You are here

Бас Прокурор Жақып Асановтың бірінші жартыжылдықтың қорытындыларына арналған Бас прокуратураның алқа мәжілісінде сөйлеген сөзі (Астана, 2016 жылғы 22 шілде)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Құрметті әріптестер!

 

Ата Заңымызға сәйкес прокуратура міндеті - заңдардың бiркелкi орындалуын қамтамасыз ету.

Қылмыстық істерді тергеу, сотта айыпты қолдау, азаматтық істерде мемлекет мүддесін қорғау, бюджетке өндіру, тағы да басқалары.

Жыл сайын жүздеген мың адам сот актілеріне, мемлекеттік органдарға арызданады. Жұмыстан заңсыз шығару, жалақы төлемеу, жетімдердің, қарттардың құқығын белден басу, бизнесті заңсыз тексеруден қорғауды сұрайды.

Жарты жылда 360 мың азаматтың құқығы қорғалды. Миллиардтаған жалақыны төлеттірдік. Қаншама тұрмысы төмен адамдар әлеуметтік көмек алды, мүгедектер баспаналы болды.

Азаматтардың құқықтарын қорғауға қосқан үлесіміз жайлы көп айта беруге болады.

Бірақ, жұмысымызға наразы адамдар аз емес. Жұртшылық бізді, көбінесе, жазалаушы орган деп санайды. Сөзіміз бен ісіміз бір жерден шыға бермейді, ал бастамаларымыз құр сөз, бос ұрандату деген пікір бар. Сондықтан ең басты сұрақ - жұмысымызды қалай жақсартамыз?

Осыған жауап іздеп, сынға көп ұшырайтын келесі бағыттарды таңдап алдық.

Ең алдымен, кадр мәселесі. Қызметке кейде үздіктер емес, іскерлік қабілеті төмен, тек өз пайдасын ойлайтын кездейсоқ адамдар кіріп жатады. Танысың, көкең болмаса, өз күшіңмен бізге орналасу мүмкін емес деген ой қалыптасты.

Баяғы тағы бір ауру – статистикаға бағыну. Барымызды асырып, жаманымызды жасырып, тек көрсеткіш қуумен жүрміз. Соған етіміз үйреніп кеткен. Екі цифрды салыстырып, өсім болса, мәзбіз, төмендесе, қулыққа барып, бұрмалаймыз.

Прокуратураның структурасы да заманға бейім емес. Баяғыша.

Жұмысты ұйымдастырудың әлемде түрлі озық технологиялары бар. Соның бірі - проектный менеджмент. Оған көшсек, әрбір маңызды сұраққа арнайы команда құрылады. Нақты мақсат қойылып, бәрінің күші соған жұмылмақ.

Профилактиканың ең тиімді жолы – тұрғындарды осы жұмысқа тарту. Бұл үлкен ресурс. Осыған дұрыс мән бермейміз.

Тағы бір үлкен кемшілігіміз - өңірлерге аз шығамыз. Ал, ел ішінде бізге сұрақтар көп. Сондықтан кесте жасалды. Бас прокуратура басшылары аймақтарда қабылдау жүргізбек. Бұл сол жердегі құқық қорғау органдарына да жақсы сілкініс болмақ. Келешекте осы жұмысты жүйелі түрде жүргізбек ойымыз бар.

Көптеген азаматтар бізді жазалаушы орган деп санайды. Дегенмен, прокуратура бүгінгі күнде ең алдымен құқық қорғау органы болып табылады. Цифрларға назар аударайық.

Жарты жылда прокурорлар 360 мың адамның құқықтарын қорғады. Олардың жартысы балалар. Біздің ықпал етуімізбен 40 мың жұмыскер 4 млрд. теңге сомасында жалақысын алды. 2,5 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды, тағы 154 мүгедек мемлекеттік баспана алды.

