ол үшін ешкім жауап бермейді. Бұл норма Еуроодақтың Конвенциясында бар, оны біздің заңнамаға енгізсек.

Әкімшілік кодекс бойынша.     

1. 15-ші жылдан әкімшілік қамау 48 сағаттан 3 сағатқа қысқарды. Бұл уақыт өте аз. Мұндай қысқа уақыттың ішінде бұзақының ашу-ызасы басылмайды, ол не істегенін түсінбеуі де мүмкін. Керісінше, тез босап, өшін алуға тырысады. Сондықтан қамауды 3 сағаттан бұрынғыдай 24 немесе 48 сағатқа ұзарту қажет. Бұл норма 23 жыл жақсы жұмыс істеп келді. Осы мерзімде бұзақы сабасына түседі, есін жинайды, полиция болса материалды дайындап, сотқа жібереді.  

2. Бұзақы мас болса, оның мастығын анықтайтын экспертиза керек. Ал, өңірлерде наркодиспансерлер жеткіліксіз. Шығыс Қазақстанда бүкіл облысқа небәрі 5-ақ наркодиспансер. Оған алыстағы ауданнан келу үшін кемінде бір тәулік керек. Бұл тиімсіз. Сондықтан бұзақы мас па, мас емес пе, оны анықтау құқығын ауылдық  фельдшерге де берсек. Бұл агрессордың құқық бұзушылығын тез арада дәлелдеуге көмектеседі.

3. Отбасының шырқын бұзған адамға салынған айыппұл түбінде бүкіл отбасына салмақ болып түседі. Қамасаң – бюджетке шығын. Одан да бұзақыны қоғамдық жұмысқа тартқан дұрыс. Бірақ, Ата Заңда мәжбүрлі еңбекке тек сот үкімімен тартуға болады делінген. Мүмкін, үкім деген сөз тек қылмыстық емес, басқа да сот шешімдеріне қатысты шығар. Бұл жөнінде Конституциялық Кеңестің позициясын білсек.

Азаматтық процестік кодекс бойынша.

Ерлі-зайыптылар мүлікті бөлеміз деп, талап арыз бергенде госпошлина төлеуге тиіс. Оның көлемі – мүліктің 1 пайызы. Қазір қай үйді алсаң да пәленбай миллион құны бар. Оны төлеу оңай емес. Адвокат жалдауға да ақша керек. Жұмыс істемей, өмір бойы үй шаруасында жүрген әйел ондай қаржыны қайдан тапсын? Сондықтан мемлекеттік бажды сот шешімі шыққаннан кейін кінәлі тарап төлесе деген ұсыныс бар.

Неке және отбасы туралы кодекс бойынша.

Сүйдім-күйдім деген екі жас шұғыл шешім қабылдап, үйленеді. Басында бәрі тамаша. Кейін тұрмыс қиындығына шыдамай, өзара қарым-қатынас орната алмай, бір-бірінен көңілі қалып, дау-жанжалға, қол жұмсауға дейін барады. Арты сот, ажырасу. Бала бөлінеді, құдалар ажырайды, мүлікке таласады. Өткен жылы Қазақстанда 149 мың неке тіркелсе, 53 мыңы бұзылған. Бұл әрбір үшінші отбасы. Соттар өткен жылы 60 мыңдай дау қараған екен. Ол азаматтық істердің 15 пайызы. Не істеу керек?

Біріншіден, үйленуге өтініш берген күннен бастап жастар  арнайы  тренингтен  өтсе.  Мақсат  –  екі жақты

ересек өмірге дайындау, дауларды шешуге үйрету.

Сауд Арабиясының өзі ажырасуларды азайту үшін

осындай дайындық курстарын енгізбекші екен. Малайзия да солай істемекші.

Екіншіден, үйленемін деген жастарға арнайы кітапша ұсынсақ. Мұнда ұлттық дәстүрдегі отбасы құндылықтарын сақтау, бір-біріне құрметпен қарап, туындаған дауларды ақылмен шешу жайы қамтылса. Сонымен қатар ажырасу статистикасы, екі жақтың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі, мүлікті бөлу тәртібі, күш қолданбау жөнінде ақыл-кеңестер жазылғаны жөн.

