You are here

Бас Прокурор Жақып Асановтың «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» тақырыбындағы форумда сөйлеген сөзі (Астана қаласы, 2016 жылғы 14 маусым)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Құрметті қатысушылар, әріптестер!

Видео

Мықты боламын деген әрбір мемлекет, ең алдымен, кәсіпкерлікті дамытуы тиіс. Бұл тезисті Елбасымыз қайта-қайта айтып келеді. Кәсіпкерлік күшті болса, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болатыны сөзсіз.

Бизнесті қолдау тек экономикалық блоктағы құрылымдардың жүгі емес. Ол бүкіл мемлекеттік аппараттың, соның ішінде құқық қорғау органдарының да міндеті.

Неге десеңіздер, қылмыс жасағандардың 84 пайызы – жұмысы жоқ азаматтар. Сондықтан қылмысты алдын алудың тиімді жолы – халықты жұмыспен қамту, әсіресе бизнеске тарту.

Кәсіпкерліктің дамуына прокуратура қандай үлес қосады деген сұраққа бүгін жауап бермекпіз.

Бүгін біз бәріміз үшін маңызды үш сұрақ бойынша өзіміздің жауап нұсқамызды ұсынғалы отырмыз.

Біріншісі – тексерулерді тіркеу институты каншалықты тиімді жұмыс жасап жатыр?

Екіншісі – бизнесті прокурорлық қорғаудың мәні неде және кейде прокурорлардың өздері кәсіпкерлерді неге тексереді?

Үшінші сұрақ – қадағалау шаралары арқылы қалың көпшіліктің жеке бизнеспен айналуына ықпал етуге бола ма?

Әрқайсысына жеке тоқталып өтейін.

Тексерулерді тіркеу институты.

90-шы жылдарды еске алайық. Одақтың күйреуі. Құрдымға кеткен экономика. Жұмыссыздық пен инфляция. Десек те, оның артықшылықтары да болды – табыс табу мақсаты алға қойылды. Көбі төменнен бастады. Бірақ, олардың бастамалары тексерістерден бас көтермеді. Кез-келгені қалаған уақытында кімді болса да тексертін.  Осылайша кәсіпкерлер екі жақтан қысымға түсті: бір жағынан - мемлекеттік органдар, ал екінші жағынан - рэкет.   

Осының тамырына балта шабу керек болды. Мемлекет басшысының жеке қадағалауымен қылмыстың ауыздықтап, нарық заңдарын қабылдауға мүмкіндік туды. Бизнес нығая бастады. Алайда жаппай тексерістер әлі де жалғасып жатты. Нақты жүйе болмады. Мұның бәрі бизнестің дамуын тежеп отырды.

99-шы жылы тексерістерді міндетті тіркеуді енгізген соң жағдай өзгере бастады. Соңғы 5 жыл ішінде ғана олардың саны 4 есеге азайып, айына 30 мыңнан 7 мыңға дейін түсті. Егер де бұрын әрбір екінші адамға тексеру жүргізген болса, енді жүзден үшеуі ғана тексерілетін болды.

Бірақ бизнеске жасалатын қысым әлі де басылар емес.

Лихачева Шығыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмек өндіретін мекеме ашады. Бірақ фармацевтикалық тексеріс директоры оған бөгет жасауды көздейді. Себебі -шенеунікте де дәл осындай бизнес болған, сосын қарсыласын жолдан тайдыру керек. Ол шағымдарды қолдан жасап, өзі тексеріп, жарты миллион көлемінде айыппұл салады. Прокурорлар оның әрекетерін тоқтатып, сотталуына қол жеткізген.

Наразыларды биліктің саясаты емес, жергілікті жердегі нақ осындай әрекеттер тудырады! Сондықтан да тексерістерге қатысты тәртіпті ретке келтірген маңызды.

Біз 15-ші жылы қауіп-қатерді бағалау жүйесін енгіздік. Оның мәні – жапай бәрін емес, тек жоғары қауіп-қатер тобына жататындарды тексеруінде. Жылдың соңына дейін бұл жүйені «Тексерулердің бірынғай тізілімі» деп аталатын біздің жаңа сервиспен біріктіретін боламыз. Енді кімнің қайда тәртіп бұзғаны туралы бір-ақ сәтте білуге болады. Тексеріс жасайтын қызметкер сол жаққа баратын болады.

Тәртіп бұзушылық туралы барлық ақпарат тексеріс Картасында жарияланады. Кез-келген адам сайтқа кіріп, өзіне қажетті мәліметтерді алатын болады. Жиі тәртіп бұзатындар түбінде өз клиенттерінен айрылады.

Екінші қадам. Электронды тіркеу. Ол тексерушіге де, жемқорлыққа қарсы қызметтерге де тексерулердің сатысын онлайн бақылау мүмкіндігін береді.

Үшінші қадам. Кәсіпкер service.pravstat.kz сайты арқылы, 115 Call-орталығы немесе телефон арқылы өзіне жүргізіліп жатқан тексерістің қаншалықты заңды екенін көре алады. Оған 3 жыл ішінде мыңнан астам бизнес субъектілері хабарласқан. Осылайша әрбір үшінші адамға көмек беріліп, 400-ге жуық лауазымды тұлға жазаланды.

Таразда «Азимут» ЖШС-нің жалғыз табыс көзіне қамақ салынды. Бинес тұрып қалды. 15 жұмыскер қысқартылды. Біздің мобильді тобымыз келіп Экономикалық тергеу қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне тоқтау салды.

Мүмкін кәсіпкерлерге тексеріс жүргізуді ұйымдастыру мәселелерінде  бұдан да әсерлі құралдар бар шығар? Біз сұхбаттасуға дайынбыз.

Екінші бағыт – құқық қорғаушылық.

Бизнестің мемлекеттік айла-амалмен жиі ұшырасатын саласы - қылмыстық процесс. Дәл осында күш құрылымдары тарапынан қысым көрсету фактілері жиі кездеседі.

ОҚО-да бір жарым жыл бойы «Яссы» мақта компаниясына қарсы қылмыстық іс жүргізілген болатын. Осы уақыт ішінде шикізатты дайындау 6 есеге, ал айналым 4 есеге түсті. 104 адам жұмыссыз қалды. Қылмыс құрамы болмағандықтан, ең соңында іс тоқтатылды.

Тек іріктеп тексеру кезінде қылмыстың шеңберіне түскен 80 кәсіпорынның 33-і жабылып қалғаны белгілі болды. 800 жұмыс орны қысқартылған.

Бізге 3 мәселенің шешімін табу қажет.

Біріншісі – бұл хабарламаларды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркеген уақытта бірден тергеуге алуды басту, шоттарға тыйым салу, тінту және алу. Бұл ретте кәсіпкердің кінәлі әлде кінәсіз екендігі әлі белгісіз. Сондықтан да бизнесті сыртқы қысымнан құтқарады деген мақсатпен тергеуге дейінгі тексерісті қайтаруды сұрайды.

Бірақ бұл жерде мынаны түсініп алған абзал – СДТБТ айқын қылмыстарды әуре-сарсаңға салмай, дер кезінде тергеп-тексеру үшін арнайы енгізілді. Мысалы адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық. Бұл тергеу қарқыны бәсеңдеп жүргізілу себебінен дәлелдердің, мүліктің жоғалуының және қылмыскердің қашып кетуінің алдын алу үшін қажет. Осындай жағдай «Азбука жильямен» болған еді. Тайжанов 3 мың салымшыны алдап, қашып кеткен болатын.

Сонымен қатар, кей жағдайларда тергеу амалдарын бастау үшін бір ғана хабарлама жеткіліксіз болып, нақты негіздемелердің қажеттігі байқалады. Аудит, тексеріс, есеп болмаған жағдайда баға беру қиындығы туындайды. Мұндай жағдайларда ҚПК СДТБТ-де хабарламаларды тіркемей, оларды уәкілетті мемлекеттік органға жіберуге мүмкіндік береді.

Бірақ, бұл тәртіп жаппай бұзылуда. 2015 жылы экономика саласындағы әр төртінші іс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бірақ бұл сандарды қайта тексерістен өткізген дұрыс. Орташа алғанда әрқайсысы 3 айға жуық тергелсе де, оларда көптеген бұзушылықтар орын алған. Қаншамасы тоқтатылған, ал негізінде қанша кәсіпкер «қармаққа ілініп тұр»? Биыл 6 мыңға жуық хабарлама СДТБТ-ге жіберілген, олар бойынша тергеу мен жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылған.

Ерлік Әбдірақымұлы, олардың тіркеу негіздемелерін тексеріңіз, ал Марат Мұратұлы, ҚСжАЕК-мен бірге барлық статистиканың дәлдігін тексеріп баяндаңыз.

Біз мынадай тәртіпті ұсынамыз. Негізіне келгенде, ол бар, бірақ біз оны орындамаймыз.

Ақпараттарды тіркеу кітабы деген бар. Барлық хабарламалар соған енгізіледі. Хабарлама түскен кезде жедел қызметкерге 3 тәулік беріледі. Осы уақыт ішінде ол келген хабарламға қатысты қандай әрекет қабылдайтынын шешуі қажет. Оған 3 түрлі әрекет жасауға таңдау берілген.

 

Егер қылмыс белгілері болмаса және қосымша тексеру қажет болмаған жағдайда, хабарлама тізімнен шығарылады және ешқандай әрекет қажет етілмейді.

Егер де қылмыс айқын болып тұрса, мысалы салық актісі болса, онда СДТБТ-ге міндетті түрде енгізу қажет.

Үшінші жолы. Егер күмән пайда болып, тексеру қажеттілігі туындаса, хабарлама СДТБТ-де тіркелмей, уәкілетті органға қылмыстың бар-жоғын анықтау үшін  жіберіледі.

Бірақ бұл жағдайда бір сұрақ туындайды: уәкілетті орган әрі қарай қандай шаралар қабылдайды? Ол тексеру жүргізу қажеттігі бар-жоғы туралы шешімді өзі қабылдайды. Бұл еш жерде реттелмеген. Қылмыс белгілерін анықтаған жағдайда тергеуге жібереді. 

Алайда ол тексеріс жүргізбеуі де мүмкін. Бұл жағдайда қылмысты жасыру қаупі бар.

Кей жағдайда СДТБТ-ні жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін пайдаланады. Тергеу органдары егер онда қылмыстық әрекеттер орын алғанын негіздейтін салық актісі болмаса, бизнесті қазбалаудан аулақ болуы керек.

Жалпы қалыптасқан жағдайдың көрінісі мынадай: қатардағы тексеріс жүргізу үшін мемлекеттік органға негіздерді дәлелдеу қажет. Бір олқылық болған жағдайда прокуратура қыбылдамай тастайды. Ал қылмыстық қудалау әрекеттерін бастау үшін ешқандай бөгет жоқ. Кез келген жедел қызметкер баянат жазып, оны СДТБТ-ге тіркейді. Ешқандай санкция, ешқандай келісім жоқ. Есесіне бизнес қол астында болады...

Бұл фиксалдарға да тиімді. Тексерулерді белгілеу рәсімін сақтаудың орнына олар іс шеңберінде тапсырма алады. Бұл жағдай олардың қызметін жеңілдетеді. Тексеру жүргізу үшін негіздерді іздеп әуреге түсудің қажеті жоқ. Өйткені қауіптерді саралау және т.б. іс-шаралар біраз еңбекті талап етеді, Мүмкін осының барлығы СДТБТ-де жаппай тіркеуге итермелейтін шығар?

Сонымен қатар, жеке бизнесті қорғау үшін осындай істер бойынша прокурордың рұқсатын алу керек деген пікір қалыптасқан.

Алайда бізге қосымша міндеттер қажет емес. Онсыз да жұмыс бастан асады. Бұл жерде бизнесті қорғаудың басқа да қандай тетіктері бар екенін ойласып көрейік.

Екінші мәселе – алаяқтықтық та жеңіл тіркеледі. Бәсекелестің үстіне шағым жасасаңыз – бұл таза азаматтық дау болғанына қарамастан, ол бірден қыспаққа алынады. Әрине, қылмыстық шоқпарды пайдалана отырып қарсыласты «жеңу» оңай. Ал өзіңінің ақтығыңды дәлелдеп шығуды қажет ететін азаматтық сот – бұл басқа мәселе.

Осы жерде бір оңай жол қажет. Егер де жазбаша келісім-шартың бар болса – сотқа бар. Егер ол жерде криминал орын алған деп тапса, сот өзі жеке қаулы шығарып, сонда ғана тергеу басталады.

11-ші жылдан бері біз қылмыстарды тіркеуге қатаң қарайтын болдық. Сол уақыттан бері 40 полиция кезметкері қылмыстарды жасырғаны үшін сотталған.

Ендігі кезекте келесі мәселе туындап отыр, ол – әсіресе қылмыстық іске кәсіпкерлерді тарту кезіндегі негізсіз тіркеулер. Демек, тек қылмысты жасырғаны үшін емес, осы әрекеттер үшін де жазалау қажет.  

Облыс прокурорларына осындай сипаттағы істерді 3 күнде анықтап, оларды бірден тоқатуды тапсырамын.

Өзімнің орынбасарларыма осы мәселені қарастыруды және тергеу органдарына нұсқау әзірлеуді тапсырамын. Мерзімі - 2 апта. Қорытындысын құқық қорғау құрылымдары басшыларының қатысуымен өтетін Үйлестіру кеңесінің отырысында талқылайтын боламыз. 

Үшінші мәселе. Жалған кәсіпкерлік. Расымен де, көптеген бизнесмендер жалған кәсіпкерлікпен байланысып, бюджетке ірі сомалар қарыз болып қалған.

Егер 2010 жылы осындай 730 факті анықталса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 3,5 есе артық. Залал көлемі 242 млрд. теңгені құрайды.

Тек Ильиннің ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты қылмыстық іс бойынша оның бақылауындағы жалған кәсіпорындар бюджетке 66 млрд көлемінде залал келтірген. Айғақтардың арқасында 340 контаргент салық хабарландыруларын күтпей, өз еріктерімен қазынаға 9 млрд төледі.

Салық төлеуден жалтарудың тәсілдері өте көп. Олардың қатарында қаражатты қолма-қол ақшаға ауыстыру да, біркүндік фирмалар арқылы каптиалды шетелге шығару да бар. Адамның бірнеше күндік қана өмірі бар, ал оның атына фирма рәсімделіп жатады. Нашақорлар, жаны науқас адамдар, панасыздар және жай ғана жасанды тұлғалар меншік иесі және жетекші есебінде тіркелген.

“Дувайер” ЖШС бухгалетриясында барлығы өз қалпында болған  – шарттар рәсімделген, төлемдер мен жұмыс актілері де бар. Ал тереңнен қазбалап қараса, серіктес фирмалардың қызметкерлері де, арнайы техника да жоқ екен, ал басшыларының барлығы сотталған маскүнемдер болып шыққан.

Мемлекеттік кірістер комитеті  салықшылар кей кезде шектен шығатынын мойындайды, бірақ ештеңені өзгертудің қажеті жоқ деп санайды.

Жоғарғы Сот ең алдымен жалған фирмаларды салық төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартып, содан кейін ғана мұның жалған кәсіпкерлік пе, әлде жоқ па, осыған сот кезінде баға беруді ұсынады.

Пікірлердің мұндай алуандығы бұл сұрақтың сезімтал екенін көрсетеді. Осы орайда тәртіп сақтап жүргендерге тиіспей, бірақ алаяқтарды жай қалдырмауға мүмкіндік беретін тепе-теңдік табу қажет.

Кәсіпкерлер болса біздің мәмілелеріміз заңды, серіктестеріміз алаяқ болғанына біздің кінәміз жоқ. Мәмілелер мен құжаттардың жалған екенін дәлелдеңіз де, жазалай беріңіз, - дейді.