Қызметтік кабинеттерде және уақытша ұстау абақтыларында заңсыз 205 адамды ұстап отырған. Біз оларды шығардық. Тергеушілер қамаққа алмақшы болған 2 мың күдіктіні камерадан босаттық. Біз оларға кепіл қолдандық.                                          

182 сотталған біздің наразылығымыз бойынша анағұрлым жеңіл жаза алды. Прокурордың бастамасы бойынша барлығы 698 сот актісі түзетілді. Азаматтардың пайдасына 1 млрд. 700 млн. теңгеге сот шешімдерінің орындалуына қол жеткіздік.

Бізге шағыммен жүгінген 14 мың адамның құқықтары қалпына келтірілді.

Бұл бұзушылықтар бойынша 40 мыңнан астам лауазымды тұлға жазаланды, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа 209 адам тартылды.

Мемлекет мүдделерін қорғау бойынша.

25 млрд. теңгеге 720 заңсыз мемлекеттік сатып алудың күші жойылды. Ұлттық қорға 12 млрд. қайтарылды. Олар мақсатсыз жұмсалған.  Бюджет 45 млрд алды. Мемлекетке заңсыз берілген 14 млрд. теңгеге жерді қайтардық.

6 айда жалпы қорытынды – 100 млрд. Оған 600 орындық 80 типтік мектеп салуға болады.

Бір жағынан жақсы жұмыс жасаған да сияқтымыз. Жүздеген мың азаматқа көмектестік. Қылмыскерлерді жазаладық, қазынаны толықтырдық.

Екінші жағынан – бұл дабыл қағарлық белгі. Жылдан жылға сол бұзушылықтар қайталануда. Заңдарды, шенеуніктерді ауыстырамыз. Бірақ бұл жағдайды түзетпей тұр.

Осыдан міне халықтың сенбеушілігі туындайды. БАҚ-ты оқыңыздар, әлеуметтік желілерге кіріп көріңіздерші. Біз туралы не айтып жатқанын көресіздер. Бүгінгі күнде кез-келген қылмыс Интернетте таралады да барлық құқық қорғау жүйесіне сын айтылады.

Қылмыскерлердің жақындары мен достары, «керуетте отырып сын айтушылар» және жәй ғана пікір білдірушілер риза еместігін білдіріп жатады.

Бірақ көп бөлігінің, оның арасында сол блогерлер де бар, бізге деген наразылықтары негізді. Мұның барлығы қоғамдық пікірді қалыптастырады. Бұл неге осылай болды? Негізгі жеті себебін атап өтейін.

Біріншісі – әлсіз кадрлар. Бұл көптеген мемлекеттік органдардың проблемасы. Прокуратураға да тән.

Президентіміз 8 жыл бұрын былай деп айтқан еді: «Құқық қорғау органдарының барлық кемшіліктері – кадрлармен нашар жұмысқа байланысты. Оларды орналастыру кезінде олардың кәсібилігі емес, ниеті және туыстығы негізге алынады. Нәтижесінде, кездейсоқ адамдар тағайындалады. Ал олар тым көп болып барады».

Көрінгенді алудамыз. Бұрынғы прокурор Саметов ескі форманы киіп, бизнесменді 3,5 млн.-ға алдап кеткен. Ал бұл адам бізбен 7 жыл жұмыс істеді.

Мұндай адамдар қалайша қабылданды? Себебі – жөнсіз іріктеу жүйесі. Ол бойынша кандидатты, оның жеке және іскерлік сапасының қандай екендігін танып білу, оған баға беру мүмкін емес. Барлығы адамгершілік факторға байланысты.

4 іріктеу құралының тұсауын кестік. Оларды озық компаниялар бұрыннан пайдаланады, оның ішінде Назарбаев Университеті, ПрайсУотерХаус және Дейлойтт.

Енді кандидат екі эссе жазатын болды. Біреуі өмірлік тәжірибе туралы, екіншісі – берілген тақырыпқа. Сонымен қатар ол кейстік міндеттерді шешуі керек. Соңында психологиялық тест. Сонымен біз кандидаттың интеллектуалдық деңгейін (IQ) танимыз және ол туралы толық ақпарат аламыз.

