You are here

Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың 2016 жылғы 15 қаңтардағы Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген кіріспе сөзі

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Өткен жылы прокуратура органдарының қызметі Мемлекет басшысының тапсырмаларын, барлық бағдарламалық құжаттарды заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Конституцияның талаптарын сапалы орындауға, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталды. Бұл прокуратура органдарының алдында тұрған басты міндет ретінде болды және солай болып қала бермек.

Бас прокуратура бес институттық реформаны жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуда. Мемлекеттік басқару жүйесін, құқық қорғау жүйесін реформалау, сондай-ақ заңдылықытың үстемдігі қағидасын қамтамасыз ету жөніндегі біздің ұсыныстарымыз Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауын тапты.

***

Тараптардың жарыссөздік қағидасын қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан азаматтық істердің бес санаты бойынша (бұрын тоғыз санат болған) прокурордың міндетті түрде қатысуы алынып тасталды (26-қадам).

Үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу жағдайында мұндай шаралар прокурорлардың күш-жігерін мемлекеттің және өз құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері жоқ азаматтардың мүдделерін қозғайтын істердің ең маңызды төрт санатына барынша шоғырландыруларына мүмкіндік береді.

***

Қылмыстылықпен күрес жөніндегі жұмыстың ашықтығын және ішкі істер органдары жұмысына жұртшылық тарапынан бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетте жұмыс істеп тұрған ақпараттық сервисі негізінде «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталы жасалуда (32-қадам).

Қазіргі уақытта сервис барлық облыс орталықтары, Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ 20 моноқаланы қамтып отыр.

Жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін 7 моноқала және 250-ден астам аудан орталығын қосу қажет. Оның толық қызмет етуі биылғы жылға жоспарланған.

***

Интернет-порталдың негізгі ақпараттық көзі Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер болып табылады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі - өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған жаңа қылмыстық-процестік кодекстің тиімді жаңалықтарының бірі болып табылады.

Оның іске қосылуы процестің басталуын айтарлықтай қарапайым етті және статистикамен айла-амалдар жасауды азайтты.

Енді тергеу процесі арыз тіркелген сәттен дереу басталады.

Бұл жаңашылдықтың тиімділігі статистикадан жақсы көрінеді.

Өткен жылы тіркелген сотқа дейінгі тергеудің саны 2014 жылғы қылмыстық сипаттағы арыздар мен хабарламалардан үштен бірге кем (713.000 / 1.262.350).  

 Сондай-ақ олар бойынша қабылданатын шешімдер саны үштен бірге азайған.

2014 жылы сотқа дейінгі тексеруді аяқтау үшін қылмыстың құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы 721 мың қаулы және қылмыстық істер бойынша 32 мың қаулы шығару қажет болған. 2015 жылы осы көрсетілген негіздер бойынша барлығы 229 мың сотқа дейінгі тергеу қысқартылған.

Осылайша, жаңа Қылмыстық процестік кодекстің қабылдануына байланысты қылмыстық қудалау органдары жүктемесінің артуы жөніндегі теріс жорамалға қарамастан, жүктеменің азаюы байқалады. Бұл құқық қорғау органдарын қылмыстық істердің сапасына шоғырландыруға мүмкіндік береді.

 ***

Қылмыстық ахуал қылмыстың тіркелуінің 13,3%-ға (341 291-ден 386 718-ге) өсуімен сипатталады. Атап айтамын, тек қана тіркелуі.

Өсім 2015 жылы бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтардың қылмыстық теріс қылықтар қатарына өтуі (тіркелген 40 208 теріс қылықтың  32 544-і), сондай-ақ онша ауыр емес қылмыстар (66%-ға), ауыр санаттағы қылмыстардың 2,8%-ға (27 941-ден 28 732-ге) және аса ауыр қылмыстардың 0,7%-ға (2 150-ден 2 165-ке) өсуі есебінен болды.

Сонымен қатар жағымды үрдіс ретінде ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 8%-ға (271592-ден 249840-ге дейін) азайғанын атап өтуге болады, олар барлық қылмыстардың 65%-ын құрайды, тонау 14,8  пайызға (14 317-ден 12 197-ге дейін), адам өлтіру 4,6 пайызға (904-тен 862-ге дейін), бұзақылық 13,4 пайызға (25494-тен 22086-ға дейін), әйел зорлау 7,4 пайызға (2527-ден 2339-ға дейін), қарақшылық 6% пайызға (957-ден 900-ге дейін) төмендеген.

Осылайша, бүкіл әлемде дәстүрлі түрде қоғамдық қауіпсіздік деңгейін анықтайтын барлық негізгі қылмыс түрлері бойынша төмендеу орын алған.

Қабылданған шаралар арқылы қылмыстардың ашылуы туралы мәліметтер шынайы жағдайға жақындатылды және ол ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 58,5%-ды құрады. Бұл ретте аса ауыр қылмыстардың ашылуы 12,6%-ға (80,1%-дан 87,4%-ға дейін) және ауыр түрлері бойынша 14,2%-ға (49,2%-ден 56,2%-ға) артты.

Қылмыстарды есепке алудан жасыру фактілері бес есеге (1524-тен 345-ке) азайған.

***

Қылмыстық сот өндірісі шеңберіне тартылған азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау саласында қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылған тұлғалар санын 159-дан 37-ге дейін - төрт есеге төмендетуге қол жеткіздік, соның ішінде қамауда заңсыз ұстау фактілері 50-ден 10-ға дейін - бес есеге және заңсыз ұстау фактілері 79-дан 5-ке дейін – он бес есеге азайған.

Кепілдің әлемдік тәжірибесі енгізіліп, олардың саны 3 711-ден 16 217-ге дейін – бес есеге артты.

Осының нәтижесінде қамауға алу саны 21%-ға (12 306-дан 10 132-ге дейін) азайды және ол тек бұлтартпау шарасының өзгелері мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады.

Келушілерге және әкелінетін азаматтарға электрондық бақылау жүйесін енгізу нәтижесінде азаматтарды әкелу және полицияның қызметтік бөлмелерінде ұстаудың заңсыз фактілерінің санын екі есеге төмендетуге (459-дан 225-ке) қол жеткізілді. Прокурордың принципшіл ұстанымының нәтижесінде заңның және азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берген бес жарым мыңнан астам (5684) тергеуші мен анықтаушы жазаланды.

***

Сотқа дейінгі тергеуді жеделдетілген тәртіппен және хаттамалық нысанмен аяқтау мүмкіндігі 50 мыңнан астам істі (50 376) немесе сотқа жолданған барлық істердің 79%-ын (63 852) тергеумен аяқтауға және сотқа жолдауға мүмкіндік берді, бұл қылмыстық қудалау органдары мен сотқа түсетін жүктемені айтарлықтай азайтты.

Бұл ретте кінәні мойындау туралы келісімдік іс жүргізу рәсімі тәртібімен прокурорлар сотқа 4 мыңнан астам қылмыстық істі жолдады, бұл да тергеушілердің жүктемесін азайтуға көмектесті.

Айғақтарды сақтауға қою (500-ден астам жауап алу), қашықтықтан жауап алу (50-ден астам жауап алу), «Миранда ережесі» (ұстаудың барлық жағдайында) тәрізді жаңалықтар белсенді қолданылуда.

Кінәні мойындау туралы мәміле институты тиімді қолданылуда. Олар соттарда бір күн ішінде қаралады, жәбірленушілер мен куәларды шақырудың қажеті жоқ. Өткен жылы 3 мың іс қаралып, 77%-ы бойынша үкім шығарылды.

Сотқа дейінгі өндірісті қарапайым ету және Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған жаңалықтардың бірі процесс прокуроры институтын енгізу болды.

