You are here

Бас Прокурор А.Дауылбаевтың «Ресоциализация: Сен қоғамға керексің! Ты нужен обществу!» атты түрме реформасының III форумында сөйлеген сөзі (Астана қ., 2015 жылғы 11 желтоқсан)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бұл біздің үшінші жыл сайынғы форум, мұның өзі жалпы қолдаудың арқасында тиімді диалог алаңына айналды.

Мұнда пенитенциарлық саланың неғұрлым өткір проблемалары талқыланып қана қоймай, өз шешімін де тауып жатады.

Бұған мұның алдында «түрме халқын» азайтуға және сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелеріне арналып өткізілген форумдар дәлел бола алады.

2013 жылы «Түрме орнына - пробация және электронды білезіктер» тақырыбымен өткен Бірінші форумның аясында біздің «Түрме халқын» азайту жөніндегі 10 шара» жобасын ұсынғанымыз естеріңізде болар.

Онда біз Қазақстанды 4 жылдың ішінде түрме индексі бойынша алда тұрған 50 елдің қатарынан алып шығу туралы батыл міндет алған едік.

Бұл міндетті біз мерзімінен бұрын орындап шықтық.

Тарихқа көз жүгіртейік.

1995 жылы Қазақстан түрме халқының индексі бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұрды.

2012 жылы біздің ел 33-ші орынға шықты.

Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық түрме рейтингінің көрсеткіші бойынша 57-ші орында.

Осылайша біз көрсеткіштері халықаралық сарапшылар тарапынан ешқашан сын тудырмаған Латвия, Эстония және Сингапур сияқты мемлекеттердің қатарына көтерілдік.

ІІМ жүргізген үйлесімді жұмыстың, Жоғарғы Сот пен Парламент депутаттары көрсеткен қолдаудың арқасында соңғы үш жыл ішінде сотталғандардың саны 25 пайызға кеміді.

Әрбір төртінші адам бостандыққа шықты.

Қазақстанның тарихында тұңғыш рет түрме халқы 40 мың адамға дейін азайды.

Мұндай нәтижеге біз рақымшылық қолдану арқылы емес, жүйелі және жан-жақты ойластырылған қайта құрулардың арқасында қол жеткізгендігімізді ерекше атап өткен жөн.

Бұл ретте біз әрбір сотталушының бостандыққа шығу мәселесіне дербес тұрғыдан қарауға назар аудардық.

Және бұл тәсілдің айтарлықтай тиімді екендігіне көз жеткіздік.

Рақымшылық арқылы бостандыққа шыққандарға қарағанда мерзімінен бұрын босатылғандар және жазасы бас бостандығынан айырудан жеңіл жазаға алмастырылғандардың қайталап қылмыс жасауға барулары неғұрлым сирек.

Сотталғандарды еңбекке тарту ісі қайта әлеуметтендіруді тиімді түрде жүргізуге ықпал етеді.

Біздер «Колониялардағы жұмыспен қамту – 2017» бағдарламасын таныстырған Екінші форумның өткеніне де бір-ақ жыл өтті.

Бүгіннің өзінде біздер еңбекпен қамтылғандар санының 54 пайызға дейін артқанын көріп отырмыз (23,4 мың адамның 12,6 мыңы еңбекпен қамтылған).

Осы мақсаттарда колонияларға жеке кәсіпкерлік субъектілері тартылды, олар өз кезегінде жазасын өтеп жатқан 1800 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бұл көрсеткіш «Еңбек» РМК-нің 15 жылдан астам уақыт ішінде ашқан жұмыс орындарының үштен бірін құрайды (бүгінде РМК-де 6 626 адам жұмыспен қамтылған).

1997 жылдан бастап жазасын өтеушілерді жекеше жұмыс істеуге тарту тетігі алғаш рет іске қосылды.

Бүгінде 20 жазасын өтеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп үлгерді. Олар мал шаруашылығымен (қоян және құс өсірумен), ыдыс жасаумен, аяқ киім тігумен айналысады, көркемөнер шеберханасы ұйымдастырылған.

Шығынды өтеу де артып келеді.

Жәбірленушілерге 640 млн. теңгеден астам қаржы төленді, бұл 2014 жылдың тұтастай көрсеткішімен салыстырғанда 2 есе артық (351 млн.).  

Бүгінде мекемелерге өндірістік қызметпен айналысу құқығын беру мәселесі Парламентте белсенді түрде талқылануда.

Осы орайда біздер 2017 жылға қарай жазасын өтеушілердің 75 пайыздан астамын жұмыспен қамтуды мақсат етіп қойып отырмыз.

* * *

Барлық қол жеткізген жетістіктер – Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан пенитенциарлық жүйе реформасының тікелей нәтижелері болып табылады.

«Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары осының заңды жалғасы болып отыр.

Жоспардың 33-ші қадамы бас бостандығынан айыру орындарынан босаған және пробациялық бақылауда жүрген азаматтарды оңалту мәселелеріне арналған.

Сондықтан біздің үшінші жобамыздың тақырыбы – сотталғандарды және бұрын жазасын өтегендерді қайта әлеуметтендіру.

Бұл сотталғандарды және бұрын жазасын өтегендерді әлеуметке қайта тартудың шынайы қажеттілігінен туындап отырған жағдай және ол өз кезегінде қылмыстың алдын алуға, тұтастай қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бастар шешуші қадам болып табылады.

 

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.