You are here

Бас прокуратураның ҚСжАЕК төрайымы С.М.Айтпаеваның Президент жанындағы ОКҚ-де өткен брифингте сөйлеген сөзі

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Әңгімемізді Комитеттің өзінен бастасақ, ол 2003 жылдан бері Бас прокуратураның ведомствосы ретінде жұмыс істеп келеді. Біздің қызметкерлер құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңдылықты қадағалайтын уәкілетті прокурорлар мәртебесіне ие. Көптеген азаматтардың ұғымында Комитет соттылық туралы анықтама беретін мекеме, ал БАҚ пен мемлекеттік органдар бізден қылмыстар туралы ең толық статистика алуға болатынын, кәсіпкерлер болса бақылаушы органдар тексеру жүргізу үшін міндетті түрде Комитеттен тіркеуден өту қажеттігін біледі.

Сондықтан да бүгін Сіздер арқылы жұртшылықты Комитеттің, жалпы прокуратура органдарының негізгі қызмет саласы туралы көбірек таныстыруды жөн санап отырмыз.

Қазір әңгімені еліміздегі қылмыстылық ахуалы айтудан бастасақ.

Бұл жөнінде сіздерде арнайы баспасөз ақпараты бар, сондықтан оның маңыздыларына ғана тоқталмақпын.

Ағымдағы жылдың өткен уақыты ішінде елімізде 168 мың қылмыс тіркелген, бұл былтырғы осындай кезеңнен аз ғана кем. (5,5 пайыз- 177 896-дан 168 132-ге төмендеген)

Слайдқа қарасақ, 1997 жылдан 2010 жылға дейін қылмыстылықтың 162 мыңнан артпағанын көреміз, яғни ол 135-140 мың аралығында қолдан тежеліп тұрған.

Ал бүгінгі көрсеткіш болса ол қоғамымызда қылмыс күрт артып кетті дегенді білдірмейді. Ол Мемлекет басшысы Әкімшілігі мен Бас прокуратураның қылмыстың ашылуы мен жалған көрсеткіш қумай, қылмыстылықтың толық та шынайы көрінісін көрсету жөніндегі нұсқауын жүзеге асыру жолындағы барлық құқық қорғау органдарының бірлескен  жұмысының игі жемісі.

Мәселен, қылмыстылықты жасыру негізінен кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша жасалатын, әдетте ол зардап шегушіні үгіттеп, арызын  алдырып тастауға  болатын ұрлық сияқты қылмыстар төңірегінде жүзеге асырылып жүрді.

Ал жасалған қылмыстардың негізгі бөлігін әдетте осы орта дәрежелі қылмыстар құрайтыны белгілі. Сондықтан да біз қылмыстарды тіркеуге электронды технология енгізіп, арыз берушіге өз арызын қадағалап отыруға мүмкіндік берілген 2011 жылдан бастап ұрлық, тонау және бұзақылық сияқты бұрынғы жасырып қалуға оңтайлы қылмыстар көрсеткіші өсіп шыға келді. Бұлар еліміздегі қылмыстылықтың 70 пайызын құрайды.

Енді бұларды тығып тастамайтын және жасыра алмайтын болды.

Алайда электронды тіркеу бірнеше жылдан бері қалыптасқаннан бері енді бұлардың да төмендеуі байқала бастады. Мәселен, аталмыш мерізімде ұрлық -3,1, бұзақылық -16,3, тонау 27,9 пайыз төмендеп отыр. 3,3 пайызға өсіп отырған тек алаяқтық қана.

Ал кісі өлтіру, қарақшылық сияқты аса ауыр және ауыр қылмыстарды жасыру қашанда қиындау болды. Сондықтан олар өскен жоқ, керісінше жылдан жылға төмендеп келеді. Ендеше қоғмымызда қылмыстылық артты деп айта алмаймыз, Биылғы жылы кісі өлтіру -22,6 пайыз, қарақшылық -49 пайыз, ал тонау 27,9 пайыз төмендеді. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың да 14 пайыз азайғаны қуантады.

