You are here

Қылмыстық жазаны өтеудің жаңа жағдайлары

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Серікбай Ерімбетов,
Бас прокуратураның
Ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық
жазаны өтеуші адамдардың құқықтарының
сақталуын қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы,
3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толып отыр. Ата Заң біздің қоғамның негізгі принциптерін анықтап, елімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде белгілей отырып, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігін жариялады. Адам құқықтары мен бостандықтары танылып қана қоймайды, олардың орындалатынына Ата заң  кепілдік береді. Осы кепілдік адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығын, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатігездік немесе адамның қадір–қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтынын бекітті.

Аталып отырған конституциялық кепілдіктер қоғамдық қатынастардың барлық жағына да маңызды десек, онда бас бостандықтарынан айырылып, түзеу орындарында жазасын өтеп жүрген сотталғандар үшін бұл мәселенің өзектілігі арта түседі. Себебі, олардың өмір салттарына қойылған шектеулер кейбір жағдайларда құқықтары мен мүдделерінің қорғалуының осалдығына соқтыруы ықтимал.

Бүгінгі күні еліміздің түзеу колонияларында 42 мыңнан астам сотталушы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларын өтеп жатыр. Бұлардың дені аса ауыр немесе ауыр қылмыстар жасағандар. Бұл аз сан емес. Алайда, осыдан бес жыл бұрын түрмедегі сотталғандар саны 63 мыңға жуық адам болғанын ескерсек, қазіргі кезде олардың санының едәуір кемігендігін көреміз. Түрмедегі адамдар санын азайтуға бағытталған шаралар одан әрі жүргізілуде.

Халықаралық ұйымдардың пікіріне сәйкес, елдің 100 мың тұрғынына шаққанда түрмедегі қылмыскерлер саны 150 адамды құраса, қоғамның қауіпсіздігі жоғары деңгейде деп саналып, мемлекеттің түрме рейтингі жақсы бағамен дәрежеленеді. Осы рейтинг көрсеткішімен түрмедегі адам саны көп деген 50 елдің тізімі жыл сайын жасақталады.

2014 жылдың нәтижесімен жасалынған түрме рейтингінің алдыңғы қатарында АҚШ, Куба, ал ТМД елдерінен Ресей, Түркіменстан, Беларусь тұр. Өкінішке орай, осы тізімде Қазақстан да бар. Біздің еліміз 244 сотталушы көрсеткішімен 47 орында және бұл көрсеткіш біз үшін тым жоғары болып отыр.

Бұл жағдайға кезінде тіпті Мемлекет басшысының өзі де назар аударған болатын. Елбасы 2010 жылдың 29 қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып отырғандығын айта келе, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық–құқықтық шаралардың аса кең қолданылуына жағдай туғызу қажеттілігін тапсырды.

Бүгінгі күні түрмедегі адамдардың санын азайтуға бағытталған шараларды жүргізу, түрме рейтингін жақсартып, Қазақстанды түрмедегі адам саны көп 50 елдің қатарынан шығару жөніндегі Елбасының нақты міндеттері бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл бағытта елімізде жүргізіліп отырған құқықтық реформаның ықпалы ерекше. Бүгінгі таңда қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттейтін жаңа заңдар қабылданды және өзге де қажетті іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Осыған орай, құқық қорғау органдарының қызметі де жаңартылған мазмұнға ие болуда, олардың жұмыс тиімділігін бағалаудың негізгісі адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау, азаматтардың осы органдарға деген сенімдерін арттыру болып белгіленуде.

Оң өзгерістер Ішкі істер министрлігінің қылмыстық–атқарушылық жүйесін де қамту үстінде. Еліміздің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, сот тағайындайтын қылмыстық жазаларды орындау міндеті осы жүйеге жүктелген. Сондықтан, сотталушылардың жазадан кейінгі болашағын белгілеуде осы органның жұмыс нәтижесінің орны бөлек. Әсіресе, бұл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау барысында маңызды. Себебі бұл жаза адамдардың конституциялық құқықтарының ең бастысы – бас бостандығы құқығымен байланысты.