Жыл бойына процесс прокурорлары 1200 соғұрлым маңызды қылмыстық істер бойынша процеске қатысты (402 821 тергелген істің жалпы санының 0,3%-ы).

Олардың тергелу (аяқталғандар үлесі 61%) және кейіннен сотқа жолданылу (49%) тиімділігі қалған қылмыстық істер бойынша осындай көрсеткіштерден асып түсті.

Олардың ешқайсысы бойынша азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол берілген жоқ.

***

Жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау саласында прокурорлар 4 мың азаматтың конституциялық құқықтарын қорғады (3884).

Үйлестіру қызметі аясында уәкілетті органдарға кәмелетке жасы толмағандарға жыныстық тиіспеушілік, құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік», есірткі қылмыстарына тосқауыл қою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы жөніндегі істер бойынша жұмыстың белсенділігін арттыруға бағдар берілді.

Мысалы, алынған есірткі заттарының көлемі үштен бірге (26,6 тоннадан 35,9 тоннаға дейін), соның ішінде көкнәр бойынша 18,2%-ға артты. Осы санаттағы тіркелген қылмыстардың саны үш есеге жуық көбейді (3548-ден 9549-ға дейін).

***

Осы міндеттерді жүзеге асырумен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау қамтамасыз етіліп, шағын және орта бизнес үшін әкімшілік кедергілер қысқартылуда.

Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 330 мың заң бұзушылықты анықтап, оларды жоюға бағытталған шаралар қолданды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 15 мыңнан астам қаулының және 232 нормативтік құқықтық актіні қоса алғанда 14 мың заңсыз актінің күші жойылды және өзгертілді.

56 мыңнан астам кінәлі адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. 849 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша сотқа дейігі тергеу басталды.

414 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары, 270 мың кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалды.

***

Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жөніндегі жұмыстар тұрақты бақылауда тұр.

Қабылданған шаралардың негізінде көлемі 779 мың, кадастрлық құны 27 млрд.-тан астам теңгені құрайтын 1 148 жер телімі қайтарылды. Жалпы көлемі 1 млн. га-дан астам (1,2 млн.) топырағы азып кеткен 470 жер телімі анықталды.

Осыған орай уәкілетті органдарға топырақтаың құнарлылығын қалпына келтіруді талап ете отырып заңдылықтың бұзылуын жою туралы 100-ден астам ұсыныс енгізілді.

***

Табиғатты қорғау туралы заңнамалардың сақталуына қадағалау жүргізуге ерекше назар аударылды. Тек Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы ғана анықталған экологиялық заңнамаларды бұзушылықтар бойынша «Карачаганак Петролеум Оперейтинг» компаниясының қазақстандық филиалынан 9,5 млрд. теңге өндірді.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында прокурорлар 14,5 мың заң бұзушылықты анықтап, жойды.

7,5 мың бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды, ал оларды бұзғандары үшін 806 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Бас көлік прокуратурасы Көліктік бақылау комитетінің жүк тасымалдаушыларды негізсіз мәліметтер бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 800 заңсыз актінің күшін жойды.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіруге Ұлттық қордан бөлінген қаржыны игерудің заңдылығы қамтамасыз етілді.

 Қабылданған шаралармен Бағдарлама операторларының («Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ және «Қазақстан даму банкі» АҚ) екінші деңгейлі банктермен теріс пиғылды заемшылардың мемлекеттік қаражатқа қол жеткізуіне шектеу қоюға бағытталған қосымша келісімдер жасаулары қамтамасыз етілді.

Прокуратура актілері бойынша 9,5 млрд. теңге заңсыз пайдаланылған несие қаражаттары қайтарылды.

***

Мемлекеттің материалдық мүдделерін қорғау мәселелері бойынша қадағалау күшейтілді.

Бюджетке 92 млрд. сомасындағы шығын өтелді. Сонымен қатар мемлекетке жалпы сомасы 45 млрд. теңге болатын мүлік қайтарылды.