Гүлшара Наушақызы, Ұлттық комиссия бастамасымен кәсіби психологтарды, отбасы институтын зерттеуші ғалымдарды ұйымдастыра отырып, осындай кітапшаны халыққа түсінікті,  қарапайым тілмен жазып шығуды ұсынамын. Ал, Бас прокуратура болса, бар ақпаратты беруге дайын.

Үшіншіден, психолог-медиатор фигурасын енгізу. Ажырасамын дегендерге заң ойлануға бір-ақ ай уақыт береді. Осы жерде екі жақты бітімге шақыру үшін психологтың көмегі аса қажет.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңда қорғау нұсқамасының мерзімі 30 тәулік деп белгіленген. Біз оны 90 күнге дейін созуды ұсынамыз. Яғни, полиция үш ай бойы бұзақыны апта сайын бақылауда ұстап, арнайы әңгіме жүргізер еді. Сонда профилактиканың тиімділігі де жоғары болмақ.

Заң кризистік орталықтарды бюджеттен ұстауға жол ашқан. Бірақ, әкімдер бұл міндетті нашар орындап жатқанын Гладырь ханым айтты. Аталған проблеманың бір ғана шешімі бар – әкімдерді бағалау критерийлеріне осы көрсеткішті енгізу. Сонда ғана олар бұл талапты орындауға мүдделі болады.

Ішкі істер органдары туралы заң.

Полицияға үйдегі жанжал туралы сигналдар көп түседі. Қылмыстың жолын кесу үшін полиция қызметкерлеріне кедергісіз үйге кіру құқығы берілген. Ал, егер есікті ашпаса, онда сындырып кіруге дейін полицияның құзіретін нақтылап көрсетіп берсек.

Қандай озық халықаралық тәжірибе бар?

1. Дамыған батыс елдерінде «кейс-менеджер» деген қызметкер бар. Ол жеке көмекші ретінде тиісті органдармен байланысып, жәбірленушінің әлеуметтік проблемаларын шешеді. Осындай міндетті біз де жергілікті бір органға жүктесек, әсіресе ауылдық жерде.

2. Көптеген елдерде әйелдерден тұратын арнайы полиция учаскелері құрылған. Олардың міндеті –зомбылыққа ұшырағандарға көмектесу, медициналық қызмет көрсету, құқықтық кеңес беру, сотқа арыз жазу, жәбірленушіге құқықтарын түсіндіру. Әйелдер әйел адамға көбірек сенеді. Сондықтан полиция учаскелерінде әйелдердің санын көбейтсек.

Зомбылықпен күресті күшейтудің екінші факторы – мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысы. Полиция қызметкерлері дұрыс әңгіме жүргізуді, алдын алу шараларын орынды қолдануды біле бермейді. Сот, прокуратура саласында да кемшіліктер бар. Жәбірленушілердің арыздары тез қаралмайды. Сондықтан қызметкерлерді арнайы дайындап, олармен ситуациялық жағдайларды шешу керек. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» дегендей, құқық бұзушымен қалай әңгімелесу керек, ашуын қандай сөздермен басу керек, соған үйретуіміз қажет. Мұндай курстар өте аз.

Қазір өңірлерде жергілікті полиция жұмыс істеуде. Көп нәрсе енді әкімдерге байланысты. Сондықтан азаматтық қоғам институттары рейтинг жасап, кім қалай жұмыс істеп жатқанына баға берсе деген ұсыныс бар. Рейтинг болса, бәсеке де болады. Басқалардан озамын деп, әкімдер осыған бар күшін салар еді.

Зорлық-зомбылықпен күресті күшейту үшін үшінші, ең басты шарт – қоғамның көзқарасын өзгерту. Ол дегеніміз не?

Птоломей деген ежелгі астроном бүкіл әлемнің орталығы Жер деп адамзатты сендірген. Бірақ, Коперник қарсы шығып, әлемнің орталығы Жер емес, Күн екенін дәлелдеп шыққан. Осы кезден халықтың көзқарасы күрт өзгерді. Яғни, Коперник қоғамдық сананы мүлдем басқа жаққа бұрып жіберген. Сондай бетбұрыс бізге де қажет.

Ол үшін әрбір адамның ішкі дүниесін өзгерту қажет. Балаларымызды өз құқығын қорғауға үйретуді мектеп жасынан бастаған абзал. Ортамен дұрыс қарым-қатынас жасай білетін адам жағымсыз қылық та жасамайды, біреудің қорлауына да көнбейді.