Кеңес дәуірінің қылмыстық заңнамалары бас бостандығынан айыру  жазасын сотталушыларды түзейтін ең тиімді құрал ретінде дәріптеп келді. Осы түйіндеу сотталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның кеңінен тағайындалуына да себеп болды. Бұл психология біздің жаңа тарихымызда да біраз уақытқа дейін созылып, соңғы 3-4 жылдықта бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның  басқа жазаларға қарағандағы үлесі әрдайым жоғары болып, тіпті оның 50 пайызға дейін жеткен кездері болды.

2013 жылдың желтоқсанында Бас прокуратура «Түрмедегі адамдардың санын азайтудың 10 шарасы» атты Форум өткізіп, осы жағдайдың туындау себептері мен оны дұрыстаудың жолдарын талқылады. Қабылданған осы және басқа шаралардың арқасында, сондай-ақ сот-прокурорлық-тергеу  тәжірибелерін өзгерту нәтижесінде бас бостандығынан айыру жазасы биылғы жылы 25 пайызға дейін төмендеді. Айта кететін жағдай, қоғамға аса қауіпті деп танылған қылмыскерлерді бас бостандығынан айыруға соттау тәжірибесі өзгерген емес.

Жаза тағайындау тәжрибесінің жеңіл жазалар түрлерін кеңінен қолдануға бет бұруының басқа да себебі бар. Қазіргі криминология ғылымы дәлелдегендей, сотталғандарды бас бостандығынан айыру көп жағдайда олардың түзелуіне оң әсерін тигізе алмайды.

Себебі түзеу колонияларында cотталғандарды ұстау әлі күнге дейін бұрынғы кеңестік дәуірден қалыптасқан жүйемен келе жатыр. Бұл жүйенің басты ережесі – жазасын өтеушілерді топтарымен (отряд) барақтарда орналастыру, ал әр топтағы адам саны 50–ден асады. Мұндай форма, әрине, сотталғандардың барлық қимылдарын бақылап, көз алдында ұстап отыру үшін өте қолайлы.

Ал, бас бостандығы шектелудің әсерінен психикасы қалыпты жағдайда деп айтуға болмайтын осы санаттағы адамдардың бір жерде болуының шиеленістік жағдайларды көптеп туғызуы күнделікті тәжрибеде орын алып отырады. Сотталғандарды ұстаудың мұндай түрінің басқа да зиянды жақтары  жеткілікті.

Қолданыстағы қылмыстық кодекске сәйкес, жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, сотталған адамды түзеу және сотталған адамның жаңадан қылмыс жасауын болдырмау мақсатында қолданылады.

Ал сотталғандарды барақтарда отрядтық түрде ұстау сотталған адамдармен тәрбие жұмыстарын жүргізуге, сол арқылы олардың түзелуіне ықпал ете алмайды. Керісінше, сотталғандардың осындай жағдайда болуы олардың оқшаулануына мүмкіндік бермейді, алғашқы рет сотталғандарды бұрын сотты болғандардың ықпалына түсуіне итермелейді. Ынта-жігерлері төмен сотталғандар түрмеде қалыптасқан зиянды тәртіпке қарсы шығуға батылдары жетпей, осы тәртіпті қабылдап, теріс ықпалға түсуге мәжбүр болады. Бірнеше жыл осындай теріс ортада болған адамның өтеген жазадан дұрыс қорытынды шығармай, қайталап қылмыс жасауы да осының әсерінен болады.

Одан басқа, бірнеше ондаған сотталғандардың топтап бір жерде ұсталынуы олардың арасында «түрме мәдениетінің» («тюремная субкультура») кең таралуына да жағдай жасайды. Түзеу колонияларының осындай формалары «смотрящий», «авторитет» деп өздеріне ат қойған, түзелуге ниеттері жоқ қылмыскерлердің пайда болуына әсер етеді.