19 млрд.-қа жуық теңге сомасына залалдың өндірілуін қамтамасыз еткен Бас көлік прокуратурасы жұмысының оң нәтижелерін атап өту керек.

Мемлекеттік сатып алулар саласында алдын алу жұмыстары жүргізілді. 6 мыңнан астам бұзушылықтар анықталды, екі жарым мыңнан астам лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Біздер 32 млрд-тан астам теңгеге мемлекетке залал келтіруге тосқауыл қоюға қол жеткіздік.

Осы тұста Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарын атап өтуге болады.

Прокуратураның бастамасы бойынша «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Енді республикалық және жергілікті деңгейде мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар құрылып, жұмыс істеуде.

«Көлеңкелі экономикаға» тосқауыл қою саласындағы жұмыс жандандырылды.

Прокурорлардың шағымдары бойынша жалған кәсіпкерлік белгілері бар 569 заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуінің күші жойылды, қадағалау актілері бойынша контрагенттерге 50 млрд. теңге қайта есептелді, соның ішінде 19 млрд. теңге (19,3) өндіріліп алынды.

***

Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында халықты еңбекпен қамту және еңбекақы төлеу саласында прокурорлардың актілері бойынша жұмысшылардың пайдасына 6,5 млрд.-тан астам теңге өндірілді. 163 кәсіпорында қарыздар толық өтелді. 158 мың жұмысшының құқықтары қорғалды.        

  Алматы қаласы және Қарағанды облысы прокуратураларының жұмысын атап өту қажет, олар проблемалық кәсіпорындар бойынша 271 млн.-нан астам теңгенің өтелуін қамтамасыз еткен (сәйкесінше 115 млн. және 156 млн. теңге).

***

2015 жылы прокурорлар 337 мыңнан астам (337,5) қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің қаралуына қатысты.

Наразылықтармен азаматтық және әкімшілік істер бойынша 1470 сот актілерінің күші жойылды және өзгертілді, 943 тұлғаға қатысты үкімдер заңға сәйкес келтірілді. Бұл ретте 113 сотталғанның жағдайы жақсарды.

Атқарушылық өндіріс бойынша. Прокурорлардың араласуынан кейін 17 млрд теңгені мемлекет кірісіне, азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына 6 млрд. теңгені, соның ішінде жалақылар бойынша 900 млн.-ға жуық (891,2) теңгені өндіру туралы сот шешімдері орындалды.

Еңбекақы бойынша қарыздар деңгейін 3 млрд. 400 млн. теңгеден 236 млн. теңгеге дейін төмендетуге қол жеткізгенімізді атап өту қажет.

***

Қазақстанды «Түрмедегі адамдар» саны жоғары 50 елдің қатарынан шығару жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды.

 Сотталғандарға шартты түрде мерзімімен бұрын босату және жазаны неғұрлым жеңіліне ауыстыру тәрізді ынталандыру шараларын қолдану түрме халқын 8 мыңға азайтуға мүмкіндік берді және ол алғаш рет 40 мыңнан төмендеді (39945).

Бас бостандығынан айырылғандар саны 26,2%-ға немесе 8 673-тен 6 871 тұлғаға дейін кеміді.

Қылмыстар үшін көбінесе бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылып келеді. Ол 24% жағдайда тағайындалды.

Айыппұлдар 7 есе (835-тен 6095-ке дейін), қоғамдық жұмыстар 5 есе (660-тан 3392-ге дейін) көп тағайындалды.

Мерзімімен бұрын босату туралы өтініштерді қанағаттандыру 70% -ға жетті.

Нәтижесінде Қазақстан халықаралық түрме рейтингінде 55-ші орынға қарай жылжыды және алдыңғы қатарлы еуропалық елдермен бір қатарға орналасты.

