You are here

Бас прокуратураның алқа мәжілісі туралы баспасөз ақпараты (Астана қаласы, 29 қазан 2014 ж.)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгін Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Бас прокуратураның алқа мәжілісі болып өтті. Жиында 2005-2013 жылдар аралығында және 2014 жылдың 8 айында қылмысты жасаған соң жүйке ауруымен сырқаттанып қалған адамдарға медициналық шараларды мәжбүрлеп қолдану деректері бойынша қозғалған қылмыстық істердің заңдылығының жай-күйіне жасалған талдау қорытындылары талқыланды.

Алқа жұмысына Жоғарғы Соттың, Ішкі істер министрлігінің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілдері және бейнеконференциялық байланыс арқылы облыс прокурорлары қатысты.

Отырыста қылмысты жасаған соң жүйке ауруымен сырқаттанып қалған адамдарға медициналық емдеу шараларын мәжбүрлеп тағайындау турасындағы сот тәжірибесіне Бас прокуратураның жүргізген тексерістерінің қорытындылары талқыланды.

Бас Прокурор осы санатқа жататын сот актілерінің заңдылығын қамтамасыз етудің, қылмыс жасаған соң дереу жүйке ауруына ұшыраған кінәлі адамдардың қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеудің өзектілігін атап өтті. Қылмыстық іс уақытша тоқтатыла тұруы керек, ал кінәлі адамдар сауыққан соң сот алдында жауап берулері тиіс. Мұндай істер бойынша қозғалған өндірістер емдеу тоқтатылған сәттен бастап қайта жаңартылуы қажет.

Алайда жазаның бұлтартпастығы қағидасы әрқашан жүзеге аса бермейтіндігі тексеріс барысында белгілі болды. Сот тәжірибесін зерделеу кезінде қылмыс жасады деп айыпталып отырған адамдардың жауапкершілік пен жазадан жалтарып кетуіне әкеліп соққан біршама бұзушылықтар анықталды. Ауру адам жазылғанға дейін қылмыстық істі тоқтата тұрудың орнына, айыпталушылар сот шешімімен мәжбүри емдеуге жіберіліп немесе қылмыстық жауапкершіліктен заңсыз босатылып отырған.

  Қылмысты жасаған соң жүйке ауруымен сырқаттанып қалған 35 адамның 21-і ауыр, 9-ы аса ауыр қылмыс жасаған. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі Алматыда (8 адам), Оңтүстік Қазақстан (7) және Алматы облыстарында (6) орын алған. Тергеу барысында «кенеттен» жүйке ауруына ұшыраған 11 адамның қылмыс жасаған сәтте мемлекеттік органдарда ұзақ уақыт бойына лауазымды қызмет атқарып келгендігі анықталған. Олардың арасында 3 әкім, 3 әскери қызметші, 2 бас дәрігер, 2 бухгалтер және 1 поезд бастығы бар.

Әкімшілік тәжірибеге жасалған талдау көрсеткендей, сот арқылы тұрғылықты жері бойынша емдеу тағайындалған жүйке аурулары бар адамдар азаматтық-құқықтық мәмілелер жасап, өндірістерде жұмыс істеп, автокөлік құралдарын басқарып келген.

Бұл ретте жол полициясы органдары мұндай азаматтарды көлік басқару құқықтарынан айыру туралы мәселе көтеруге құлықсыз. Мұндай 208 дерек анықталды.

Заңда көрсетілгендей, ішкі істер органдары сотқа көлік құралын басқаруға денсаулығы жарамайтын адамдардың көлік басқару құқықтарын тоқтату туралы талап арыз енгізулері тиіс. Бұл әсіресе жүйке ауруларымен сырқаттанған адамдарға қатысты. Прокурорлардың араласуынан кейін 115 адамның көлік басқару құқықтарын тоқтату туралы сотқа талап арыз енгізілді, бүгінде олардың 61-і қанағаттандырылды.

Талқылау қорытындысы бойынша Бас Прокурор аталған санатқа жататын істер бойынша соттар жіберген заң бұзушылықтарды анықтау туралы Жоғарғы Сотқа хабарлауды тапсырды. Әсіресе сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысы бар адамдарды мәжбүрлеп емдеу мерзімін созу туралы денсаулық сақтау мекемелері ұсыныстарының негізділігін мұқият зерттеу қажеттілігіне назар аударды.

Ішкі істер министрлігіне жүйке ауруына шалдыққан азаматтарды көлік құралын басқару құқығынан айыруға тиімді шаралар қабылдау, сондай-ақ жүйке ауруларымен сырқаттанған адамдардың қоғамдық қауіпті әрекеттерін уақтылы ескерту мақсатында денсаулық сақтау мекемелерімен өзара тығыз іс-қимыл жасасуды қамтамасыз ету ұсынылды.

Мүдделі органдардың пікірлерін ескере отырып мемлекеттік қызметке қабылдау талаптарының тізіліміне кандидаттардың психофизиологиялық тексеруден міндетті түрде өтуін қосу туралы заңнамалық өзгерістерге бастама көтеру туралы шешім қабылданды.

Аумақтық прокурорларға аталған санаттағы істер бойынша сот актілерінің заңдылығын ұдайы қадағалау, қылмысты жасаған соң жүйке ауруымен сырқаттанып қалған адамдарға медициналық сипаттағы шараларды мәжбүрлеп тағайындау туралы материалдар қаралатын сот отырыстарына міндетті түрде белсенді қатысу, сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу заңының талаптарына жауап бермейтін сот актілеріне уақтылы наразылық енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Теги: 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.