You are here

Бас Прокурор Асхат Даулбаевтың жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығысыз қалған балаларды асырап алу мәселелері туралы алқа отырысындағы сөзі (Астана, 2014 жылғы 21 ақпан)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгінгі күні қарастырылатын мәселенің өзектілігі жаңа жаһандық қатерге – демографиялық көрсеткіштерінің тең келмеушілігіне және әлемнің көптеген елдеріндегі туу көрсеткішінің күрт төмендеп кетуіне байланысты. Аталған мәселе өзіміздің адамгершілік әлеуетімізге, әсіресе өскелең ұрпаққа қамқоршылықпен қарауға ынталандырады.

Сондықтан да Республика Президенті өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында балалықты қорғау, жетім балалар мен ата аналарының қамқорлығысыз қалған бабалар мәселесіне ерекше назар аударады. Осындай балаларды асырап алу институтының мүмкіншілігін пайдаланып отбасыда тәрбиелеу мәселесі бірінші кезекті мәселе болып табылады.

Тексеру нәтижесі көрсеткендей, уәкілетті органдардың осы бағыттағы жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмейді әрі оны тиімсіз деп атауға болады.

Жыл сайын 34 мың жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығысыз қалған балалардың тек оннан бір бөлігі қана асырап алатын отбасыларға беріледі, ол 3,5 мың бала.  Тағы 2 мың бала отбасылық үлгідегі үйлерде патронаттық негізде тәрбиеленуде.

Аталған себепке байланысты 10 мың осындай бала (32%) қазіргі кезге дейін балалар үйлерінде тәрбиеленеді және 22 мың балаға (63%) қорғаншылық пен қамқоршылық көрсетіледі.

Осы статистикада қазіргі кездегі асырап алу жүйесінің тиімсіздігін байқаймыз, осындайда ең бастысы матариалды ынталандыру іс-шараларының жетіспеушілігін байқауға болады.

Қорғаушылар мен қамқоршыларға төленетін жәрдемақы баланы асырап алған тұлғаларға төленбейтіндігі балаларды асырап алу саласындағы заңнамадағы келіспеушіліктердің бір мысалы болып табылады. 

Қажетті заңнамалық базаның бар болғандығына қарамастан, балаларды асырап алу саласындағы жағдайда оң өзгерістер байқалмайды, керісінше, соңғы екі жылдың ішінде жағдай нашарлап кетті деуге болады.

Атап айтқанда, асырап алушылық саны 17% (3,5 мыңнан 2,9 мыңға дейін) азайған кезде кәмелет жасына толмаған балаларды сату фактілері едәуір көбеген; бұрын тек 2 бала қана сатып алынған болса, қазір балаларды сатып алу фактілері 25 дейін көбейген. Аталған фактілердің алтауында жаңа туған балаларды асырап алуға мүмкіншіліктері бар болғандығына қарамастан баланы асырап алғысы келген тұлғалар нәрестелерді сатып алған. Оған себеп – баланы заңды түрде асырап алу рәсімінің күрделілігі және заңды түрде асырап алу рәсімінің бюрократияшылдығы, асырап алуға ұсынылатын балалар туралы бірыңғай мәліметтер базасының жоқ болуы және оған ашық қол жетімділіктің болмауы. Осындайда, балаларды асырап алушыларда өз қалауы бойынша (жынысы, ұлты, жасы, денсаулық жағдайы және т.б.) баланы асырап ала алмайды.

Сонымен қатар, орталықтандырылған есепті жүргізу барысындағы қорғаушылық және қамқоршылық органдарының лауазымды тұлғалары тарапынан жіберілген бұзушылықтарға байланысты 1858 осындай балалар туралы мәліметтер тізімнен мүлде алынған. Яғни, тізімнен шығарылған балалар асырап алынып, отбасыда тәрбиелену мүмкіндігінен айырылған.

Нәтижесінде балаларды асырап алатын тұлғалар асырап алудың ресми рәсімінен  өтпей, баланы «сатып алуды» жөн санап саналы түрде заңды бұзуға барады.

Өз балаларын сатуға бел буған аналардың әлеуметтік жағдайының нашар болғандығы туралы да айта кету орынды болар. Өмір тығырығында, түңілген психологиялық күйде болғанда олар медициналық мекемелер, қорғаушылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінен қолдау таппайды.

Оған қоса, көптеген жағдайларда өмір тығырығына тап болған аналар баланы сату ісінде делдал тұлғаларға айналады.

Асырап алу рәсімінің бар қайшылығы мен қиыншылықтарына қарамастан баланы асырап алушылық асырап алынған бала құқықтарының сақталуына кепілдік бермейді.  Оған асырап алған отбасылардағы балаларды кемсітушілік фактілерінің орын алғандығын мысал ретінде келтіруге болады.

Қазақстанда асырап алған балаларды ұзақ уақыт бойы зорлаған АҚШ елінің екі азаматына қатысты сөгіс пікірлерінің айтылуын да мысал ретінде келтіруге болады. Айта кетерлік жайт, асырап алу рәсімінен өтіп жүрген кезде аталған отбасылық жұп барлық формальді өлшемдерге сәйкес келген екен: материалды жағдайы жақсы болып, олар бұрын сотталмағандығы және денсаулықтарында психологиялық ауытқушылықтары болмағандығы анықталған.

