You are here

Бас прокуратураның алқа мәжілісі туралы баспасөз ақпараты

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының төрағалығымен Бас прокуратураның алқа мәжілісі болып өтті. Жиында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру саласындағы заңдылықтың сақталуына, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді уәкілетті органдар мен соттардың қарауы барысындағы заңдылықтың сақталуына жүргізілген тексерістердің нәтижелері талқыланды.

Отырысқа ішкі істер, инвестициялар және даму, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің жетекшілері, Жоғарғы сот пен Ұлттық банктің өкілдері, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Бас прокуратура жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелері, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Алқада жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі, жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру, автокөлікпен тасымалдаудың стихиялық түрлерін жою, жол қозғалысы ережелерін бұзу үшін жауапкершілікті қатаңдату, жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартудың пракатикасын жетілдіру проблемалары көтерілді.

Мемлекет қабылдап отырған шаралардың нәтижесінде Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларына қатысты жағдайдың кейінгі бір жарым жыл ішінде тұрақталғаны және өткен кезеңдермен салыстырғанда жалпы қарқыны төмендегені аталып көрсетілді.

Бірақ та тынышталуға негіз жоқ. Статистика көрсетіп отырғандай, жыл сайын жол апаттарынан елімізде 3 мыңға жуық адам қаза табады, 25 мыңға жуығы жарақат алады немесе мүгедек болып қалады. Кейінгі 10 жылда жол апаттарынан 34 мыңнан астам адам қаза болған.

Қоғамдық көліктің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары неғұрлым қауіпті болып табылады. Бас прокуратураның тексерістері көрсеткендей, ресми көлік ұйымдарының қызметі бүгінде заң талаптарын жүйелі түрде көптеген бұзумен сипатталады.

Прокурорлар тексерістер барысында 4 мыңнан астам заң бұзушылықтарды анықтады. Оларды жою үшін 54 ұсыныс енгізілді,  3 421 әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс қозғалды, 9 материал сотқа дейінгі тергеуді жүргізу үшін қылмыстық қудалау органдарына жолданды.

Бас Прокурор атап көрсеткендей, анықталған заң бұзушылықтар уәкілетті мемелекеттік органдар тарапынан жол қозғалысы қауіпсіздігіне тиісті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың болмауы салдарынан болып отыр.

Қалыптасқан жағдайдың ең басты алғышарттарының бірі жүргізушілерді сапасыз даярлау болып табылады, осының салдарынан олардың төмен біліктілігі мен тәртіп мәдениетінің төмендігі, жол қозғалысы ережелерін жаппай бұзуы орын алып отыр.

Заңды тасымалмен айналысатын автобустар мен микроавтобустар жүргізушілерінің жартысы жол жүру ережесін бұзғандары үшін әртүрлі жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар стихиялы жолаушылар тасымалы нарығының қанат жаюы жалғасуда, олар үшін пайда табу мәселесі жолаушылардың қауіпсіздігінен жоғары тұрады. Тексерістер барысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 2 мыңнан астам фактісі анықталды. 3 мыңнан астам автобус қауіпсіздік ережелерін айтарлықтай бұза отырып адамдарды тасымалдаған. Рейдтік іс-шаралар кезінде тоқтатылған әрбір үшінші автобус техникалық талаптарға сай келмеген.

Сонымен қатар әкімшілік істерді қарау барысында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізу кезінде көптеген бұзушылықтар анықталды. Сот тәжірибесін талдау нәтижесінде жол-көлік оқиғасына кінәлілердің жазадан жалтаруына алып келетін көптеген олқылықтар анықталды. Көбінесе бұл полиция қызметкерлері тарапынан сөзбұйдаға салу салдарынан құқық бұзушылықтың ескіру мерзімінің өтіп кетуі, қайталап медициналық куәландыру жүргізу, қате мәліметтер енгізу немесе материалды рәсімдеуге негіз болған бейнежазбаның болмауы салдарынан хаттамалардың күшін жою себебінен орын алады.

Көрсетілген негіздер бойынша 4 мыңнан астам әкімшілік өндіріс қысқартылған. Материалдарды сапасыз әзірлеу нәтижесінде алкогольдік мас күйінде ұсталған 600-ден астам жүргізуші тиесілі жазадан құтылып кеткен. А.Дауылбаев атап көрсеткендей, мұндай үрдіс кінәлілердің жасаған бұзушылықтары үшін жазасыз қалу сезімін қалыптастыруымен қауіпті болып отыр және ол құқық бұзушылықтың қайталануына алып келеді.

Талқылау қорытындысы бойынша Бас Прокурор уәкілетті органдардың басшыларынан жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қаматамасыз етуге бағытталған кезек күттірмес ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар қабылдауды талап етті.

Осы мақсатта жол қозғалысы қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейту, заңсыз тасымалдауды жою, автобус жүргізушілерін жолаушыларды тасымалдауға жіберу тәртібін жетілдіру қажет деп табылды. Сондай-ақ автобустардың жүргізушілерін дайындау сапасын қатаңдатуға, автокөлік мектептері оқытушыларының біліктілігіне қойылатын талаптарға бақылауды күшейту тапсырылды.

Ішкі істер министрлігіне әрбір әкімшілік материалды есепке алуды жолға қою, олардың толықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықты жасырып қалу және істі бұрмалау үшін полицияның лауазымды тұлғаларына әкімшілік жауапкершілікті анықтау қажеттілігі көрсетілді.

Қазақстанның Жүргізушілер одағымен бірлесіп жүргізушілердің біліктілігін және тәртібін артыруға бағытталған шараларды қабылдау ұсынылды.

Аумақтық прокурорларға анықталған заң бұзушылықтарды жоюға қадағалауды күшейту міндеті тапсырылды.

2016 жылдың қаңтарынан бастап жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері өңірлік деңгейге берілетін жергілікті полиция туралы жаңа заңның күшіне енуіне байланысты Бас Прокурор облыстардың әкімдеріне, барлық уәкілетті органдарға құқықтық актіні жүзеге асыру, жолаушылар тасымалы саласындағы заңдылықтың бұзылуы мен кемшіліктерді жою, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, автокөлік жолдары инфрақұрылымына мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды.

Алқа қорытындысы бойынша Бас прокуратура Қазақстан Республикасының Үкіметіне заң бұзушылықтарды, оларға жағдай жасайтын себептер мен шарттарды жою туралы ұсыныс енгізді.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.