Мен мұндай тәсілді толықтай қолдаймын. Істің анық-қанығына жетпей, әрқайсысының кінәсін делелдемей, барлығын жаппай жазалай беруге болмайды.

Атамекен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан Минаковтың ісі бойынша мәселені дұрыс қойып отыр. Оны соттады. 348 серіктесіне 10 млрд. қосымша санап берді. Тергеу барысында 69, ал сотта не бары 8 адамнан жауап алынды. Олар мәмілелердің шынайылығын растаған болатын, алайда олардың пікірін тыңдамаған. 279 кәсіпорын бұл жағдай туралы хабарлама алған кезде ғана білді. Осылайша олар автоматты түрде қорғану құқығынан айырылды.

Кеше мен үкімге наразылық келтірдім. Енді Жоғарғы Соттың шешімін күтеміз.

Егер залал көлемі белгілі болмаса және ол өтелмеген жағдайда прокурорларға қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқандармен поцестік мәміле жасауға тыйым саламын. Не себептен десеңіздер, өйткені олар кез-келген келісімге қол қойып, айыппұл төлеп құтылып кетеді. Ал қиналатын олардың контрагенттері. Десек те, әрбір үшінші іс ымыраға келумен аяқталған.

Қазір Мемлекеттік кірістер комитетінде ведомствоаралық топ жұмыс жасап жатыр. Оның құрамында Атамекеннің 3 өкілі бар. Әрқайсысының дәйегін пысықтау қажет. Көптеген мәселелерді Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында алып тастауға болатынына сенімдімін.

Айтайын дегенім, ҚК пен ҚПК-ні қолдану тәжірибесі бірқатар сұрақтардың бетін ашты. Оларды бизнеспен бірге талқылау қажет. Біз әр бапқа тоқталып өте аламыз, ал оларды қабылдау себептерін кодекс авторлары түсіндіріп өтеді. Егер орынды ұсыныстар болса, түзету енгізуге бастамышылық етеміз.

Келесі бағыт – азаматтық даулар.

Сотқа жыл сайын 1,5 млн жеке және заңды тұлғадан 700 мыңдай арыз түседі. Әр қайсысынан «Қалың қалай?» деп сұрасаңыз, «Соттасып жатырмын» деген жауапты жиі естисіз.

Біз 2012 жылдан бері «Қылмыстық және азаматтық процесте бітімге келу» жобасын іске қосқан едік. Оның нәтижесі – жаңа Азаматтық-процестік кодекс. Бітімге келу - соттың басты міндеттерінің біріне айналды. Ымыраға келу жолдарын іздеудің жаңа құралдары пайда болды.

Сондықтан қылмыстық процестің проблемаларын шешуден бөлек, АПК-ні жетілдірудің де маңызы өте зор. Бұл бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің өз дауларын шешу кезінде ірі шығынға ұшырамауы үшін қажет.

Бұған біздің «Шағымсыз қоғам» атты жобамыз септігін тигізуде. Оның мақсаты – бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды шешу кезінде сотқа жүгінуге мәжбүрлейтін себептерді жою.

Келесі бағыт – әкімшілік кедергілер.

Нақ осылар көптеген шағымдарға себеп болған.

Біз Атамкенмен бір эксперименттік жағдайларды ұйымдастырып жатырмыз. Біреу рұқсаттама құжатын сұрап жатыр делік. Біз оның өтуге міндетті жолын бақылауға аламыз. Мемлекеттік қызмет қалай көрсетіліп жатқанын, жасанды бөгеттердің бар-жоғын бақылаймыз.

Шымкенттің архитектура бөлімі тегін мемлекеттік қызметті коммерциялық «жолға» қоюдың амалын тапқан. Олар стендке заң бойынша талап етуге болмайтын құжаттардың тізімін іліп қойған, солардың ішінде: топографиялық түсірілімдер, сызбалар, техникалық жағдайлар және т.б. Бұл құжаттарды бөлім бастығы жұбайының бес фирмасы әзірлейтін болған. Әрине, ақылы негізде. Төлемесең, мемлекеттік қызмет көрсетілмейді.  