Осыған байланысты, асырап алған жаңа отбасыларда асырап алынған балалардың өмір сүру, оқу, тәрбиелену және денсаулық жағдайларына бақылауды қамтамасыз ету көкейкесті мәселеге айналды.

Соңғы 15 жылдың ішінде Қазақстанда 50 мыңға жуық бала асырап алынған. Осындайда әрбір бесінші баланы шетелдіктер асырап алып, басқа мемлекетке алып кеткен. Ол біздің 9 мыңға жуық қазақстандық балаларымыз. Осындайда балаларды асырап алған отбасылардағы балалардың өмір жағдайларына бақылау орнату жөніндегі жұмыс сәтсіздікке ұшырады.

Асырап алушылар өз есептерін уақытылы тапсырмайтындыққа байланысты 3,5 мың асырап алынған балалардың өмір сүру және тәрбилену жағдайлары туралы   ақпарат жоқ.

Оған себеп  асырап алынатын балаларды тіркейтін қамқоршылық пен қорғаушылық органдарының, Білім және ғылым, шетел және ішкі істер министрлігінің үйлестірушілік жұмысы мен ведомствоаралық өзара әрекеттесуінің жеткіліксіз деңгейде ұйымдастырылуы.

Аталған жұмысқа Ішкі істер министрлігі жүргізетін ішкі ведомстволық бақылау да дұрыс жөнге келтірілмеген.

Нәтижесінде бүгінгі күні бізде шетел азаматтарына асырау мақсатымен берілген 673 қазақстандық балалардың қайда жүргендігі туралы еш мәлімет жоқ.

Ата-аналарының қамқорлығысыз қалған  балалар мен жетім балалардың құқықтарын толық көлемде қамтамасыз етуге кедергі туғызатын заңдылықты бұзу фактілері тек жоғарыда аталған мысалдармен ғана шектелмейді.

Аталған бұзушылықтардың барлығы бойынша прокурорлар тиісті мән беру іс-шараларын қабылдаған, 800ден астам кәмелетке толмаған балалардың құқықтары қорғалып, 150ден астам лауазымды тұлға әр қилы жауапкершілікке тартылып, 6 қылмыстық іс қозғалған (қазір олар тергеу сатысында).

Бүгін айтылған ұсыныстарды есепке алып басты іс – шаралар ретінде келесілерді атап өтуге болады:

Бірінші. Заңда баланы асырап алуға мүмкіндік беретін өлшемдер нақты белгіленгендікке қарамастан ол туралы тиісті шешім шығару үшін жергілікті атқарушы органға бір айдан астам, тіпті бір жылдай уақыт қажет.

Ал жетім немесе ата-анасының қамқоршылығысыз қалған балаға келер болсақ, ол тиісті шешім қабылданғанға дейінгі кезеңде балалар панасында өмір сүріп, асырап алынып, басқа отбасыда тәрбиелену мүмкіншілігінен құр қалады.

Сондықтан да өлшемдердің нақты әрі толық тізімін әзірлеп, баланың құқықтық мәртебесі мен оны асырап алу мүмкіндігін зерттеуге жеткілікті  ең қысқа мерзімдерді белгілеу керек, осы шара барынша аз уақыттың ішінде баланы отбасыға орналастыруға мүмкіндік туғызады.

Ол өз балаларын мемлекеттің қамқоршылығына қалдырып, баланы асырап, тәрбиелеуге күш салмай, бірнеше жылдан кейін оны қайтарып алғысы келетін адал емес ата-аналарды жөнге салады.

Екінші. Асырап алынатын балаларды есепке алу мәселелеріне қатысты заңнама ережелерін қайта қарау керек.

Қазіргі кездегі жүйе ашықтық талаптарына сай келмейді және де асырап алу және балалар саудасы үрдістерінің коммерцияланып кетуіне ықпал ететін түрлі қылмыстық  іс - әрекеттердің орын алуына алғышарттар туғызады.

Асырап алынатын балалардың үш сатылы есепке алынуын жойып,   бірыңғай тізілімнің (мәліметтер банкісін) құрылуы мен жүргізілуін реттейтін нормативті базаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру ұсынылады.

Үшінші: құрылатын мәліметтер банкін электронды үкімет порталында орналастырып, оған онлайн тәртібінде барлық әлеуетті асырап алушылардың ашық қол жеткізілімін қамтамасыз ету керек.

Осындайда асырап алу үрдісінің құпиялылығын басшылыққа алып, жетім балалар туралы мәліметтерді оларды асырап алғысы келетін тұлғалар туралы ақпаратты жасырын етпеу керек.

Балада ата-ананың жоқ болуы немесе баланың интернат түріндегі үйде,  қамқоршылар немесе патронатты ата-аналармен тәрбиеленетіндігі  ешкім үшін жасырын фактіге айналмауы тиіс.