***

Прокуратураның халықаралық ынтымақтастық саласындағы жұмыстары Мемлекет басшысының оң бағасын алды, оның аясында Батыс және Орталық Еуропа, сондай-ақ Америка елдеріне ерекше назар аударылды.

Тұтастай алғанда кейінгі жылдары біздер 22 халықаралық шартқа қол қойып, Қазақстанның құқықтық базасының сапалық және сандық жағынан жақсаруына қол жеткіздік, олардың 7-не 2015 жылы қол қойылды.

Америка құрама штаттары, Ұлыбритания, Венгрия, Монакомен құқықтық көмек көрсету туралы шарттар жасалды, Италиямен құқықтық көмек көрсету туралы және қылмыскерлерді беру туралы, ал Үндістанмен сотталғандарды ұстап беру туралы шартқа қол қойылды.

Олардың басым бөлігін Парламент ратификациялады.

Биыл Сербия, Бразилия, Сауд Арабиясы, Иран, Моңғолиямен, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму елдермін шарттар жасасу бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Екіжақты өзара іс-қимылды дамытумен қатар біздер Қазақстанның қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және шет елдерде қылмыстық жазаны өтеу туралы америкааралық конвенцияларға қосылуын ратификацияладық.

Оларға қатысу қылмыстық іс жүргізу саласында америкалық континенттің 35 елімен халықаралық ынтымақтастықты реттеуге мүмкіндік береді.

Биылғы жылы бізге беру туралы америкааралық конвенцияны ратификациялау қажет.

Сондай-ақ, Қазақстанның Қылмыстық-құқықтық саладағы еуропалық конвенцияларға қосылуын біздер алдағы жылдардың басым бағыттағы міндеттерінің бірі ретінде қойып отырмыз.

***

Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қалыптасуы аяқталды.

Келесі айда Президенттік резервтің алғашқы бөлігін оқыту басталады. Біздер құқық қорғау саласының 112 басшысын оқытуымыз керек.

Біздер Академияның ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институтына ерекше үміт артамыз.

Бұл зерттеулер қолданбалы сипатта болуы және құқық қорғау органдарының күнделікті қызметінде пайдаланылуы тиіс.

***    

Кадр саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелері жүзеге асырылды.

Алдағы екі жылда біздер кадрларды іріктеу, қызметкерлердің қызметте мансаптық жылжуы, жұмыс нәтижелерінен тәуелді болатын еңбек ақысын төлеу тәртібін қайта қарауымыз қажет.

Прокуратура органдарының кадрлық әлеуетінің жемісті дамуы осы реформалардан тәуелді.

***

  Прокуратура органдарына халықтың сенімін арттыру мақсатында Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық консультативтік кеңес құрылды. Оған көрнекті ғалымдар, Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енді және олар біздің барлық дерлік ресми іс-шараларымызға қатысады.

Кеңес мүшелері қадағалау тәжірибесіне негізделген біздің бастамаларымызды жүзеге асыруға көмек көрсетуде.

***

100 қадам Жалпыұлттық жоспарын жүзеге асыру жөніндегі заңшығармашылық процеске белсенді түрде атсалысуға мүмкіндік берген интернет-ресурс құрдық.

Сайт ашылғаннан бастап оған 100-ге жуық ұсыныс келіп түсті, олардың үштен бірі заң жобалау жұмысында есепке алынды. 

 

***

Азаматтардың өтініштерін сапалы қарау мәселелері тұрақты бақылауда.

2015 жылы прокуратураға 330 мыңнан астам азаматтар мен заңды тұлғалар шағымданды (335 001), бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 14%-ға жоғары.

Әрбір өтініш бойынша прокурорлық ықпал ету шаралары қабылдана отырып тексеріс жүргізіліп, тұлғалардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.

Қарау нәтижелері бойынша 28 мыңнан астам өтініш қанағаттандырылды (17%), 110 мың өтініш бойынша заңдар түсіндірілді (67%), 24 мың өтініш бойынша қанағаттандырудан бас тартылды (15%).