Жалпы Алматы қаласы, Алматы, Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірлерінде қылмыстылық төмендеп отыр.

Қылмыстық қудалау органдары жұмыстарының тиімділігінің артуына Бас прокуратура енгізген электронды технология оң ықпал еткенін айттық.

Мәселен, полицияға арыз беру үшін енді бұрынғыдай оған барып қажеті жоқ, ол үщін интернетіңіз, электронды қолтаңбаңыз болып, біздің сайтымызға енсеңіз болды.

Онда «Ақпарат сервизі» бөліміне кіресіз де қылмастар туралы арыз беру  терезесін таңдайсыз. Одан кейінгі қадамдар белгілі, арыз біздің тіркеу базамызға автоматты түрде келіп түседі де полиция қызметкерлерінің қолына тиеді. Оның қаралу барысын бақылап отыру мүмкіндігі де жасалған.

Сөйтіп азаматтар қылмыстық қудалау органдарының жұмысына да өз бағасын бере алады.

Ал бізде жасалған «Қылмыстылық қартасы» арқылы әркім әр көше мен ғимараттарға дейін қылмыстылық туралы мәліметтер ала алады.

Ең бастысы бұл қарта арқылы құқық қорғау органдары талдау жасап, алдын алу шараларын ұйымдасьтыра алады. Біз алғаш оны 2012 жылы енгізгеннен кейін жұртшылықтың назары қаланың  жатын аудандарына ауды.

Ол жерлерге қазір видео құралдар көптеп орнатылып, потрульдер жиі жүретінін өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Нәтижесі белгілі, қылмыс азайды.

Сол сияқты ірі сауда орталықтарында да алдын алу шаралары жүзеге асырылып, жұртшылықтың қауіпсіздігі арта түсті.

 «Жол апаты қартасында» да дәл осындай механизм қолданылған. Онда жол-көлік апаты мен зардап шеккендер туралы біздің мәліметтер автоматты түрде көрініп тұрады.

Егер қаласаңыз кез келген қала мен жол бөлігіндегі апатты жағдаймен қаныға аласыз.

Біздің деректер банкімізде әкімшілік құқық бұзушылық туралы біраз ақпараттар қоры жинақталған. Онда елімізде анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар мен оларды жасаған адамдар, айыппұлдардың төленуі жайы мен басқада қызғылықты ақпараттардың барлығы бар.

Сандар бойынша егжей-тегжейлі есепке көп берілмей, олар баспасөз ақпаратында бар, ең бастысына тоқталайын.

2014 жылдың 1-жартыжылдығы бойынша Қазақстанда 1 млн. 307 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдардағы деректерден сәл аздау (1 млн. 337мың – 2,2%-ға аз).

Сол сияқты қоғамдық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін әкімшілік құқық бұзушылық саны  42%-ға, жеке адамға және отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 35%-ға, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласында 30%-ға және жеке бас құқығына 28%-ға азайды.

80%-ға өсу динамикасы  сауда және қаржы саласында жасалған  құқық бұзушылықтар бойынша (10 545-тен 19 283-ке дейін) байқалады.

Негізі бұзушылар әкімшілік айыппұлдармен (968 975) және ескертулермен (231 815) құтылатын.

 Бұл жерде өсу бірінші кезекте ұсақ құқық бұзушылықтарды әшкерелеу  бойынша жүргізілетін саясатпен байланысты.

Мысалы,қоғамдық жерлерде шылым шегуге тыйым салу құқық бұзушлығының саны үштен бірге артты (36 мыңнан 48 мыңға).

Ал қоғамдық дерлерде алкогольді ішімдіктерді ішу  жөнінде  бүкіл Қазақстан бойынша 92 мың дерек бар. Ұсақ бұзақылық үшін 35 мың жаза салынды және тынышықты бұзғаны үшін 22 мың жаза салынды.

Бұл бұзушыларға негізінде айыппұл салынды немесе әкімшілік қамауға тартылды.

