Бас прокуратурада ұрланған активтерді қайтару және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері талқыланды

21 желтоқсан 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Бас прокуратурада ұрланған активтерді қайтару және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері талқыланды - 270368766

2018 жылғы 21 желтоқсан, Астана. Бас Прокурор  Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда есірткі қылмыстарына қарсы күрес және ұрланған активтерді қайтару мәселелері қаралды.

Кеңес отырысына Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғабит Байжанов, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Есірткінің таралуы мен тасымалдау мәселесі Орталық Азия үшін қауіпсіздіктің нақты қатеріне айналғаны және осы бағыттағы барлық мүдделі органдардың шараларын күшейтуді талап ететіні аталып өтілді.

Қадағалау ведомствосының басшысы Қайрат Қожамжаров өз сөзінде есірткі қылмыстарының орта есеппен 9% төмендегеніне қарамастан, есірткіге тәуелді және есірткілік масаң күйде жасалған қылмыстар санының азаймағанын атап өтті.

97 тонна түрлі есірткі тәркіленді, оның ішінде 387 кг героин.

Есірткі сатушылардың анықталуы 2017 жылы 15%, ағымдағы жылы 30% төмендеді.

Есірткінің үлкен көлемі шекара арқылы кедергісіз өтеді және ол шекаралас мемлекеттердің арнайы қызметтерімен алынады.

Ол құқық қорғау және арнайы органдар уәкілетті бөлімшелерінің жедел ұстанымдарының әлсіреуіне баса назар аударды, олардың негізгі күштері қатардағы тұтынушылармен күресуге бағытталғанын айтты.

Қылмыстық істердің тек 30% есірткі сатушыларға қозғалады.

Прокурорлық тексеру арқылы осы санаттағы қылмыстық істерді тоқтату және тоқтата тұру туралы 1,5 мың шешім заңсыз деп танылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Бас Прокурор құқық қорғау және арнайы органдарға есірткіні жеткізу арналарын және оны сатушыларды анықтау бойынша жұмысты күшейтуге бағыттады.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі бөлімшелердің қызметін бағалау критерийлерін қайта қарау ұсынылды. Ол анықталған арналар мен қылмыстық жауаптылыққа тартылған есірткі тасымалдаушыларының саны бойынша жүргізілу қажеттілігі айтылды.

Шекара және кедендік бақылау органдарына шекарадағы есірткі тасымалына пәрменді тосқауыл қою және осы мақсатта инспекциялық жабдықтарды жаңарту тапсырылды.

Денсаулық сақтау министрлігіне есірткіге тәуелділердің объективті есебін жолға қою, ал Білім министрлігіне жастар арасында нашақорлықтың алдын алу тәсілдерін қайта қарау ұсынылды.

«Нашақорлыққа қарсы кеңінен насихаттау алдын алу шаралары мен білім беру үрдісінің тұрақты құрамбөлігі болып табылуы тиіс. Бұл Мемлекет басшысының келесі жылды Жастар жылы деп жариялауы тұрғысынан өте маңызды», - деп атап өтті Қ. Қожамжаров.

Сонымен бірге, Ішкі істер министріне Үкімет алдында нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге және қабылдауға бастамашылық жасау ұсынылды.

Соңғы рет мұндай бағдарлама 2016 жылы іске асырылды.

Сонымен қатар, отырыста қылмыс арқылы мемлекетке келтірілген залалды өтеу және шетелден ұрланған активтерді қайтару бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.

2015 жылдан бастап ұрланған ақшалай қаражаттың тек 17% ғана өтелген.

Тергеу органдарының қызметі күдіктілердің активтерін іздеуге және қамауға алуға бағытталмағаны айтылды. Прокурорлар іріктеп тексеру арқылы өз активтерін сатқан және шығарған қылмыскерлердің мүлкіне тыйым салмаудың 86 фактісін анықтады.

Адамдар жауаптылықтан босатылған қылмыстық істер бойынша тиісті талап-арыз жұмысы жоқ.

Осыған байланысты, Бас Прокурор құқық қорғау органдарының атына ұрланған қаражатты анықтау және мемлекет пен азаматтарға қайтару бойынша шаралар кешенін қабылдау туралы тиісті нұсқау әзірлеуді тапсырды.

Ол уәкілетті ведомстволарды да қылмыстық активтерді іздеу мен тұтқындаудың озық әдістерін, оның ішінде шетелдік әріптестердің қаржылық барлау бөлімшелерінің мәліметтерін пайдалана отырып, оларды неғұрлым белсенді қолдануға шақырды.

Әділет министрлігіне борышкерлердің мүлкін автоматты түрде тексеру үшін ІТ-жүйесін жетілдіруді жеделдету, сондай-ақ сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыру міндеті қойылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесінің  2019 жылдың 1-жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітілді, онда Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайтын және азаматтардың құқықтарын қорғауға байланысты өзекті мәселелер көзделген.

 

           ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу