You are here

Айыппұл – айлықтың соры!

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

«Қара алтын» бағасы үш еседей құлдырап, әлемде дағдарыс күшейгелі әсіресе, мұнайлы елдер үшін жайлаудай жап-жасыл рақат заман біткені мәлім.

Әрине, замана түлеп, қоғам қоңданар шақ қайта туар, бірақ Елбасы айтқандай, ол күнге мемлекеттердің барлығы бірдей жетпеуі мүмкін. Ғаламат күйзелістерден тек жасампаздық пен еңбексүйгіштікке ғана емес, сондай-ақ тәртіпке сүйенген жұрттар ғана аман шықпақ. Тиісінше, Қазақстан да тәртіп сақтау саласын күшейтуде.

Белгілі бір дәрежеде әрбір қо­ғам­дағы тәртіп деңгейін паш етер көрсеткіштер бар. Соның бірі – әкімшілік айыппұл: ол неғұрлым аз салынса, тиісінше, тәртіп бұзу­шылар қатары да азайған деген байлам жасауға болады. Дегенмен, әзірге басқаша болып отыр.

Кеше осы саланың қорытын­дысын шығарған Бас прокуратура жаңа Әкімшілік кодексті қолдану аясында, биылғы 7 айда еліміз бо­йынша 2 миллион 465 мың 24 әкім­шілік құқықбұзушылық тіркел­генін мәлімдеді. Бұл біле білсеңіз, өткен жылғы сәйкес мерзімге қара­ғанда 62,2%-ға көп! Былтыр қаң­тар-шілде айларында респуб­ликада небары 1 миллион 519 мың 282 әкімшілік тәртіпсіздік жасалған болатын.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің дерегінше, ұсақ тәртіп бұзушылық саны бірден 64,2%-ға артып отыр: егер 2014 жылғы ұқсас кезеңде 729 мың 468 ұсақ бұзақылық анықталса, биыл бұл көрсеткіш 1 миллион 198 мың 219-ға жетті. Бір қынжылтатыны, қазір басқа жөнсіздіктермен қоса, қалаларда әрлендіріп, безендіруге, көшелердің ажарын ашуға қызмет ететін ескерткіштердің, сәулет композициялары мен элементтері­нің жиі бұзылатынын, нұқсан кел­тірілетінін байқауға болады. Бәл­кім, әлдебір ашынған азаматтар ішкі запыранын осылай шығаратын болар. Әрине, бұл адамгершілік тұрғысынан да, заң тұрғысынан да құпталмайды. Әрі Қазақстанда «ұсақ қылмыстарға нөлдік төзім­ділік» қағидаты қолданысқа енгі­зілген, тиісінше, айыппұл көлемі де еселеп арттырылды.

Бас прокуратура тағы бір өкі­нішті статистиканы жария етті: «биылғы жылы бір миллионнан астам адам бірінші рет құқық бұзу­шылық жасауға барды». Олардың барлығы полицияның тіркеуіне алынған. Егер қайтара тәртіп бұзса, жазасы ауырлауы ғажап емес. Бұл ретте қайтара әкімшілік құқық­бұзғандарға қатысты рәсімделген істер саны да осы жылы миллионға жуықтап отыр.

«Әкімшілік тәжірибе субъек­тілері айыппұл салу туралы қаулы­ларды да 1,5 есе көп шығарды: 2014 жылы 7 айда олар саны 1 130 958 болса, 2015 жылы – ендігі 1 736 075. Ескертулер саны да 1,3 есе – 299 мың 249-дан 403 мың 42-ге дейін ұл­ғайды» деп мәлімдейді Бас про­куратура.

 

Елімізге келімсектердің заңсыз келуі деректерінің көбей­генін айғақтайтын тағы бір дерек бар: жыл басынан бері сот­-

тар шетелдіктерді елден шығарып, әкімшілік аластау туралы шешімдерді де 2,8 есе көп қабылдады. Бұл сан 1 мың 692-ден

5 мың 350-ге дейін өсті.

Көлік жүргізу және басқа да арнайы құқықтардан айыру ту­ралы шешімдер саны да былтырғы 27 769-дан үстіміздегі жылы 28 044-ке дейін өсті.

Бұған қоса, 47 мың 92 адам әкімшілік тұтқынға алынған.

Жаңа әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, са­лын­ған айыппұлды тез төлегендерге жеңілдік жасалады. Атап айт­қанда, 7 тәулік ішінде өтегендерге айыппұл сомасы 50%-ға дейін азайтылады. Әкімшілік өндірістің қысқартылған осы тәртібін пайдаланғандар қазынаға 3 миллиард теңгеден аса айыппұл төледі.

Жалпы алғанда, жыл басынан бері салынған әкімшілік айып­пұлдардың 13 миллиард теңгеден астамы немесе 38,8%-ы өнді­рілді.

Сонымен қатар бұрынғы жылдардан ағымдағы жылға «мұра­ға» көшкен 30 мыңға жуық айыппұл қаулысы орындалған, олар бойынша бюджетке 3 миллиард 560 миллион теңге түсті.

Осылайша, тұтастай алғанда, қазақстандықтар жыл басы­-

нан бері әкімшілік айыппұлдар түрінде мемлекет қазынасын

16 миллиард теңгеден астам қаржыға толықтырды. Рас, 7 трил­лиондық бюджеті бар мемлекетіміз үшін бұл – бөшкеге құйыл­ған бір кесе суға тең. Ал біраз отбасы үшін 20 мың теңгелік айып­пұл – қалтақағар шығын. Ендеше, қазіргідей қиын заманда тәр­тіпті азамат болып, заңды сыйлау әлдеқайда тиімдірек.

Font size
Normal size
Big size
Huge size
Site colors
Black on white
White on black
Dark blue on light blue
Images
Switch images off/on
Settings
Settings
Normal version
Normal version
You are reporting a typo in the following text:
Simply click the "Send typo report" button to complete the report. You can also include a comment.