Байқағандарыңыздай, нөлдік төзімділік  бойынша қоғамда жүргізілетін саясат өз жемісін беріп жатыр және де біз азаматтардың ақырындап тәртіпке келуін байқап отырмыз.

Қазір қоқысты, темекі тұқылын тастамастан бұрын  әркім ойланып, жақындағы қоқыс салғышқа барып салады.

Әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың елеулі өсуі Ақтөбе (11,5-тен 84,7%), Атырау (32-ден 77,2%), Маңғыстау (13,6-дан 70,3%) облыстарында анықталды.

Құқық бұзушылардың айыппұлдарды төлеу бойынша санасын жоғарлату үшін биылғы жылы прокурорлар әкімшілік полиция қызметкерлерімен  және сот орындаушыларымен бірлесе борышкерлердің жұмыс орындары бойынша рейдтерді және жолдарда акциялар жүргізген болатын.

Мысалы, астанада мұндай топ  қаланың 17 кәсіпорнында болып келді, онда 11 млн. теңге сомасында әкімшілік айыппұлды төлеу туралы ескертулер берілді.

Әрине бұдан кейін бірнеше күн аралығында барлық айыппұлдар төленді.

Осындай бірлескен шараладың нәтижесі бойынша еліміздің бюджеті  248 млн. теңгеден астам сомаға толықты, бұл дегеніміз прокуратура органдарының бір ғимаратының немесе қандай да бір балабақшаның болса да құрылысына бөлінетін қаражатқа мөлшерлес келеді.

Қарапайым азаматтардың көзқарасы бойынша кез келген мемлекеттік орган өзінің адам үшін қолжетімділігімен және ашықтығымен сипатталады, бұл кері байланыс механизмі іспеттес.

Мұндай байланыс азаматтардың өтініштерін қарау бойынша ерекше сезіледі.

Уәкілетті органдар мемлекеттік органдардың осы бағытын да қадағалайды, бізде ел бойынша берілген барлық өтініштердің есебі жүргізіледі.

Азаматтардың өтініштерін қарау   мерзімдерінің және тәртіптің бұзылу жағдайларын болдырмау үшін, біз кезең-кезеңімен «Айқын» электрондық бақылау жүйесін енгізіп жатырмыз.

Жүйе қиын емес –өзі келіп тапсырған өтінішке мемлекеттік орган немесе әкімдік нөмері бар үзбелі талон береді.

Өтініш беруші бұл нөмірді біздің сайттағы арнайы терезеге енгізеді де, өтінішті кім қарап жатқаны, қай кезеңде тұрғандығы, жауаптың берілгендігі қайда жолданғандығы туралы толық ақпаратты ала алады.

Бұндай айқындылықта орындаушының өзі өтінішке жылдамырақ жауап қайтаруды ойлайды.

Ағымдағы жылдың өзінде 265 мың талон берілді, оның 263 мыңын облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдар берген, ол бойынша 56 мыңнан астам тұлға сайтқа жүгінген болатын.

Азаматтардың көпшілігі өздерінің өтініштерін пошта арқылы жолдайтындығын ескере отырып,  біз «Қазпошта» АҚ-мен өтініштерді тапсырыс хатпен жіберетін азаматтарға осындай талонды беру туралы мәселені пысықтап жатырмыз.

Яғни, пошта қызметкері оған нөмірі бар талонды беретін болады, оның түбіршігі хатқа бекітілетін болады.

Келесі жылдан бастап мұндай талондарды барлық әкімдіктер мен мемлекеттік органдар , тіпті ауылдық аудандар да беретін болады.

Мен   сөзімнің   басында айтқанымдай, көптеген адамдар ,әсіресе еліміздің еңбекші азаматтары өмірінде бір рет болса да соттылық туралы анықтаманы алу қажеттілігіне тап болғаны айқын.

Бұл қызмет автоматтандырылған режимде электрондық үкімет порталы арқылы ХҚКО-ға жүгінген кезде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланумен беріледі.