Элеонора Рузвельт айтқан екен: «Келісім бермесеңіз, Сізге ешкім қиянат жасамайды». Гандидің сөзі бар:  «Абыройымызды  өз  қолымыздан  бермесек,

оны ешкім де алып қоя алмайды».

Біздің қоғам зомбылыққа тым кешірімді. Біреу түнде музыканы шулатып қойса, көршілер жетіп келеді. Тыныштық сақтауды, музыканы өшіруді талап етеді. Ал, күйеуі әйелін сабап жатса, ешкім тырп етпейді. Айқайлап, көмек сұраса да полиция шақырмайды.

Санамызда қатып қалған бір стереотип бар - біреудің отбасына араласпау. Айқай-шу, төбелес болса, ол үйдің ішкі шаруасы деген қате түсінік қалыптасқан. Әйелін ұрғанды кейбіреулер тіпті дұрыс деп санайды. Бұл біздің дәстүрімізге, ұлттық мәдениетімізге жат нәрсе. Халқымыз бұрыннан қыз баланы қадірлеген. «Қыз өссе – елдің көркі» деп санаған. Сондықтан қыз-келіншектердің, әйел-ананың қоғамдағы рөлін биікке көтеріп, отбасылық құндылықтарды халықтың санасына сіңіруіміз қажет.

Соңғы кезде ақпарат құралдарында отбасындағы қылмыстар жайлы көп оқып жүрміз. Мұндай оқиғалар болған кезде бүкіл халық шулап, жәбір көрген кез-келген адамды қолдауға дайын тұрады. Бұл идеяны саяси партиялар, азаматтық қоғам институттары жұмысының бір бағытына айналдырса деген ұсыныс.

Мысалы, Германиядағы ХДС/ХСС деп аталатын билік партияларының негізгі ұраны –  отбасылық құндылықтар. Сондықтан бұл партиялар сайлаушылардың басым дауысына ие болып отыр.

Құрметті отырысқа қатысушылар!

Бас Прокурор қара аспанды жерге түсірді ғой, елдегі жағдай соншалықты нашар ма деп ойлап қалмаңыздар.   Бар   көздегеніміз  – қоғамдағы  ауруды

ашық айтып, оны емдеудің жолын табу.  

Ал, қазақстандықтардың жалпы қауіпсіздігіне келсек, ол жылдан жылға жақсаруда. Кеңес Одағының ең жақсы 80-ші жылдары кісі өлтіру қазіргі уақыттан 2 есе көп болатын. Ол кезде жылына 1,5 мың болса, қазір 800-дей. Түрмедегілердің де саны 3 есеге азайды. Сондықтан ауыр және аса ауыр қылмыстар, атап айтсақ, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық 20 жыл бойы тұрақты азайып келе жатқанын бар жауапкершілігіммен айта аламын.

Бүгін баяндамашылар проблеманы жан-жақты ашып көрсетті. Бірақ, бәріміздің пікіріміз бір - зорлық көрген әрбір ананы, қорлыққа ұшыраған әрбір баланы ұлттық трагедия деп бағалаймыз.

Осы айтқандарымыз құрғақ сөз болып қалмауы үшін біз кешенді жоспар жасадық. Онда заңнамалық, ұйымдастыру, басқа да нақты шаралар көзделген. Жобасы сіздерде бар. Ұсыныс берсеңіздер.

Гүлшара Наушақызы, қазір Гендерлік теңдік стратегиясы әзірленіп жатқанын білеміз. Мүмкін, кейбір ұсыныстарымызды соған енгізу қажет болар.

Осы баяндаманы облыс прокурорлары да тыңдап отыр. Бір күнді белгілеп, осындай форматта халықпен кездесулер өткізуді тапсырамын.

Бұл мәселеге қоғам болып жұмылмасақ, күресіміз нәтижелі болмайды. Сондықтан, Елбасы айтқандай, барымызды салып, құлшынып жұмыс істесек, алынбайтын қамал, шешілмейтін сұрақ жоқ. Ең бастысы, алға қойған мақсатымыз айқын, бағытымыз анық. Бәрімізге сәттілік тілейік!

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.