Бұл ретте арызданушылардың дәйектерін толық және объективті қарау үшін 4,5 мың арызданушының өтініштері өңірлерге шыға отырып қаралды.

«Нұр Отан» партиясымен бірге үлкен жұмыстар жүргізілуде, партияның қоғамдық қабылдауларында прокурорлар бір жарым мыңнан астам азаматты жеке қабылдаған (1 229-дан 1542-ге дейін).

Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша есептік кезеңде барлығы 2 700 қадағалау актісі енгізілді, бір жарым мыңнан астам лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды. 

***

Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы прокуратураға арыз беру қызметі іске қосылды.

Мысалы, бүгінде өзге өңірлердің тұрғындары үшін Бас прокуратураға арыздану үшін Астанаға келудің қажеттілігі жоқ. Жақын жердегі ХҚКО-ға жүгіну жеткілікті.

Өтінішті жіберген күні жауап алу мақсатында «Қазпошта» АҚ-мен біздің электрондық жүйелерді интергерациялау туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстанның кез-келген нүктесінде біздің электрондық жауабымыз бірден қағаз тасымалдағышқа шығарылып, мекен-жайға тәулік ішінде жеткізіледі.

***   

Прокуратура әзірлеген «Айқын» жобасы халық арасында неғұрлым өзекті және танымал бола бастады.

Оның көмегімен азаматтар өз өтініштерінің қаралу барысын қарай алады, пошта арқылы жауаптың түпнұсқасын қолына алғанша оның жобасымен танысуына мүмкіндік жасалған.

Бір жыл ішінде осы қызметті 103 мыңнан астам азамат қолданған.

Арызданушылардың он-лайн бақылауы өтініштерінің неғұрлым сапалы және жедел қаралуына септігін тигізеді.

Сондықтан азаматтарды «Айқын» жобасын белсендірек пайдалануға шақырамын.

***

Тұтастай алғанда прокуратура органдары өткен жылы заңдылықты, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету жөнінде біздің алдымызға қойылған міндеттерді жемісті орындады.

Енді біздер ағымдағы жылдың басым бағыттарын айқындауымыз қажет.

Бірінші кезекте Мемлекет басшысы жариялаған бес институттық реформаны жүзеге асыру үшін қабылданған 59 заңның тиісті қолданылуына қадағалау жасауды қамтамасыз етуді стратегиялық бағыт ретінде анықтаймын.

Сондықтан прокуратураның барлық қызметкерлерінен Президенттің бастамаларын орындауға үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етемін.

Екіншіден. Құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың белсенді қолдауынсыз қылмыспен және өзге де заңсыздықпен күресудің тиімді болуы мүмкін емес.

Халықпен сенімді байланыс арналарын орнату жолымен жұртшылықтың белсенді қатысуын қамтамасыз ете отырып «мүлдем төзбеушілік» қағидасын жүзеге асыру жөніндегі барлық жұмысты қайта қарау қажет.

Мұнда жергілікті полицияға маңызды рөл беріледі. Оған қажетті ұйымдастырушылық-құқықтық көмек көрсету керек.

Үшіншіден. Қадағалау алдын алу сипатында болуы тиіс. Ол үшін болжау және талдау жұмыстарын күшейту керек. Біздер заң бұзылғаннан кейін ықпал ету тәжірибесінен алшақтап, жұмыстың екпінін профилактикаға және алдын алуға ауыстыруымыз қажет.

Прокурорларға заңның бұзылуы мүмкін жағдайларға және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандырудың талпынысына алдын ала әсер ете отырып,  заңдылықтың жай-күйіне мониторингті күшейтуді тапсырамын.

Төртіншіден. Прокуратура органдарының алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру халықтың белгілі бір сенім деңгейі болмайынша мүмкін емес. Сондықтан әрбір өтінішті мұқият және объективті қарау біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі болып қала бермек.          

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.