Мәлімет болмаған жағдайда ақпарат ХҚКО-ларда 10 минут ішінде беріледі. Егер басқада фамиялас адамдар немесе оларға қатысты қандай да бір ақпарат    болған жағдайда, біз 3 жұмыс күні ішінде қосымша тексеріс жүргіземіз.

Біз бұрын соттылықтың  өтелуі және жоюлуын есепке ала отырып   мәлімет беретін болсақ, енді еңбек заңнамасының және мемелекеттік қызмет заңнамасының өзгеруіне байланысты адамның қылмыс жасағаны туралы бізде бар барлық ақпаратты беруге міндеттіз.

Білім беру мекемелерінде кісі өлтіргені үшін, зорлағаны үшін, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс жасағаны үшін бұрын сотты болған мұғалімдер мен қызметкерлерді прокурорлардың әшкерелегені туралы деректер бұндай өзгерістің бірден бір себебі болып отыр. Бұның бәрі БАҚ-та кеңінен жарияланған болатын.

Міне осы жағдай прокуратура мен мемлекеттік органдарды Қылмыстық кодексі бойынша соттылығы   өтелген адамдарға шектеу қою туралы ой тастады.

Сол себепті мамыр айында Үкімет қаулысымен соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтаманың орнына «Адамның қылмыс жасағаны туралы Құқықтық статистка және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есепке алуы бойынша мәліметтің болуы немесе болмауы туралы ақпаратты беру»  жаңа мемлекеттік көрсетілетін қызмет енді.

Бірақ бұл «сотталғандарды» қудалау дегенді білдірмейді. Кез келген жұмысқа қабылдаушы біз берген ақпаратты дұрыс қабылдау керек және оны қызметкердің құқықтық ахуалын нашарлату үшін пайдаланбауға тиіс.

Бұрын  жойылған соттылық үшін негізсіз жұмыстан босату жағдайында сотқа шағымдануға болады, сот  қызметшінің ұстанымын қабылдайтын болады.

Біздің мәліметтер қолданыстағы заңнамаға, соның ішінде ҚК ӘҚБК 66-бабына, ҚР ҚК 77, 86-баптарына сәйкес анықтама ұсынылатын мекемелер мен ұйымдарға жіберілуге жатады.

Бүгінгі күні жаңа форматтағы 80 анықтама  берілді.

Мемлекеттік бақылау органдары жүргізетін барлық тексерістерді ретке келтіру мәселесі, әсіресе кәсіпкерлікке қатысты мәселелер Мемлекет басшысының жіті бақылауында екендігі белгілі.

Әкімшілік тосқауылдарды төмендету және мемлекеттік аппараттың  бақылау-қадағалау жұмысының айқындығын қамтамасыз ету үшін прокуратура органдары инновациялық технгологияларды пайдалану мен қадағалау механизмін тұрақты жетілдіріп отырады.

Жалпы соңғы жылдар тәжрибесі жүргізілген тексерістер санының төмендеуінің оң үрдісін көрсетеді.

Сонымен, 2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда  ағымдағы жылы тіркелген тексерістер саны 85 мыңға немесе 60%-ға  азайып отыр (141 840-тан 56 172-ге дейін).

Ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізілгеннен кейін тіркелген тексерістер саныны күрт азайды.

Мораторийдің әрекет етуінің барысында Жарлық талаптарымен  қамтылған шағын және орта бизнес субъектілерің 10 мыңнан аса тексерісін қысқартуды қамтамасыз еттік.

Мораторий енгізілгеннен бастап республика бойынша кәсіпкерлердің өздерінің өтініштерінен және қаржы ұйымдарының  тексеруінен бастау алған шағын және орта бизнес субъектілеріне 1 561 тексеріс, соның ішінде Бас прокуратурамен келісілген 4 тексеріс тіркелді.

Жарлық талабын бұзғаны үшін негізсіз тексеріс тағайындау туралы 16 актіні тіркеуден бас тартылды.

Барлық деректер бойынша прокуролық ықпал ету шаралары қабылданды, бақылау және қадағалау органдарының 15 қызметкері жазаланды.

