Бас прокуратурада пробация туралы заңнаманың сақталуы талқыланды

28 September 2018 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Бас прокуратурада пробация туралы заңнаманың сақталуы талқыланды - 80133048

2018 жылғы  28 қыркүйек, бүгін Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді. Оның барысында уәкілетті органдардың пробация туралы заңнама қағидаларының сақталуы талқыланды.

Отырысқа Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғ. Байжанов, Президент Әкімшілігінің және мүдделі министрліктер мен ведомство өкілдері, сондай-ақ Үйлестіру кеңесінің мүшелері қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясаты іске асырылуда.

2011 жылдан бастап қауіптілігі төмен қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылту және қылмыстық процестің репрессивтілігін төмендету бойынша бірқатар реформалар жүргізіліп келеді.

Отырыста пробация есебінде тұрған тұлғаларды қоғамға жедел бейімдеуге бағытталған әлеуметтік және психологиялық көмек мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Баламалы жазалау түрлеріне тағайындалған  және бұрын сотты болған тұлғаларды тиімді әлеуметтендіру жұмысын ізгілендіру аясында жүргізу қажет», - деп атап өтті  Қ. Қожамжаров.

Одан бөлек кәсіби оқыту, жұмыспен қамту және жекеменшік істерге шағын несие беру мәселелері талқыланды.

Аталған жұмыстың тиімділігі көп жағдайда мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өзара қарым-қатынасына тікелей байланысты.

Бас Прокурордың пайымдауынша пробация институтының қызмет ерекшеліктері қайта қарауды қажет етеді және ЭЫДҰ мемлекеттерінің оң тәжірибесін қолдану керек.

Есепте тұрғандардың қозғалу бағытын белгілеу үшін оларға электронды білезіктер тағып, пробация инспекторларын бейнетіркеуіштермен  жабдықтау ұсынысы айтылды.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша пробация қызметінің тиімділігін халықаралық стандарттар талабына сай арттыруға бағытталған кешенді шаралар дайындалды.

 

Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

 

Comments

Add new comment