Негізінен осындай эксперименттерді жалғастыру қажет.

Әлемнің барлық аспазшылары үшін Мишлен жұлдыздары деген басты марапат бар. Ол сапа белгісі. Үш жұлдыз – ас бөлмесі, интерьер мен қызмет көрсету жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Яғни, ресторандарды бәсекеге түсуге итермелейтін алтын стандарт. Ал бағаны мемлекет емес, тәуелсіз сарапшылар береді екен.

Бізде керісінше, барлығы түгел мемлекет бақылауына алынған.

Мысалы санитарлық нормалар мен ережелер. Асханаларға вентиляциядан бастап ыдыс жууға дейін 230 міндетті талап қойылған. Тіпті темекі шегетін бөлменің температурасына қатысты талап та бар. Бізде 8 мың талабы бар 41 санитарлық нормалар мен ережелер бар. Мұндай нәрсе Мишленнің түсіне де кіріп шықпайды. Олардың барлығын сақтайтын болса, біздің асханаларға 3 емес, 10 жұлдыз беруге болады.

Бизнеске сенім артып, ескірген қағидаларсыз жұмыс істейтін уақыт келген шығар? Кәсіпкер клиентке не қажет екенін жақсырақ біледі емес пе?

Біздің өзара әрекетіміздің келесі нүктесі – бизнеске кедергі келтіретін құқықтық нормаларды нүктелі анықтап, олардың өзгерісін талап ету керек.

Басқаша айтқанда, мына мәселелер бойынша тексеру жүргіу қажет:

Ø Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі саясатына сәйкестігі;

Ø Бизнес жүргізуге бөгеттердің болуы;

Ø Жемқорлық қылмыстар жағдайы;

Ø Мақсаттың маңыздылығы, тиімділігі, мақсатқа сәйкестігі және негізділігі.

Бұған әлі ешкім шындап кіріскен емес. Кәсіпкерлер теоретиктерге қарағанда құқық аясындағы әлсіз тұстарды атап өте алады.

Осы орайда сайтта формуляр жасауды ұсынамыз. Ол қарапайым әрі түсінікті болуы қажет. Мен бұл процесті былайша елестетемін: кәсіпкер үш бағананы толтыруы қажет: 1) нормативтік құқықтық актінің атауы; 2) ол келіспейтін нақты бап, тарау, абзац. 3) өз жағдайын сипаттай отырып олармен келіспеу себебін көрсететін қысқаша негіздеме.

Осыдан кейін мемлекеттік органдардың пікірін алып, ортақ талқыға саламыз.

Келесі сұрақ. Прокуратура не себепті бизнеске тексеру жүргізеді?

Бірден айтып кетейін, прокуратурада бизнесті тексеру жоспарлары жоқ, болуы мүмкін де емес. Бақылаушылар онсыз да жеткілікті. Бірақ кейбір кездері біздің араласуымызға тура келеді. Әсіресе бақылаушылар әрекетсіз отырған жағдайда. Өйткені әрекетсіздік салдары ауыр болуы мүмкін.

ШҚО-да балық инспекциясы көксерке балығын тасып шығаруға рұқсатты оңға да, солға да тарата берген. Прокурорлар 26 мың тонна балықта экспорттаудың жасырын сызбасының бетін ашты. Экология залалы – 4 млрд. 114 іс қозғалып, 45 тұлға сотталды, соның ішінде балық инспекциясының барлық басшылығы да бар.

Біздің қандай жағдайда бизнесті тексеруміз қажет екенінің барлығын заңда көрсету мүмкін емес. Теріс пайдаланушылық болмау үшін, тексерулер облыс прокурының жеке шешімімен жүргізіледі, оған дербес жауапкершілік жүктеледі.

Сондықтан орталықтағы және жергілікті жерлердегі өзімнің әріптестеріме ескертетінім – қателіктерге бой алдырмаңыздар.

Үшінші сұрақ – прокуратура қадағалау шаралары арқылы көпшіліктіктің жеке бизнеспен айналысуына ықпал ете ала ма?

Жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту - жергілікті органдардың  басты міндеті. Мемлекет басшысы өзінің «Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» бағдарламасында осыған ерекше назар аударған.

Бұл жерде ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлінген. Бізде 7 мыңға жуық ауыл бар. Онда 40%-дан астам қазақстандық өмір сүреді. Қазіргі уақытта ауылға барып жұмыс орындарын беретіндер аз. Ал ол жақтағы адамардың көп бөлігі қандай кәсіппен айналысатынын білмей жүр. Әкімдердің аппаратында бизнес-бағыт беріп, қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсете алатын, олардың қыр-сыры мен оңай есептері көрсетілген бизнес түрлерінің тізімін бере алатын адам жоқ.  Егер әр ауыл әкімін осындай ақпаратпен қамтамасыз етсек, оларды тұрғындарды бизнеске тартуды үйретсек және оның жұмысын жағдайы жақсы отбасылар саны арқылы бағалайтын болсақ, бұл жаппай бизнес ынтасын тудыруы мүмкін еді.

Біз осыған қосылып, мұндай әдісті қолдауға дайынбыз. Неге деген сұрақ туындаған шығар?

Себебі бұл еліміздегі криминогендік жағдайға тікелей байланысты. Қылмыстардың 84 %-ын жұмыссыз адамдар жасаған. Айтпақшы, ақтөбелік террористер де жұмыссыздар қатарында болған.

Бізде жұмыссыздықтың негізгі себебі жұмыс орындарының болмауы емес. Оған сандар дәлел. 15-ші жылы бізге табыс табу мақсатымен миллионға жуық  Қырғызстан және Өзбекстан азаматы келген. Олар өз отанына банк арқылы 100 млрд. теңге аударған. Қолма-қол ақшалай қанша қаржы кетіп жатқанын ешкім білмейді.

Алайда бізде жарты миллион жұмыссыз бар.

Қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы – жұмыс орындары. Оларды қалыптастыратын кім? Әрине, бизнес. Сондықтан біз жұмыспен қамту және тұрғындардың табысының өсу мәселелеріне назар аударуымыз қажет.

Келесі топ – түрме халқы. Олардың саны 32 мыңдай. Олар өздерінің еңбек дағдыларын жоғалтып жатыр. Ертең бостандыққа шығып, олар қайтадан қылмысқа немесе заңсыз шерулерге баратын болады. Осыдан екі жыл бұрын біз Екінші түрме форумында «Колониядағыларды жұмыспен қамту – 2017» жобасын ұсынған едік. Сол уақыттан бері ең алғаш 30 сотталған адам өздерінің шағын бизнесін ашқан. Колонияларға 145 бизнес субъектілері еніп, 1877 жұмыс орнын қалыптастырған. Біз іскерлік орталарды колонияларға баруға шақырамыз. Ол жақтағы өндіріс орындарына жалға алғаны үшін ақы төленбейді. Бұл өте жақсы ынталандыру.

Біз тарапымыздан кәсіпкерлікке қолдау көрсете алатын өзге де сегменттер бар.

Ол үшін не істеу керек?

Экраннан менің баяндамамның құрылымын көріп отырсыздар. Біздің өзара әрекеттестігімізді жақсартуға мүмкіндік беретін негізгі бағыттар осы.

Осылардың әрқайсысы бойынша шағын топ құруды ұсынамыз. Оларға нақты мерзім белгілеп қоямыз.

Сонымен қатар шешім қабылдаудың екі деңгейін анықтауға болады.

Біріншісі – қажет болған жағдайда ортақтасып, өз өкілдіктері деңгейінде бизнестің нүктелі мәселелерін шешетін біздің орынбасарларымыз бен өзге құрылымдар.

Келесі деңгей – біздің форум. Оны жарты жылда бір рет, маңызды және жүйелі мәселелер жинақталған кезде өткіземіз.

Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, Бас Прокурор ретінде, бизнес пен депутаттық корпусты алынған бастамаларды соңына дейін жеткіземіз деп сендіргім келеді.

Назарларыңызға рахмет.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.