Прокурорлық ықпал ету шараларымен ағымдағы жылы 8 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды.

Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз, сондай-ақ негізсіз тағайындалған  623 тексеріс анықталды, олар бойынша 500 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке, соның ішіне   35-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кәсіпкерлер арасында өздеріне қатысты жүргізілетін және жоспарланған барлық тексерістері бақылай алатын және қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері туралы хабарлауға мүмкіндік беретін қолданыстағы арнайы электрондық «Бизнес тірегі» порталы  барған сайын танымал болып отыр.

Мұндай мүмкіндікті  26 мың кәсіпкер пайдаланды.

Атап айтсақ, Комитет порталына «Унисртой ПВ» ЖШС-нан алғыс хат келіп түсті.

Павлодар облысының экология органдары жоспардан тыс тексеріс нәтижесі бойынша 21 млн. теңгеден астам сомадағы залалды өтеп, бұзушылықты  жою туралы заңсыз ұйғарым шығарған. Ал тексеріс нәтижесіне сәйкес бұзушылық анықталмаған.

Қабылданған шаралар нәтижелері бойынша 21 млн. 768 мың 628 теңге сомасындағы залалды өтеу туралы заңсыз ұйғарым тоқтатылды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Тексерістерді электрондық тіркеу»  жобасы іске қосылды.

******

Өздеріңіздерге белгілі  2014 жылдың 3 шілдесінде Елбасы қылмыстық, қылмыстық атқарушы, қылмыстық–процессуалды  кодекстеріне және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қол қойды және олар 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Жаңа қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік заңнамалары жағдайындағы жұмысқа барлық құқықтық жүйелер мен нормативтік базалардың барынша бейімделуі – алдағы жартыжылдықтың негізгі әрі басты мәселесі болып отыр.

Осыған байланысты 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы өтініштер мен хабарламаларды тіркеудің жаңа жүйесі енгізіледі.

Сонымен қатар, нақты және толық құқықтық статистиканы қалыптастыруға уәкілетті мекеменің басшысы ретінде, қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеу бірнеше есеге өсетіндігін, ол әкімшілік құқық бұзушылықтар қатарының қылмыстық айып дәрежесіне ауысуына қатысты болатындығын назарларыңызға салғым келеді.

Қазірдің өзіңде жылына 360 мыңнан астам қылмыс туралы айтылса, келесі жылдан бастап ол миллионға дейін немесе одан көп тіркелетін болады.

Алайда, жаңа мәліметтер елдегі криминогенді жағдайдың нашарлауына және қоғамда қылмыстың артуын білдірмейді.

Бұл қылмыстық процестің басталуының алдындағы рәсімдердіңөзгеруімен байланысты болып отырған жағдай.

Қазіргі олардың қатарына өтінішті тіркеу және тергеуге дейінгі тексеріс жататын болса, кейін қылмыс жасалғандығын дәлелдейтін қажетті мәліметтер мен материалдарды жинақтап, құқық қорғау органдары қылмыстық істі қозғау туралы шешім қабылдайды,  ал жаңа жылдан бастап тергеуші қылмыс туралы өтінішті алып бір тәулік ішінде деректерді Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізіп, тергеу жұмыстарын бастауға міндетті болады.

Осыған байланысты, 2015 жылы қылмыстылық туралы статистикалық деректер өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырылмайтын болады.

Яғни, өткен жылдары қозғалған қылмыстық істердің санын  және Сотқа дейінгі бірыңғай тізілімге енген қылмыстық іс жүргізудің санын салыстыруға болмайды.

Баяндалғандарды түйіндей келе, құрметті журналисттер, жаңадан енгізілген жобалар мен тіркелген қылмыстық құқық  бұзушылықтың болашақта өсуінің шын себептері туралы ақпаратты қоғам мен халыққа дұрыс жеткізу үшін бізге Сіздердің көмектеріңіз қажет екенін атап айтамын.

Өзара түсіністік пен сыйластықтың негізінде бұдан арғы ынтымақтастығымыздың жалғаса беретініне сенімім нық.

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.