Олай болса, неге ата-ананың немесе қамқоршы органдарының қамқорлығысыз қалған жетім балалар туралы мәліметті отбасына бала асырап алғысы келетін адамдарға кеңінен мәлім болатындай етпеске?!

Төртінші: асырап алушылықтың жан – жақты, соның ішінде теледидар және кеңінен танымал бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да насихатталуы балалардың құқықтарын жүзеге асыру саласындағы мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.

Ресей Федерциясында осы мәселеге қатысты оң тәжірибе қалыптасқан; атап өтетін болсақ,  «Пока все дома» бағдарламасында бала мен нәресте үйлеріндегі балаларды көрсетеді.

Аталған мақсатта «видеопаспорт.ру» деп аталатын арнайы сайт құрылған; осы сайтта асырап алуға ұсынылатын балалар туралы мәліметтер орналастырылған.

Тек осы екі ақпараттық қорлардың арқасында қана 2013 жылғы қараша айына дейін отбасыларға 2 мыңға жуық бала орналастырылған, ол теледидар бойынша және сайтта көрсетілген балалардың үштен екі бөлігі.

Бесінші: құжаттарды жинау барысындағы формальділікті жойып, негізінен кандидаттардың психикалық күйі мен қандай мақсатпен асырап алынатындыққа барынша назар аударып, асырап алу үрдісінің барынша жеңілдетілуі талап етіледі.

Ол үшін ең бастысы асырап алушылардың денсаулығы мен мінездерінде  ауытқушылықтардың бар немесе жоқтығын анықтау үшін объективті психологиялық тестілерді және кәсіби терапевтілердің асырап алушылармен өткізілетін түрлі әңгімелесулерін  ұйымдастырып тұру керек.

Алтыншы. Президенттің Жолдауын орындау шеңберінде асырап алуға ынталандыратын іс-шараларды қалыптастыру жөніндегі жұмысты аяқтау керек.

Осы жұмысты жүзеге асырудың бірінші кезеңінде бюджеттен қосымша шығындарды жұмсау талап етілмейді; осындайда қамқорлыққа алынған балаларды асырап алатын тұлғаларға қамқоршылық және қорғаушылық жәрдемақыларын төлеп тұру жеткілікті.

Жетінші. Ұлттық дәстүрлерді есепке ала отыра балаларды жақын туыстар (ата-аналарымен, ағасымен, апайымен және т.б.) асырап алған кезде асырап алу үрдісінің жеңілдетілгін тәртібін енгізу тиімді болады. 

Ол әсіресе дәстүрлі көзқарастарды ұстанатын ел аймақтары үшін ерекше маңызды болып табылатын  көптеген көкейкесті мәселелерді шешеді.

Сегізінші. Асырап алу рәсімінің жеңілдетілуімен қатар балаларды асырап алған отбасылардағы жетім балалардың өмір сүруі мен оларды тәрбиелеу жағдайларына бақылауды нығайту талап етіледі.

Осыған байланысты, асырап алушылардың есептерді тапсыруға қатысты заң талаптарын орындамағандығы үшін, қажет болған жағдайда ата-ана құқықтарынан айыруды көздейтін түрлі  жауапкершілік нысандарын енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.

Сонымен қатар, қазіргі кезде ерікті түрде, формальді негізде әзірленетін есептердің бірыңғай нысанын белгілеу керек.

Есептер тексерілетіндей болып, асырап алу құпиялылығын қамтамасыз етуі тиіс.

Тоғызыншы. Асырап алынған балалардың шетелде өмір сүру жағдайларын бақылау  барысында түрлі қиыншылықтар туындайды.  

Осыған байланысты уәкілетті органдар арасындағы шетел азаматтарына асырап алуға берілген балалар туралы ақпарат алмасу жөніндегі пәрменді өзара әрекеттесуді ұйымдастыру керек.

Сыртқы істер, ішкі істер, білім беру және ғылым министрліктеріне кезең сайын асырап алынған және шетелге шығарылған балаларға қатысты салыстыру есептерін өткізіп тұру керек.

Салыстыру есептерінің қорытындылары бойынша бірыңғай тізілім әзірленуі тиіс; аталған салыстыру есептерінің негізінде балалардың шетелде өмір сүріп, тәрбиелену үрдісіне бақылау орнатылады.

Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап өткендей, біздің елімізде туған кез келген бала – қазақстандық азамат. Және де мемлекет  оған қамқорлық көрсетуі тиіс.

Сондықтан да уәкілетті органдар біздің балаларымыздың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барынша күш салып, барлық деңгейлерде барлық қол жетімді мүмкіншіліктерді пайдалануы тиіс. Күш салу мен кемсітушіліктің басқа да түрлі көріністерінің орын алғандығына қатысты күмән туындаған кезде оларға дер кезде мән беріп тұру керек.

Қазақстан азаматы басқа елде тұрса да мемлекет өзінің әрбір азаматын қорғай алған кезде мықты ел болып саналады, әсіресе ол басқа елдердегі кәмелетке толмаған балалардың құқықтарына қатысты.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.