Бұл рәсімдердің барлығын Интернетке шығардық.

Мансаптық жылжу жаңа қағидат бойынша өтеді. Ол үшін пулдар құрылады. Мәселен, «30 озық мемлекеттік айыптаушы». Дәл соларға Бас прокуратурада, Астанада және Алматыда негізгі лауазымдарға тағайындалуға басымдық беріледі.

Бірақ біз қабылдайтын 200 маман ауа райын жасай қоймас. Сондықтан барлығына өзгеру керек. Үйрету ұзақ және қымбат. Өскісі келетін әрбір прокурор тиімді болуға, менеджмент технологиясын игеруге тиіс. Мәселен, «Тиімділігі жоғары адамдардың жеті дағдысы», «Ораторға 101 кеңес» және т.б. кітаптарды оқыңыздар.

Міне осылайша құзырет деңгейін тездетіп көтеріп, бір тілде сөйлей аламыз.

Академияға осындай әдебиеттердің тізімін жасауды және оны біздің порталға орналастыруды тапсырамын.

Кадрлар бойынша жасап жатқанымыз бұл «100 нақты қадамды» іске асыру. Біз үшін оның құндылығы – прокурорлардың кәсіби корпусын қалыптастыру мүмкіндігі. «100 қадам» мемлекеттік аппаратқа ең үздіктерді әкелуге алып келеді.

Менің пікірімше маңызды деген екі дүниені атап өтейін.

а) Жылына 30 000 заңгер оқу бітіреді. «100 қадам» жоғары оқу орындарын өз тауарларының сапасы бойынша ойлануға мәжбүр етеді. Адамдар да бізге немесе сотқа білімсіз қадам басу мүмкін еместігін түсінеді. Көкені іздестірудің де мәні жоқ болады.

б) Кандидаттардың өмір салты. Студенттік жылдардан бастап олардың белсенді азаматтық ұстанымы, әлеуметтік жобаларға қатысуы басымдық беретіндігін және іріктеу кезінде жоғары бағаланатындығын білуге тиіс.

Бұл кадрлар туралы.

Екінші себебі, неге жоғары сенімге ие емеспіз. Статистикаға жұмыс істеуге үйреніп алдық. Цифрлардың астынан адамдарды көрмейміз. Бұл кеңестік кезеңнен-ақ әріптестеріміздің санасына біткен.

Бұл барлығына жарап тұр. Көрсеткіштерді суреттеп салу оңай. Миымызды талдауға қарай бұрмаймыз. Шағын ғана өсім жақсылықтың  жай ғана көрінісін береді. Сондықтан профилактикаға ешкім мүдделі емес.

Мұны түбегейлі өзгерту керек. Қызметкер әрбір іс, шағым үшін жеке жауаптылықты сезінуге тиіс. Әрбір прокуратурада екі тізілім енгізуден бастайық. Біреуі  - анық бұзушылықтардың. Екіншісі – оң тәжірибелер тізілімі. Өзін көрсеткен, бастама білдірген және үлгі болғандар – «үздіктер» тізіліміне. Ал мемлекеттік айыптауды сапасыз қолдағандар, істі нашар қарап, шағымға нашар жауап бергендер – «екіліктер» тізіліміне. Басшылар да қалыс қалмайды, қарамағындағылар бойынша бағаланатын болады.

Үшінші себебі – қалыптасқан құрылым.

Біз консервативті және жартылай жабықпыз. Бірақ айналамызда бұрын барлығы өзгеріп кеткен. Елбасы атап көрсеткендей, құқық қорғау жүйесі кеңестік кезеңнің құндылықтарына жүгінеді және қоғам сұраныстарына жауап бермейді.

Сондықтан құрылымды үш блокқа бөлеміз.

Бірінші. Қоғаммен байланыс. Басымдықтарды халықтың сұраныстарын негізге ала отырып айқындаймыз. Дәл осы қоғам – біздің жұмысымызға тапсырыс беруші.

Екінші блок. Алдын алу. Біз бұзушылықтар мен жазалауды анықтауға ұшталғанбыз. Алдағы уақытта бұзушылыққа жол бермеуге назар аударамыз.

Үшінші. Бұл жедел бөлімшелер. Олардың міндеті тергеу, соттарға қатысу, өтініштермен жұмыс, қадағалап тексеру.

Сенімнің төмендігінің төртінші себебі – жұмыстың ескірген әдістері. Алқа отырысына, отырыстарға, конференцияларға бар күшімізді саламыз. Бірақ залдан шыға сала барлығын ұмытамыз. Ал іс жүзінде проблема қала береді.

Мәселен, үлесшілер. Онымен кім айналыспай жатыр дейсіз – полиция да, прокуратура да, әкімдік те. Немесе жалған кәсіпкерлік. Мәселе жылдап созылуда. Өзіміз таң қалатын цифрларды атаймыз. Ал мұндай проблемалар ондап кездеседі. Мұны қоғам да аса ауыр қабылдайды.

Неге бұлай болып жатыр?

Президент айтқандай, оның тапсырмасын министр орынбасарына, ол – департаментке және осылайша қатардағы орындаушыға дейін беріледі. Ал ол бұл проблемамен жеке өзі қалады.

Бізде міне осындай ауру. Маңызды мәселелерді қатардағы прокурорға қалдырамыз. Ал ол не істейді? Онда басқа да маңызды тапсырмалар жеткілікті. Әрине, ол одан тездетіп құтылып, бақылаудан алу тәсілін іздейді.

Мұны жою керек. Президент 90-шы жылдары  жобалық менеджмент туралы айтқан болатын. Оның басты басымдығы – нәтижеге бағытталған командалық жұмыс. Бүгінгі күні біз процеске ғана аса назар аударамыз.

Сондықтан азаматтар үшін сезімтал мәселелер бойынша жобалық тәсілді қолданамыз.

Тәжірибеміз бар. Бұл түрмедегі халық бойынша, татуласу бойынша жобалар. Бүгінде 22 жобадан тұратын қоржынымыз бар. Оларды іске асыру үшін нақты іріктелген прокурорларды үйреттік.

Олардың кейбіреулерінің тұсаукесері менің баяндамамнан кейін болады.

Бесінші себеп – азаматтар қоғамдық тәртіпті қамамасыз етуге тартылмаған.

Әркімді өзінің жеке қауіпсіздігі, туыстары мен жақындарының қорғалуы, сондай-ақ меншігінің сақталуы ғана алаңдатады.

Алайда кейбіреулерін көршілерінде, кереберісінде, ауласында не болып жатқаны алаңдатпайды. Бұл біздің кінәміз. Біздің тәртіп полицияға ғана байланысты еместігіне көздерін жеткізе алмағандығымыз. Бұл жерде әркімнен кез келген дабыл маңызды. Ол біреудің өмірін сақтап қалуы, қылмыстың жолын кесуі, ұрыны ұстауы мүмкін.

Алда ЭКСПО өтеді. Қауіпсіздік шаралары Үйлестіру Кеңесінде талқыланды. Олар Астанаға қатысты, бірақ оларды барлық өңірлерде қолдануға болады. Облыс прокурорларына айтып отырмын, барлығыңыз естідіңіздер. Нұсқауды күтпеңіздер. Өздеріңізде жұмыс жүргізіңіздер.

Және тағы бір айтарым бар. Прокурордың 100 кеңесін дайындаудамыз. Онда азаматтар үшін нақты өмірдегі жағдайлар бойынша ұсынымдар. Мәселен, қалай алаяқтың құрбаны болмауға болады? Егер тексерумен келсе не істеу керек? Мемлекеттік органдарда шағымдарды қалайша қадағалау керек?

Академияға ұсыныстарды жинап, осы кеңестерді жинақ ретінде ресімдеп, Интернет арқылы таратуды тапсырамын.

