Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мешітке үмітпен имене еніп, ықыласты әдеппен шыққан жөн. Өйткені, мешіт — жер бетіндегі ең таза да қуатты орын.

Ол жерде өзгеге өктемдік көрсету, оқырайып қарау, озбырлану – мешітке деген құрметсіздік. Тіпті, ешкімнің аяғының ұшын басуға да құқымыз жоқ.

Мен мешітке апта сайын болмаса да бір-екі айда бір барып, Құран оқытып тұрамын. Соңғы барғанымда өз-өзімнен бірдеңеге үрейленіп, көкірегімді мұң басып бардым. Имамның оқыған Құранына алақан жайып, ішімнен тілегімді айтып шыққаннан кейін жеңілдеп қалдым. Көзіме жас келіп, өз-өзімнен тығылып, жүрегімді бір мұң басқандай болды. Есіктен шығып бара жатқанда мешіттің есігінің алдында отырған бір орта жастағы кісінің айтқан сөзін құлағым шалды: «Күнде келіп намаз оқығандардың емес, мына қыз сияқты Алланың үйіне келіп, алақан жайғандардың көкірегіндегі иманы күшті болады…».

Осы сөзді естіп, үйге барғанша өз-өзіммен жұбанумен болдым. Ішімнен: «Алла тілегімді қабыл етіп, отбасыма бақыт, береке бере гөр!» — деп қайталап, көзімді жұмып, Аллаға құлшылық етумен болдым. Алайда әлгі кісінің айтқан сөзінің тереңіне үңіле алмадым.

Мен өзімді өзгелерге үлгі еткім келмейді. Дегенмен, ағайындар, замандастарым, кем дегенде аптасына не айына бір рет Аллаһ Тағаланың үйіне барып қол жайған дұрыс. Сонымен қатар мешітке дайындықпен аяқ басқан жөн. Мешіт табалдырығынан бастап, бәріміз Аллаһ Тағаланың үйінде қонақпыз. Бай-қуатты немесе лауазымды адамдардың үйіне қонаққа барғанда, қалай қысыламыз десеңізші. Жеріне төселген кілемінің үстінен өтуге қымсынамыз. Өзімізді мәдениетті ұстап, жақсы көрінуге тырысамыз. «Киіміңе қарап қарсы алады, ақылыңа қарап шығарып саладыны» жадымызға құйып қойғанбыз, тіпті асып-сасып, шала бүлінеміз. Бір қызығы, Аллаһ Тағаланың үйіне бұлай дайындалмаймыз. Біз екі дүниеге де қонақпыз. Сондықтан осы дүниелік тірлікті бір сәтке тоқтатып, о дүниелік келешегімізді, жан дүниемізді мешітте саралаған жақсы. Құран тыңдап, жүректі ақтарған жақсы. Жаратқанмен сырласқан жақсы, иманды жетелеп, сәждеге бас қойған жақсы. Ал сәждеде уақытты тоқтатып, Аллаһ Тағаламен тілдескен жақсы.

Таңымызда шырылдаған сағаттың үніндей күніге «Аллаһ Тағаланың үйіне бармадым-ау» деген әркімнің көкейін оятатын арман болса екен деймін. Мешітке келген адамға Аллаһ Тағаладан игілік бар. Ғұсыл құйынып, таза киім (бастарына ер адам тақия, әйел адам орамал тағып) жағымды әтір, ізгі ниетпен, сүйіспеншілік құрметпен, ибалы кейіпте мешітке жаяу шыққан пенделерді Аллаһ Тағаланың періштелері қарсы алады. Пендені қоршап алып, оның әрбір ісіне қуанады не қайғырады. Жаратушыларының қасиетті кітабын ашса, құрығанда бір әрпімен танысса, Оны еске ала жыласа, сәждеге басын қойса, Құран тыңдаса періштелер қуанады. Ал мұның бірін де істемей, селсоқ келіп-кеткенге қайғырады. Әлбетте, «Аллаһ Тағаланың мешіттерін шынайы түрде Аллаһ Тағалаға, ақырет күніне сенетіндер, намазды толық орындайтындар, зекет беретіндер және Аллаһ Тағаладан қорқатын кісілер ғана ұстайды. Олар тура жолда боламыз деп үміттенеді» деген «Тәубә» сүресінің 18-аятын білген жөн. Ал тәулігін беске бөлген, жүрегін мешітке байлаған пенде де Жаратқанның орнатқан мешіт әдебін білгені дұрыс.

 А.АЙДАРОВА,

Ақтөбе қаласы.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=46292

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.