Әрине, барақтық жүйеде сотталғандарды ұстаудың зиянды екендігін криминология ғылымы бұрын да дәлелдеп келген. Өткен ғасырдың кеңестік дәуірінде де жазаны колониялық өтеу жүйесін өзгеру қажеттігі әрдайым айтылып келе жатқан. Өкінішке қарай, ол заманда қылмыстық-жазалау саясаты тек үрейлендіру мақсатына ғана негізделді, қылмыстық кодекс жазаны сотталушыға жасаған қылмысы үшін тағайындалған өш алу түрінде таныды.Жасыратыны жоқ, сотталған адам құбыжық болып көрінді, арзан жұмыс күші деген көзқарас қалыптасқан сол уақытта оларды қайта тәрбиелеуге жағдай жасап, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қайтаруға тырысуға мүдделілік те болмады.

Өз алдымызға шаңырақ көтерген тәуелсіздік жағдайында қазақ мемлекеті адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын өзінің ең қымбат қазынасы деп таныды. Сондықтан да әрбір адамның құқығының жеткілікті дәрежеде қорғалуын қамтамасыз етуді мемлекет өзіне міндет етіп алды. Құқықтық мемлекеттің бұл көзқарасы барлық қоғам мүшелеріне, оның ішінде сотталған азаматтарымызға да тарайды. Жазасын өтеп болғаннан кейін олардың біздің қатарымызға тең құқықты болып қайта оралуы зайырлы қоғамның белгісі. Сол себепті түрмеде отырған сотталушылармен жан–жақты тәрбиелеу жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі де жоғары.

Сондықтан қазіргі кезде ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі сотталғандармен тәрбие жұмыстарын жүргізудің мүмкін түрлерін кеңінен енгізуде. Оған биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Қылмыстық–атқару кодексі де кең мүмкіншілік береді.

Түрмеде отырғандарды қайта тәрбиелеуде, олардың санитарлық–тұрмыстық жағдайларын қалыпта ұстауда, әрине, қазіргі түзеу колонияларының барақтық–отрядтық жүйесі мүмкіншілік бермейтіндігі, тіпті, зиян келтіретіндігі анық. Сол себепті дүниежүзінің көп елдерінде, әсіресе, Батыс елдерінде, сотталғандарды қамауда ұстаудың басқа жүйелері қалыптасуда. Бұл–сотталғандарды бір-бірінен бөлек, бір немесе екі орындық камераларда ұстау. Сотталғандарды қайта тәрбиелеудегі осындай түрмелердің тиімділігі 1955 жылдың 1 тамызындағы БҰҰ Конгресі қабылдаған Қамаудағы адамдарға қараудың төменгі стандарттық ережелерінде атап көрсетілген.

Жазаны камералық жағдайда өтеудің сотталушыны қайта тәрбиелеудегі оң маңызы туралы отандық криминология да көптен айтып келеді. Осындай қажеттіліктердің нәтижесімен еліміздің жаңа тарихында бұл бағытта алғашқы қадамдар да жасалынды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылдың 24 тамызындағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында «жазаларды орындауды даралау принципі негізінде сотталғандарды ұстауды, оларға түзеу-тәрбиелік ықпал етудің түрлері мен әдістерін одан әрі дамытудың қажеттілігі» атап өтілді.

Қылмыстық жазаларды атқару жүйесін жалпыға бірдей халықаралық стандарттарға одан әрі жақындату керектігін бекіте отыра, Тұжырымдама жеке адамның қауіпсіздігін, құқықтары мен заңды мүдделерінің тиімді сақталуын қамтамасыз ету үшін бас бостандығынан айыру орындарын камералық тәртіпке көшіру қажеттілігін таныды. Бұл ретте сотталған адам күндіз жеке қарым–қатынас жасау мүмкіндігіне ие бола отыра, түнде бөлек мекен-жайға қамалады.

Бұл мәселенің маңыздылығы Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да аталып өтіліп, оны жүзеге асырудың жолдары белгіленді. Қазіргі кезде осы маңызды мәселе өзінің нақты шешімдерін тауып,  камералық тәртіптегі түзеу мекемелерін салудың алғашқы қадамдары жасалынуда.

Дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі Мемлекет басшысы жариялаған Ұлт Жоспарында да мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту қарастырылған.

2013 жылы камералық типтегі түзеу мекемесі Қызылорда облысында салынып іске қосылды, ал Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында осы тектес мекемелердің құрылысы аяқталуға жақын.

Ішкі істер министрлігінің пайымдауынша, 2016 жылы бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқандардың 18 пайызының камералық түрдегі түзеу мекемелерінде жазасын өтеуі жоспарланып отыр.

Камералық түрдегі түзеу мекемелерін салудың маңыздылығы жоғары. Себебі, қолданыстағы барлық дерлік түзеу колонияларының тозығы жеткен,  оларды  жаңа типтегі мекемелермен ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Әрине, мұндай камералық үлгідегі түзеу мекемелерінің салынуы көп қаражатты қажет етеді. Мысалы, Женева қаласындағы камералық типтегі бір түрменің құрылысына Швейцария үкіметі 400 млн. евро қаржы жұмсаған. Халықаралық стандарттарға сәйкес келуге ұмтылысымыз қаржы жағынан және басқа да ұйымдастырушылық тұрғысынан батыл қадамдарды жасауды қажет етеді. Қылмыстық-түзеу жүйесі климатикалық ерекшеліктерді ескере отыра, қазіргі заман талаптарына сай келетін камералық типтегі түрмелердің жобасын дайындап шығарды. Осындай типтегі бір мекеменің біздегі есептелген бағасы 17 млрд. теңге қаражатты құрайды екен.

Қазіргі дүниежүзілік экономикалық дағдарыс жағдайында камералық колонияларды тек бюджет қаражатынан салу мемлекет үшін үлкен салмақ болатындығы анық. Сол себепті бүгінде баламалы мүмкіншіліктерді пайдалану қажеттілігі артып отыр.

Осындай құрылыстарды жүргізу көп елдерде мемлекеттік–жекешеменшік әріптестік институтын пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Бізде де осы институтты кеңінен пайдалану көзделініп отыр. Ол үшін мемлекеттік–жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру мақсатында арнайы құрылған орталық  жұмыс істейтін болады.

Мемлекеттік–жекеменшік әріптестікті пайдалана отырып камералық түрдегі түрмелерді салудың дүние жүзінде екі баламасы бар.

Бірінші түрі – мұндай түрмелерді жеке меншіктер салады да, сотталғандарды бақылау, түрменің жұмыс істеу барысын мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Осындай тәжірибе Францияда кеңінен тараған.

Екінші түрінде жекеменшіктер құрылысты салып болғаннан кейін оның ішкі пайдаланылуын өздері жүзеге асырады, мемлекеттік орган тек түрменің сыртқы күзетілуін қамтамасыз етеді. Ал түрменің өмірін қамтамасыз етіп отырған жекеменшікке мемлекет арендалық құн төлеп отырады. Осындай тәжірибе АҚШ пен Англия мемлекеттерінде қолданылуда.

Біздің тиісті уәкілетті органдар Бас прокуратурамен бірлесіп камералық түрдегі түрме салудың барлық мүмкін деген әдістерін кеңінен зерттеуде. Мемлекетке қолайлы деген жобалардың бірінің таңдап алынып, жүзеге асырыла бастайтын күні де қашық емес.

Анық көз жеткен нәрсе - осындай түрдегі жазаны өтеу орындарының аяғын шалыс басқан азаматтарымыздың түзеу жолына тез түсуіне әсерінің тиімділігі. Нәтижесінде тағдырдан тепкі көрген пенделер адами қасиеттерге бой ұрып, олардың қоғамға деген сенімі нықтала түседі.

Font size
Normal size
Big size
Huge size
Site colors
Black on white
White on black
Dark blue on light blue
Images
Switch images off/on
Settings
Settings
Normal version
Normal version
You are reporting a typo in the following text:
Simply click the "Send typo report" button to complete the report. You can also include a comment.