Халықпен тікелей коммуникация керек. Жергілікті жерлерде адамдардың көңіл күйін білесіздер. Кабинеттен кабинетке соңы жоқ жүріс, шенеуніктердің бірінен біріне жолдауы, қатаңдық, сөзбұйда. Ешкім олардың проблемаларын қалайша шешу керектігін анық түсіндірмейді.

Сәуірде Мемлекет басшысы біз халыққа заңды түсіндірмейміз деп айтты. Мойындауымыз керек, бізде  халықпен «кері байланыс» жөнге қойылмаған. Сондықтан біз ораторлар пулын құрдық. Олар өңірлерге шығып жүр. Азаматтармен кездеседі. Сұрақтарға жауап береді және құқықтарын түсіндіреді. Бұл практиканы дамытатын боламыз. Өңірлерде де жергілікті ораторлар қажет.

Алтыншы себеп – өтініштермен жұмыс.

Әрбір шағым – бұл жан айқайы. Оны қарауымызға қарай билікке деген сенім қалыптасады. Әр азамат біздің одақтасымызға айналуы керек. Тіпті заң бойынша бас тартуға мәжбүр болғанда да. Барлығы біздің тілімізге және сендіре білуімізге байланысты.

Күрделі ойлар. Құрғақ сілтемелер. Қатаң тіл. Адамдар біздің жауаптарымызды түсінбейді. Біз әртүрлі планетадан сияқтымыз. Ештеңе түсінбегесін БАҚ-қа, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдарға барады. Сондықтан да шағым артуда. Мұны қалай түзетуге болады?

а) Жауапты адами тілмен беру керек. Тіпті білімі жоқтың өзі  бізді оңай түсінуге тиіс. Арыз берушінің барлық дәлелдерін нөмірлеу керек және оларға дәлел келтіріп жауап беру керек.

б) шағымның мәнін түсіну керек. Кейде адамның нақты нені қалайтыны анық болмай жатады. Соншама көңіл-күйін білдіреді де, дәлел келтірмейді. Сондықтан өтініште не болуға тиістігі анық жазылуы тиіс және өзінің талаптарын қалайша дұрыс жеткізуі керектігін көрсететін шаблонды дайындадық.

в) «Тиімді шағымдар қоғамына» жобасын іске асырамыз. Жобаның тұсаукесері кейінірек болады.

г) Өңірлерге шығу. Көптен бері мұны істемедік. Кабинеттерде жабылып отырмыз. Арыз берушімен жеке байланыс ол үшін де, біз үшін де маңызды. Барлық басшылық жылдың соңына дейін өңірлерде азаматтарды қабылдайтын болады.

Сенім білдірмеудің жетінші себебі – жергілікті жерлерде жұмысқа белшеден батқан. Ағымдағы жұмыс жетіп артылады. Құрметті облыс прокурорлары, әрқайсыңыз осы лауазымда бірнеше жылдан жұмыс істейсіңдер. Сіздің өңірде сіздің келуіңізбен не өзгерді? Нені мақтан етесіз? Маңызды дейтін не істедіңіз және бұл қалаға, ауданға, облысқа пайда берді ме? Бүгінде сіз мінберге шығып, сол туралы айта аласыздар. Тұтастай алғанда халық үшін нақты нәтижеге бағдарланыңыздар.

Қадағалау салалары бойынша қысқаша.

Қылмыстылықтың жай-күйі. Өткен жылмен салыстырғанда ол шамалы төмендеді. Адам өлтіру мен ұрлық 12%-ға қысқарды (480-нен 423-ке; 6853-тен 6035-ке дейін), бұзақылық пен зорлау үштен бірге азайды (13859-дан 8502-ге дейін; 1382-ден 979-ға дейін). Сонымен қатар ұрлық  7% өсті (103 150-ден 110 691-ге дейін).

ҚПК-ны жаңарттық. Жасырып қалулар болмас үшін барлығын тіркейміз. Не алдық? Әр үшеудің бірі, ал бұл дегеніңіз 88 мың іс қысқартылды. Онда бастапқыда криминал болмаған. Ал азаматтар мен кәсіпкерлерді жауап алуға тасуда. Тінту, алып қою және т.б. Бұл бір күн және екі күн де емес, айлап созылады.

Адамдар қиналады, бизнес құлдырайды.

Екінші жағынан, өзімізді жүктеп қойдық. «Күрделі істердің орнына корзинаға жұмыс істейміз. Мұны қалай түзетуге болады?»

а) СДТБТ–де тіркеудің нақты критерийлері мен алгоритмін айқындау. Ең бастысы қылмыстық істі негізсіз қозғауды жою.

б) Тергеудің ақылға қонымды мерзімдеріне тәсілдерді өзгерту керек. Анықтық жоқ. Мұндай жағдадйда тіпті ең жай істердің өзі айлап жүретін болады.

Ерлік Әбдірақымұлы, мұны мүдделі органдармен пысықтаңыз. Үйлестіру Кеңесіне шығарамыз. Жылдың аяғына дейін нүктесін қоямыз.

Әлеуметтік-экономикалық сала бойынша.

Төрт маңызды бағытты атап өтемін.

Бірінші. Экстремизм және терроризм.

Бұрындары сыртқы террористерден қауіптенетінбіз. Енді қауіп іштен. Елбасы террористерді жоюдағы полиция мен арнайы қызметтің рөлін атап өтті және халықты күш құрылымдарына деген қатынасын өзгертуге шақырды. Полиция күндіз де, түнде де қарауылда. Соққыны бірінші болып солар алады. Көбіне – бұл өмірін қиюға дайын, ісіне берілген, адал кәсіпқойлар. Соңғы бес жылда борыштарын өтеу кезінде 144 полиция қызметкерінен айрылдық.

Бүгінде терактілер – бұл әлемдегі № 1 қауіп. Күштік құрылымдар террористерді анықтауға және оларды залалсыздандыруға бағдарланған. Бұл үшін заңдар да, қаражат та, кадрлар да бар.

Екінші бағыт. Еңбек қатынастары.

Бүгінде 8 мың 400 жұмыскер жалақысын ала алмай отыр. Берешек 1,7 млрд. Олардың отбасылары қиын жағдайда. Қарыздың көп бөлігі Ақмола облысында, ШҚО және БҚО-да.

Прокурорлар қалыс қалмайды. Жұмыс берушілермен бірге қарыздарды өтеу тәсілдерін іздейміз. Ия, бұл біздің  қызмет емес. Бірақ бізге нәтижесі маңызды.

Прокурордың араласуы бойынша «Гефест» ЖШС өнімге сатып алушыны тапты. Пайда жалақыға кетті. Мыңнан астам қызметкер өздерінің 160 млн. теңгесін алды. Сонымен қатар Алматы облысында «Контакт-Тур» ЖШС-ның 42 қызметкері  24 млн. теңге алды.

Бірақ қарыздардың объективті себептері де бар. Дағдарыс, өндірістің құлдырауы. Алайда, қарыздардың төртінші бөлігі, дегенмен, жұмыс берушілердің кінәсінен. Оларда ақша болған, бірақ басқасына жұмсалған. Бұл үшін қылмыстық та, әкімшілік те жауаптылық бар. Кәсіпорынға әкімшілік тәртіппен айыппұл салынады. Ал онсыз да жалақы бойынша қарыздар бар. Онымен қоса қарызды өтегеннен бұрын айыппұлды төлеу керек. Нәтижесінде жалақыны емес, айыппұлды төлейді. Бірақ кәсіпорынды емес, директорды жазалау керек қой. ӘҚБтК-ге түзетулер қажет. Біз оған бастама жасаймыз.

Жалақыны бірнеше рет кідірту – қылмыстық жауаптылық. Қазірде бұл жеке айыптаудың ісі. Яғни, жұмыскер басшының кінәсін өзі дәлелдеуі тиіс. Бұл мүмкін емес. Ешкімде оған бухгалтерияға енуге рұқсат бермейді. Қылмыстық кодексті өзгерту керек және бұл қылмысты жеке-жария разрядына ауыстыру керек.

Үшінші бағыт. Үлескерлер. Көптеген адамдар пәтер туралы армандай отырып, барлық жинағанын жұмсайды. Бірақ оларды алдады.  Олар салушымен уағдаласқан кезде олардың арасында мемлекет болған жоқ және болмауға тиіс те. Бұл жерде азаматтық қатынастар. Бұл «сақалы бар» проблема туралы Президент те көп рет айтқан болатын. Нәтижесінде ол баспанаға мұқтаждарға көмектесуге тікелей тапсырма берді. Аяқталмаған объектілер Ұлттық қор қаражаты есебінен салынып бітіп жатты. 460 млрд. жұмсалды.

 Сол кезде заң қабылдады, қатаң шарттар жазылды. Сонда да салушылар жолын тапты. Инвестициялық шарттар жасаса бастады. Бұл іскерлік сияқты, бірақ тұрғын үйді салып бітеді деген ешбір кепілсіз.

60 проблемалы объекті пайда болды. Оларды барлығы біледі. «Азбука жилья», «Аль-Баракат», «Тамыз» және т.б. 9 мың отбасы баспанасыз.

 Проблеманың өзін шешу бізге ғана байланысты еместігі белгілі. Инвесторлар қажет.

Прокурорлар өз тарапынан жедел тергеуді, кінәлілерді жазалауды және залалды өтеуді қамтамасы етуі тиіс.

Бұған қоса, бұл мәселенің қайталануына жол бермеу маңызды. Қазан айынан бастап жаңа заң жұмыс істейтін болады. Енді азаматтардың ақшасын тарту үлестік қатысу туралы шарт бойынша ғана мүмкін.

 Уақыт болып тұрғанда халықты дайындау керек. Бұдан былай азаматтар мен салушылардың қатынастарына мемлекет араласпайтынын түсіндіру керек. Пәтер сатып алғысы келгеннің әрқайсысы «үлестік құрылыс шарты» деп аталатын шарт жасасуға тиіс. Егер басқасы болса, онда барлық қауіптер үшін ол өзі жауап береді. Ешкім де, соның ішінде мемлекет те оның ақшасын қайтармайды. Ол уағдаласқан адамнан талап етуі тиіс.

Бұл үшін «Алдаусыз үлестік баспана» жобасын іске қосамыз.

Төртінші. Кәсіпкерлікті қорғау.

Маусымда «Атамекенмен» форум өткіздік. Өзекті мәселелерді ашық талқыладық. Мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске қатаң қысым жасаумен байланысты бірқатар проблемалар ашылды.

Астанада және Ақмола облысында пилоттық жобаны бастадық. 560 істі зерделедік. Әр бесінші іс заңсыз. ҚПК шеңберінде 224 кәсіпорынға тексеру тағайындалған. Олардың жартысы негізсіз. Біз де бұны өткізіп алғанбыз.

Барлық облыс прокурорларына  осындай жұмысты жүргізуді тапсырамын. Біз заңды бизнесті қорғауымыз керек.

Мемлекеттік айыптауды қолдау. Ақтау үкімдерін қалыпты деп санаймын. Бұл соттағы ашықтықты және сот төрелігінің тәуелсіздігін білдіреді.

Істе нүктені тек сот қана қоя алатын жағдайлар бар. Онда өзінің тергеуі. Тіпті тергеушіге қарағанда анағұрлым мұқият. Бұған қоса, сотта барлығы жария және ашық. Қателерді жасыру немесе қысым жасау мүмкін емес. Әрбір фактімен жұмыс жасау керек. Ақтау үшін негіздер қашан пайда болған? Егер сотқа дейін болса, онда істі сотқа несіне жіберді. Егер сотта болса, онда прокурор неге айыптаудан бас тартпады?

Неге бар күшімізбен айыптаймыз? Екі себеп.

Бірінші. Біз стереотип қамауындамыз. «Істі сотқа жібердің бе – сотталуына қол жеткізу керек». Міне, осы прокуратураның құқық қорғаушылық рөлін бұзады. Халық алдында жазалаушы органға айналдырады. Осыдан барып БАҚ-та теріс ой пайда болады.

Екінші. Мемлекеттік айыптаушыға оның басшысы қысым жасайды. Қамаққа алуды ол қолдады, айыптаумен келісті, сотқа жіберді ғой. Яғни, өзін осы іске байлап қойды.

Тағы да ескертемін, сотта айыптаудан негізді бас тартудан қорықпаңыздар. Біздің назарымызға түскен емес, кінәлі жазалануы тиіс. Қатенің әрбір анық фактісі «екіліктер» тізілімінде болады.

Азаматтық істер бойынша

Азаматтық процесте прокурор керек емес. Тараптар тең және прокурорлық қолдау түріндегі артықшылық ешқайсысында болмауға тиіс.

Бұл жерде өзіміздің қатысуымызды қысқартамыз. Ұлт жоспарының 26-қадамы бойынша екі жағдайда қатысамыз:

а) өзі қорғана алмайтындарды қорғаймыз;

б) қоғам мен мемлекеттің сөзін сөйлейміз.

Азаматтар бойынша түсінікті. Бұл әлеуметтік-осал санат. Мүгедектер, қарттар және балалар.

Конституция сотта мемлекет мүдделерін қорғауға тек прокуратураны ғана міндеттейді.

Бұл маңызды. Әсіресе іс экономикалық қауіпсіздікке қатысты болса. «Қаражыра» ЖШС көмірді Ресейге шығарған. Рента салығын төлемеген. Бұл Кеден Одағының ішіндегі сату болғандықтан бұл экспорт деп санамаған.

ШҚО соттары ЖШС ұстанымын қолдады. Біздің наразылығымыз бойынша Жоғарғы Сот бұл шешімнің күшін жойды. Олай болмағанда мемлекет жер қойнауын пайдаланушыларға бес жылға салықты қайтарар еді. Ал бұл дегеніміз 3,5 триллион теңге.

Жазаларды орындау бойынша.

Түрмелік индекс бойынша позициямыз жыл сайын жақсаруда. Бүгінде біз 221 елдің ішінде 62-ші орнындамыз. Бұл Еуропаның жетекші елдерінің деңгейінде. Жарты жылда сотталғандар саны 2,5 мыңға төмендеген, бүгінде 37 мыңнан аз. Қаражалдағы колония жабылды, осы жылы тағы алтауы жабылатын болады.

Бұл «Түрме халқын азайту бойынша 10 шара» деген біздің жобамыздың нәтижесі. Сіздер оны білесіздер.

Азаптаулар шешілмеген мәселе болып қалып отыр. Жыл сайын 600 шағымды тіркейміз, әрбір 6-шысы расталады. Соңғы 1,5 жылда азаптаудан колонияларда 4 адам қайтыс болған.

Сондықтан «Азаптаусыз мемлекет» деген жобаға бастама жасадық. Барлық органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды тарттық. Жағдайды түзеу бойынша шаралар да бар.

Құрметті әріптестер!

Көріп отырғандарыңыздай, бізді көп жұмыс күтуде. Біз күрделі уақытта өмір сүріп жатырмыз. Әлем жаһандық сілкіністерге тап болды. Олардың ең сорақысы – терроризм. Президент тәртіпті орнату үшін ұтымды шаралар қолдануды тапсырды. Бірінші кезекте осы бойынша жұмыс істейтін боламыз. Азаматтар бізге сенімді болуы тиіс. Олардың өмірі, құқықтары, бостандықтары үнемі біздің басты басымдығымыз болады.

Азаматтарды, қоғамды және мемлекетті қорғау үшін не істеу керектігін біз білеміз. Бұл үшін біздің күшіміз де, ерік-жігеріміз бен кәсіби мамандар да бар.

Теги: 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.